Парадокстар патшалығындағы падишалар

/uploads/thumbnail/20170708192536824_small.jpg

Біздің мемлекет гендрлік саясатты қос қолдап тұрып қолдайды.Бұл саясаттың жүйелі түрде дамуы үшін мемлекеттен арнайы қаражат та бөлініп жатыр. Осы аптада дүниеге төртем алып келген ананың жақсы қызметте жұмыс атқарып, белді университетте магистрлік білім алып жатқанын да аңғардық. Бұған дейін де бір қыздың анасы атанған Баян Абдуллина енді көп балалы ана болып шыға келді. Табиғи жолмен төртемді дүниеге алып келу-сирек кездесетін жағдай болған күннің өзінде де билік тарапынан батыр анаға ауыз толтырып айтатындай сыйлық жасалмады. Алматы қаласының әкімінің орынбасары «алдымен жағдайларын тексеріп көру қажет»,- деді, одан соң кезекке тұрғаны дұрыс деген желеуді алдыға тартты. Демография мәселесін айтқанда майын тамызып тұрып әңгімелейтін біздің биліктің бір отбасына пәтер тарту етуге қауқары жетпегені ме? Әкімнің орынбасары  Зәуреш Аманжолова отбасылардың жағдайын тексеру керек деген сөзді алдыға тарқанда менің ойыма Алматы облысындағы Мойнақ кентінде тұратын Рысбек Досанның жағдайы түскен еді. Оған Алматы облысының  әкімдігі грант сертификатын беріп құттықтап, жеме-жемге келгенде жағдайы нашар отбасына жатпайды екенсің деп шықты емес пе? Біз мына қоғамда биліктің сөзден тайып шыға келетініне де үйреніп алдық. Олар бізді әбден үйретті. Есесіне билік түгілі туған бауырымызға да сенбейтін болып барамыз. Перзентханадағы батыр ананы құттықтап әкімнің орынбасары барыпты. Сөз саптауының байыбы жоғарыдағыдай. Өзі салқын екен. Мынандай қуанышта салқынқандылық танытқаны несі деп бір ойлап қоясың да,  саясат салқынқандылықты талап етеді ғой деп өзіңді тағы бір жұбатып аласың. Деседе, биліктегі көкелерді қайдам, гендрлік саясаттың жемісі-атқа қонған арулар ана атанудың қандайлық екенін білсе керек-ті. Әлде қызметбастылықпен бесік тербетудің қандайлық екенін білмейтін нәзік жандыларға наз айтудың қажеті жоқ па? Басқасын қайдам, ана атанып, бесік тербетудің анау айтқандай оңай шаруа емес екендігін  Зәуреш ханым жақсы біледі. Өйткені ол 15 жылдан астам уақытын гинеколог мамандығына арнаған. 2005 жылы Қазақстанның үздік акушер-гинекологы атағына ие болған. Демек тар құрсақты кеңейтіп, тас емшекті жібітіп ана атанудың, біреудің емес, төртемді дүниеге алып келудің қандайлық екенін ол сіз бен бізге қарағанда жақсы білуі керек еді. Аз ғана халқымыз бар, біз неге несиеге таңылып, 10 сотық жерге зарығып жүріп жетуге тиіспіз деген сұрақты қоя-қоя жалықтық қой. Бірақ айдың аманында дүниеге келген төртем үшін шын қуана алмасақ, дамыған елдермен жарысып неміз бар десеңізші. Аз ғана халық саны бар елде   пәтерге кезекке тұрып әрең жетеміз. Сөйтеміз де, көбею керек дейміз! Көбейген баламызды балабақшаға орналастыра алмай тағы безек қағамыз. Осы біз шынында азбыз ба? Аз болсақ балаларымыз неге балабақшаға сыймайды, үй кезегі неге жылжымайды? Мүмікін біз көп шығармыз. Шындықтарыңызды айтыңыздаршы. Көп болсақ, үйсіз болсақ та көкірегімізді керіп, көп болған соң мемлекет үй салып үлгере алмай жатыр деп керіліп жүрейік. Көп болған жақсы ғой. Құдайға шүкір, қазақ көп деп керіліп жүргім келеді.

Балаң кезімде батыр ана деген ұғымды түсінбейтінмін. Бала тапса, өзі үшін туады. Мемлекетке неменеге міндетсінеді екен осылар деп тұрып көсілетінмін ғой. Уақыт өтті. Ана атандым. Күпірлігім үшін әлі күнге кешірім сұрап келемін. Жеті баланы дүниеге алып келу- оп-оңай шаруа емес. Аналардың аты тарихта қалмайды. Тектік жүйе ер адамның атымен жалғасып, шежіре болып шиырланып кете береді. Ал нәзік жандылар дүниеге алып келген перзентінің тілеуін тілеп ұмыт болып қала береді. Сонда деймін де, үлкен қызметте отырған әкпелерім менің балаң кезімдегідей ойлайтын болғаны ма? Олай болуы да мүмкін. Себебі ананың жан дүниесін түсіну үшін ана атанып көру керек. Жұмысбастылық оларға батыр ана атану мүмкіндігін бұйыртпайтыны тағы да белгілі ғой. Бірақ біз қызметтегі ханшаға қарағанда жеті перзентті өсіріп отырған аналарға бас иеміз. Себебі біз өмір сүріп отырған дәуір үшін қазақты көбейтіп жатқандар қадірлі. Олар- біз үшін патшайымдар. Бірақ олар қарамақайшылық мекенінде ғұмыр кешіп жатыр. Жақында алты баланың анасы атанып, күміс алқасын алған танысым да «батырлықты» алуға арналған қағазбастылықтың қажытқанын айтып қынжылды. «Көршілерімнен мінездеме жинау қиындыққа түсті»,- дейді. «Қалада қай көршіңмен араласасың, оның үстіне көп баланың шулаған даусынан зәтте болған құлақтар жақсы мінездеме жазуға құлықты болмады» деп кейіп отыр. Рас-ақ. Баланың Туу туралы куәлігін  өздері беріп алып, батыр екеніңді дәлелдеуге құжат жина дегені ақылға қоныңқырамайтын жүйе секілді көрінеді  екен.

Айнұр Төлеу

«Қамшы» сілтейді

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар