Қыран болып сүйсем бе күн-бетіңді ?

/uploads/thumbnail/20170708195958399_small.JPG

                      Туған елім

 

Анық басып жүрсем де жұрт алдында,

Намысыңды туған ел,

жырта алдым ба?

Аманаты халқымның-бабаларым,

Бар сенім мен үмітім-ұрпағымда !

 

Туған елім,

Көрсеттің құрметіңді,

Өтей алар ма екенмін міндетімді?

Көңілімде көк байрақ желбіреуде,

Қыран болып сүйсем бе күн-бетіңді?!

 

Жаппар ием!

Ризамын,

бас ұрылды,

Алшысынан түсірдің асығымды.

Туған елім, анамдай аялаймын,

Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды!

 

Иә,сүйем,

сүйемін,

тағы сүйем,

Жүрмін әзір өмірдің ағысымен.

Қызғалдақтай құлпырар қыздарым бар,

Ұлым ертең сүйінер «барысымен».

 

Туған елім,

мәңгілік берік шынар,

Туған халқым өзіңе серік,сыңар.

Топырағың болсам ел,арманым жоқ,

Өзегінен тіршілік өніп шығар...                                   

                

 

 

 

 

 

 

 

                 Қағбаның титтей құстары

 

Қарсы алған демей бөтенсің,

Болдыңдар жанның құштары.

Көңілдің құсы ма екенсің,

Қағбаның титтей құстары.

 

Әр сәтін санап,құшатын,

Тоқтатсам,шіркін уақытты.

Меккеде еркін ұшатын,

Құстар ең неткен бақытты?!

 

Келгендер жақын, алыстан,

Сезеді Хақта күш барын.

Періштелермен жарысқан

Қанатты менің құстарым.

 

Тарихқа толы жазираң,

Жүрекке жылу жинадым.

Маған да Қағба әз ұям,

Қанатым менің-иманым.

 

Биіктен,міне, көрдіңдер,

Меккеге ел-жұрт жетуде.

Қай жақтан сендер келдіңдер

Қағбаны тауап етуге.

 

Нәпсіні рухым жеңгендей,

Мөлтілдеп жасым тамады.

Адамдар дағы сендердей,

Ұясын келіп табады!

 

Қарсы алған демей бөтенсің,

Болдыңдар жанның құштары.

Көңілдің құсы ма екенсің,

Қағбаның титтей құстары?!

 

                                   Хат

 

Сен жанымда болмасаң да,

біргеміз,

Бір жүргенде ажырамас іргеміз.

Саған алғаш сөз айтқандай толқимын,

хат арқылы сөйлескенде күнде біз.

 

Өшкенімді жандырғандай хаттарың,

Әр сөзіңді көңілімде жаттадым.

Жылағаннан артық екен күлгенім,

жоғалтқаннан көп болыпты тапқаным.

 

Сезімім бар тамшы болып таматын,

Сені күтіп таусылғандай тағатым.

Саған ұшып жетсем бе екен құс болып,

бірақ,әттең...

жоқ қой менің қанатым.

 

Бұл әлемге сенсіз қалай сиям мен,

Тіршілікте бақыттымын ұяммен.

Дәл жаныңда болмасам да тап қазір,

біз біргеміз көңіл құсы— қиялмен.

 

Хаттарыммен сағынышым жарысқан,

Ішім —алаң...

сыртым дүрдей арыстан.

Сүйген жүрек соғады екен сағаттай,

жан-жарыңды іздегенде алыстан!

 

 

              Мен көктемді сағындым

 

Мен көктемді сағындым,

көктем мені,

Жаным жылу аңсайды көптен бері.

Әр күндерім тағдырдың тартуындай,

әрбір мезгіл— өмірдің өткелдері.

 

Жол күткендей көңілім жүр елеңдеп,

Шуағымен көктемнің гүл егем көп.

Көктем маған келеді бүршік атып,

көктем маған көшеді бір өлең боп.

 

Өтіп жатыр ай жылжып, күн жаңарып,

Сағынышым мұңменен жүр жамалып.

Әрбір күннен көктемді іздеп жүрмін,

әр көктемнен күтемін бір жаңалық.

 

Сәнді екенін өмірдің сан ұқтырған,

Мен көктемді сағындым сауық құрған.

Күтудемін көктемді,

ал көктем ше?

Үйден шықпас арудай зарықтырған.

 

Қиялыммен басамын айға да адым,

Ғұмырымның әр сәтін аймаладым.

Көктем маған өлең боп көшкен кезде,

Бәлкім мен де көктемге айналамын!

 

 

 

 

 

Досым келді

 

Досым келді ауылдан,

бұл – жаңалық,

менің жаным қалада жүр қамалып.

Жаймашуақ күн сынды көктем келді,

айналасын жап-жарық нұрға малып!

 

Шіркін, дәурен!

Ауылдың тектілігі,

Балалықтың жалт етіп кетті күні.

Досым келді бал күндер белгісіндей,

ертіп алып жанына епті ініні.

 

Достың сөзі ақ бұлтпен теңескендей,

Сурет болып ауылым елестердей...

Ол сөйлесе жүрекке жыр қонақтап,

Алматыда ауылдың лебі ескендей.

 

Досым келді көңілді жадыратып,

Әкелгендей ауылдан жаныма құт.

Алыстағы ауылдан сәлем әкеп,

іздеп келер досыңның бары-бақыт.

 

Досым келді айтып сыр,

жаңалығын,

Ол – бөлшегі шын достық ғаламының.

Қимай-қимай досыма қол бұлғаймын,

Ұзап бара жатқандай балалығым...

 

                            Сағыныш

 

Әке, сені ажал ерте тауыпты-ау,

Сезем, ол жақ бұл дүниеден жарықтау.

Сен кеткенде мен түгілі, мүжіліп,

таулар дағы аласарып қалыпты-ау...

 

Көзімде — жас,

Жүрегімде  — сағыныш,

Сағынышты, құстар, көкке алып ұш.

Әке,сенсіз өткен ғұмыр, тіршілік

енді маған мағынасыз сабылыс.

 

Қайран арман көкке қанат жайған-ды,

Енді міне,

бір қазыққа байланды.

Сен кеткелі төңкеріліп дүние,

Көктем — күзге,

Жазым- қысқа айналды.

 

Әкем менің!

Айбынды едің,

асқар ең,

Бауырына алды сені басқа әлем.

Ұлдарыңды желбіретіп жалаудай,

қыздарыңа құшағыңды ашқан ең.

 

Жаның — көкте,

мекен етті аспанды,

Сені іздеген көңілдерден жас тамды.

Сағыныш пен өкініші астасқан,

әке,сенсіз күндер енді басталды!

 

       

 

 

Ауылдан қайтқанда

Қандай керім боз даланы бақылау,

Жан дүниең туған жерге жақын-ау...

Балалығым, балғын шағым, дәуренім,

Жусан, сенің иісіңде жатыр-ау!

 

Туған ауыл, қымбатсың деп айта алам,

Аңсап саған келгенімде жай табам.

Алтын ұям сенде қалды, Кезеңсу,

Қарлығаштай қайтып келем қайтадан.

 

Ойлар мені тереңіне батырар,

Көңіл құсы күніне мың қатынар.

Шилер дағы Шығыс жаққа бас иіп,

Жел де мені ауылыма шақырар.

 

Ауыл тұрса, туған жерден ел аумас,

Жырымды да сенде жазғам ең алғаш.

Саған деген сағынышты, ауылым,

Ешбір өлең дәл көрсетіп бере алмас!

 

 Саят Қамшыгер,  «Серпер»  сыйлығының  лауреаты

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар