Тіркелмеген партия

/uploads/thumbnail/20170708150657528_small.jpg

Бүгінде қазақ қоғамында билік пен оппазициядан бөлек үшінші күш пайда болуы мүмкін немесе ұлттық партия керек деген пікір айтылып жүр. Біздіңше осы міндетті  қазір қазақ баспасөзі атқарып келеді. Бұл сөзімізге ұлттық мүддеге келгенде жұмылып жұдырық болатын газеттердің бүгінгі келбеті куә.  Сөз басындағы ойға дәлел ретінде бүгінгі қазақтілді басылымдардың  бағыт-бағдары мен оларды басқарып отырған  бас редакторлары жөнінде аз кем әңгіме қозғап,  Ахмет айтқан (газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі) анықтамаға қаншалықты сәйкес келіп жүргеніне шолу жасап көрген едік.

«Егемен Қазақстан» елдің «бас газеті» деген салмақты аты бар, жауапкершілігі мол басылым. Біраз жұрт Дулат Исабеков ағамыз осы газетке қаратып айтқан «Аш та жап» деген қағидағаны ұстанады. Дегенмен «жарап» тұрған тұстары да көп.  Басылым мемлекеттің ресми ұстанымын жеткізумен, анда-санда шығатын Президенттің, басқа да лауазымды тұлғалардың  сұхбаттарымен құнды. Ғылым-білімдегі асқар тауға айналған көптеген ғалымдардың тарихи тұлғаларға қатысты портреттерін, ұлттық мүддеге бағытталған салмақты дүниелерін алдымен осы бас газеттен тауып жатамыз. Бүгінгі Қазақстанның келбетін қалыптастыруға, ақпараттық қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндігіне сай қызмет жасады. Тек кейде жоғары да аталған артықшылықтарды ресмилік сипаттағы есепке құрылған мақалалар басып кететін тұсы болмаса. Газеттің тізгінін ұстап отырған Сауытбек Әбдірахманов қазақ баспасөзінде, әдебиетінде үлесі бар адам, бүгінгі өмір сүріп жатқан саяси жүйенің бас идиологтарының қатарында. Жалпы «Егеменнің» егемендіктен кейінгі еңбегіне қазіргі билік «қарыздар».

«Жас Алаш» –  әу бастан халықтың сөзін сөйлей алған басылым  болды. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов басқарған кезінде ұлттың жоғын түгендеуге айрықша үлес қосты, тілшіліктің үлкен мектебі де қалыптасты.  «Лениншіл жасты» «Жас алашқа» ауыстырған Уәлихан Қалижанның, онан кейінгі Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбектердің кезінде де Шерағаңдар салған сүрлеуден айныған жоқ. Қашан да халықтың жанынан табыла білді. Бүгінде күйіп тұрған мәселелерде ең алдымен дабыл көтереді. Қалғып кеткендерді селк еткізетін, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың қырағы қадағалаушысы. Ұлттық мәселелерді қаузайтын тақырыптарға айқара беті ашық тұруымен құнды. Соңғы жылдары «Жас Алаш»  газеті түбегейлі «оппозицияның» меншігіне өтті. Біздер «Жас Алаштың» маңында жүрген азаматтардың мақсатын ревалюция жасап, тыныштықты бүлдіру деп түсініп, газет бетінде қазіргі өмір сүріп жатқан жүйенің кемшіліктерін өте орынды сынап, сәлиқалы ойлар айтылған материалдардың байыбына бармайтын сәттеріміз бар. «Жас Алаштың» Қазіргі бас редакторы Рысбек Сарсенбай журналистикадағы тарихы бертінде басталса да, ұлттың сөзін сөйлеп келе жатқан басылымның арқанын босатқан жоқ. Тек кейде, «қатты бір жақты» дегенге саятын пікірлерді құлағымыз шалады.  Бұл пікір «Жас Алаштың» беделін соншалықты құлдыратты деуге де оқырманды сендіру қиын.

«Жас қазақ» – «бас жарып, көз шығаратын» мәселелерге, «тұмсығы бұзылатын» жаққа жұдырық сілтемесе де, қоғамның келеңсіздіктерін іреп салатын кездері бар. Басылымның бастамасын Талғат Ешен сәтті бастады, ел-жұртқа керекті тақырыптарды қаузап, оқырман көкірегіндегі ойды дөп баса білді. Экономика саласының қыр-сырын терең меңгерген Гүлзат Нұрмолдақызы, менің пікірімше, «Жас қазақтың» жарты оқырманын ұстап тұр. Әлеуметтің жағдайды сөз еткенде оқиға орынында, мәселені қаз-қалпында  жеткізулегі артықшылығын көп газеттер ескермей жүр, спорт саласындағы сараптамаларды оқығанда айызың қанады. Белгілі саланы жазуға бейімделген сақа журналистер үзілмейтінін де атап өткеніміз жөн.

«Айқын» – болымысы мүлдем бөлек газет. Бүгінгі редакторлардың ішінде «бас редактор» деген атағын тарихқа қалдыратын екі адам болса, бірі – Нұртөре Жүсіп. Қазақы өңді, жүзі жылы азаматтың жүрген жерінен білімі көрініп тұрады. Жалпы кез келген адам өзіне қажет көп нәрсені «Айқыннан» тауып алады, ақпарат десе ақпарат, сараптама десе сараптама, әсіресе, «Айқын Апатада» Төреғали Тәшен, Жолдасбек Дуанабай, Қайыржан Төрежан, Ерлан Жүніс бастаған азаматтардың жазғандарын басқа жақтан табу қиын. «Ақ сөйледе» сұқбаттастар ағынан жарылып сөйлеуіне мүмкіндік берілетіні қуантады.    Әдебиет, руханият, саясат, әлеумет, өнер, спорт, т.б. жалпы, кез-келген тақырып осы газеттің бетінде толық ашылады. Нұртөре ағамыздың баяғыдағы «Жас Алаштағы» арынын іздейтіндер де жоқ емес. Бас радектордың қашанда, мақсаты айқындалған гезеттің түпкі ұстанымына сай әрекет жасайтынын ескерген жөн болар бұл жағын.

«Алаш айнасы» – елдегі  басбармақ көрсетіп, мақтауға тұрарлық басылымдардың бірі. Аз уақыт ішінде өз оқырманын тауып үлгерді. Аптасына бес рет шыққандықтан ақпараттық сипаты басым болғанымен, ойланып-толғанып, сараптама жасап үлгеретін аптасына бір рет жарық көретін біраз газеттің алдын орайды. Серік Жанболат – журналистикадағы ой-көкпарды бейресми патенттеген азамат. Оның көрегендігі сол – газет шығарарда керек кадрларды таңдай білді. Тілшілері кілең «сен тұр, мен атайындар». Соларды жиды, сонысымен ұтты. Бұл газетте басқа газеттерде жоқ біраз идеялар бар. Бүгінде көптеген гезеттерде  әлеуметтік мәселенің майын тамызатын «кәсібін өзгерткіш» Арман Әубәкір, саясатты дұрыс сараптай білетін Сәкен Көкеновтердың орыны бос тұр.

«Дат». Бұл газетті жолы болған саяси жоба десек артық айтқандық емес шығар. Екі тілде 65 мың қазақстандыққа тарайтын басылымды «өтімсіз» дейін десең сәрсенбі шығады,  жұмада дүңгіршектерде таусылып үлгереді. Қ.Жұмәділов, С.Сыматаев, Д.Исабеков, Б.Атабаев, С.Тұрғынбек сияқты марғасқалардың, Д.Көшім, А.Сарым, Н.Ерімбетов, Р.Жұмалы, Д.Сәтпаев сынды сарапшылар түспейтін газетті оқымау мүмкін емес. Дегенмен, «Даттықтардың» билікке келгенде «атарға оғы жоқ» ширыққандарын жақтыра бермейтіндер бар, бірақ, оларға қарсы «ақтап алатын» оқырмандары да жетерлік. «Дат» Қазақстанда «жолы болмаған» саясаткерлер мен бизнесмендердің «ұлы мұратына» жұмыс жасайды екен деген де сыбыс бар.  Анығын кім біліпті? Ал редакторы Ермұрат Бапи – өзінің сөздік қорындағы жиі қолданатын сөзімен  айтсақ «жынды» жорналшы, жазғаны Аягөздегі Аман ағасының «айта салатыны» сияқты.

Газет пен бас редактор туралы сөз қозғағанда айналып өтуге болмайтын бір адам бар, ол – Жүсіпбек Қорғасбек. Бұл кіснің жаңа шыққан газеттердің «жұлдызына» айналған «Халық сөзіне» қатысы бар» дегенді естиміз ұзынқұлақтан. Әдебиетші ретінде орыны бөлек ағамыз, журналистикаға белсенді араласып, уақыт өлтіргісі келмей жүр ме деген ой да жоқ емес, «Мәдениет» телеарнасындағы әдебиет туралы хабарын «Халық Сөзінде» жариялауы әдеби сын деген үлкен арнаға «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да көмегім болсын деген ізгі ниеті шығар деп түсіндік!  Жүсіпбек – идея жағынан талай әріптестерін шаң қаптырады, Қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқи білетін ағамыз бүгінде бірнеше балалар басылымының басын қосқан «Жас өркен» ЖШС-ның директоры. Шындғы керек «Жас өркеннің» шаңырағындағы біраз басылым енді ғана желкенін жайып, бүгінгі оқырманның талабымен санаса бастады. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.

«Түркістан» – сараптамаға келгенде қамшы салдырмайтын газеттің бірі. Саясат, көші-қон, әлеумет, руханият саласындағы мақалаларымен көп есте қалады.  1997 жылдан бері тізгінін ұстаған Шәмшидин Паттеев «жақсы жаздыра алатын» редактор.

Осы газеттермен бірге қазақтілді баспасөздің кеңістігін кеңейткен, «Абай», «Маса» нитернет сайттарының ерен еңбегін де айрықша атауға болады. Бүгінде бұл екі басылым ұлттық мәселелердің ашық пікір алаңына айналды, ақпараттық әлемді ұдайы қадағалап отыратын азаматтар осы порталдар арқылы қоғамның тамырын ұстап отыр.

Қазақ журналистикасының бір кем тұсы обьективтілік сақталмайды. Не асыра мақтап жібереді немесе жер етіп жамандайды. Ал қазіргі оқырманға керегі екі тарапты да сөйлеткен сауатты, сараптамалық материалдар.

Құмар ЖҰМАХАНҰЛЫ

Сурет: zonakz.net

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар