Индустрияландыру дағдарыс кезеңінде де экономиканың өзегі болып қала бермек

/uploads/thumbnail/20170708195618193_small.jpg

Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына - бұл индустрия мен инновация» деген еді. Шындығында, әлем экономикасы дағдарған тұста индустрияландыру жолын табысты етіп, экономикалық инфрақұрылымдарды дамыту мейлінше маңызды қадам. Бұл туралы Қамшы порталы Қазақпартқа сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Бұған дейінгі бірінші бесжылдықта бірқатар жаңа нысандар қатарға қосылып, мыңдаған жұмыс орындарын ашуға септігін тигізген болатын. Бұндай маңызды міндет әлемдік дағдарыстың етек алған бүгінгі кезеңінде де өз жалғасын табатын болады.  Бұл ретте өткен жылдардың сындарлы кезеңінде ұлттық экономикада жинақталған тәжірибелерді пайдалану индустрияландыру қуатын еселей түсетіні сөзсіз.

Тұтастай алғанда Президенттің индустрияландыру бағдарламасы Қазақстанның алдағы басты мақсаты - әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 30 елінің қатарына енуі жолында маңызды тірек болып қала бермек. Айта кетерлігі, биылғы дағдарыс жылында индустрияландыру саясаты жаңа экономикалық бағыт атанған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасымен біріктіріле жалпылама қарастырылған болатын. Сонымен қатар, индустрияландыру аясында экономиканың алты басым бағыттары айқындалған, бұлар - мұнай өңдеу және металлургиялық кешен, азық-түлік және химия өнеркәсібі, өнеркәсіп құрылғылары мен құрылыс материалдарын шығару.

Осыған орай, күні кеше Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіпті қолдау мен өркендету бойынша ағымдағы жыл басынан бері атқарылған шаралар туралы жұмыстарын қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Айта кетерлігі, дағдарыс дүрбелең тудырған биылғы жылдың кәсіпорындар үшін күрделі кезеңді тудырғаны анық. Осыған орай, өткен жеті айда еліміздегі кәсіпорындарға мемлекет тарапынан белсенді түрде көмектер  көрсетіліп, қолдаулар жасалған. «Өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау жоспары өзінің тиімділігін көрсетті. Сыртқы факторлардың нашарлауы орын алып отырғандығына қарамастан, өңдеуші кәсіпорындардағы өнеркәсіптік өндірістің көлемі ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 0,5 пайызға өсті. Жоспар шеңберінде қолдау шараларымен 82 кәсіпорын қамтылды», - дейді Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялы даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов.

Сонымен қатар, әлемдік ахуалдың елімізге әсері ескеріле отырып, министрлік ағымдағы жылы қазақстандық өнеркәсіпті қолдау саясатын екі бағытқа шоғырландыру туралы шешім қабылдаған екен. Оның біріншісі - экономиканың күрт төмендеуіне және әлеуметтік тұрақсыздыққа жол бермеу мақсатындағы дағдарысқа қарсы шұғыл шараларды қамтиды. Осыған байланысты, министрлік жағдай құлдырауға соқтыра бастаса шапшаң әрекет ете түсу үшін өнеркәсіпті қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдап, штаб құрды. Екінші бағыт бойынша өнеркәсіптерді ортақ перспективалық дамудың жаңа драйверлеріне ауыстыру көзделеді. «Бұл ретте еңбек өнімділігі мен энергия тиімділігіне баса назар аударып, салып, жұмыс күшін барынша өнімді секторларға қайта бөле отырып, тиімсіз активтерден біртіндеп арылуға бейімделуге бағыт алынатын болады. Жалпы, дағдарыстың бір жақсы тұсы бұл құбылыс бізге әралуан тәсілдерді пайдаланып көруге, тиімсіз меншік иелерінің нысандарынан бас тартып, оларды бәсекелестік ортаға өткізуге, сондай-ақ, дағдарыстың өзінде тек сыртқы ғана емес, ішкі нарықтағы бәсекеге қабілетті жаңа нысандағы кәсіпкерлерді анықтауға мүмкіндіктер береді», - дейді Аманияз Ержанов.

Комитет басшысының келтірген мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда елімізде қабылданған меморандумдар шеңберінде 119 ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жалпы сомасы 356 млрд. теңгеге шарттар жасаған. Соның ішінде «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 5,3 млрд. теңгеге 197 меморандум, ал 2,8 млрд.теңгеге 22 шарт жасалыпты. Нәтижесінде қазақстандық өнеркәсіп орындарына бойынша біршама қан жүгіріп, өнім өндіру тұралап қалмаған. Керісінше, индустрияландыру саясатында айқындалған басымдық бойынша, әсіресе құрылыс саласында қарқын баршылық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде селитра, каустик, арматура өндіру жолға қойлған. Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» бағдарламасы есебінен цемент өндіру қамтамасыз етіліпті. Бұл бір жағынан отандық құрылыс саласын дамытуға дем бесек, екінші жағынан тұрғын үй құрылысы мен нарығына да жағымды әсер етуге жағдай туғызатыны сөзсіз. «Осы ретте айта кетерлігі, елімізде бүгінгі таңда жаппай ашылып жатқан цемент зауыттарының экономикамызға берер үлесін де жоққа шығаруға болмайды. Нарық өз тетігін өзі табады. Сол тұрғыдан алғанда біздің елде құрылыс саласы дами бастағалы бері, осыған қатысты қажетті өнімдер даярлайтын жерлер де көбею үстінде. Соның ішінде цемент зауыттары санының артуы ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз», - дейді Аманияз Ержанов.

 Айта кетерлік және бір жайт, индустрияландыру шарапатының арқасында республикадағы өнеркәсіп нысандары құлдыраудың қатты соққыларын алып, сұмдық салдарына ұрынудан да аман қалған. Бұған мысалдар да баршылық. «Жалпылама алғанда өңдеуші өнеркәсіптің құлдырауына жол бермеу факторларының бірі ретінде салалардағы құлдыраулардың орнын бірнеше рет толтыруға мүмкіндік берген индустрияландыру карталарындағы жобаларының ұтымдылығы сөзсіз. Егер индустрияландыру аясында бүгінгідей жаңа жобалар қолданысқа енгізілмегенде құлдырау деңгейі 4,5 пайыз емес, 7,3 пайызға дейін жететіні ықтимал еді. Мәселен, Павлодар облысында өңдеуші өнеркәсіптің 12,4 пайызға төмендеуі байқалған болса, бұл орайда Индустрияландыру картасына енген жобалар құлдыраудың орнын 2 есе толтыруға мүмкіндік берген екен. Ал Қостанай облысында өндіруші өнеркәсіптің 32 пайызына дейінгі өндіру үлесі «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ тиесілі. Сұраныстың төмендеуінен кәсіпорынның 30 пайыздан астамы зиян шеккен, алайда Индустрияландыру картасы жобаларының есебінен жалпы құлдыраудың 3 пайызын болдырмау мүмкін болған.

 Тоқтала кететін тағы бір жайт, биылғы дағдарысты жылдың басында еліміздегі Индустрияландыру картасында қамтылған 770 жобаның шамамен 200-ге жуығы қуаттық жүктемелері бойынша біршама қиындықтарға ұрынған екен. Тіпті, кейбір өнеркәсіп кәсіпорындары өз өндірісін уақытша тоқтатуға да мәжбүр болған. Сарапшылардың айтуынша, бұған ең бірінші кезекте ресей рублінің құнсыздануы мен ішкі нарықта сұраныстың төмендеуі себеп болған. Алайда, соған қарамастан соңғы бес ай ішінде дағдарыс салдарынан тұралап қалған 200 жобаның 135-інде тұрақтылық қалпына келтіріліпті. Бұл ретте теңгеге қатысты теңгерімділік саясатының да қазақстандық жобалардың бойына қан жүгірткенін айтпай кетуге болмайды.

 Ендеше, әлемдік экономиканың күрделі кезеңінде Елбасы айқындаған индустрияландыру саясаты өзінің өміршеңдігін тағы да дәлелдеп отыр. Күрделі ахуалдың сақталуына қарамастан Индустрияландыру картасы аясында жаңа жобалардың дүниеге келетіні бұған қосымша дәлел. Атап айтқанда, ағымдағы жылы шамамен 100-ге тарта кәсіпорынды іске қосу көзделеді, соның ішінде 20 жоба бірінші жартыжылдықтың еншісіне тиген болатын. Түйіндей айтқанда, жаһандық өзгерістер еліміз үшін қатер төндіріп қоймай, тың мүмкіндіктерге де жол ашады. Сондықтан да, маңызды міндеттің бірі - индустрияландыруды дамытып, инвестиция тартуды оңтайлы ету, бизнесті белсендіру. Бұл үшін Индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға алдағы үш жылда бюджеттен 112,7 млрд теңге бөлу жоспарланғаны да белгілі. Соның ішінде 2016 жылы бұл бағытқа 40,7 млрд теңге жұмсалатын болады. Бюджет қаражаты негізінен инвестициялар тартуға, арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымын салуға, техникалық реттеуді қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібінің алты басым бағыттарын қолдау қамтылмақ.

 Елбасы барша қазақстандықтарға арнаған бір сөзінде: «Тұрақты даму дегеніміз - бұл бізге жоғарыдан біреу салып берген бұдырсыз даңғыл жол деген сөз емес. Бұл ешкімнің де бізге сыйлығы емес. Әртүрлі кедергілер мен қиындықтар кездесіп отыруы заңдылық. Өмір солай. Өмір - күрес. Өмір - бәсеке. Әр адамға, әр елге, әр мемлекетке жеңіске жету үшін сол күрестерде жеңу қажет» деген болатын. Ендеше, елдігімізді сынай түскен әлемдік дағдарыс дауылына қарсы шаралар индустриялық саясатпен үйлесіп, «Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамыту арқылы көрініс тауып, ертеңгі даңғылдың салынуына сеп болса игі. 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар