Шілде айының соңын ала бере Алматының Наурызбай ауданында тасқын сел жүріп өтті. Апаттың салдары әлі толық жойыла қойған жоқ. Қазірдің өзінде тасқын сел басқан ауылдарды тазалау- қалпына келтіру жұмыстары әлі толыққанды аяқталған жоқ. Жалпы, қазір табиғаттың құбылуынан, техногендік апаттардың салдарынан бірқатар аймақтарда төтенше жағдайлар орын алып жатқаны жасырын емес. Төтеншеліктер Үлкен Алматы өзені мен Кіші Алматы өзенінен, Талғар өзенінен және Ақсай шатқалынан келетін қауіптердің әлі де сақталатынын құлақтандырып отыр. Ал біз бұлардан сабақ алып отырмыз ба? Алматыда болатын жер сілкінісі, сел басу қаупі елдегі өндіріс орындарын қаншалықты толғандырып отыр? Бүгін біз «Қамшы» порталы арқылы осы жайттарды талқыға саламыз.
Мысалы, 2004 жылы Индонезияда болған жер сілкінісінен 240 мың адам зардап шекті. Ал 2008 жылы Қытайдың Cичуань аймағында болған жер сілкінісінің күштілігі соншама, 69 мың адамның қаза тапқаны белгілі болды. Бұдан соң Индонезияның Суматра аралына жақын аймақта Тынық мұхитында аралға 40 шақырым жерде үлкен жер сілкінісі болды. Оңтүстік Америка елдері Перу, Чили елдерінде болған жер сілкіністері де, қай тұрғыдан алғанда да, зор шығындар алып келгені белгілі. Ал Жапониядағы болған жер сілкінісінің магнитудасы 8,9 болса, ошағының күші 11, 12 балға дейін жеткені бізге белгілі. Қазірде ғылыми, технологиялық тұрғыда дамыған елдердің өзі сейсмикалық қауіпсіздіктері үшін алаңдап отырған тұста біздегі ахуал қандай? Не істелінуде? Қанша жерден өндіріс орындары өркениетті елдермен салыстырғанда бізде аз дегенімізбен, сол өндіріс орындары жер сілкінісіне, қызыл су басуға дайын ба? Міне, бірнеше күннен бері Алматыдағы Наурызбай ауданын қызыл су басып жұртты әрі-сәрі етуде. Ал мұндай жағдайда су басумен қоса өрт, техногендік жер сілкіністері орын алмауы үшін стартегиялық маңызы бар нысандар айтып келмейтін апатқа дайын ба?
Ғазиза Түсіпбекова, гидролог-ғалым:
- Жалпы, қауіпсіздік жайын сөз еткенде сейсмикалық картаның сауатты жасалуы қай елде де аса қажет. Сейсмикалық картаның негізгіқызметі- сейсмикалық қауіпті аймақтарды айқындау. Бұл дегеніңіз сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс жұмыстарының қалай салынуы керектігі; тұрғын үйлердің орналасуы қалай түзілу керек; қандай заңдылықтар сақталынғаны жөн; ал қауіпті аудандарда ірі кәсіпорындар салынбағаны абзал. Міне, осының барлығы сейсмикалық карталарда көрініп, сайрап жатуы керек. Негізі, сейсмикалық карталар үш түрде түзіледі. Бірінші, күллі Қазақстанның сейсмикалық картасы жасалынуы керек. Бұл картаны қазірде еуростандартқа сай етіп жасау қажеттілігі байқалып отыр. Әлемде сейсмикалық карталарға байланысты Еуро-8 деген стандарт бар. Соған бұл карта сай болуы керек. Бұдан соң екінші дәрежедегі сейсмикалық карта, бұл әр облыстың сейсмикалық картасы болуы керек. Мұндай карталарды біз ғылыми тұрғыда қазірде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарына жасап қойдық. Бірақ бұл карталар теориялық тұрғыда ғана дайын тұр, аталмыш сейсмикалық карталар әзірге тәжірибе жүзінде қолданылған жоқ. Аталған облыстардың басшылары сейсмикалық карталарды тәжірибеде қолдануға енді-енді тапсырыс бере бастады. Карталарды тәжірибеге енгізу үшін ғалымдарға әлде де болса жұмыс істеу керек.~
Маманның сөзінен пайымдағанымыз, бізге алдымен сейсмикалық карталар жүйесін нықтап алуымыз қажеттігі байқалады. Себебі қазірде сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарды қойып, сейсмологиялық аумаққа жатпайтын өзге аймақтарда да техногендік жер сілкіністері болып жатады. Мамандардың байыптауынша, тасқын су кезінде техногендік жер сілкіністерінің болуы тіптен күшейе түседі. Бұл ретте мамандар «Тасқын сел кезінде су басқан жерлер өзінің табиғи қалпына бірден келе қоймайды. Бұл жерде табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатыр. Ал техногенді жер сілкіністері табиғи апаттар кезінде (су басу, қар көшкіні) тіптен күшейеді. Сондықтан қандай жағдайда болсын сейсмикалық карталар дұрыс жасалуы керек. Үйлердің ара-қашықтығы, беріктігі қалай орналасқаны маңызды болуы тиіс» дейді.
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
- Біздегі стратегиялық маңызы бар нысандардың ағын су, тасқын алу, қар көшу тәрізді табиғи апттарға дайындығы төмен. Қазіргі кезде елімізде тек Қапшағайдағы су электр бекетінің сейсмикалық ахуалы қандай деңгейде тұрғаны ғана кешенді түрде зерттеліп жатыр. Негізінде, мұндай жұмыстар еліміздегі барлық ірі кәсіпорындарда, стратегиялық маңызы бар нысандарда жүргізілуі керек. Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр бекеттері осындай тексерулеруі тиіс. Шығыстағы Бұқтырма, Шүлбі, Тараздағы Киров, Қарағанды, Астанадағы су қоймаларының айтып келмейтін апатқа дайын екендігі нақты зерттелуі тиіс. Бұған қатысты мемлекеттік тұрғыда арнайы міндеттемелер жүктелгені абзал. Бізде Тұрғын үйлердің салыну құрылысы, кәсіпорын, зауыт-фабрикалардың ара қашықтықты, техникалық регламентті сақтап салынуы кәмінді екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан келешекте осындай жайттарды ескере отырып бірінші кезекте елдегі стратегиялық маңызы бар өндіріс орындарын қатаң бақылауға алуды ойластырғанымыз абзал...
Қарлығаш Сайлаубаева