Өткен жылдың осы уақытында күн санап парламенттің демалыстан жиналуын асыға күтіп жүрген едік, күткен парламент те жиналды. Араға 10 ай салып қайта демалысқа аттанды. Өзгерген ештеңе жоқ. Біз әлі күтудеміз. Үкімет «Көші-қон туралы» заңға өзгеріс жасап, қандастардың алты айда азаматтығын алақанына ұстатамыз деп үйіп- төгіп уәде берген алты ауыз сөзі де орындалмады. Үкімет басшысы мен парламент төрағаларының ауызынан қандастарға деген бір ауыз жылы сөз де шықпай бір жыл өтіп кетті. Осыған қарағанда, парламент пен үкіметтің қандастарға деген махаббаты үкіметтің басындағы қалың мұрттың астында тұншығып қалса керек.
Көші қон туралы заңның сиыр құймышаққа салынуы елге оралам деген ағайынның аяғына тұсау болып қана қоймай, үкіметке де түрлі мәселелерді тудырады. Елге келген қандастарды тұрақты тіркеуге алмағандықтан, ел ішінде визасының уақыты бойынша жүріп, визаның уақыты біткенде қайта қайтып келген еліндегеі Қазақстан елшілігіне барып тағы жаңа виза алады. Сол себепті елге бір оралған қандасқа Сыртқы істер министрлігі жыл сайын виза беріп отыруына тура келеді. Бұл дегеніңіз министрлікті бір адамға бірнеше рет қызмет жасатып, жұмысын көбейтсе, бір жағынан визаға кезекке тұрғандардың санын көбейтіп, қандастарға 2-3 ай бойы виза күтіп жатқызып әбігерге салады. Ауылдағы тұрақты тіркеуге тұрып, азматтық ала алмай, ана тесікке бір кіріп, мына тесікке бір кіріп, басын тауға да тасқа да ұрып жүрген жағдайы ауыр ағайындарды айтбаған күннің өзінде, студент, оқушылардың да жағдайы мәз емес. Соңғы кездері елімізге студент жасатардың келуі жыл санап артуда. Көші қон туралы заң реттеліп, Қазақ Елінің азаматы болулары қиынға түскендіктен көптеген ата-ана алдымен балаларын елге келіп білім алып, ұлттық тәрбиеге сусындап өсуі үшін елдің болашағы жастар деп балаларын елге көптеп жіберуде. Уинверситеттердің оқушылық виза бермегендігінен студент жастарда жыл сайын виза жаңалап отырады. Бір жазда неше мың студентке виза беріп үлгіре алмағандықтан көп санды студенттердің визасы уақытында ашылмай, сабағынан кешігіп жатқаны тағы бар. 4 жыл бойы жаз болса виза кезегін күтіп жүретін студенттердің сабақтан кешігуімен қоймай, ақылы бөлімге оқиын десе, өзгелерден қалтасынан артық ақша шығарады екен. Нақты айтсам, әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық уинверситетінің 620000 теңге төлеп оқитын мамандықтарына Қазақ елінің азмамттығын алып үлгірмеген қандастарымыз шетел азаматы ретінде 750000 теңге төлеп әрең түседі екен. Бұл дегеніңіз сонда Атамекенімен тағдырын байлансытып, ана тілінде білімге сусындамақ болған жастарға жасалып жатқан “сыйлық” па?
Міне осы виза мәселесі болсын, елдің болашағы болып саналатын студент жастардың мәселелері болсын үкімет пен парламентте екі жылдан астам қонақта жүрген «Көші-қон туралы» заңның өзгерістері мен толықтыруларын да шешімін табады деген үміттеміз. Бұл заңның талқылану барысында парламент отырыстарына қатысқан әріптесіміз Ауыт Мұқибек депутаттарымыз жағынан студенттерге қатысты мәселелер жөнінде ұсыныстар болғанын «Қамшы» порталына жазған болатын (http://old.qamshy.kz/?p=24224). Ал виза мәселесі бойынша Ауыт ағамыз тағы бір прламенттің отырсынан кейін «Шетелдегі қазақтарға атажұртқа көшуі үшін үш жылға виза берілуі мүмкін (http://old.qamshy.kz/?p=25056)» деген мақаласында « Отырыста Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың кеңесшісі Керім Қожамбердиев виза беру тәртібінің қайта қаралғалы жатқанын, сонда этникалық қазақтарға бір жолда бірден үш жылдық виза беруді көздеп отырғанын айтты. Сонда виза кезегі болмайды деп сендірді...» -, деп жазады, артынан сыртықы істер министрі Ерлан Ыдырсовтың атына шеттегі қазақтарға 3 жылға виза беруін сұрап хатта жазған болатын(http://qamshy.kz/home/show/252). Егер осы ұсыныстар айтылып қана қоймай қабылданар болса, алыстағы ағайынның қуанышында шек болмас еді. Ағайынның «құжатын реттеп азаматтыққа алса, шетелдік демей, өз қазағым десе» дегеннен басқа не арманы бар? Егер азматтық беріп жатса, сансыз визаның кезегіне де тұрмас еді. Оқу ақысына шетел азаматы ретінде 20% артық ақша да шығармас еді ғой.
Депутаттарымыз екі жыл бойы жаз жайлауда демалып жүргенде қандастарымыздың сырттағылары виза алар күнді күтіп жатса, елдегілері күз келіп азаматтық алар күнді күтті. Биылғы күз де таяп қалды, келер жазымыз депутаттардың тілеуін тілеумен емес, рақмет айтумен өтсе екен.
Тұрдыбек Құрметхан
Пікір қалдыру