Кәкен Қамзин, жазушы: ТАСБОЛАТТЫҢ АҚШАЛЫ

/uploads/thumbnail/20170708151152743_small.png

Сіз біздің ауылды білесіз бе? Жо-жо, білмейсіз. Жадыңыздың ұры қалтасын ақтарып әуре болмай-ақ қойыңыз. Бәрібір таба алмайсыз. Енді-енді тебіндеп келе жатқан мұртыңызды сылап-сипап, қулана қутыңдағандай, Қарлығаш үлбіреген қыз ныспысы да емес. Аппай, не десем екен, осы, ә? Шақшадай басыңызды шарадай қылмай, өзім-ақ айта салайын. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, манақтай мәпелеп жүргеніміз – өзіміздің ұядай ғана ауылымыз. Рас, біздің ауыл төңірегінде шалқып жатқан көк теңізің атымен жоқ, ірі шаһарлардағыдай халықаралық әуежайдан да ныспымыз, сосын оны күміс қанат алып лайнер қайдан менсінсін, Алматыдан ыңырана аттанған мамырлақ автобустар да бұл араға аялдамайды.

     Олай-бұлай десем де, құрақ көрпедей құралған картадан тарыдай енші тимеген ауылымызды біз жұрттың Рио-де-Жанейросына да айырбастамаймыз. Кішкене Ақшал айтпақшы, бүйрек екеу болғанмен, бұра  біреу, кіндік қан да оймақтай жерге тамады, асыл заттың бәрі – тақ. Білмейтіндер Кішкене Ақшалы кім деуі кәдік-ау. Жауабы дайын. Жаңағы Ақшал бәрі – дара дегенімен, кісі атына келгенде, біздің ауылдың шіркіндері қосарланып, үймелеп шыға келеді. Ауылсәбеттің табақтай тізімін ақтарып-төңкермей-ақ, өзіміз бес Кәрімді, екі Мұқанды, екі Сәметті, үш Жанақты, екі Құдайбергенді, үш Мұратты қиналмай-ақ шотқа қаға береміз. Жалпы жамағат бұларды бір-бірімен шатастырмау үшін әрқайсының түр-түстерін, кем-кетіктерін жамбастарына жапсыра салады.

Қарлығашта бақандай қос Ақшал бар. Бірі – Кішкене Ақшал, яғни Тасболаттың Ақшалы, екіншісі – Соқыр Ақшал, яки Шалғышы Ақшал. Екеуінің де аты, беріден қайырсақ, бүкіл Үшқайың колхозы жамағатына, арыдан орасақ, бүткім Үйгентас ауданы жұртшылығына мәлім.

Кішкене Ақшал – кереметтей ұшқыр жан. Жүріп бір кетсе, аяқтыға есе бермейді. Етекке, сақманға мәшине аттанып бара жатса, үстінде қалқиып Ақшал отырады. Жайлауға, шөп шабуға ат-арба сайланса, бөденедей боп Ақшал кетеді. Бәленшекеңнің қуанышы, я қайғысы мерейлене бастаса, қызмет қылып, ортасында үйректей қалқып Ақаң жүреді. Звено жетекшісі көкнәр шөптеуге қол жинаса, қытай мандариніндей өңшең қутабандар ішінде сақалы шоштаңдап Ақшал сал-сал басады. Қабақ-қабақтан жазда қой бүлдірген, күзде сиыр бүлдірген терген ұсақтардың бел ортасында да Ақшал жүреді. Қайынаталарының мұндай қылығын ерсі көрген Мөсі жұртының келіндері сылқ-сылқ күліп: «Осы   атамыз бала кезінде, Құдай біледі,қоянның тобығын жеген шығар», - деп күйеулерінің   көзінше көсем сөйлеп бағады. Мөсі елінің жігіттері күйіп-пісіп, жерге қарайды. Осыдан барып шартта-шұрт ұрыс-керіс тұтанады. Енді қайтсін, ұран қаріптеріндей түп-түзу жүріп-тұрады деген аталары шиборбай балалармен секеңдеп бара жатса, оған келіндері беталды жыртыңдап бет шымшыса, күйгелектенбей қайтеді, сегіз өрім қамшыға жалынбай қайтеді.

Біздің жер де қызық өзі, төбелесқұмарлардың басындай ойдым-ойдым.Оның белуардан келер шөбін шалғыға түсірудің өзі бір қиямет-қайым. Пілдей тракторың мен зырылдаған шөп мәшинеңнен тамтық қалмайды.Мидай жазықта мыңқ етпей екі норма орындайтын механизаторлар әке десең де қия баспайды. «Түйенің өркешіндей құлама-құламаға текникәні қор қылғанша, бірден майдазатқа өткіз!» - деп Кішкене Ақшал бекер безектей ме? Ондайға Соқыр Ақшал бастаған шалғы шеберлерін қоя бер. Таздың басындай қылып қырып шығады. Ал ондай жарлауыттар мен қайқаңдардың пішенін тасуға ең қолайлы көлік – өгіз сүйретпе. Жаз шыға Кішкене Ақшал әлгі өгіз біткеннің бас бапкеріне айналады. Әмбе бала-шағаның, у да шудың ортасы. Ойын-күлкі, думанды базар да осында. Бәріне араласып жүре береді. Тамақшы келіншек өзге шалдарға бас тартып, бұған омыртқа ұстатса да көңілі баяғыдай. Ондай ұсақ-түйекті Ақшал өмірі елемейді. Абтариқасы үшін өңгелердей шала бүлінбейді.Тапсырылған өгіздері құйрықтарын шанши оқыралап, сай-саланы сағалап кетпесе болғаны.Ойында жүргенін аптықпай-алқынбай бітіреді, шырт-шырт түкіріп ауылға қайтады. Жалаңқабат мешпетінің қалтасынан сақал-мұртын басып жүрген ағаш сапты бәкісін алады, онысын жұмсақ қайраққа сала отырып әдемі бір әнді сызылтып қоя береді. Онысын жағын таянып отырып бәйбішесі Бибікен тыңдайды, баласы Арбабек те елең ете қалады. Ән де – бір үлкен шаруа. Онысын тәмәмдап, бір саптаяқ айранды сіміре сала бригадир  берген өгіздеріне кетеді. Одан қас қарая қайтады. Өгіз арбаға бір жамбас көк жоңышқаны, не қарасұлыны, не еркекшөпті баса келеді.Ұсақ малға, қыстық жемге деген өзіндік харекеті. Ол келгенде Бибікен тысқа шығып қи тамызады, шәй қамына кіріседі. Осындайда сырықтай мосы тебендей тентіреп табылмауға айналады. Бибікен дауыстап іздеуге батпайды. Мөсі елінің келіні «мосы» деген киелі атауды қалай ауыза ала алсын. Дағдарып біраз тұрады. Онан соң баласына қарап:

-          Қойған  жеріңде  өмірі  тұрмайды. Әй, жүгірмек келгір, әлгі қайда? – дейді.  Дәнеңе

ұқпаған Арбабек «Батырлар жырын» қолтықтай жүріп «әлгіні» іздейді. Ол құрығыры қайдан табыла қойсын. Енді Бибікен Ақшалға жармасады:

-          Ай, Ақаш,  Ақшал  деймін, әлгі-әлгі,  не еді,  құрып қана кеткір. Құдайм-ау, әлгі?!

Анау ше, әлгі үштемір көзіңе түспеді ме? - тауып кеткеніне мәз болып күледі. Ақшал әдейі екі қолын жая қалады.

-          Темірі несі тағы, самиян ба?  Ол   мойынтұрықтың қасында жатыр. Қазір алып келе

қояйын, - деп арба жаққа томпаңдай жөнеледі. Бибікен Ақшалдың бұл мазағына енді көне алмайды. Кең адамның шайлыққаны жаман ғой, шорт кетеді.

-          Самияны несі? Самиянда басың қалсын. Мосы,  мосы қайда  деймін!?  Айтқызайын

дегенің осы ма еді, жалмауыз-ау? Дегеніңе жеттің бе, тағыңыа отырдың ба? О, Жасаған ием, өзің кеше гөр, атамыздың атын атап қойдым. Менде жазық жоқ! – деп сөзін жалынып-жалбарынып бітіреді.

     Кішкене Ақшал тақиясын маңдайына ысырып қарқ-қарқ күледі. Өзіне-өзі разы болғандағы ашық кұлкісі. Атасының аты әйелінің аузына іліккеніне қаттты риза болады.

-          Арбаш,  сен  осы  ана     Жагор   тамырдың   бағына   түсіп  жүр  дей  ме? Үптей бер,

әгәрәки, қолға түссең, арашалайды екен деп ойлама. Өзім қосыла таспа тілем жоныңнан.Ұрлық түбі – қорлық. Менің мінезімді  білесің, жөушендіге бой бермеймін, - деп оң жамбасына аунап түседі. – Ал, қанеки, ана «Қыз Жібекті» ағылт.

     Ақшал көзі ілінер алдындағы үйреншікті әдетіне басады. Арбабек танауын қос-қостан тартып Төлеген мен Қыз Жібек хикаясын зуылдата жөнеледі.

-          О, дариғай, өгіз аттай желмейді,  заман  қайта  келмейді  деген  осы  екен-ау. Кешегі

бетін күн шалмаған перизат Қыз Жібек пен асыл ардақ Төлегендер қайдасың... Уһ... Ал енді, әкесінің баласы, арқамның желін үзіп бер. Обұй, мына шардақта салмақ жоқ па? Кімге тартқансың, түйеқарындай жеп-жеңіл бірдеңе. Жауырынымнан ұстай алыпты, бағана жеңіл-желпі біраз ғана аша сілтеп едім, - деп екі құлаш бойын жазады.

-          Түске   таман  оқымысты   қайнағам  келіп  кетті.  Сені пайғамбар жасына келгенше

сәждеге басы тимеген кәпір деп кетті. Ана Жагорға қосылып ап «Таң біліне тірәктірге бір қарындас отырды» деп, есіріктене ән салады деп кетті. Алпысқа келгеніне қарамаймын, жон терісін сыпырып аламын, ит-шошқаның, деп кетті. – Бибікеннің аузынан бөтен сөздің ұшығы шықты.

     Көзі кіртиіп бара жатқан Ақшалдың ұйқысы шайдай ашылды. Жанақ молдадан қорқайын деп қорықпайды-ау, азар болса, асасымен бір нұқыр. Намазға жығыл, ораза ұста дегенінен азарда-безер болады. Екі жыл болды әне-мінемен сиырқұймышақтатып жүр. Әнеу күні Жагор тамырымен бір түн жайдармандатқаны жайлы хабар-ошар жетіп қалыпты. Осы жұрттың құлағы мен көзі түнде де түріңкі жүреді-ау, үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар деп іштей бір түйіп тастады. Сырттай:

-          Сол    молдасымақ    Жанақтан-ақ     көретін    болдым   көрсесімді.   Менің   иманды

болуымды Құдай соған тапсырып қойғандай, ол не сасқаны. Дәп бір Бұқарды тауысып келгендей. Баяғыда осы өлкеде мешіт біткенге қырғидай тигендердің жалауы өзі еді. Енді келіп тақуа бола қалуын. Осы ауылдың зәнталақтарының аузына үш күн арақ тимесе, сопысынып шыға келеді. – деп мықтымсынды.

     Жұмыр жердің төрт бұрышындағыдай Қарлығашта да таң атады, күн батады. Күнделікті кестесінен мына уақыт ізнәр жаңылмайды. Ақшал да сол бақи күнмен таласа тұрып, бақи түнмен үйіне қайтады. Өгіздерін ұлы бесінде Қара Мұқанға тапсырып арбаға қонады. Салақұлаш бишігімен сол жақтағы танмаңдай өгізді бір сипайды, онан соң оң жақтағы жырық танау қызыл өгізді шықпыртып өтеді. Дақ бір Ақшалдың ерекше ықыласын күтір тұрғандай қос өгіз мойнтұрықты сықырлата, қара арбаны өңмеңдей сүйрей жөнеледі. Тұяқтары сыртылдап үйреншікті қара жолмен ауылға қарай тартады. Ақаң салақұлаш қамшысын жиып алып, жұпар аңқыған балауса үстіне шалқалай кеп жатады. Аспандағы қора-қора жұлдыздарға тесіле қарайды. Жиырмалардың қиырында қалған ескі бір әуен өз-өзінен ойына оралады. «Ахау, Семей, тіл мен көмей...»

     Мына аспан –  түбі жоқ терең мұхит. Ана қылмыңдаған жұлдыздар – жүзіп жүрген жылтырауық алтын балық. Нәмеки жайлаудың төсін бермейтін тангүлдердей. Ай ше, ай ма? Айың бір тілім кәртүшкедей. Әй-әй, ондай емес. Ай жарықтық консервінің қалбырындай, бұларға ілесе домалап келе жатқан сықылды.

     Суықсайды қуалай осы мезгілде сүп-сүйкімді жел еседі. Жол жиегіндегі шақпашөп пен кендірдің жапырақтары көбелектің қанатындай жарыса желпілдей жөнеледі. Оны Ақшал манадан бағып келе жатыр. Алпысты алқымдаса да жанары тайып көрген жоқ. Жолдан кесекөлднең борсаңдап өткен момынай тышқандар мен жын қаққандай лағып жүрген жарқанатты жазбай таниды. Сұлбасына қарап, соноу қылтада тұрған не, егін шетіне ат арқандап жатқан кім – оның бәрін Ақаң қолмен қойғандай айтып береді. Көзсуырар дүрбінің керегі жоқ. Нағыз қорықшы болуға бірден-бір ыңғайлы адам. Бірақ былтырғы мәжілісте ондай жауапты қызметті мойныма арта алмаймын деп ат-тонын ала қашқан. Сол берекелі  жиында Белсенді Құдайберген:

-          Во-первых,  мемлекети  маңызы   бар шаруаны кім көрінген алып кете алмайды. Во-

вторых, бұған әбден лайық адам – Кішкене Ақшал, ақыранды соған тапсырайық. Әйтпесе маңайдағы егінді елдің қазы орып, бұзауы жеп бітірді. Енді бар ғой, бидайдан не арпадан бір қаз ұстасам, қанатын жұлып қалам жасаймын. Бұзау ұстасам, терісін сыпырып пергамент жасаймын. Мемлекет астығына зиян тигізген народный ворлардың тізімін әлгі пергаментке қауырсын қаламмен жазамын да аупарткомға тапсырамын. Сонымен қорықшылық міндетті Тасболаттың Ақшалына жүктейік деген ұсыныс бар! – деген мінбеге мініп алып.

     Орнынан апыл-ғұпыл Ақшал атып тұрған:

-          Көпшілікпен  жүз  шайысар  жәйім жоқ. Аялдардан әлі де үмітім бар, бұзау сиырдан

туса да, иесі аялдар емес пе? Қазы мен бұзауын каталашкадан бір-ақ шығарсам, адуынды қатын-қалаш томашадай мені түтіп жер. Ақшал әліңді біл. Аулақ, аулақ! – деп әзер құтылған.

     Бір есептен осы жұмысы тыныш. Жайқала жүріп өгізін бағып-қағады, жүйкесін жұқартпай, кезегі келгенде, Қара Мұқанға тапсырады, арбаның үстінде аунай түсіп ана бір әндерін әуелетеді. Айдай әлемге, қаракөк жерге, қаратұнық аспанға ілінген самсаған жұлдыздарға көзі тойғанша қарайды. Қой деп жатқан ешкім жоқ. Жан рахаты. Көзі ашылмаған күшіктей анда-мында түртінектеудің енді реті келмес. Тұрақты жұмыстан қол үзбегені қол ғой. Ағайын-туғандардың бәрі қош көріп отыр.

     Мезгілімен үйіне қайтады. Жұмсаған жағына да үлгеріп жүр. Анау-мынау қысылтаяң жұмысты ойнап жүріп бітіре салады. Әлгібіреуде ауданнан шифер алып қайтты зыр етіп. Өгіз байқұстар жата берді құбаталдың саясында. Бригадир шөпшілерге болыс деді, ылп ете түсті. Бір күнде екі-үш шаруа бітіресің. Еңбеккүнің жүріп жатыр...

     Аунап түскеннен кейін байқады: жоғары жақ қабақ түйе бастаған секілді. Көкжиекке қап-қара сия төгіп жібергендей. Сыңсыған жарық ноқаттар ұлғайып бара жатқан қарақошқыл дақтың боданында қалып бара жатыр. Топан судай қарқыны жедел. Батыстан аттанған төкпе нөсердің нышаны бұл. Саясыз дүниені қою қараңғылық тақымына басқандай.

     Ақшал бұрылып арт жағына қарады. Шөпшілер қосының жарығы айдалада диуана жақққан оттай қалт-құлт қана шырамытылады. Е-е тіршілік деген осы да, қашан қаратүнек келіп бүркегенше, өстіп өлеусіреп тұра бересің.

     Қос өгіз адыраңдап келіп қалған мына нөсерді де, қалбаңдаған қара дауылды да елең қылмаймыз дегендей шаңырақтай мүйіздерін қайқайта сырбаз аяңмен келеді. «Осы жануарлардан момын тіршілік иесі бар ма екен бұл жалғанда. Айтқаныңа көнеді, айдағаныңа жүреді. Басбілер мақлұқтарым-ай, айналайындар-ай. Осыларды да кейде тілдеп-тілдеп аламыз. Бәрін көтереді. Осылар болмаса, кәйтер едік».

     Сол қапталдағы зират маңына келіп қалған екен. Көшіп кеткен елдің қонысындай мелшиіп жатыр. Тырс етпес мылқау заполаттар, ләм-мимсіз тыныштық. Тек анда-санда Молда Жанақ қасына Жалғызкөз Жанақ пен Шолаққол Жанақты ертіп, хаққа мүлгіп жатқан мекенді мысыр мақамымен бір күңірентіп кетеді. Дәп бір осылар араб тілін судай сапыратындай...

     Ақшал қолын жайды. Айы қайқиған қоршауларға қарап арба үстіне тізерлеп отырды. Оның үрім-бұтағы, Мөсі тұқымының талай игі-жақсысы да, жаман-жәутігі де осы төбешікке қоныс аударған. Өз әке-шешесі де осында.

-          Апа, амансың ба?  Мен Ақшалмын ғой.  Жатқан  жерің  жайлы  ма,  апа-ау? Апа, біз

салып жатқан үйді бітір қалдық. Енді ұшырмалатайық деп жатырмыз. Шипыр сатып алып қойдық. Арбабегің ержетті. Бәрі ойдағыдай. Бибікен екеуміз келін жұмсап, қызығын көреміз бе деп отырмыз. – Ақшадың иегі кемсеңдеп, көңілі босады. Екі көзден тарам-тарам жас ақты. – Сол қызықты көре алмай кеттің-ау, апа! Қайтейін, қайтейін...

     Ақшал жанқалтасынан қол ормалын алып көзін сүртті. Көптен көңілін күрмеп, бойын буып жүрген сөз бүгінгі ақшамда көкейін жарып шықты. Өрекпіген көңілі басылғандай болды. «Ия, раббым!» - деді іштей. Сол Молда Жанақ қосқан аятты үйренбей-ақ қойдым. Бәрібір шешем оны түсінбейді. Өзімнің жалпақ тілімде айтарымды айтсам да сауап емес пе? Әркімге өз анасының тілі ем мен сауап. О жақта оларға біреу араб тілін ежіктетіп жатыр дейсің бе?..

     Ауыл басындағы үйіне де жетті. Өгіздерін доғарды, қарағайдай мүйіздерінен қосақтай байлап, бел асыра айдап тастады. Асықпай-аптықпай беті-қолын шайып, орындыққа жайғасты. Баласына газет ақтартты. Қалай-қалай сілтейді мыналар дегендей тамсанып алды. Онан соң «Батырлар жырын» алдырды. Құс жастыққа екпеттей жатып «Қамбар батырды» бастатты. Күндегідей арқасын бастырды. Күндегідей Бибікеннің жағымды күңкілін ести жатып көз шырымын алды. Түсінде Жагор тамырын көрді. Оның алма бағында мол дастарханға итіне қарқ-қарқ күліп, қияр шайнап екеуі отыр. Анадай жерде сұқ саусағын безеп Молда Жанақ тұр. «Мосы қайда, мосы қайда!» - деп қақылдап Бибікен жүр. Шәугім астындағы тобылғы лау-лау жанады. Шүмектен төгілген қайнақ су жылмаңдаған отты бож-бож еткізеді. Селк етіп оянып кетті. Арбабек Қамбар мен Назымды қосуға шақ қалыпты. Жастықты түйіп-түйіп жіберіп шынтақтай қайта жатты. Бибікен қайта шәй демдеді. Қара тақиясын орайына қарай ысыра отырып жапырақты кесені үш саусағымен қайта ұстады.

     Бағана батыстан қырық бүктеліп келе жатқан   бұлт үлбіреген Қарлығаш үстіне осы кезде қара зәңгідей құлады. Шелектеп құйған жаңбыр сарылдады-ай кеп. Баланың шорылындай шатырдан су шүмектеді-ай кеп. Нажағай жарқылдап, күн күркіреді-ай кеп... Ұзаққа созылмады. Келуі жылпың қара бұлттың қайтуы да жылдам болды. Аспан әп-сәтте шәйдай ашылып шыға келді. Көк әлеміндегі триллиондаған жанар жарқ ете түсті. Әлдеқайдан үсті-басы малмандай боп алабай келді сүмең қағып. Төрттағандап тұрып дүр-дүр сілкінді. Мөп-мөлдір тамшылар оқтай ұшты жан-жаққа. Құлағанжар жақтан екі көзі оттай жанып «Кировец» түсті. Ауылды қақ жара гараж алдына барып үні өшті.

     Кішкене Ақшал өзінің осынау ұлы дүниеде барлығына, Бибікен мен Арбабектің барлығына шүкіршілік қылды. Осы қағаберіс аймақта Қарлығаш атты ауыл барына, сол Қарлығашта анасы жатқан төмпешік барына мың да бір рахмет қылды. Оның үстіне мына тіршілікке сән берген «Батырлар жыры» барлығына қолын жайып бетін сипады да, ала дастарханды жинатты. Кебісін тарпылдатып шықарға шықты, сонау бимәлім қиырдағы Жібек пен Назымның, Баян мен Құртқаның көздеріндей мөлдіреген шырақтарға сұқтана, сүйсіне қарады. Ұзақ қарады.

     1974 жыл.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар