– - Әбдіманап аға, алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстыра кетсеңіз? Қай жерде туып-өстіңіз, қандай оқу орнынан білім алдыңыз дегендей...
– Мен, 1937 жылы желтоқсан айында (бұрын біз бұл айды «қаңтар» деп атайтынбыз) Шыңжаң Іле қазақ облысының Күнес ауданы, «Үшбұлақ» деген елдімекенінде малшы отбасында, он құрсақ көтерген шешеміздің төртіншісі болып дүниеге келіппін. Алғашында әкеміз қонақтық қойы, сауындық сиыры мен биесі бар орташа дәулетті болған екен. Кейіндеп бала-шағасы көп, балалары жас болғандықтан, жұмысқа жарар қолқанаты болмай тұрмыс тақсіретін тартады. Әкем 1953 жылы сәуірде ауырып, бар-жоғы төрт күн төсек тартып қайтыс болды. Оқымаған адам болғанымен ашық ойлы, жаңалықшыл адам еді. 1944 жылы қыста Әділқайыр деген жас молданы шақырып әкеліп, ауылдың ұл-қыздарын, жегжат-жұрат, көршілердің балаларын жиып, дін сабағын оқытып, намазға жықты. Сонда мен жұлқынып әкеме: ‹‹Мен де оқимын›› деген екем, әкем: ‹‹Ой, балам, талабыңа нұр жаусын. Өте жақсы, оқи ғой, оқи ғой!» – деп алты жасымда ересек балалардың қатарына қосып отырғызып қойды. Басы ойын болғанымен, аяғы шынға айналып, осылайша алғашқы сауатты дінмен аштым. Зеректеу, ұғымдтал болсам керек, Күнестегі сол дәурдің ғұламасы Тұрсыбай Әлімақын деген кісі батасын беріп, аузыма түкіріпті.
Оқу жасына жеткенде бастауыш мектептің бірінші, екінші сыныбын Үшбұлақта оқыдым. 1948 жылы қыркүйекте Күнес ауданының орталығы Бестөбеде орта мектеп ашылып, Күнестің ой мен қырынан оқушы жиып, төменін 3-сыныптан, жоғарысын 5-сыныптан бастап оқытты. Мен 3-сыныпқа кіріп оқып, орталау мектепті 1953 жылы маусым айында бітірдім. Сол жылы ағаларыма көмектесіп, егін егіп, мал бағыстым. Қыста екі ай ауылдағы сауатсыздарды оқыттым. 1954 жылы тамыздың соңында аудандық Оқу-ағарту бөлімінің шақыртуымен мұғалімдікке қабылдандым. Сонымен менің алғашқы еңбек жолым Күнестің ең басындағы Ластай бастауыш мектебіне оқытушы болумен басталды. 1955-1956 оқу жылында Бестөбе бастауыш мектебінде, ал 1956-1957 оқу жылында Күнес аудандық орта мектепте оқытушы болдым. Қызмет барысында білім өремнің төмендігін, өзімнің таяздығымды сезініп, 1957 жылы тамызда өз өтінішіммен жұмыстан босадым. Арманым жоғары оқу орнына түсіп таяз білімімді толықтыру еді. Сол жылы мектеп оқушыларымен бірге жоғары мектеп емтиханынна қатысып, жақсы нәтижемен Үрімжідегі Шыңжаң тіл институтының ханзу тілі факультетіне оқуға түстім.
Бала кезімде әкемнің қадағалауымен қиса-дастандарды, Абай, Таңжарық өлеңдерін жатқа оқып, әдебиетке қызығушы едім. Ол кезде «Ханзу тілі» маманы боламын деп ойламайтынмын...
– Институт бітіргенен кейін қызмет жолыңызды қай жерден бастадыңыз?
– 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басы Қытайда шаруашылық құлдыраған, экономикалық қиыншылық ауыр жағдайда болды. Сол себепті, үкімет органдарын ықшамдау ісі жүрілді. Сол тұста бұрынғы Шыңжаң тіл институты мен Шыңжаң педагогика институты біріктіріліп, Шыңжаң педагокика институты болды. Кейінтінен ол Шыңжаң университетімен бірігіп, Шыңжаң университеті болып құрылды. Мен 1960 жылы оқу бітіргеннен кейін Шыңжаң университетінің кадрлар басқармасына бөлініп, жай қызметкер болып 4 жыл қызмет жасадым. 1964 жылы сәуірде Шыңжаң халық басбасы қазақ бөлімінің шақыртуы бойынша жұмысым баспаға ауысты. Қытай-қазақ тілінің аудармашысы бола жүріп, жай қызметкерден қазақ бөлімнің басшысы дәрежесіне көтерілдім. 1975 жылдың соңына дейін тапжылмай осы орында жұмыс жасадым.
– Естуімше, сіз Орталық аударма мекемесінде ұзақ жыл істепсіз. Аталған мекемеге қай жылы бардыңыз? Ол мекемеде қандай жұмыстар атқардыңыз?
– 1975 жылдың қазанында Бейжіңде тұңғыш рет мемлекет бойынша аз ұлттар баспасөз мәжілісі ашылды. Сол мәжіліске Шыңжаңнан баратын уәкілдердің қатарында қазақ баспасөзіне уәкіл болып мен қатыстым. Мәжілісте аз ұлттардың баспасөзін қалай дамыту мәселесі жөнінде ақылдасты. Жиын соңына ала Мемлекеттік баспасөз мекемесі мемлекеттік кеңестің бір құжатымен таныстырды. Ол құжатта Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармаларын, сол кездегі көсем Мау Зыдұңның шығармаларын, Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің құрылтайларының құжаттары мен мемлекеттік Халық құрылтайларының, мемлекеттік Саяси кеңес мәжілістерінің құжат, материалдарын аудару мекемесі құрылатындығы айтылған. Ол орталық аударма мекемесі деп аталып, моңғол, заңзу (тибет), ұйғыр, қазақ, карей тілдерінде (кейін жуаңзу, изу деген ұлт тілдері қосылды) жұмыс істейтіндігін жариялады.
Шапалақ ұрып, қолдау көрсеттік. Іле-шала артымыздан Шыңжаңға Орталық аударма мекемесіне маман таңдауға адамдар келді. Үрімжіні бір айдай дүрілдетіп жүріп қабылдайтын кадрдің біреуіне мен таңдалған болып шықтым. «Кәрі шешем бар, балаларым жас, Бейжіңнің тұрмысына көндіге алмайды, мен бара алмаймын» дегеніме қаратпады. Ұйым сол мекеменің қазақ бөліміне барып жұмыс істеуге бұйырды. «Дәм айдаса қалмайсың» демекші, 1975 жылдың соңынан бастап, 1992 жылдың соңына дейін Орталық аударма мекемесінің қазақ тілі бөлімін жоқтан бар етіп, аздан көп жасадық. Жасымыз ұлғайған шақта ержетіп келе жатқан ұл мен қыздың келешегін ойлап, ұйымның мақұлдауымен, жұбайым екеуміз де қызметімізді Шыңжаңға ауыстырып келдік. Ел-жұртқа, бауыр-туысқа бір табан жақын, барыс-келісіміз жиі, құдайға шүкіршілік.
– Кезінде Қытайда болған атышулы ‹‹Мәдениет төңкерісінде›› қазақтың марқасқаларын күреске алынғанын жақсы білеміз. Сіз де бұл солақай саясаттың құрығынан құтыла алмаған шығарсыз?
– Өтірік айту қажетсіз. Мәдениет төңкерісінде көп күреске алынбадым. Десе де, қаңқу сөзден құры емеспін. Шыңжаң университетінің кадрлар басқармасынан оңай аусып кетуіме де осындай себеп бар секілді. 1966 жылы «мәдениет төңкерісі» басталғанда Шапчал ауданында социалистік тәрбиеде ауыл-қыстақта болатынмын. «Социалистік тәрбие жүргізуге салауаты жоқ, қайтарып әкеліп күреске алу қажет» дейтін Дазыбаулар (үлкен харіпті қабырға газеттер) жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптады... Шыңжаң университетінен, қатысты мекемелерден адам жіберіп тексеріп көріп, пәлендей бірдеме таба алмаған соң кері шақыртып әкелмепті.
Жағдай біраз оңалып, алды-алдына бөлініп кеткен топтар бірігіп, жұмыс арнаға түсе бастаған жылдары бір үйлі жан екіге, үшке бөлініп 7 жыл жүргеннен кейін 1973 жылы жазда жұбайым Бағдат қызмет бабымен Шыңжаң оқу-ағарту баспасы мекемесіне ауысып келді. Үй ішіміз бірігіп, басымыз қайтадан құралып, көңіл орнына түскен соң, жолдастармен бірге баспасөздің кітап шығару жұмысын табандап істедім. Қазақ бөлімнің қызметін басқарғанда көбінше ханзушадан тәржімалап қана кітап шығаратын жайтке тамамша бұрылыс жасап, қазақ қаламгерлері жазған ғылми, көлемді әдеби кітаптардің шыға бастауына мұрындық болдым.
– Сіз аудармашы ғана емес, ақын-жазушы да екенсіз. Әдебиетке поэзиямен келдіңіз бе, әлде прозамен бе? Тырнақ алды шығармаңыз есіңіздеме?
– Өмірімнің көбі аудармамен өтсе де, әйтеу әдебиеттен алыстап кете алмадым. Алғашқы өлеңдерім 1962 жылы ‹‹Ауыл жырлары›› деген атпен ‹‹Шыңжаң әдебиеті» (қазіргі «Шұғыла») журналында жарияланды. Жоғары мектеп бітіріп, ауылға барған кезім. туыс-туғандар қоғадай жапырылып, астыға ат беріп, қасыма жолдас болып еріп, үлкенге сәлем беріп, алыс-жақындағы жегжат-жұратқа амандасып жүрдік. ‹‹Ойымның тұғыры да, аспаны да,
жанымның жайлауы да, асқары да,
өзіңсің, сендегенде кеудемдегі,
кетеді жырдың селі ақтарыла›› («Туған жер»)
«Ән көтеріп жүр құрбым,
аға, жеңге, қарындас.
Менде білек түріндім,
орақта екен қалың жас›› («Егінжайда»)
‹‹Қана ішіп қоймалжың сар қымызын,
елік атып, аюдың шалдық ізін.
Айлы түнде бедеумен жылқы иіріп,
әнге қостық күзетте малшы қызын›› («Таспа жайлауында»).
Осындай көңіл күй лирикалары туған-ды.
«Жастықта көңіл шіркін қайда аумаған» делінетін қалық өлеңіндей, жастықта бірен-саран әңгіме, очерктер жазып көрсем де, өзімнің бұл жақта талантымның таяздығын сезініп, көркем әдебиетте көбінше аудармаға бой ұрып кеттім.
– Қандай шығармаларыңыз баспадан шықты, қандай еңбектеріңіз марапатқа ие болды?
– Өз туындым көп емес. 1982 жылы ‹‹Балқұрақ››, 1993 жылы ‹‹Иірімде›› деген екі шағын өлең жинағым жарияланды. 1982 жылы марқұм шешемді еске алып жазған ‹‹Аяулы ана›› атты өчерігіме қосып жарияланған өлең ән мәтіні болатын, соған Иманәлі деген жас сазгер ‹‹Аяулы ана›› деген ән жазды. Сол «Аяулы ана» әні ‹‹Іле әуені›› атты ән фестивалінде бірінші жүлдені жеңіп алды. Халыққа әсері күшті болды, ел арасына кең тарады. Бұл ән түрколог ғалым Алтай Аманжоловтың дәнекерлігінде Қазақстанның асқақ дауысты әншісі Нұрғали Нүсіпжановтің орындауында шырқалды.
Бұдан басқа «Көркем әдебиет аудармасы туралы ізденіс» деген мақалам ханзу тіліне аударылып, 2002 жылы Дүниежүзі мәдениет-көркемөнер зерттеу қоғамы жағынан «Үздік туынды» болып бағаланса, 2003 жылы мамырда «Қытай басқару ғылымын зерттеу институты мен кәсіпкерлер қоғамы» жағынан 2-дәрежелі сыйлық еншілеп «Жұңхуа үздік мақалалар» жинағына, «Қытай қарттарының абройлы өмірі» жинағына енді. «Шипагерлік баянға байырқалағанда» атты мақалам 2003 жылы «Шипагерлік баян қанбайтын бұлақ» топтамасына, осы мақаламның ханзуша аудармасы 2003 жылы «ХХІ ғасырдағы Қытай энциклопедиялық мамандардың назариялық жаңалық қамбасы» атты көлемді жинаққа енді. «Үйренудің жолы» атты мақалам 1980 жылы Іле қазақ автономиялы облысы жағынан 1-дәрежелі сыйлыққа, ал ‹‹Әлемдегі ғажайыптар›› деген аударма кітабым 1987 жылы Қытай география ғылыми қоғамы жағынан мемлекеттік сыйлық алды.
– Сіз және ғылыми жұмыстармен де айналысып жүр екенсіз, қандай ғылми еңбектеріңіз бар?
– Ғылыми салада шынымды айтсам, пәлендей үлкен жұмыс тындырғам жоқ. «Орхон-Енисейден түрки жазуы табылды, оның сырын ашқан кілт Қытай жазуы болған» екен дейтін ғылыми еңбектерді оқығаннан кейін Таң патшалығының патшасы Таң Шуанзоң, сірә, недеп жазды екен дейтін қызықты ой туып, көп іздестірдім. Ақыры 1998 жылы көне тарихи кітаптан хан тіліндегі нұсқасын тауып, ежелгі жазуды ханзу тарихшысының көмегімен ежіктеп, мағыналап оқып жүріп, «Орхон-Енисейдегі түрки руникалық жазуының сырын ашқан кілт» деген зерттеу мақала жаздым. Бұл мақалам Үрімжіде шығатын ‹‹Мұра›› журналында жарияланды. Сондағы патшаның мәңгілік тасқа қашатқан сөзі:
«Далалық ел көшелі, диңлиңдердің мекені.
Ата-бабаң ежелден, қас батырлар жетелі.
Ел басқардың айдынды, көршіге даңқың жайылды.
Тұтынған жолды тура ұстап, Таңға болдың қайырымды.
Ажал қақпан құрулы, қысқа қиды ғұмырыңды.
Тас ескерткіш таудағы, мәңгі етер ерлік жырыңды» деген мадақ жыры болып шықты.
– Сіз көркем әдеби аудармамен көп айналысыпсыз, кімдерді қазақша сөйлеттіңіз? Көркем әдеби аудармаларды тапсырысымен аудардыңыз ба, әлде өз қалауыңызбен аударып жүрсіз бе?
– Қытайдың әйгілі жазушылары Ба Жинның «Ызғарлы түн», Жаң Яңның «Екінші кездесу» романы мен «Ян Уынжіңнің баллалар ертегілерін» және шетелдік жазушылардың «Женни бөйжеткен», «Гүл таққан келіншек» (бұл екеуі ықшамдалған нұсқа), «Алтын тонау» және Тай уан жазушысы Сан Маудың ‹‹Мылқау құлын›› романдарын аудардым. Жоғарыда аталған көлемді туындылардың бәрі де тапсырыспен аударылған болатын. Ал өз таңдауым бойынша шетелдік, қытайлық жазушылардан аударған «Он жас шегеру», «Әкемнің қолы», «Мылқау қыз», «Қайтарда», «Жарты бет қағаз», «Жасқаншақ» т.б. ондаған әңгімелер мен поэстер түрлі басылымдарда жарияланды. Сонымен бірге Орталық музика зерттеу орнымен селбесіп «Шыңжаң қазақ әндерін» (екі жүз ән) ханзу тіліне тәржімалап, қалың ханзу оқырмандарымен дидарласуына ат салыстым.
– Нобель сыйлығын иегері Орхан Памуктің ‹‹Менің атым қырмызы›› романын жеңгеміз Бағдат Тұрсынбекқызы екеуіңіз хан тілінен аударыпсыздар. Орханның Нобель сыйлығын алуындағы басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Нобель сыйлығын берудегі құзырлы орган Шветция әдебиет институтының хабарында, «2006 жылғы әдебиет сыйлығын Түркия жазушысы Орхан Помуке атамекенінің шерлі рухы жөнінде ізденіп жүргенінде, өркениет арасындағы қақтығыс пен араласудың жаңа нышанын байқағандығы үшін берілді» делінген.
Орханның «Менің атым қырмызыда» суретші мен сурет өнері үзілмес арқау болады. Жас кезінде өзі де суретші болуға қызыққан екен. Ол «барлық көркемөнер шығармалары түрліше мәдениеттің арласуынан жарыққа шығады» деп есептейді. «Осы романды жазуға көбінесе исламияттық еркін өрісті сурет себеп болды, өзім көрген сан-санақсыз еркін өрісті суреттегі мән-жайды романыма сіңірдім. Сүйіспеншілік пен соғысқа жасырынған исламдық хикаялар елдің бәріне таныс, десе де, батыс мәдениетіне бой ұрған қазіргі жағдайда оларды еске сақтайтындар тым аз. Романымда осы ұмытыла бастаған хикаияттар мен көздің жауын алатын қисапсыз тамаша суреттерге тағзым етуді ойладым» дейді ол және бір сөзінде.
Автор осы романды жазуда 6 жыл дайындалыпты. Ол: «түркиялықтар тамаша сақтаушылар, үкіметтің бұрынғы құжаттары мен көркемөнер шығармалары толық сақталған. Сол ескі үйінділерді айналсоқтап, қызықты көп істерге жолықтым» дегенді де айтады. Меніңше, түрік халқы Орхан Памуктей жазушы туғанын мақтаныш етуі тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әлімжан ӘШІМҰЛЫ,
Алматы – Үрімжі – Алматы.
qamshy.kz
Пікір қалдыру