"Қазақ екенімді 10 жылдан бері дәлелдей алмай жүрмін". Ауғанстандық қазақ көмек сұрады

/image/2021/09/06/crop-15_30_498x885_559561359cd73fd54.jpg

Ауғанстан азаматы Хамид Тадаш өзінің қазақ екенін 10 жылдан бері Қазақстан елшілігіне дәлелдей алмай келеді. Ол бұл туралы Ақ Жайық басылымына берген сұхбатында айтып берді.

Хамит Тадаш өзінің айтуынша, кіші жүздің таз руынан.

– Анам 20 ғасырдың басында отаршылдық саясат күшейіп, қазақтар қысымға ұшырап, тоз-тоз болғанын айтатын. Біз тұрған таздар ауылында барлығы бас сауғалап шетелге қоныс аударыпты. Сол кезде атамның әкесі Ташмет Қырғызстанға өтіп кеткен. Ол қайтыс болғаннан кейін атамыз Шермет жетім қалып, Ауғанстанға өткен. Мен Ауғанстанның Құндыз деген жерінде дүниеге келгенмін, – дейді Хамит. 

Хамиттің өзімен жасты екі бауыры Иранға көшіп кеткен. Ал Хамиттің өзі 2002 жылы Кабул университетіне оқуға түсіп, түрік тілі мен әдебиеті пәні мамындығын оқып, кейін Анкарадағы Gazi университетінде түрік тілі пәні бойынша білім алған.  2012 жылдан бері Ауғанстандағы Кабул университетінің шетел тілдері факультетінде түрік тілінен дәріс береді.

– 2010 жылы Анкарада жүрген кезімде елшілікке барып Қазақстанға қайтқым келеді дегенімде олар Ауғанстандағы елшілікке баруым керектігін айтты. Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі ол жақта қазақ екенімді дәлелдейтін туыстарым болуы керектігін мәлемдеді. Мүмкін Қазақстандағы таздардың шежіре кітабында атамның есімі кездесіп қалатын шығар, – деп үміттенеді ауған қазағы.

Анасынан ұлтының қазақ екенін жиі естіп тұратын Хамит қазақша кітаптар оқып, қазақ тілін үйрене бастаған. Тіпті ұлдарына қазақша есім берген.

– Әкем ерте қайтыс болды. Мұнда шешем, жолдасым және 5 баламмен тұрамыз. Ұлдарыма қазақша есім бердім: Білге хан, Санжар, Атабек. Екі жыл бұрын білімімді кеңейту мақсатында Қазақстанға аспирантураға тапсырғым келді. Бірақ ол жақта оқу ақысы қымбат. Содан кейін Бішкектегі Манас қырғыз-түрік университетіне тапсырып, "түркі тілдері теориясы" мамандығы бойынша онлайн оқып жатырмын, – деді Хамит.

Ауғанстандық қазақ Тахар облысында "Қазақ" деп аталатын ауыл бар екендігін атап өтті.

– Қазақ ауылында тұратын бірнеше қазақ бауырларды танимын. Олардың көбі Ауғанстанға ертеректе көшіп келген. Кейбірі ашаршылық жылдарында көшіп келгендердің ұрпағы. Бірақ олар қазақша білмейді. Үйрететін мұғалім жоқ, – дейді ол.

Хамид қазір Ауғанстандағы жағдайдың қиын екеніін айта келе тәліптерден ешқандай жақсылық күтпейтінін жасырмады.

– Бұл жақты қазір түгел тәліптер басып алды. Бұрынғыдай үкімет жоқ. Халықтың жағдайы нашар. Қаланың есіктері жабық болған соң сырттан ешқандай азық-түлік келмейді. Банктер де жабық. Мен жұмыс істейтін Кабул университетін де жауып тастады. Тәліптерден жақсылық күтіп отырған ешкім жоқ, халық үрей мен қорқыныш үстінде отыр. Атамекенге көшкім келеді, – деді ауғанстандық қазақ.

Қазақстанға көшу үшін Хамит әуелі туыстарын тауып, елшілікке өзінің қазақ екенін дәлелдеуі қажет. Ол кіші жүзге жататын, Байұлының таз руынан тарағанын ғана біледі. Әкесінің есімі –  Шарафуддин, атасы – Шермет, арғы атасының есмі – Ташмет.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар