ХІХ ғасырдың аяғына қарай Іле, Алтай, Тарбағатай сынды үш аймақтың Қытай еліне басы бүтін бодан болуына байланысты қазақ жұрты мен Қытай елінің арасындағы байланыс тіпті де жиіледі. Үш аймақты мекендеген қазақтар мал мен бастың амандығы үшін ел тізгінін ұстаған Қытай елімен тіл табысып тұруға тырысты. Ауыс-түйістің салқын жүретін бұрынғы заманындай емес, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан дәл осы кезеңде тілмаштардың қажеттелігі артты.
1922 жылы Үрімжіде ашылған Моңғол-қазақ мектебі өз түлектеріне қытай-орыс тілдерін тереңдетіп оқыта бастады. Бұл Шыңжаңдағы жаңа буын қазақ аудармашыларының қалыптасуына игі әсерін тигізді. 1933-1934 жылдардан бастап оқу-ағарту, баспа ісінің өркендей бастауы да аударма ісін онан ары жандандыра түсті. Бұрындар қазақ арасынан шыққан Ақыт Үлімжіұлы, Әсет Найманбайұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Арғынбек Алашбайұлы сынды ақындар нәзиралық дәстүр арқылы араб, парсы әдебиетінің жауһарларын қазақ әдбиетінің қажетіне жаратса, ендігі кезекте жаңа буын қазақ аудармашылары қытайдың классикалық шығармаларын аударуды қолға алды. Нариман Жабағытайүлы, Меллатхат Әленүлы, Әбдібек Байболатов, Ғлажден Оспан, Әнуарбек, Әріп Зұрғанбекүлы, Әбділдабек Ақыштайүлы, Қалихан Қалиақбарүлы, Хакім Әкімжан, Әзімхан Тішанүлы, Әбдікерім, Ақберді Изатбекұлы, Бекмұхамет Берікұлы, Қазымбек Арабин, Шамас Әубәкір, Найманғазы Сапанұлы, Ақия Раданұлы, Әлімжан Қатбаев, Кәкеш Қайыржан, Әбдіманап Әбеуұлы секілді белді аудармашылар Лу Шүн, Мау Дұн, Ба Жин, Яң Мо, Лау Шы шығармаларын, Сау ІІІуечиннің «Қызыл сарайдағы түсін», Ло Гуанжұңның «Үш патшалық қиссасын», У Чыңынның «Батысқа саяхатын», Шы Найан мен Ло Гуонжұңның «Су бойындасын» және «Таң дәуірінін таңдамалы өлеңдерін» арт-артынан тәржімеледі.
Сол аудармалар арқылы қазақ оқырмандарына танылған Қытай әдебиеті өз кезегінде Қытайдағы қазақ әдебиетіне тиісті деңгейде ықпал етті. Әсіресе, жоғарыда атаған Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Лу Шүн, Го Моро, Ай Чиң секілді ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ әдебиетшілері үлгі тұтты.
Осы орайда Қытай әдебиетін қазақ тіліне аударған Қытайдағы қазақ аудармашыларының еңбектерін атай кеткен жөн. Бұл еліміздегі әдебиеттанушылар үшін де, «Қытайтанушылар» үшін де аса қажетті дүние деп ойлаймыз. Жалпы, Қытайдағы аударма саласында қызмет етіп жүрген қазақ аудармашылары еңбегінің басым бөлігі Қытай билігін дәріптейтін саяси дүниелерді аударуға арналған. Одан қалса, телефмильм, кино аудару саласы жүйелі қолға алынған. Дегенмен, әдебиет аудармашылары да жоқ емес. Біз сол көркем аударма саласына атсалысқан біраз аудармашылардың еңбегін зерттеу жұмысымызда таныстыра кетуді жөн көрдік.
Әбдібек Байболатов(1921-2000 ж.ж) 1957 жылдан бастап көркем аудармамен айналысқан. Ол Қытай әдебиетінен «Шайқаспен өткен 52 жыл», «Сұңқар» секілді повестермен қатар «Қалың орман, қарлы дала», «Үш патшалық қиссасы» сынды көлемді шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Қытайдағы қазақ аудармашыларының ішінде Әбділдабек Ақыштайұлы сынды «Аударманың арысы» атанған қарт қаламгерлер де бар. Оның аудармашылық еңбегі де өткен ғасырдың 50 жылдарынан бастау алады. Аудармашылық жолын саяси-философиялық шығармаларды аударудан бастаған Әбең 1960 жылдардан бастап, әдеби аудармаға ден қояды. «Акюдың ресми өмірбаяны», «Бәрі де партияға», «Дауыл» сынды романдармен қатар, Қытай әдебиетінің классигі Лу Шүннің «Дала шөбі», «Серменде», «Айғай», «Шамда үзілген таң гүлі», «Жаңғыртылған ескі әңгімелер», «Таңдамалы хаттар», Ертең, «Шарапханада», «Бақытты отау», «Жалғыздық», «Шер», «Айрылысу», «Көкті жамау», «Айға ұшу», «Қорғаннан шығу», «Жиырма төрт қайырымдының суреті», «Бес есірік тауабы», «Соңғы сөз» сияқты жүзден астам әңгіме, публицистикалық туындыларын аударып, қазақ әдебиетінде Лу Шүнтанудың негізін қалады.
Оның Қытайдың ерте заман классикалық әдебиет туындыларын қазақ тіліне аударудағы еңбегі де ұшан-теңіз. Айталық, 1990 жылы «Жұңгоның ерте заман әдебиеті» тарихының Чиң, Хан дәуіріне арналған бөлімін қазақ оқырмандарына таныстырды. Сондай-ақ, Қытайдың классик ақыны Чүй Юанның «Ақын азабы», Таң дәуірінің әйгілі ақыны Бай Жүйидің «Шер» дастандарын қазақ тілінде жырлады. 1988 жылы Чиі патшалығы дәуіріндегі Жұңгоның атақты сатиралық романы У Жиңызының «Ғұламалар шежіресін», 1990 жылдары «Күңзы ғақылиялары», «Мыңзы ғақылиялары», «Батыс сапарнамасы» сияқты Қытайдың дүниеге әйгілі классикалық шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
1949 жылы Үрімжідегі тіл мектебін оқып жүрген кезінен-ақ аударма әлеміне жол тартқан Әзімқан Тышанұлы(1929-1993) да қытай әдебиетін қазақ тіліне аударуда орасан зор еңбек сіңірді. Көне қытай тілін жақсы меңгерген аудармашы Қытайдың классикалық шығармаларынан «Үш патшалық қиссасы», «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері», «Су бойында», «Жұңгоның ерте заман әдебиеті» сияқты шығармаларды және «Қызыл сарай түсі» романындағы өлеңдерді аударды. Әзекең аударған «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері" жинағына айрықша тоқталатын боламыз.
Біз әдебиеттанушы, тарихшы ғалым ретінде танитын Нығмет Мыңжанидың аудармашылық қыры да айрықша ден қоюды талап етеді. Ол қазақ әдебиетіндегі ғашықтық, батырлық дастандарды қытай тіліне аударып қана қоймай, қытай тілінен «Хор Чин даласында», «Бақытты болашақ», «Су бойында»(3 кітабы), «Қызыл сарай түсі»(4-5-томдары), Лу Шүн шығармаларынан «Есалаңның естелігі», «Қайғы, қаза» сынды бір топ маңызды әдебиеттерді аударып, қазақ оқырмандарына ұсынды.
Нариман Жабағытайұлы – Қазақстанда туып, Қытайда өмір сүрген майталман аудармашы, ол Қытай қазақтарының ішінде тұңғыш аға аударашы кәсіптік атағын алғандардың бірі. Нәкең қытай қазақтары ішінен тұңғыш рет ханзу тілінен қазақ тіліне «Көркем Чаушиянда» атты романды аударып, 1955 жылы басып шығарған. «Өмір жолы», «Қызыл жартас»(екі томдық), «Ағады Фынхы аялсыз»(екі томдық), «Жер ортаға келгенде»(роман), «Далин мен Шиаулин» сынды 15-тен артық роман-повестерді қазақ тіліне аударған.
Аудармашылық шеберлігінің арқасында Қытай қазақтарының аударма саласында айшықты іздерін қалдырған Найман Сапанұлы сонау 1960 жылдардың бас шенінде-ақ Таң дәуіріндегі Ли Бай, Ду Фу сынды айтулы ақындардың, осы заманғы Ян Чын, Жияң жымин, Ли Иың сынды танымал ханзу ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударды. Қытай әдебиетіне аты мәшһүр «Ақ өрік ағашы», «Нажағай жыры», «Әке», «Жеті тал сіріңке», «Нарт қызыл гүлдер», «Қызмет өткізіп аларда», «Аға буын», «Жасыл құм» сынды әңгімелерді қазақ оқырмандарына таныстарды.
«Таң дәуіріндегі өлеңдерден үш жүз» атты кітапты құрастырып, Қытай әдебиетінің алтын ғасыры атанған Таң дәуірі ақындарының жырларын қазақ тіліне көркем поэзия тілімен аударып шыққан Бөкейхан Бекейұлының да қазақ аудармашылығына қосқан үлесі зор.
Белгілі ақын Қазымбек Арабин(1945-1998) студент кезінен-ақ көне және қазіргі қытай тілін жете меңгеріп, Ли Байдың «Түнгі ой», Ду Фудың «Ұлы тауға көз жібергенде», «Күз желінің қамыс күркені әкетуі туралы жыр», Бай Жүйидің «Көмір сатушы шал», «Пипа дастан», «Дала Шөбі», Лию Иүйшидің «Күз желінің суылы алғаш естілгенде», «Қара нөпір масалар» сынды шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Қазір Пекинде тұратын ақын Балапан Рабатов та аударма саласына өзіндік үлес қосуда. «Толғаныстар», «Күндік көтерген әйел», «Тыртық», «Іле елестері», «Қаруластар», «Он сегізде құлпырған дала гүлі», «Тәңірмен бірге тентіреу» сынды бірнеше көркем әңгімелерді қытай тілінен қазақ тіліне аударды. Әйгілі әйел жазушы Чылидың «Өмір өрнектері» повесін, «Зілзәлә» мемуарлық кітабының өлеңдерін, Хайзы, Гу Чың, Шу Тиң қатарлы осы заман ханзу ақынадырының өкілдік жырларын қазақ тіліне аударуда Балапан Рабатов талантты аудармашы екендігін танытты.
Іле қазақ автономиялық обылсының орталығы Құлжа қаласында жарық көретін «Іле кеші» газетінің редакторы, ақын Нұрболат Әбдіқадырдың аудармалары да Қытай қазақтарына етене таныс. Оның өлеңдері ханзу тіліне аударылып, Қытай оқырмандарының алқауына бөленгені өз алдына. Ал аудармашылығы жайына келсек, өз саласына орай көркемдік құны жоғары көптеген қытай тіліндегі мақалаларды қазақ оқырмандарына өз тілінде таныстырып келеді. Сондай-ақ, Қытай ақыны Ян Анның қазақ өміріне етене жақын бір топ шалқымасын және Қытайдың осы заманғы көрнекті әйел ақыны Сай Личуанның әйгілі шалқыма өлеңдері «Ауыл махаббатынан таңдамалылардың» бір бөлімін аударған.
Пікір қалдыру