«2013 жылғы тамыздың 5-інен 9-на дейін тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы табысты өтті. Барлығы 7 миллион 632 мың қазақстандық тұратын аудандық маңыздағы қалалардың, селолық округтердің, поселкелер мен селолардың 2454 әкімі сайланды. Өздеріңіз білетіндей, осы сайлауды өткізу туралы бастаманы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы туралы халыққа жолдауымда көтердім. Сайлау жас қазақстандық демократияның маңызды жетістігіне айналды»,- деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аудандық маңыздағы қалалар, селолық округтер, олардың құрамына кірмейтін поселкелер мен селолар әкімдері сайлауының қорытындысы бойынша қазақстандықтарға жолдаған үндеуінде. Президент атап айтқандай, бұл сайлау ашық, мөлдір болып, қолданыстағы заңнамалық нормалар мен қазіргі заманғы демократиялық тәжірибеге толықтай сәйкесті.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы 2012 жылы өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жағынан жетілдіру: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында 21-ші ғасырдың сынақтарына жауап беретін толыққанды әкімшілік реформаны ұсынған еді. Бұл бастама біздің қоғамда толық қолдауға ие болды. Соның бір мысалы – ауыл әкімдерінің сайлауы. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, барлығы 7173 адам ұсынылып, соның ішінен 6738-і әкім қызметіне үміткер болып тіркелген. Орташа алғанда бір орынға 2-3 үміткер таласқан. Ал 37 әкімшілік-аумақтық бірлікте әкім болуға үміткерлер қарсыластарын бар-жоғы 1 дауыс басымдықпен жеңіске жеткен. Бұл сайлаудың ашық, бәсекелестік жағдайда өткенінің бір дәлелі - 3 ауылдық округте сайлаушылардың дауыстары екі үміткерге де тең бөлініп, жеңімпаздарды анықтау мүмкін болмаған. Ол жерлерде қайтадан сайлау өтті.
Сайлаудың қалай өткені жөнінде бір облысты мысалға алсақ та жетеді. Мысалы, Қарағанды облысында қалалық және аудандық мәслихаттардың 215 депутаты екі қаланың – Қарқаралы мен Абайдың, сондай-ақ ауылдар мен поселкелердің 200 әкімін сайлады. Жоғары бәсекелестіктің болғаны соншалық, 202 орынға 601 үміткер бақ сынады. Айтпақшы, әуелде олардың саны 602 адам болатын. Бірақ, соңғы сәтте Нұра ауданындағы Майоровка ауылының бұрынғы әкімі күллі елге тараған үлкен жанжалдың себебінен өз кандидатурасын алып тастады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрынғы әкімнің ұлы мен халықтың арасындағы текетірес травматикалық қарудан оқ атылған жанжалға ұласып, одан 20 адам зардап шеккен. Кейінірек бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Ал, өз ұлының жасаған қылмысына қатты ұялған әкім саяси мансабын жалғастырудан бас тартты. Алайда, бұл әкімдер сайлауына қатысты болған еліміздегі жалғыз жағымсыз оқиға. Көп ұзамай, Қарағанды облысындағы екі қаланың, 35 поселкенің, 34 ауылдың және 131 ауылдық округтің жаңа әкімдерінің есіемдері белгілі болды. Мәселен, Абай ауданын басқаруға бұған дейін Бұқар жырау ауданындағы Ботақара поселкесінің әкімі болған Сапар Сатаев сайланды. Ал, бұрын қалалық әкімдікте жемісті жұмыс істеген Нұрлан Батырбеков Қарқаралының әкімі болды. Атап айтарлығы, сайлауға дейін әкім қызметін атқарғандар додаға қатысқан жоқ. Жалпы алғанда, облыстағы 161 әкім өз орны үшін бәсекеге түсіп, соның ішінде 137-сі бұрынғы қызметтерін сақтап қалды. Қарағанды облысында сайланған 202 әкімнің тек 16-сы ғана – әйелдер.
Сонымен, жаңадан сайланған әкімдердің корпусында еліміздегі 23 ұлттың өкілі бар. Ал, оларды мамандық түрлері бойынша бөлетін болсақ, 627-сі (25,6 пайызы) – педагогтар, 501-і (20,4 пайызы) – ауыл шаруашылығы мамандары, 417-сі (17 пайызы) – инженерлер, 367-сі (14,5 пайызы) – экономистер, 281-і (11,5 пайызы) – заңгерлер және 271-і (11 пайызы) – басқа мамандықтардың өкілдері. 2454 әкімнің 280-і, яғни, 11,4 пайызы – әйелдер. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 32-ге көп. Статистикалық мәліметтерден Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында әйел-әкімдердің саны 6 пайызға дерлік ұлғайғанын көрдік. Әйелдер қауымы мемлекеттік, қоғамдық басқару ісіне белсенді тартыла бастады. Өйткені, мемлекет басшысының өзі «Қазақстан 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында: «Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал» деп атап айтқан.
Әкімдердің орташа жасы – 47. Олардың ішінде көпшілігі 55 жасқа дейінгі адамдар, олар әкімдер корпусының 80,3 пайызын құрайды. «Жалпы алғанда, әкімдер құрамы біршама жасарды. Бұған дейін 55 жасқа дейінгі әкімдер 74,5 пайызды құраған болатын. Ал, жаңадан сайланған әкімдердің ішіндегі ең жасы 25 жаста», - деді Қуандық Тұрғанқұлов сайлау қорытындысы бойынша өткен жиында. Айта кетелік, бұған дейін Павлодар облысы Успен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып келген 25 жастағы Тимур Жанғазинов қайта дауыс берудің нәтижесінде аталған аудандағы Қозыкеткен ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі болып 28 жастағы Азамат Қойсарин сайланды. Ол бұрын аудандық жер қатынастары мен кадастр бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. Бұл аймақтық саясатта мемлекеттің жастарға үлкен үміт артып, сенім білдіргенінің бір көрінісі.
Қазақстандағы ең жас басқарушылардың бірі – Павлодар облысындағы Заңғар ауылдық округінің 25 жасар жаңа әкімі Хамза Оразбеков. «Еліміздегі ауыл әкімдерін сайлаудың демократиялық жүйесінің нәтижесінде 25 жасымда елді-мекенді басқару құқыға ие болдым, - дейді Хамза «pavlodarnews.kz» сайтына берген шағын сұхбатында. – Ендігі жоспарым – ауылда кәсіпкерлікті дамытып, балабақша салу». Павлодар ауданында туып-өскен Хамза өз ауылының қандай күрделі мәселелері барын бес саусағындай біледі. Мемлекеттік қызметте 3,5 жылдық өтілі бар жас жігіт сайлауға дейін кәсіпкерлікті дамыту және ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек етіпті. Атап айтарлығы, әкімдік қызметке 7-ші тамызда Хамзамен бірге Заңғар ауылындағы тағы екі адам кандидатурасын ұсынған. Олардың жасы да, тәжірибесі де, еңбек өтілі де Хамзадан айтарлықтай асып тұрған. Алайда, ауылдастары жас жігітті таңдаған. «Мен далаға шығып: «Мені сайлаңдаршы!» деп ұрандатқан жоқпын. Бар болғаны туған ауылымды қалай өркендету жөніндегі ұсыныстарымды жеткіздім. Бұған дейін кәсіпкерлікті дамыту бөлімінде жұмыс істегендіктен, сайлау науқанындағы бағдарламамның бірінші бағыты – шағын және орта бизнесті дамыту болды. Өйткені, ауылда бұл салада белсенділік төмен. Егер де жаңа бизнес-жобалар жасалатын болса, онда жаңадан жұмыс орындары да ашылады», - дейді Хамза Оразбеков. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін тәмамдаған жас әкім екі бірдей мамандық алып үлгеріпті: бірі – зоотехник, екіншісі – заңгерлік. Сонымен бірге, 25 жасына дейін көп нәрсеге қол жеткізген Хамза өз алдына отау көтеріп, екі баласын тәрбиелеп отырған мейірімді әке. – Менің әкем 10 жылдан бері басқа бір ауылдық округте әкім болып қызмет етеді, - дейді ол. – Сондықтан, өз әкемнің өкшесін басып, таңдаған жолымен жүруді жөн көрдім. Тіпті, әкім болуға кандидатурамды ұсынғанда да әкеммен ақылдастым. Бірінші болып мені қолдаған адам да – сол, - дейді Х. Оразбеков. Ал, Хамзаға дейін «жасы жағынан» ең іскер, белсенді болып танылған қостанайлық 23 жасар Татьяна Новикованың депутат болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
«Сырт көз - сыншыл» деген сөз бар. Соңғы кездері шетелдік тұлғалар біздегі әкімдер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің жасына қатты таң қалып жүр. Солардың бірі – тамыз айында елімізге келген Тайландтағы Amata индустриалдық корпорациясының басшысы, 60 жастағы жазушы, ізгі ниет елшісі, «Азия керуені - 2013» экспедициясының көшбасшысы Викром Кромадит. Әлемге әйгілі тай елінің саяхатшысын Қазақстандағы басшы кадрлардың жастардан болғаны қатты таң қалдырыпты. В. Кромадит отандық БАҚ-ның біріне берген сұхбатында әлемнің ешбір елінде 35 жастағы адамның қала не облыс әкімі болғанын көрмегенін мойындаған. Ал, бізде бұл қалыпты нәрсе. «Мысалы, Қытайда жас мамандар өте көп. Бірақ, олар басшылық қызметте емес. Стратегия саласын басқаруды тәжірибесі мол, жасы үлкен адамға берген жөн. Тактикалық бағыттарға жас, белсенді, қайратты адамдарды қоюға болады. Әрине, бұл жерде ең бастысы істеген ісінің нәтижесіне қарау керек», - дейді тайландтық кәсіпкер.
Қуатты мемлекетке айналуымыз үшін, іс жүзіндегі демократияны жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқарудан бастадық. Әділ сайлау – қуатты мемлекет құрудағы қадамдарымыздың бірі. Мәселен, ауыл әкімдерінің сайлауы еліміздегі әкімдер корпусының 91 пайыздан астамын қамтыды. Яғни, аймақтарды дамытуға толығымен бетбұрыс жасадық. Өңірлерді дамыту министрлігінің құрылуы, аймақтарды дамыту бағдарламаларына (моноқалаларды дамыту, шағын қалалар) бюджеттен қомақты қаржы бөлу – бұлардың бәрі Қазақстанның аймақтық саясатын күшейтуінің белгілері. «Елімізде жергілікті жерлердегі өзін-өзі басқару реформасы жүргізілді. Ауылдық деңгейге қосымша 5 мың шаттық бірлік бөлініп, оларға 67 мемлекеттік функция бекітілді. Қазіргі кезде ауыл әкімдері салық жинауға, бюджетті қалыптастыруға, тұрғындардың қатысуымен жергілікті мәселелерді шешу үшін қаржыландыру құқығына ие болды. Бұл барлық әкімдерге өз отандастары мен мемлекет алдында аса зор жауапкершілік жүктейді. Әрбір әкім сол жауапкершілікті сезініп, өз міндеттерін лайықты атқаруы тиіс», - деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5-ші шақырылған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде. Яғни, мемлекет осы сайлау арқылы ар-ұжданы таза, ашық, патриот, халықшыл «жаңа типтегі» басшылардың билікке келгенін қалап отыр деген сөз. Оларға біріншіден, елінің мүддесіне қызмет етуге мүмкіндік берілсе, екіншіден, мансабын өсіріп, «А» корпусына өтуінее жол ашылады. Сондай-ақ, бұл сайлау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарымыздың бірі. Жергілікті жерлерде жүргізілген реформа төмендегі басқарушылардың қатарын жемқорлықтан тазалауға көмектесетіні сөзсіз. Мұндай пікірді Парламент депутаттары да қолдайды.
Бұл жерде біріншіден, «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң бұзылмауын қадағалауымыз керек, - дейді Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова. - Екіншіден, халықтың өзі жемқорлық әрекеттердің субъектісіне айналмауы тиіс. Былайша айтқанда, халық пара бермесе, әкім оны қайдан алады? Сондықтан, ауылдық жерлердегі тұрғындардың өзі белсенді болып, өз мемлекетін құруға ат салысуы керек. Өйткені, мемлекет деген – халық емес пе? Ал, жаңадан сайланған әкімдер сол халықпен жұмыс істей біліп, зар-мұңын тыңдап, заңның аясында шетін мәселелерін дер кезінде шешіп беріп отыратын болса, мемлекет те дамиды. Ол үшін әрбір әкім өз ісінің білгірі, сауатты, отаншыл болуға міндетті. Елбасы мемлекеттік қызметшілерге неге жоғары деңгейде талап қойып отыр? Себебі, билік мықты болмаса, халықтың тарапынан құрмет пен қолдауға ие болмаса, онда мемлекет те болмайды.
Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Надежда Нестерованың пікірінше, демократияны дамытудағы жаңа қадамымыздың аса маңызды екенін халықтың өзі терең түсінуі тиіс. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілген өзгерістер халыққа өз өміріне қатысты мәселелерді шешуге араласуға мүмкіндік береді, - дейді Надежда Дмитриевна. – Жергілікті жердегі тұрғындар өз өмірі өз қолдарында екенін сезінетін болады. Олар әкімдермен бірге отырып: «Әрі қарай қалай өмір сүреміз?», «Ауылды қалай басқарамыз?», «Қандай мәселелерді ең алдымен шешеміз?» деген өзекті сауалдарға жауап іздейді. Мысалы, қоғамдық тәртіпті сақтау – халықтың өз міндеті. Ал, әкімнің қалай жұмыс істейтіні оның іскерлігіне, жауапкершілігіне, өз жерлестерінің алдындағы ар-абыройына байланысты болмақ. Менің ойымша, ауыл әкімдерін сайлаған депутаттар лайықты адамдарды ғана таңдады. Ендеше, Қазақстанның жаңа аймақтық саясатындағы бұл қадамы – аса маңызды тарихи қадам. Бұл реформа жәй жүрсе де, қиындықтарға тап болса да, ең бастысы – даму мен өркендеуге алып баратын бағдарымыз айқын».
«Билеушілер халықты патриот емессің деп айыптамауы керек, керісінше, олар халық отаншыл болуы үшін, өз қолдарынан келетін істің бәрін жасап, үлгі көрсетуі керек» депті философ-ойшыл Т. Маколей. Елбасы мен халық үміт артқан әкімдерге патриоттықтың нағыз үлгісін көрсететін кез келді. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл прагматикалық патриотизм. «Азаматтар мемлекетке сенуі үшін, сол мемлекеттің болашағы жарқын болуы тиіс, дамуға, жеке адамның кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік болуы керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал, жарқын болашаққа баратын жол – Қазақстанның 2050 Стратегиясы. Президенттің қадап айтқаны, 30 дамыған елдің қатарына қосылуымыз үшін, барша қазақстандықтарға айрықша міндет жүктеледі. «Біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан 2050» стратегиялық дау жоспарын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл стратегияның негізгі алға қойған мақсаты – 37 жылдың ішінде, мүмкін одан да бұрын әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің тобына ену», - деді мемлекет басшысы Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде. Президенттің пікірінше, бұл межеге жету тек қана ішкі өнімнің өсуімен бағаланбайды. Онда адамның дамуы, әлеуметтік жағдай, білім беру, денсаулық сақтау бағыттарындағы қарқынды өсу мәселелерін ескеру керек. Олай болса, біздің билік алыс аймақтардағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға қадам жасады. Бұл - бүкіл халықты, ұлтты, елді бірлікке шақыратын қадам. Бұл – демократиялық қоғам қалыптастырудағы, қуатты мемлекет құрудағы таңдаған стратегиялық бағытымыздың өміршеңдігін көрсетеді.
Таңатар Табынұлы.
Пікір қалдыру