Кеше, 20 наурызда Алматыда екі жеке үй және сегіз көппәтерлі үй коронавирус ошағы ретінде оқшауланғаны хабарланды. Қамшы тілшісі Алматыдағы "коронавирусқа байланысты оқшауланды" делінген екі үйде болып, карантин кезіндегі ахуалды көріп қайтты.
Алматыдағы Желтоқсан көшесіндегі 125-үйді күзетіп тұрған полицейдің айтуынша, осы үйдегі пәтерлердің бірінде тұратын 1 адамнан вирус табылып, көппәтерлі үй толықтай карантинге жабылған. Мұнда үйдің алдында "қауіпті аймақ" деген ескертпе плакат ілініп, полиция қызметкерлері үйді қарауылдап тұр.
Коронавирус ошағы ретінде оқшауланды делінген Байтұрсынов көшесі №78/1 үйдің карантинге жабылғаны байқалмайды. Бұл үйді полиция да күзетіп тұрған жоқ, үй маңына арнайы ескерту плакаттары да ілінбеген.
Қамшы тілшісі "карантинге жабылды" деген бұл үйдің бірнеше тұрғынынан оқшаулау туралы және қалада карантиннің екінші күні қалай өтіп жатқанын сұрады.
– 19 күні 2 жедел жәрдем көлігі мен полиция қызметкерлері келді. Олар бізде коронавирус бар деп ойлады. Бізді кешкі 8-де карантинге жаппақ болды. Ешқандай күдік болмағандықтан карантинге жаппады. Айтылып жатқан өсек-аянға біз сенбейміз. Тек телеарна таратып жатқан жаңалықтарға және министрліктің ресми ақпаратына сенеміз. Қазіргі таңда ешқандай да қиындықтар болып жатқан жоқ. Кеше толықтай үйлерді дизинфекциялады. Біз айтылған ескертпелерді тыңдап, дүкенге азық-түлікке ғана шығамыз, оның өзінде маскамен. Бізде бәрі жақсы, – деді қала тұрғыны П.Наталья.
Осы үйдегі ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) төрайымы Жанар Жанзақованың айтуынша, олар тұрғындармен күнделікті тығыз қарым-қатынас орнатып, қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр.
– Кеше толықтай дизинфекция жұмыстары жүргізілді. Балалар ойнайтын алаңға ешқандай балалар шықпайды. Тұрғындар да сыртқа шығып жатқан жоқ, тек дүкенге азық-түлікке барады. Бұл жердің жертөлесінде ПИК қызметкерлері қашықтан жұмыс істейді. Бізге өтінімдер түскен жағдайда сантехниктерді жіберіп отырамыз. Барлық жұмысшылар маскамен қамтамасыз етілген. Тұрғындар барлық жайтқа түсінікпен қарап жатыр, наразылық болып жатқан жоқ. Күнделікті 2 жұмысшы кезекші болып қалады. 36 үйді сумен қамтамасыз ету, ауланы таза ұстау сынды қызметтерді толық орындап отырмыз. Егер де тұрғындар тарапынан сұрақтар немесе қиындықтар туындаса, ПИК-ке хабарласады, – дейді Жанар Жанзақова.
Тағы оқыңыз:
♦ "Үйде отырып әбден зеріктік". Алматыдағы індет ошақтарындағы жағдай
♦ Ресми ақпарат: Алматыдағы коронавирус ошақтарының тізімі аталды
Пікір қалдыру