Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының мерейтойлық 70-ші маусымының ашылуына қос бірдей премьераны көрермен назарына ұсынбақ. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды
14 қазан, сағат 16.30-да театрдың жетістіктері және алдағы 70 жылдық мерейтой қарсаңында атқарылатын жоспарлар жайында баспасөз-конференциясы өтеді. Конференцияға театр директоры – Сәбит Әбдіқалықов, көркемдік жетекші – Мұрат Ахманов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Бақыт Беделхан, театр артистері Роза Әшірбекова, Лидия Кәден, Еркін Әбдірешов, т.б. қатысады.
Биыл театр «АССИТЕЖ» дүниежүзілік ассоциациясының Қазақстандағы орталығы болып жарияланды. Әлемнің 83 мемлекеті қатысатын бұл ұйымға Қазақстанның өнер ошақтары 84-ші болып қабылданды.
Театрдың шығармашылық тобы жас буынмен толықты. Нақтырақ айтсақ, көрермендер «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танитын Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергеннің өнерін жаңа маусымдағы қойылымдардан тамашалай аласыздар.
14 қазан – 70-ші театр маусымының ашылуы.
12.00 – Балаларға арналған «Алтын мүйізді киік» ертегісінің премьерасы. Автор және режиссер Е.Әбдірешов
17.00 – Баспасөз конференциясы
18.30 – Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанының премьерасы.
«Алтын мүйізді киік» (Халық ертегілерінің ізімен, балаларға ертегі)
Авторы және режиссері – Е.Әбдірешов
Ертегідегі негізгі кейіпкер – Ертегінің өзі. Ғайыптан келген кейіпкер қазіргі балалардың қиялына еніп, оларды ертегілер әлеміне саяхат жасатады. Шым-шытырық оқиғалармен араластырып, барлық ертегінің түпкі айтар ойын бірге табуға шақырады. Ойнақы болса да ойға жетелей отырып, бала көңілін жақсы әсерге бөлейді. Ертегі өз патшалығының жарлығын жеткізу үшін әбден әуреге түседі.
Аяғында, барлық балаларды адамгершілік пен мейірімділікке, табиғат-ананы аялауға шақыратын жарлықты жеткізеді. Тәрбиелік мәні ерекше бұл ертегінің бүлдіршіндер мен балаларға берері мол, әсері зор.
«Райымбек! Райымбек!» (поэтикалық тарихи драма)
Авторы – М.Мақатаев, режиссері мен инсценировкасын жасаған – М.Ахманов
Еліміздің азаттығы жолында қан кешіп, кең байтақ жерімізді қорғаған батыр-баһадүрлеріміз аз емес. Қазақ елінде ұрпаққа тарихымыздан тағылым бере алатындай тұлғаларымыздың қатарында қасқайып тұрар батырларымыздың бірі – Райымбек. 13 жасынан атқа қонып, батырлық пен әулиелік қатар дарыған қасиетімен танылған батырдың, бозбала шағынан жігіт шағына дейінгі ерліктерін, ерекшеліктерін сүбелі суретпен күрделі шиеленістер арқылы айшықтайтын драма.
«Елім-айлаған» елдің зарын, «Ақтабан шұбырынды», «Зар-заманның» үні, «Ақтандақтардың» ізі, «Ашаршылық», ұлт үшін қасақана жасалған қырғындар, міне, осының бәрін өн бойына арқау еткен «Райымбек! Райымбек!» спектаклінің жүгі ауыр екенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
«Қамшы» сілтейді
Пікір қалдыру