Жоғарғы билік қазақстандықтардың табысына шүйлікті. Енді екі мәрте есеп бересіңдер дейді. Жекелеген адамдарға (қазақстандықтарға) еңбек табысы туралы есеп беруді міндеттейтін заң жобасын бүгін парламенттің төменгі палатасында бірінші оқылымда-ақ, мақұлдап тастады. Бұл туралы «Қамшгы» порталы LS – қаржы журналына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазақстандықтарға еңбек табысы туралы есеп беруді міндеттеу екі кезеңнен тұрады. Бұл туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәжілістің пленарлы отырысында мәлімдеген.
Министрдің сөзіне сенсек, міндетті есеп берудің алғашқы кезеңі 2017 жылы жүргізіледі. Яғни, бұл кезеңде министрлік міндеттеп берген белгілі бір топ қазақстандықтар есеп береді. Оларға антикоррупциялық заңнамаларға сәйкес, бұл санатқа депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, соттар, ұшқыштар, кәсіпорын басшылары, белгілі бір топты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ұйымдар, әкімшілік ұйымдар, ұлттық компаниялар, шағын және орта кәсіпорындар жатады.
Сұлтановтың сөзін тыңдасақ, 2020 жылы қазақстандықтардың қалған бөлігі толық есеп беретін болады. Үш жылдық аралықта бірінші кезеңді қорытындылау, шаралар қолдану, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізу және аталмыш процедураны толықтыру тетіктері қарастылатын болады.
Министрлік міндеттеп берген есеп беру қалай жүргізіледі?
Декларацияның алғашқы кезеңінде тек кіріс есептері туралы сөз қозғалады. Аталмыш құжатта жеке тұлға жинақталған есеп-шоттары, дүние-мүлкі, шетелдегі дүние мүліктері т.б. тізіп беруі тиіс. Бірінші санаттағы қазақстандықтарға декларация тек бір мәрте жүргізіледі. Ал, екінші декларацияда банктерден бөлек, міндетті түрде өзге қазақстандықтардағы қарыздарыңды көрсетуің керек. Екінші декларация қағазы бір жылда бір рет келіп тұрады. Ол бойынша әр бір қазақстандықтың бір жылғы табысын есептейді-мыс.
Айтпақшы, алғашқы санаттағы есеп берушілер екінші кезеңде өз меншігіндегі дүние-мүліктерді не мақсатта жұмсағаны туралы да есеп беретін болады. Иә, ендігі жерде затты не үшін және қай жерде сатып алғаныңызға дейін мемлекетке есеп бересіз. Министр мырзаның өзі солай деп айтты. Сондай-ақ, міндетті түрде медициналық сақтандыру жасауыңыз керек. Министрлік оны да тексеретінін ескертті. Ол жаңа салық реформасының бір функциясына қосылмақ. Тіпті, банктерден берілетін сый-ақыңызға дейін мемлекетке есеп бересіздер. Бұл үшін мемлекет сізден рұқсат сұрамайды да.
Түйін: Бұл «есеп беру» кімдерге тиімді, кімдерге тиімсіз? Рас, Қазақстан өркениетке қосылу үшін әрбір қадамын ойланып басуға міндетті. Бұрынғыдай мемлекеттік аппаратты реформалай берудің тиімсіздігін, сот жүйесіндегі жүйесіздіктер мен есеп беру деген мәселеде енжарлық таныту деген атымен болмайды.
Елбасының ел құлағын елең еткізген «100 нақты қадам» атты ресми құжаты аталған мәселелерді майшаммен қарап, түп-тамырымен қопаруды көздейді-ау деп үміттенген көзімізді күйік шалғандай күйге түістік. Айтпақшы, «100 нақты қадам» шыққан кезде «есеп беретін мемлекеттік қалыптастыру» деген мәселе қаузалғаны жасырын емес. Десе де, қарапайым қазақстандықтар мұны ірілі – ұсақты шенеуніктерге қарата айтылған дүние екен деп ұғынса керек. Сөйтсек, жоғарғы билік әр бір қазақстандықтың қалтасындағы соқыр тиынға шүйлікті. Халық мұны түсіне алмай дал болды. Теңгенің басынан бағы тая бастағанда билік халықтың қалтасына көз салғаны қайткені? «Есеп бер» дегені елді келекелегені ме, әлде? Тіпті, қазақстандықтарды алалағандай екі санатқа бөліп, байлар мен кедейлерді екіге бөлгені қалай? Рас, Қазақстанда әлеуметтік статусына қарай адамдар санатқа бөлінеді. Иә, Сұлтанов мырза, бірінші санаттағы қазақстандықтар мен қарапайым халықтың әлеуметтік тұрмысы жер мен көктей. Сұрағаныңыздың жауабын да сол бірінші санттан іздегеніңіз жөн болар. Ал онсыз да қымбатшылық пен жоқшылықтан абдыраған халықтың қалтасындағы соқыр тиынды санайтындай не күн туды бастарыңызға?
Түйін 2: Сіздер бір жағадасыздар, халық бір жағада қалған. Біздің сіздерге өтуге еш мүмкіндігіміз жоқ (қалтылдақ болсын қайық жоқ). Ал сіздер біздің жаққа қарай емін-еркін өте аласыздар. Бірақ, өткілеріңіз жоқ.
- Әуелі девальвация жасау арқылы халықты қаржылық қиындықтың тепкісіне салып бердіңіздер.
- Коммуналдық төлемдерді қымбаттату да сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі.
- Жылу тарифтері де қымбаттады.
- Азық-түлік бағалары 40 пайызға аспандап шыға келді.
- Жанармай да олардан қалыссын ба?
- Ең сорақысы мектептегі балалардың тегін тамағын тартып алдыңыздар. Ал, өздеріңіз «фуа-гра» жеп, көздеріңіздің майын тамызып тұрып, қайтсек халыққа қамқорлық көрсетеміз деп ойландыңыздар. Енді бір ұсыныс, Ғаббас Қабышұлы айтқандай-ақ, емшектегі сәбиге ана сүтін ему үшін салық төлеуді заңдастырсаңыздар жақсы болар еді. Әйтпегенде, олар да қазақстандық қой. Ешбір салық төлемей сүт еміп жатқанына қалай шыдауға болады?
Иә, бұл өте салмақты мәселе. Халық әрқашан дайын. Оның төзімі шіркін, керемет қой. Келіңіздер, қабылдаған екенсіздер, халықтың қанша табыс тауып, күнелтіп жүргенін өз көздеріңізбен көріңіздер.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру