Ауылда қалған балалық...
Тауларды кезіп шың-құзбен,
Табанды тасқа тілгізген.
Бозбала күнім есімде,
Боз тайға әкем мінгізген.
Таң қурай менен құлпынай,
Құлпырған кезең шіркін-ай.
Өреге тізген анамның,
Ірімшігі мен құртын-ай.
Өріске ерте малды айдап,
Ұйқың да шала қанбай қап.
Таңғы асқа келіп таңертең,
Таласа жеуші ек бал-қаймақ.
Кеудемді кернеп саз арман,
Шырқаған кезде ажарлы ән.
Көз тимесін деп ата-анам,
Салатын аулақ назардан.
Бақ қонған сол бір даламнан,
Әкетті шалғай сан арман.
Балалық күнгі бақытты,
Таппаспын енді ғаламнан.
Туған жер сенен нәр алып,
Самғаған биік сан алып.
Алыстап бүгін аңсатты,
Ауылда қалған балалық...
Тұнық сезім
Көздеріңнен күн күлген,
Бір қарап-ақ сыр білгем.
Сен туралы әуенге,
Тербетіліп тұрмын мен.
Ақ махаббат- ақ мамық,
Қалар мәңгі сақталып.
Адал жүрдім алдыңда,
Мен қайтейін ақталып.
Сертің қайда байласқан,
(Оған куә айлы аспан)
Сен ақтарған сырларың,
Жүрегіме жайғасқан.
Көңілімді күпті ғып,
Кірпігіме шықты іліп.
Жаныма мұң салсаң да,
Мендік сезім тұп-тұнық.
Жауынгер хат
(Ауған соғысынан жазылған)
Туған елге жүрмін-ау елеңдеп мен,
(Тағдырымды қайтейін терең кеткен.)
Қалдым тағы көз жазып бір досымнан,
Не береді білмеймін келер көктем?
Түсін мені аяулым,асыл құрбым,
Кейіпкері жарқ еткен жасын жырдың.
Алаңдаумен майданның даласында,
Қауып-қатер сәт сайын басып жүрмін.
Бітер емес сұм соғыс жұмбақталған,
Ағып жатыр жұлдыздар мұңлы аспаннан.
Жетер ме екен өзіңе жазған хатым,
Ақ параққа жүректен сырды ақтарған.
Қара тауда қардай оқ бораған күн,
Жат өлкеде жанымнан жараландым.
Күтсең мені аяулы асыл еркем,
Аман болсам көктемде оралармын...
ӘСЕМ ҚОҢЫР
Еңсемді көтерейін десем де бір,
Көп уықыт болып жүрдім бәсең көңіл.
Жігерлі шабыт берген сондағы күй,
Дина шешей шығарған «Әсем қоңыр».
Әдемі әуезімен еліктірді,
Елесі көз алдыма келіп тұрды.
Әуеннен жаратылып әсем-ару
Сөйтті де ғашық етті бөрікті ұлды.
Тыңдасам шабыт берген болдың маған,
Жыр-құс боп тұғырыма қондың ба аман?
Көзіме еміс-еміс көрінетін,
Муза ма едің алыстан қол бұлғаған.
8 қаңтар 2007 ж. Көлбай ауылы
***
Сен тұратын көшеге тұңғыш аттап,
Есіңде ме,барғаным гүл құшақтап.
МЕН келемін сол түнгі сырды сақтап,
СЕН жүрмісің мен берген жырды сақтап?
Қызғаныштан кетсін деп қызып қаным,
(Тентектердің қоюшы ең тізіп бәрін.)
Сенер болсаң мен бүгін сен түгілі,
Сол көшенің сағындым бұзықтарын.
Сырты шаттық болғанмен іші мұңды,
Жүрегім -саған алғаш ұсынылды.
Гитар(а)мен де ең алғаш ән шырқап ем,
Суреттеп гитарадай мүсініңді.
Қоштастық қимай сол бір шақтарменен,
"Пәк сезім" жоқ бүгін бақ тапқанменен.
Ұят болды-ау саған деп жазған жырлар,
Болған еді ол кезде жаттанды өлең...
ҰҚСАТА АЛМАЙ КЕЛЕМІН
(Абай атаға)
Алпыс екі тамырда қан айнала,
Ақындыққа ұмтылдық талай бала.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»
Деп айтып ең расында Абай баба.
Кей кездері тірліктен шаршағанда,
Жырыңды оқып елітем ән самалға.
Қара сөзің - қазақтың қазынасы,
Ақыл берген дәл мендей қанша адамға.
Үлес қосар өнерге, баталы елге,
Ақын болсам деп едім ата мен де.
Қара өлеңнің ұға алмай қасиетін,
Ұрпағың жүр еліктеп жат әуенге.
Жастар да көп адасқан сана бөлек,
Шыңғырығы шығыстың - «жаңа дерек».
Әр заманның Абайы бар деуші еді,
Біздерге де дәл сіздей дана керек.
Қанат қаққан өнердің бір құсымын,
Абай ата, жырыңның үлгісі- мың.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деп едіңіз,
Ұқсата алмай келемін жыр мүсінін...
***
Жасыдым рас, жасыдым рас
кей күндер,
Көңіліме адал қаяу түсіріп бей кімдер.
Сондықтан ба екен ақындар
нәзік жүректі,
Шуағын күннің сендердей
аңсар ей, гүлдер!
Жасыдым неге, жасыдым
неге таңдарда.
Жандарға кейіп қуыныш
құсы самғар ма?
Отырам кейде ұйқымен түнгі
алысып,
Балконнан қарап, сөнбеген
үміт шамдарға.
Ал, бірде тасып, келгендей
болам «тараптан»,
Шуағын шашып тұрған бір
сәтте қарап таң.
Өмірдің мынау сан
алуан құбылыстарын,
Жыр ету үшін ақын
қылдың ба Жаратқан?!
Сезім қайнап, қаймықпай жел өтінен,
Дауылды түн, сан қызбен кеңесіп ем.
Бозбала шақ, әліде қол бұлғайды,
Өткен күннің оралмас елесінен.
Аласы көп болса да бересінен,
Қайран күндер кетер ме ер есінен.
Толқын уақыт барады толқындатып,
Жастығымды ұзатып кемесімен.
Артта қалды алшақтап кейінгі өмір,
Сайран өтті, бүгінге дейін небір.
Ауыздықпен алысып, асау жастық,
Бас бермей жүр әлі де ойын көңіл...
ПОЭЗИЯ
Жүрекке жыр, кеудеме толтырып ән,
О, поэзия өзің деп толқыды жан.
Ғашық едім мен саған жан-тәніммен,
Азабыңды қаншама тарта білгем.
Қармағымды үмітпен тереңге атып,
Табамын ба деп жүрмін сенен бақыт.
Жазған болса ақын деп маңдайға Аллам,
Кешір менің кезімді әнге айналған.
Әуендерге аударсам назарымды,
Сен арқылы саз қылдым жазарымды.
Көңілге мұң, түскенде жанға қаяу,
Шер тарқаттым жыр жазып таңға таяу.
Бірге болдың үміттер ақталғанда,
Көкке төбем екі елі шақ қалғанда.
О, поэзия- гүлденген жасыл бағым,
Сен арқылы жетер ме ғасырға әнім...
***
Әкем барда жазылған өлең
Ай туған сәт.
Ай туыпты жұмада әке бүгін,
(Оған сәлем бермесем қателігім).
Ай көрдім, аман көрдім деп айтатын,
Бар емес пе қазақта мәтел-ұғым.
Ақ бұлттары аспанның шудалы екен,
Арасынан шалқақтау туған екен.
Тысқа шығып айға әке бата қылшы,
Алаңдамай сырттағы шуға бөтен.
Ақ қылыштай суырған қыннан лезде,
Өткір екен сәулесі ұрған көзге.
Саулық сұрап Тәңірден бет сыйпайық,
Қара аспанды бұлт баспайтұрғын кезде.
«Айдан аман ет Алла, жылдан есен,
Ел ертеңін жарқын ғып нұр бер әсем.
Жауын болып осы айда егін жайға,
Толсын балам осы жыл жырға көшең».
Әумин!
Қарғалдақ гүлдей аруым
Жанарым толған сезімнің ұшқынды өлеңі,
Еліттің сәулем көзіме түстің де мені.
Өзіңмен бір сәт сырласып өткенгі күндей,
Көктемгі гүлдей құшаққа қысқым келеді.
Сейілтіп мұңды шертіп ең жүректің қылын,
Көлеңке басқан көңілді нұр еттің күнім.
Жиырма бесімнен селт етпей келген едім ғой,
Жолығып саған неліктен дір еттім бүгін.
Кездескен сайын рухани қаламын байып,
Сырымды бүкпей тек саған саламын жайып.
Әріңді бермей сақтапсың сәніңді көркем,
Жүрсең де бүгін тағдырдан табаның тайып.
Еліктей еркем қырларға жүз барған ойнап,
(Жазбаппын өлең дәл сендей қызға арнап әйбәт)
Қара көз қалқам тауда өскен қарғалдақ сынды,
Ақ қарда солмай, құлпырған ызғарда жайнап.
Жанарым толған сезімнің ұшқынды өлеңі,
Мен қыран болсам сен едің құстың бөлегі.
Өзіңмен бір сәт сырласып өткенгі күндей,
Көктемгі түнде тағы бір құшқым келеді...
Бойжеткен
Мен сені көргенімде үйленген ем,
Сондықтан жақындауға именген ем.
Қол ұстасу керегін білгенменен,
Шалыс басу әдеттен жиренген ем.
Сенімен танысқанда бойдақ емен,
(Жүрмеймін баяғыдай тойлап ерен)
Құлпыңды ашам кел маған демесем де,
Сыр тыңдасам деген бір ойға келем.
Тағы бір жолыққанда жарым болған,
Мен үшін аянбайды ол барын қолдан.
Кешір мені кешіңе соғалмаймын,
Көшім кері бұрылмас жарым жолдан.
Түсін мені бойжеткен үйленген ем,
От сезімге болса да күйген денең.
Шалқып басып өмірде жүргенменен,
Қолтықтасып кеталман сүйгенменен...
***
Мен сені шынымен-ақ сүйіп едім,
Білмеймін бұдан әрі жалғаса мА?
Білерім достық үшін биік едің,
Алайда махаббатқа алмаса ма?
Болса да бұл ғашықтық тілге дерек,
Не пайда махаббатта мән болмаса?
Бір жүректің сүйгені кімге керек,
Сезіміңе дәнекер жан болмаса.
Сыр ашпадың демеймін неге мүлде,
Мен қайта көп сырыңды жинағамын.
(Мені мәңгі сүйіп өт) дегенің бе?
«Сүй жан сәулем»кітабын сыйлағаның.
Содан бері кіршіксіз сүйіп келем,
Нанбасаң жырларымнан төзімді көр.
Мен қазір сенен бетер биіктегем,
Күн секілді аспаннан көзім күлер...
Жангелді Немеребай
Пікір қалдыру