Қазақ үшін Ұлы жеңіс-Орбұлақ шайқасы болуға тиіс

/uploads/thumbnail/20170708195559918_small.JPG

Біздің жеріміздің асты мен үстіне көз алартпайтын дұшпан жоқ. Бұрын да солай болған, қазір де қазаққа деген пендауи көре алмаушылық бір сәтке де бәсеңсіген жоқ. Бірақ дұшпаннан қорғану тәсілі мен қақтығыстың сипаты бұл күнде өзгерген. Бәлкім бүгінгі қақтығыстарда әлсіз түсіп жатқан тұсымыз көп шығар. Мүмкін қайнауда жүріп шынайы деректерді байқамайтын да болармыз. Бір анық- бұрынғы балаларымыздың әскери әдіс-тәсілдері мықты болған. Ең алдымен,  Ұлы далада атты әскердің пайда болуы  дүниені біраз уақыт дүрліктіргені сөзсіз. Өз заманында атты сарбаз ең озық әскери мүмкіндік болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту барысында даланың шу асауын қолға үйреткен көшпелілердің  атқа қонуының астарына үңілуіміз керек. Ат демекші, осы жануарды көрсе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Сондықтан,  кешегі аспан астындағы «Орбұлақ» шайқасының қойылымы ат көргенде алыпыс екі тамыры тулап шығатын қазақ баласының есінде талайға дейін жүретін болды. Қойылымының  алғы сөзін Алматы облысының  әкімі Амандық Баталов  ашты.

 Аттың құлағында ойнайтын жігіттерді ауыздықпен алысқан асаулардың үстіне қондырып,  Ұлы жеңіс жолындағы шайқасты көрсетуге  ұйымдастырушылар әбден-ақ  дайындалған. Бұл қойылымда түтін шығару, сахналық атыс секілді киноның элеметтері де, көрерменді өзіне елітіп отыратын шоу да бар. Жаһанданудың әсерінен мүлгіп бара жатқан рухты түрткілеп, жаныңды  тітіркендіріп, өне бойыңнан бір  діріл жүргізіп өтуге құдіреті жеткен қойылымға жоғары баға беруге болады. Біздің бабамыз батыр болған дегенді әр қазақ көсіліп тұрып айтып, шешіліп  тұрып мақтанғысы келеді-ақ. Бірақ тарихи оқиға желсіне келгенде абдырып тұрып қалатындарымыз бар. Қазақ батыр болған, олардың  50 мың жоңғарға   мыңға да жетпейтін, нақтырақ айтсақ 600 ғана әскермен қарсы тұрған кездері болған деп дәйек келтіріп отырғанға не жетсін?  Иа, нақ Орбұлақ шайқасында өр қазақ 600 адаммен соншалықты әскерге қарсы тұрды. Адамдық логикаға салсаң, ақылға сыймайтын дүние! Сонда қалай? Ең алдымен ол кезде қазақ бейбіт жатқан ел болатын. Жау біздің жерді басып кірген. Ал бұл жердің түйір  тасы мен тамшы суының сыры өз иесіне ғана мәлім. Сондықтан қай жерден оқпана қазу керек, қай тұста жасырын әскер ұстау керек- оның барлығын әскери әдісте ескеру қажет  болады. Осылайша  Салқам Жәңгір әйгілі жеңіспен қазақ тарихында бүгінге дейін ел құрметіне бөленген тұлға ретінде аталынады. Әлбетте Орбұлақ жеңісі дегенде  20 мың қолды бастап, жау тізесін дірілдеткен Жалаңтөс батырдың көмегі ойға түседі. Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Төртқара Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Арғын Қомпай, Суан Елтінді сынды хас батырлардың да бұл жеңіске өзіндік үлестері бар деп көрсетіледі тарихи деректерде...

 Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқарма басшысы Рустам Алпысбаев өз сөзінде: «Қазақ хандығының  550 жылыдығы туралы Елбасының жарғысынан кейін-ақ, іле –шала «Орбұлақ»  шайқасына қатысты қойылымның бағдарламасын облыстық әкімдікке ұсынған болатынбыз. Бағдарлама мақұлданып, өздеріңіз тамашалған аспан астындағы қойылым жүзеге асты. Бұл жобаның бюджеті-50 млн. теңге болды. Жобаға дайындалу барысында тарихшылармен, қаламгерлермен кеңестік. Тек қана адам емес, мұнда аттар да қатысатын болғандықтан дайындық өте қызу жүрді.  Бұл тәжірибеден кейін, жастарымыздың рухани тұрғыда бай, жігерлі, өз Отанын сүйетін азамат болып қалыптасуына арналған осындай ұлттық идеологиялық жобаларды  ұйымдастыруға толық мүмкіндігіміз жететінін байқадық»,-деп айтып өтті.

Қойылымның тағы бір ұтқыр тұсы- жауды улы түтінге ұрындыру әдісін сахналау болды. «Сасықтеке» түтіні деп аталатын әскери амалды сахналау барысында аспан асты сахнасында түрлі-түсті түтін пайда болды.  Көрермендерге «Сасықтеке» әскери амалының мәнсі түсіндірілді. Улы өсімдіктердің исін жұтқан адамдар мен жануарлардың басы айналып, ұйқы-тұйқы күй кештін болған екен. Кейбір шөптердің түтіні адамды өлтіруге дейін барады . Қазақ жасақтары улы шөптердің  лапылдап жанып кетпей, бықсып түтін шығарып тұруын қадағалайтын болыпты. 1643 жылы орын алған шайқаста қазақ жауынгерлері  жаудың 10 мың қолын жойып жіберген. Қойылым өтетін жердің декорациясы да тарихи тақырыпқа сай үйлестірлген. Меймандарға Қазақ хандығының құрылуы, Орбұлақ шайқасының картасы туралы ақпараттар қойылған. Еліміздегі ең үздік қолөнер шеберлерінің бұйымдары халық назарына ұсынылды. Жастар алтыбақан теуіп, жамбы атудан сайыс өтті.  

Бүркітшілер  де құс патшасын ел ішіне қонақтатып, текті қанаттының сұңғыла отырсыннан тағлым түюге мүмкіндік берді. Орбұлақ шайқасына барғанның қаны тулап, жігері жанылып,  екі дүниеде де қазақ болып  қалудан асқан бақыт  жоқ екеніне көзі жетіп қайтты.

Айнұр Төлеу

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар