Қарағанды облысында жас кәсіпкер Азамат Чалгызбаев суреті бедерлі шыныдан жасалған ою-өрнекті қыш тақтайша жасаудың өз технологиясын ойлап тапты. Бұл туралы "Қамшы" порталы Би нюс-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Азаматтың өзі әңгімелегендей, әзірге оның тақталары елімізде өндірілетін жалғыз өнім. Интерьер шеберлері өз жұмысында Италиядан әкелінетін қымбат импорттық тақтаға тәуелді, оның бағасы 14 пен 45 мың теңге маңайында. Ал Азамат өз өнімін 3500-12000 теңгеге бағалауда.
«Декоративті шыны өндіру технологиясы мынадай, арнайы қоспа белгілі бір температурада шынымен қоса қыздырылып, монолит пайда болады, осы ретте белгілі температура деңгейінен асырмаған жөн, себебі шыны шытынап кетуі мүмкін», - дейді Азамат.
Оның айтуынша, дайын өнімді кез келген интерьерде пайдалануға болады.
«Бұл технологияның ерекшелігі неде: өнімнің түстік гаммасы, бізде оның саны – 28. Оларды ұтымды үйлестіре отырып, қажетті фактураға қол жеткізуге болады. Мәселен, Қазақстанда аз-кем өндірілетін мәрмәр, ағаш фактуралары. Оның бәрі бізде негізінен Ресейден әкелінеді, ал қымбаттары Италия мен Испаниядан», - деп ескерді А.Чалгызбаев.
Осынау бірегей технологияның авторы Азамат қажетті нәтижеге ішкі сезіміне құлақ түре отырып жеткенін айтады.
«Идеяның өзіне сынап көру және қателесу әдісі арқылы келдім. Өзім техникалық зертхананың жетекшісі болып жұмыс істедім. Осы зертханада талдау жасап, сынап көріп, қыздырып, пісіріп, құрамын өзгертіп, ақыры осындай нәтижеге қол жеткіздім. Біріншіден, ол мықты әрі ұзақ қызмет атқарады, екіншіден, сыз бен ылғал өткізбейді. Бұл тақтаны іргеге де, еденге де, тіпті, ғимараттың сыртын қаптауға да пайдалануға келеді», - деп түсіндірді маман.
Таяуда қазақстандық кәсіпкер елордалық шыны өндірушілермен кездесіп, бірегей технология көңілдерінен шыққан олар Азаматты Астанаға жұмыс істеуге шақырыпты.
Алайда Азамат «Даму» қорының «Startup «Bolashak» стартап-жобалар байқауына қатысып, 3 пен 7 млн теңге арасында грант жеңіп алсам дейді. Сондай-ақ өз идеясын құрылыс саласындағы инвесторларға да таныстырсам деген ойы бар. Болашақта өз өндіріс ошағын ашуға да ниетті.
«Егер бәрі ойдағыдай өтсе, жұмысқа 6-12 адам алам ба деп отырмын. Логистика жағын да ойластыру керек. Дегенмен, аса үлкен қиындық туындамайды деп ойлаймын, себебі біздің Приозерск тасжолдардың қиылысында сәтті орналасқан. Қазір, ең бастысы, бедерлі сәндік шыны тақталардың біздің елімізде де әрі арзан бағаға өндірілетін әлдеқайда көп адам білсе екен, естісе екен деймін», - деп ойын түйіндеді Азамат есімді жас кәсіпкер.
Пікір қалдыру