Алматы ма, Алма-Ата ма?
Оңтүстік астанамыздың аты туралы "Алматы ма, Алма-Ата ма?" деген талас-тартыс оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Қаланың қазіргі аты "Алматы"-ны қолдайтындар да, Кеңес одағы кезіндегі орысша атауы "Алма-Ата"-ны қолдайтындар да бар. Тіпті, кейбіреулер оған "Алмалы" немесе "Алмалық" деген сияқты атауларды қолдану туралы ойларын айтады.
Бұл тақырыптағы дау белгілі ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Алматының атауына қатысты пікір білдіруіне байланысты тағы өршігендей болды. Ақын "Вечерний Алматы" газетіне берген сұхбатында "Алматы" атауын Кеңес одағы кезіндегі "Алма-Ата" атауына қайта өзгертуді қолдайды. Оның пікірінше, қаланың Кеңес одағы кезіндегі атауы "қонақжайлылық пен туризмнің символы болған". Шығармаларын орыс тілінде жазатын ақын "Алматы" атауы шетелдіктерге айту қиын деп сенеді.
Сүлейменовтің бұл пікірі әлеуметтік желілерде қызу талқы тудырды.
Осыған байланысты "Алматы ма, Алма-Ата ма?" деген тақырып төңірегінде қаланың бұл аттарының қай кездерде қолданылғаны туралы қысқаша ақпарат ұсынамыз:
Тарихи деректер бойынша, қаланың орыс тіліндегі атауы 1921 жылы "Верный"-дан "Алма-Ата" деп өзгертіліп, 1993 жылға дейін қолданыста болған. Ал, қаланың "Алматы" атауы қазақ тілінде 1921 жылдан бұрын да, кейін де қолданылып отырған. 1993 жылдан кейін екі тілде де "Алматы"-ға өзгертілді.
Бір қызығы, Олжас Сүлейменовтың сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір жазғандардың ішінде тарихи мұрағаттардағы қала атауының қай кезде баспасөзде қалай қолданылғаны туралы суреттерді жариялағандар да болды. Мысалы, Абай Мырза есімді Facebook әлеуметтік желісін қолданушы 1921 жылдан бұрынғы қаланың орыс тіліндегі атауы "Верный" делінсе де, қазақтілді баспасөзде 1891 жылы және 1915 жылы "Алматы" деп жазылған мұрағаттарды жариялады. Нұржан Жетпісбай есімді әлеуметтік желі қолданушы да қала атауы туралы тарихи деректерді жариялады. Пкір жазушылардың кейбірі қаланың аты "Алмалы" немесе "Алмалық" болғанын құптайтындарын білдірді. Сонымен қатар, тағы біраз пікір жазушылар Оңтүстік Астанамыздың "Алматы" деген аты орта ғасырларда да солай аталғанын айтады.
Ал, кейбір деректерге сүйенсек, ескі замандарда осы жерде, яғни керуен жолы — Жібек жолында Алматы сауда мекені орналасқан. 1854 жылы ескі қала қалдықтарынан Алматы (Верный) қаласы пайда болды. Географ Петр Семенов-Тянь-Шаньскийдің Алматы атауы туралы жазбасында да "Өзім Көксуға бара жатқан жолымда 11 тамызда (1886 жыл) мен Іле арқылы жүріп отырып, тамыздың аяғында Іледен арғы өлкеге, Верный бекінісіне немесе жергілікті тұрғындар айтатындай Алматы қаласына жеттім" деп жазған.
Алматы теңіз деңгейінен 650-1200 метр биіктіктегі Іле Алатауының солтүстік бөктерінде орналасқан. Қала—Еуразия континентінің орталығы. Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында. Алматының баурайларын Іле Алатауының ұлттық паркі алып жатыр. Онда көптеген табиғи қорықтар бар.
Ал, қаланың көне тарихына келсек, б.з.д. 10-9 ғасырларда қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды.
Б.з.д. 7 ғасырда сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстардың орындары қалған; олардың арасында ерекшеленетін «сақ патшаларының» қорғандары. Солардың ішіндегі ең танымалы — Есік қорғаны, онда «Алтын адам», Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасы, жетісулық «көркемдік қоласы» — шамдар, құрбандық шалатын орын, қазан сияқты көне дәуір жәдігерлері табылған. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердің орталығы болған.
Ал, 10-14 ғасырларда «Үлкен Алматы» аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысына қатысты. Алматы сауда, қолөнер және ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Бұған дәлел — осы жерде табылған 13 ғасырдың 2 күміс дирхемі. Бұл дирхемде алғаш рет қаланың аты аталады.
Деректер бойынша, Алматының 2,5 мың жылдық тарихы бар екені айтылады. Қала тұрған жерді ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен. Іле Алатауының етегінде Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид ад-Диннің еңбектерінде кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалык,, Алмату қалалары туралы жазады. Мухаммед Хайдар Дулати және Шараф ад-Дин Йезди өз шығармаларында Алматуды атап кеткен. Археологиялық зерттеулер қазіргі Алматының орнында ертеректе сақтар, кейінірек үйсін, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір кешкен елді мекендер мен қалашықтар, Алмалық пен Алмату қалалары (екеуі екі басқа қала) болғандығын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251-59 жылы француз королі Людвигтің елшісі және Қытай саяхатшысы Чжан Дэ өз көздерімен көргендіктерін жазған. Алмату қаласының аты жазылған күміс ақшалар, сақтардың 25 барыс бейнесімен безендірілген "Жетісу құрбандық табағы", ғажайып "Қарғалы тәтісі" бұл жердің мыңдаған жылдық тарихы бар өркениетті өлкенің орталығы болғандығын көрсетеді.
Пікір қалдыру