Президент Марченкоға екінші мүкіндік бере ме?
Жақында қазақстандық БАҚ-та Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кетпек деген сыбыс тарады. Бұл туралы «Қамшы» порталы nur.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Аталмыш ақпарат көзінің хабарлауынша, Қайрат Нематұлы жақын арада Ұлттық банк төрағалығынан босатылмақ. Қазір аппараттағылар Мемлекет басшысының Нью-Йорктен оралуын күтуде екен. Әрине, соңғы шешімді Президент қабылдайтын болады.
Дегенмен ресми органдағылар Келімбетовтің отставкаға кетуі туралы ақпарттың түспегенін алға тартқан.
Келімбетовтің отставкаға кетуіне себептер жеткілікті болса да...
Қазақстандықтардың есінде Келімбетов мырза «ең өтірікші басшы» ретінде сақталатыны айтпаса да түсінікті. Қарапайым халық та, шетелдік экономистер мен саясаткерлер де ендігі жерде Келімбетовке сенуден қалған. Қазақстан тарихында ол өзінің не істеп жүргенін білмейтін экономист ретінде қалатыны да сөзсіз. Сонымен қатар, саналы түрде халықты алдап соқты. Бұлай деп бажайлауымызға бас банкирдің өзі себепкер. 2014 жылдың қарашасындағы девальвация орын алмас бұрын, әккі банкир бүкіл халықты «ешқандай теңге құнсыздануы болмайды» деп сендіргені есімізде. Кейін, «мен еш нәрседен хабарсызбан» деп шықты. Дәл осындай картина биыл да қайталанды. Бұл жолғы теңгенің қүнсыздануы мен доллар бағасының күрт шарықтауы – бірінші кезекте қарапайым халықтың қалтасына салмақ салғаны белгілі. Әсіресе, ипотекаға және несиеге тұрғын үйлер мен мүлік алғандар 50 пайыздық үстеме ақы төлеуге тиісті мәжбүрлі болды. Теңгенің түбіне жеткен, гаронтикалық жүйенің демогог басшылары (премьер Мәсімовтен бастап..) бір емес, бірнеше мәрте халықты алдап соққан алаяқтар жазасыз қалмауы тиіс еді. Мәселе ұлттық валютаның девальвациясында ғана емес. Еліміздің басты банкі бағыттаушы болуы тиіс қаржы саясатын жүйесіз жүргізу мәселесі де бар.
Келімбетов кетсе, орнына кім лайық?
Айта кетейік, осының алдында экс-премьер-министр Ә.Қажыгелдин мырза «Президент Ұлттық банк тізгінін О.Жандосовқа тапсыру тиіс» деп мәлімдеген болатын.
Рас, Қазақстанда орын алған теңге девальвациясы әдеттегідей кезекті экономикалық қателіктердің және бейрационалды шешімдердің бірі болды. Халық пен билік арасындағы сенім жоғала бастады. Тіпті, қалмаған да болар... Ал Қажыгелдиннің пікірінше, Жандосовты аталмыш қызметке тағайындау арқылы халықаралық қаржы институттарының сенімін қайтаруға және шетелдік инвесторлардың жұмыстарына сенімділік әкелуге, сонымен қатар, халықтың Ұлттық банкке деген көзқарасын түзеуге жол ашуы мүмкін.
«Ақсақал билік» үшін кім тиімді. Марченко ма, әлде Жәмішев пе?
Бейресми дереккөздерге сүйенер болсақ, Келімбетовтің кетуінен кейін Ұлттық банкті Жәмішев немесе Марченко басқаруы мүмкін.
Ал сараптап көрейік. Болат Жәмішев істі жақсы біледі. Элиталық команда ойыншысы. Ұлттық банктің төраға орынбасары, қаржылық бақылау басшысы, қаржы министрі, аймақтық даму министрлігінің басшысы қызметтерін атқарып, бүгінде Қазақстанның Даму банкін басшылық етеді. Қаржы, экономика саласында тәжірбиелі. Алайда Президенттің Ұлттық банк төрағалығына Жәмішті тағайындауына сәйкестік коэфиценті төмендеу. Себебі, Марченко бар ғой.
Ал Григорий Марченкоға келетін болсақ, ол кей жылдары, тіпті Ұлттық банкті басқарған. Мінезі бар.
Ең бастысы - өткен аптада Үкімет басшысы Мәсімов мырза Марченконы Алматыда қабылдаған. Екеуінің не туралы сөйлескені туралы нақты ақпараттар таралмағанымен, қазақстандық ақпарат көздеріне сүйенсек, Марченконың болашақ қызметі туралы әңгімелердің болуы ғажап емес.
Оның үстіне, біздегі қалыптасқан жүйе бойынша, кез келген шешім, заңнамалық құжаттар – Мәсімов мырза мақұлдамаса құны көк тиын екені түсінікті. Біздегі орныққан саяси «ойыншықтардың» бұған еті үйреніп қалғаны жасырын емес. Мәсімовтің мысы ма, Президенттің пәрмені ме? Әйтеуір, Келімбетов кететін күн алыс емес. Енді Ұлттық банкті кімдерге сеніп тапсырамыз? Жаңа келетін төраға – қаржылық қиындықтан құтқарып, теңгені тығырықтан шығара ала ма? Тұрақсызданған нарықты – қалыпқа келтіру үшін қанша уақыт керек?
Текелер тіресі басталды...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру