Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында жаһандық экономикадағы тенденциялар мен оның Қазақстан экономикасына әсері туралы айтты.
Осы жылғы 24 ақпанда коронавирустың әлемдік экономикаға таралу әсерінің күшеюі аясында жағдай күрт өзгерді.
«2020 жылғы 6 наурызда ОПЕК+ отырысының қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленің талаптары туралы келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы ағымдағы жылғы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне ағымдағы 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екендігі туралы шешімін хабарлады», – деді Ерболат Досаев.
Бұл мұнайдың әлемдік бағаларын айтарлықтай төмендетуге алып келді. 9 наурызда Brent маркалы мұнай әлемдік нарықтарда бір баррель үшін $31-36,5 шегінде саудаланды, алдыңғы күнмен салыстырғанда төмендеу 30%-тен асты.
Биылғы 9 наурызда оффшорлық нарықтардағы рубльдің әлсіреуі мұнай бағасының құлдырауы аясында ең жоғарғы мәндерде бір АҚШ доллары үшін 75,4 рубльге дейін шамамен 10%-ды құрады.
Осы жылғы 9 наурызда сауда-саттық ашылған кезде S&P500 индексі 7%-ға төмендеді, содан кейін сауда-саттық уақытша тоқтатылды.
– Энергия тасымалдаушылардың әлемдік нарығында баға қақтығысы короновирустың таралуынан қысымға ұшыраған әлемдік экономика перспективаларын күрделендіре түсуде. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) егер теріс әсер ұзаққа созылса, 2020 жылы әлемдік ЖІӨ-нің өсу қарқындарының 1,5%-ға дейін төмендейтінін болжап отыр, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Сондай-ақ ол осындай жағдайларда қазақстандық экспортқа сұраныстың төмендеу тәуекелі артатынын, бұл шикізат тауарларына әлемдік бағалардың құлдырауы аясында 2019 жылы $5,5 млрд тапшылығымен қалыптасқан төлем балансының ағымдағы шотының 2020 жылы одан әрі нашарлауына алып келетінін айтты.
9 наурызда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкінің мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы бірлескен үндеуі жасалды.
– Сыртқы сектор тарапынан өскен тәуекелдер аясында баға тұрақтылығын қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ теңгенің айырбас бағамын қорғау қажет. Сондықтан Ұлттық Банк өз мандаты шеңберінде кезектен тыс отырыста биылғы 10 наурыздан бастап базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді +/- 1,5 п. т. жылдық 12%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлемені арттыру макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға жағдай жасайды және сыртқы сектордың ішкі бағаларға және долларландыруға теріс әсерінің алдын алады, – деді Е. Досаев.
Ұлттық Банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстанатынын растайды. Соған қарамастан, өзгерістер орын алғанда қаржы жүйесінің түрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялардың жүргізілуін жоққа шығармайды.
– Ұлттық Банк әлемдік экономикадағы және халықаралық нарықтағы жағдайдың дамуын мұқият бақылауда және қажет болған жағдайда Қазақстанның қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын, – деді Е. Досаев.
Пікір қалдыру