«100 нақты қадам» – Мәңгілік Ел болу жолындағы ұмтылыс

/uploads/thumbnail/20170708195617599_small.jpg

Рзақұл Нұртаев, Қызылорда облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Рзақұл Сәденұлы, бүгінде ден­саулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы дайындалып жатқанын білесіз. Сізше, дәрілік қамтамасыз ету сала­сын жетілдіруден бөлек, бұл бағдарламаға тағы да қандай ба­ғыттар енгізілгені дұрыс? 
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруін межелеп берді. Бұл еліміздің денсаулық сақтау сапасы жоғары болуға тиіс дегенді де білдіреді. Сондықтан бұл мақсатқа жету үшін барлық күш-жігерді қысқа мерзімде жеке және халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне негізделген ден­саулық сақтаудың ұзақ мерзімді моделін құруымыз керек. Бұл модель әлемдегі және отандық экономиканың кез келген ауыс­палы кезеңдерінде қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, медициналық қызметтің қолже­тімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін болады. Аталған міндет­терді іске асыру үшін жаңа бағдар­ламаның өзара жүйелігіне көп­теген мәселелерді шешу қажет. Алдымен, денсаулықты басқа­рудың түбегейлі жаңа жүйесін қалыптастыру және дамыту ке­рек. Ол үшін алдымен Дү­ние­жүзілік Сауда ұйымының мына бір деректеріне назар ау­дарғым келеді. Ұйымның хабар­лауынша, бү­гінде дүниежүзі тұр­ғындары­ның 78 пайызы дені сау адамдар болса, 15 пайызы белсенді өмір сүру ке­зеңінде алдын алуға және қада­ғалауға болатын сырқат адам­дар екен. Ал 7 пайызы – емделуі қо­­мақ­ты қаржыны талап ететін нау­­қас адамдар. Сондықтан – біз­дің ал­дымыздағы мақсат – ауру қаупі бар адамдарды ғана емес, дені сау адамдардың да денсау­лығының алдын алу шараларын жасау. Ол үшін әрине, медици­налық-сани­тарлық алғашқы кө­мекті (МСАК) дамыту керек. Бү­гінгі таңда МСАК-қа кепілдік бе­ріл­ген тегін медициналық кө­мек шеңберінде бөлінген қара­жат­тың 24 пайызға жуығы жұмса­лады. Сонымен қатар санитарлық көмек көрсету тәртібі да қайта қаралады. Бұл ауруларды анықтап қана қоймай, қатерлерді де айқындау, тұрғын­дарды хабардар етіп отыру, бас­тапқы себептерді және ықтимал салдарын уақтылы жою дегенді де білдіреді. 
– Мәселелерді шешудің тағы қандай жолы бар? 
– Ауруларды басқару жүйесін жетілдіру немесе денсаулық сақ­тау қызметтерін интеграциялау жолымен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру керек.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарла­масында көзделген барлық іс-шараларға Дүниежүзілік банк нәтижелі деп баға беріп келеді. Енді алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шет мем­лекеттердің тәжірибесі бойынша өлім-жітім деңгейін төмендету, қазақстандықтардың өмір сүру жасының орташа ұзақтығын ұлғайту және медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейін қам­титын және байланыстыратын денсаулық сақтау ұйымының бағдарламалық моделін енгізу жоспарланып отыр. Аталған әрбір профилактика, оңалту, диспан­сер­лік қадағалау қызметтері, сон­дай-ақ медициналық және әлеуметтік қызметтерге емдеу іс-шараларының барлық түрлері көрсетілетін болады. Осыған байланысты медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлері өзара байланыстырылады. Күтім және әлеуметтік қамқорлық бойын­ша қызметтер науқастар­дың қажеттіліктеріне сәйкес біріктіріледі. 
Алда тұрған тағы бір міндет – денсаулық сақтау ресурстарын оңтайлы пайдалану. Әрине, бұл бірінші кезекте қаржы-қаражатқа байланысты шешіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Бұл ретте әлеумет денсаулығы үшін жауап­кершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлі­нетін болады. Бұл жүйе денсау­лықты сақтауға жұмсалатын қаржыны ұлғайтуға бағытталады. Заманауи медицина жаңа техно­логия дамыған сайын бізге ресурс қажет бола бастады. Сондықтан бұл қадам ең алдымен, медици­налық қызметтердің сапасын арт­тыруға бағытталады. 
– «Денсаулық-2020» бағдар­ламасында алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қаншалықты назар аударылады? 
– Әрине, медициналық-са­ни­тарлық көмек денсаулық сақтау, қаржылық, технологиялық, ада­ми ресурстардың жартысын, тіпті жартысынан көбін алады.
Өйткені ауруды асқындырып жібермеу үшін денсаулық кінарат­тарын алғашқы кезде-ақ шешу керек. Әрі бұл – біздің үлгіміздің тарихы мен дамуының өте қисын­ды, табиғи жолы. Әлемнің дамы­ған елдерінің барлығында осын­дай үрдіс қалыптасқан. 
Бұл бағдарламада мемлекет қана емес, адамның өзінің де ден­саулығы үшін жауапты екені баса айтылған. Демек, бұл бағдарла­маның екінші ең маңызды тезисі – денсаулық үшін ортақ жауап­кер­шілік. Егер денсаулық сақтау­дың отыз едәуір дамыған үлгісін алар болсақ, онда идеалға жетелер жолдағы негізгі факторлар – қар­жыландыру, сауатты басқару және денсаулық үшін ортақ жауап­кершілік болады. 
– Ортақ жауапкершілік дегенді қалай түсінеміз? 
– Ортақ жауапкершілік деген – дәрігерлер мен науқастың ауырт­­палықтарын бірге бөлісуі. Біз күн сайын ондаған жап-жас азамат­тардың көлік апатынан мерт бо­лып жатқанының куәсі болып жүр­міз. Өз денсаулығына салғырт қараудың нәтижелерін көрудеміз. Темекі шегу, ішімдік ішу дегендер үйреншікті нәрсеге айналды. Біздің халық медици­налық кө­мек­тің кепілдендірілген көлемін алып жатыр, алайда өз денсаулығы үшін жауап беру ке­рек деп ойла­майды. Егер де адам­дар осы жауап­кершілікті мойнына алып, мемлекет пен денсаулық сақтау жүйесімен бірге бөліскен жағ­дайда, біз бүгінгі үлгінің тиімді­лігін үш-төрт есе арттыра алар едік. 
– Қалай ойлайсыз, басқа ел­дер­дегідей міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің тиім­ділігі бар ма?
– Жаңа технологияларды ен­гізу – бүгінгі күннің басты талабы. Әлемде науқастарды басқару бойынша әзірленген көптеген технологиялар бар. Емдеудің ха­лықаралық хаттамалары, қабыл­данған диагностикалау стандарт­тары бар. Бұл – сала ішінде де, ұлттық деңгейде де арнайы талқы­лауды қажет ететін мәселе. Жұмыс беруші де, мемлекет пен жұмыс­шының өзі де денсаулық үшін осы жауапкершілікті бөлісулері керек. Біз медицина мен көмек көр­сететін адамдардың еңбегіне ақы төленуі тиіс екенін түсінуіміз қажет. Сақтандыру мақсатты түрде іске асатын нәрсе емес. Бұл – тек денсаулық сақтау саласының саясатын жүзеге асыру құралы ғана. Сақтандыру ең алдымен, денсаулық үшін ортақ жауапкер­шілікті дамытуға және енгізуге бағытталған. Ал бірлесіп төлеу қосымша фактор болуы мүмкін. Міндетті медициналық сақтан­дыру жүйесі бағдарламалардың барлығын нығайтуға, олардың бәрін аймақтар арасында түзетуге, бірыңғай төлеуші жүйесін көп арнаулы жүйеге бейімдеуге мүм­кіндік береді. Медициналық сақ­тан­дыру жүйесін басқару үшін тиісті технологиялық, ақпараттық жүйе қалыптастыратын және ен­гізетін болады. 
– Бағдарламаны қалай жүзеге асырған дұрыс болады? 
– Жалпы, бағдарлама екі саты арқылы жүзеге асырылады. Бірін­шісінде, 2016-2017 жылдары жаңа тетік, технологияларды енгізу, ресурстардың тиімділігін қамта­масыз ету үшін нормативтік-құ­қықтық база дайындау көзделген. Екіншісінде 018-2020 жылдары денсаулық сақтау жүйесін жо­ғарыда айтылған басымдықтарға назар қоя отырып, жаңғырту жү­зеге асырылады. Жаңа бағдарлама бұған дейін іске асырылған мем­лекеттік бағдарламалардың логи­ка­лық жалғасы әрі еліміздегі ден­саулық сақтаудың халықаралық саясатының дамуымен толық сәйкестікке қарай келе жатыр. Бағ­дарламаның тағы бір ерек­шелігі шынайылыққа, тиімділікке және сәттілікке кепілдік береді.
– Елбасының «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспары – Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа та­рихи жағдайларда Ұлттың да­мыған мемлекеттердің отыздығына кіру. Біз дамыған елдердің қата­рына кіру үшін не істеуіміз керек? 
– «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары «Кәсіби мемлекеттік ап­парат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрия­лан­дыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қа­лыптастыру» секілді бөлім­дерден тұрады. Ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қа­дамы айқындалған. Бұл қадам­дардың бәрі де елімізде «Қазақ­стан – 2050» стратегиясын жүзеге асыруға, Қазақстанның мемле­кет­тілігін нығайтуға, жолдан адас­пауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қор дер едім.
Жоспардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» де­лінген бағдарламалық құжат­тың 1-қадамы – мемлекеттік қыз­метке қабылдау рәсімдерін жаң­ғыртуға арналған. Онда мемле­кеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. 2-қадамда «Тө­менгі лауазымдарға кандидаттар­ды реттеу және одан әрі лауа­зымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда «Қазақстан Республи­касының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баян­далған. Ұлт жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадамдарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылдану­шылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру айтылады. Мем­лекеттік қызметкерлердің жала­қысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу және мемлекеттік қызметкерлер­дің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициент­терін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған.
Жемқорлыққа қарсы күрес те – Елбасы саясатының басым ба­ғыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті кү­шейту қадамында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау, Мемлекеттік қыз­мет туралы жаңа заң қабылдан­ғаннан кейін іс басындағы мемле­кеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу мәселелері сипатталған. Ұлт жоспарында сон­дай-ақ азаматтардың сот тө­релігіне қолжетімділігін жеңіл­дету үшін сот жүйесі инстанция­ларын оңтайландыру, судья лауа­зымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту міндеттері қойылған. Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқары­лып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, судьялардың жаңа эти­калық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт Жоспарының қада­мында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн.
– Рзақұл Сәденұлы, Елбасы­мыздың бес институттық ре­формада «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі әзірленді. Сізше, оның негізі қандай болуы мүмкін? 
– Елбасы Н.Назарбаев қо­ғамды әлем деңгейіндегі асқақ мақсатқа ұмтылуға шақырып келеді. «Қазақстан – 2050» стра­тегиясы, «Нұрлы жол» жаңа эко­номикалық саясаты, 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары, озық отыз елдің қатарына қосылу міндеті – мұның барлығы Мәң­гілік Ел болу жолындағы өзара сабақтас, жүйелі Қазақстанның мемлекет болып шығып, қоғам болып жетілу, ұлт болып есею жо­лында маңызды қадам жасау. Мемлекет пен қоғамға берері, келешекке әсері, жеке адамның өміріне жасайтын ық­палы тұр­ғысынан бұл тарихи қадам – қа­зіргі ұрпақтың тарихи миссиясы, оның келешек алдын­дағы жауап­кершілігі болуы керек.

Сұхбаттасқан
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар