Алматының барахолкасы тағы да даудың ортасында

/uploads/thumbnail/20170708195551097_small.jpg

Алматының атышулы барахолкасынан тағы да шу шықты. Біраздан бері үнсіз жатқан базар саудагерлері бүгін таңертең айқайға басты. Артынан сабырға келіп, Алматының жаңа әкімін өздеріне қонаққа шақырды. Бұл туралы «Қамшы» порталы  nur.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Ал Тұрғындардың сауда жасамай, базар мен үйлерінің арасында сандалып жүргеніне бір айдай уақыт болыпты. Оған себеп – полиция өздерін қарауылдауды күшейткен көрінеді.

Тіпті “Құлагердің” қасында арнайы жасақ сарбаздары отырған автобус күні-түні тұратын әдет тапқан. Ал кейбірі өздерін, өткен жылы жиі өртенген базарлардың бұрынғы саудагерлеріміз деп таныстырған, наразы топ, “ең болмаса, қыс түскенше қалған тауарларын сатып алуға” рұқсат сұрап отыр.

“Асхана салып алған. Мына жер болмайды, бәріміз несие алғанбыз. Неге мыналарға болады, болатын нәрсе барлық жерде болады”, – дейді саудагер.

Кейбірі,  басқаларға берілген мүмкіндік – неге өздеріне берілмейтіндігіне ашулы.

“Қалалықтың бәрі қойған, айналып келгенде, осы барахолканы қоймайды. Он балам бар, кім бағады оны”, – дейді саудагер Алтын Жоламанова.

“Әнеу күні осы жерде құладым. 180-мен құладым. Өліп кеткенде, ешкімнің ештеңекесі кетпейді. Денсаулығым да жоқ. Әкімге айтар сәлемім, жақсылап айт. 80 адам жылап-еңіреп отыр деп. Бізге жолдан бермей-ақ қойсын, өзіміздің кішкентай жерімізді берсін деп”, – дейді саудагер Аягөз Иманова.

Саудагерлер, өздерінің жабайы сауда өкілдері екенін жасырмайды. Бірақ бұл күйге өткен жылдардағы өрттердің кесірінен түстік дейді. Айтуларынша, қаланың бұрынғы басшылығы, “Ұлыгер” базарын жауып жатқан тұста, өздерін өзге базарларға орналастырамыз деп уәде берген көрінеді.

Алайда, айтылған сөз – айтылған жерінде қалған. Енді, саудагерлер жаңа әкімнің қайырымынан дәмелі, тіпті жағдайларын көруге қала әкімі өзі келіп кеткенін қалайды.

“Әкім, сіз “Нұр Отаннан” келіп отырсыз. Халықтың жағдайын ойлаңызшы, келіңізші біздің базарға. Он минутыңызды қиып”, – дейді саудагер Гүлбаршын Мамырова.

Бірақ базар орналасқан Алатау ауданының басшылығы болса, ешқандай жабайы саудаға жол жоқтығын шегелеп айтты.

“Бұл кісілер осы жерде көп сауда жасады. Бұл кісілерге орын бердік. Қазір 30-40 адам. Бұрын 400-500 адам болған. Солардың бәрі орын алды. Міне, орын бар”, – дейді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Жаңабай Күлбаев.

Бір кездері өртенген тауарларының қалдығын әлі күнге саудалай алмай жүрміз деген саудагерлер, бүгінгі айтылған талаптарымыз орындалмаса, жол жауып, ереуілге шығамыз дейді.

Және наразылық шарасына шығар рұқсатты қала әкімінің өзінен алмақ.

 

 «Қамшы» сілтейді

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар