ҚАЗАҚТЫҢ ТҮС ЖОРУ ТУРАЛЫ ТҮСІНІГІ

/image/2023/04/17/crop-2_71_724x1288_33479f9283ed68d5b0bf6cfdf4019ec9.jpg

Екінші бөлім 

Түс жору – қазақ халқының ұлы мәдениет тарихында ықылым замандардан бастау алып, бүгінге дейін жалғасын тауып, үрдісін үзбей келе жатқан тамаша ғұрыптарының бірі. Тылсыммен тілдесуге талпынған қарапайым халықтың ежелгі арман-тілегі. Жұмбақ дүниенің жұмырында жатқан ұйқылы өмірдің елесті көрністі, сол көрністі түсті есті санамен саралап мәтінді түс жорудың жолын іздеген ізгі дүние танымы.

Түс – сөзінің түп мағынысы уақыт пен мезгіл, жүз бен өң, түр мен түс деген мағыналарды қамтиды. Түс сөзі сөйлем ішіндегі сөздермен тіркесіп айтылғанда, ғана жеке дара мағынасы ашыла түседі. Мысалы : "биіктен түс", "жоғарыдан түс", "төменге түс" , "аттан түс" деген бұйрық райлы етістік мағынасын берсе, енді бірде әр алуан нәрселердің - "заттың түсі", "реңі- бояуы" деген ұғымды білдіреді. "Тал түс", " Сиыр түс" десе, уақыт пен мезгілді меңзейді. "Жүзі жылы" десе, өң мен түрді, ішкі жан дүниені, көркем мінезді білдіреді.

Ал, біз сөз етіп отырған түс сөзі – адамның ұйықтағанда көрген түсі. Немесе қалғыған ойдың қараңғыдағы бұлдыр елесті көрнісі. Сол ойдың ішіне кір, сол сезімнің түбіне түс , түсін таны, түрін жоры, жолын біл деген ұғымдарды үстейді.

Түсі – ұрықтан өрбіген рухани жан дүниенің ұғымы болса, заттың түсі – заттың сыртқы бояуы, түрі мен түсі болып табылады. Заттың түстері – көк, қызыл, жасыл, қара болып көзге көрінеді. Ұйқыда көрінген түс – адамның ой-санасының түсі мен түрі, елесі болып табылады. Ол ояу көзге көрінбейді  ұйқыдағы ой көзге көрінеді. Сондықтан түс жору оп- оңай, жеп-жеңіл жори салатын, аянын анық білмей тұрып, айта беретін елеусіз елес емес. Түсті дұрыс жору үшін дара даналық керек, терең білім, білікті тәжірибе керек. Түс мәтінін дұрыс жори білетін сұңғыла түс жорушы керек...

Түс – адам мен табиғат, жаратылыс пен жаралым, ұйқы мен ояу арасындағы беймәлім құбылыс. Өлі мен тірі, о дүние мен бұл дүние, ресми сана мен бейресми сананың, күрделі қатынасы, құпия қызметі. Сондай тылсымнан келген тіл, ми қызметінің жұмбақ сырлы елесті аяны.

Тоқ етерін айтқанда, түс – адам өмірінде кездесетін, алдағы күнде болатын, болар істің, туылар оқиғаның ұрық әлемінен рухани әлемге өткен құпия хабаршысы. Алдағы тағдыр жазуының, түсті өмірге түсірген тылсым сәулесі. Ми қазанында қайнап қатқан қасиетті жұбақ көрінісі.

Түс көру және түс жору күллі адам баласына ортақ ғұрып. Жер бетіндегі жұмыр басты пенденің бәрі түс көреді, көрген түсін жорытып, түс құпиясын білгісі келеді. Алда не күтіп тұрғанын, қандай оқиға боларын ұққысы келеді. Сол арқылы алдағы өмірінен бір жақсы үміт күтеді.

Қазақ халқы арасында арнайы түс жоритын дана адамдар болған. Олар түсті мәтінімен дұрыс жорыған. Түстің мәтінін білетін түс жорушылар жақсы түсті де, жаман түсті де жақсылыққа балап жориды. Түс жорушысын тапқанша, отта балқып тұрған қорғасынға, алақанда сырғып тұрған сынапқа ұқсайды. Түсті кім қалай жорыса , солай шындыққа айналады деп сенеді. Сондықтан түс мәтінін білмейтін адамға түс жортпайды, ондай адамдардың түс жоруына тыйым салады.

Қазақ көрген түсін жасырып жабық ұстайды, сабыр сақтайды, жақсы түсін жаманға жорыса, жақсылық жамандыққа тез айналады деп ырым етеді. Түсті екі рет жортпайды, екі рет, екі кісіге жортқан түс құнын жояды, құпиясын жоғалтады, мәтінінен айырылады деп сенеді.

Қазақ көрген түсін – көп ішінде, ел алдында жария айтпайды. Егер, сенің көрген жақсы түсіңді әлде біреу "Мына түсті менің басыма көшір, жақсылығын маған бер" ,– деп тілесе, түс бақыты сол сәтте оның басына бақ құсы болып қонады. Бақ пен сордың ғайыптан алмасуы осындай мысық тілеулі адамдардың жаман ой тілегінен болады деп ұйғарады.

Мұны қазақ "Түсті көшіріп алу" деп атайды.

Жақсы істің жаман іске, жақсы түстің жаман түске айналмауы үшін көрген түсін тіс жарып айтпауы керек. Тек түс жорушы маманға барып, түсін жасырын айтып жортқаны жөн болады.

Адам түнде ұйықтағанда, өлі мен тірі арасындағы "Барзак әлемінде" жатады. Таңда аман оянса бұ дүниеге, өлі болса бақиға аттанып кетеді. Түс – барзак әлемінің оқиғалы жұбақ сыры, оны мақтан етіп, топ ішінде айту астамдық болады. Астам адамның тілегін Алла қабыл қылмайды. Өлі мен тірі арасынан жеткен тылсым хабарды, тірі пенденің кез келгеніне айту дұрыс емес.

Баяғы заманда, бір жас келіншек түс көріп, түсінен шошып ояныпты. Түсін жорту мақсатында , көрші ауылда отыратын түс жоритын бір дана қарт бар екен . Жас келіншек, ертемен ақсақалдың үйіне барса, ол кісі малын өріске айдап, үйінен ертемен кетіп қалыпты. Үйінде кемпірі отыр екен.

Ертемен келген келіншекке:
– Иә, келінжан, не бұйымтаймен келдің,- деп сұрапты.
Келін:
– Мен түс көрдім, түсімнен шошып ояндым, түсімді атаға жорытып алайын деп келдім ,- дейді.
– Атаң Шолпан туа, малды өріске айдап кетеді де, болпан туғанда қораға айдап келеді. Түсті түстен бүрын жориды, түстен кейін жорымайды, түстен кейін жорыған түс келмейді, кеште жорыған түс кері кетеді. Сейсенбі күні де жорымайды. Сейсенбі күні жорыған жақсы түс те, жаманға айналады, Бүгін күн сәті сәрсенбі екен. Түсіңді айт, мен жорып берейін,- депті кемпір.
Жас келіншек:
–  Түнде түсімде екі бөлтірік екі омырауымды еміп жатыр екен, сондай сүйкімді күшіктер екен. Оянсам, таң атып қалыпты, көрген түсім осы, - депті.
Кемпір:
–  Әй, жаман түс көріпсің. Сені қасқыр жеп кетеді екен, тәйір-ай, жаман түсті қайдан көріп жүрсің - деп жорыпты.
Тұла бойын үрей билеп отырған, жас келіншек үйіне тез қайтыпты. Келіншек кете сала, малын өрістетіп тастаған, дана қарт та үйіне оралды. Кемпірі болған оқиғаны баяндайды.
– Қу ауыз, кері жақ кемпір-ау, ол келін екі көжал бөрідей егіз ұл туады ғой. Түбіне жетіпсің деп, асығыс атқа қонып белді асса, жас келіншекті егіз ұлымен қосып екі көкжал қасқыр жеп үлгірген екен деген аңыз бар.

"Кері жорыған түс түбіңе жетеді"

"Түс мәтінін білмесең жорыма", білмеген дұғаны оқыма" деген тәмсіл сөз осыдан қалған екен.
Қазақта "Түс түлкінің боғы" деген сөз бар. Кейбір күрмегі күрделі, шиеленісі жиі қорқынышты түстерді беталды жорымайды. Түс көрген адамды шошытып алмауы үшін дүниеден түңілдіріп, өмірден суындырып, үмітін үздіріп алмауы үшін "түс түлкінің боғы" деп жаман түсті жормай тастап қояды.

Қазақ түстің мазмұнына қарай "Шынайы түс" , " Қияли түс" ,"Тылсым түс" деп үшке бөлсе, исламдық таным бойынша "Имани түс" , "Шайтани түс" деп ары қараи тағы да екі ұғымға жіктейді. Кейде "Жағымды түс" , "Жағымсыз түс" десе, түстің көріну дәрежесіне қарай "Ашық аян" , "Жабық аян" , "Нақ түс" , "Хақ түс", "Бұлдыр түс" , "Болымды түс" , "Болымсыз түс" түрлерге , мазмұнына қарай бөліп, мәтініне қарай жорыйды.

Қазақ көрген түсін жақын жанашыр ата-анасына немесе ең сенімді түс жорушыны тауып жорытады. Түстің жақсы – жаман болмағы түс көрушіден емес, түс жорушыдан болады деп сенеді. Сондықтан түс жорушылар әр қандай түстің барлығын жақсылыққа бағалап жорыйды. Сүйтсе жаман түс те жақсылыққа айналады деп нанады.

Ал кейбір жаман түстерден сақтану амалдары да бар, кей қорқынышты түстерді, әр алуан амал жасап басқа затқа көшіретін болған. Мәселен, Бір адамды түсінде жылан шағып алса, не ит қауып жараласа, болмаса қасқыр жеп жатса, онда түс көрген кісі өз бойымен бірдей ақ не қара шүперекті өлшеп алады да, оған ақ тамызып "Жаман түсімді жыланға , итке, қасқырға көшір" деп үш рет басынан айналдырып отқа өртейді не, ағын су ағызып жібереді. Сонда жаман түс басқа затқа көшіп, отқа күйіп, суға ағып кетеді деп ырым етеді .

Кейде бидай, тары, жұгері, бұршақ сынды дақылдардан бір уыс дәнді алып, басынан айналдырып, қүстарға шәшіп жіберсе, келе жатқан жамандық құстарға аунап кетеді деп жориды. Қазақ түстің көну уақытына қарай, түнде жата сала көрген түсті – "Бастапқы түс", түн ортасында көрген түсті "Ортаңғы түс", таңға жақын көрген түсті "Аяққы түс" немесе "Таңғы түс" деп үш түрге бөледі.

Ал түс жорушылар бастапқы түс – жетпіс күн, жеті ай, жеті жылда келуі мүмкін. Ортаңғы түс, жеті күн, жеті айда келеді, Таңғы түс – жеті сағат, жеті күнде келеді деп уақыт аясында жорып жатады.

Қазақ түс жорушылары – түс мәтінін білмесе, онда түсті жормайды ойланады. Жұмбақ түстің кілті болады. Ол түстің мәтіні деп аталады. Әр құлыптың кілті болса, түстің мәтіні бар деп қарайды. Түс жорығанда түстің мәнін сол мәтінімен ашып түсіндіреді. Бағы заманда бір бай ауылға қайыршы ақсақал келіп, әр үйдің есігін қағып:

– О, Алланың құлдары, қайыр-сахауат беріңдер, садақаны сауда бер, кейінгі дүп келер,- депті. Ауылдың біраз адамдары садақа беріпті. Екінші күні әлгі ақасқал тағы пайда болып, " О, жамағат садақа беріңдер" депті. Ауыл адамдарының бәрі садақа беріпті. Сол ауылда тұратын шожар бай адам бар екен. Ол садақа бермепті. Үшінші күні әлгі қария бірден шонжар байдың есігін қағып:

–  О, бай тақсыр, жомарттық таныт, шүлендік көрсет, садақа бер,- деп байдың қақпасын қағыпты.
Бай:
– Әй, жармаған қайыршы, сығарға битің жоқ, үрерге итің жоқ, шыптаңа шыбын қонбаған, көлеңкеңе ит жатпаған қаңғыбас көзіңді құрт, табаныңды жалтырат, бұл жерден сені көрмейтін болайын , - деп ақырыпты.

Сонда қайыршы шал:
– Е, Ә, Алладан қорықпағаннан қорық, деуші еді, мен сенен қорықтым, бағың асып, қаның тасып, Құдайыңды ұмытқан екенсің. Алла кешсін сені ,- деп іштей күбірлеп , ауылдан алыстай беріпті.

Шонжар бай, сол түнде түс көреді, Түсінде ауа райы бұзылып, байдың қора-қора қойлары, өріс толы жылқысы, қотан толы тұйесі, қора толы сыйыры аязға шыдамай қырылып қалады. Бай, қырылып қалған, қисапсыз малының ортасында, қайғырып тұрғанда, бүйдасын сүйретіп, кеткен бір түйесінің қар үстіндегі ізін көзі шалып қалады. Түйенің ізін қуып, бір таудың етегіне барды, түйе көгалда жайылып тұр екен. Бай, түйеге жақындайын десе, тау басында бір Арыстан атылғалы тұр, барайын десе жан тәтті, бармайын десе, мал тәтті. Жалғыз тірі қалған түйемді алайын деп, түйге тақап барып бүйдасын ұстаған заманда, тау басынан арыстан етекке қарай атылды. Қолында үзіліп бүйда қалды , артына жалт бұрылып жанұшыра қашты. Арыстан қуып келеді. Ол қашып келді. Қашып келе жатып, бір құдыққа күп етіп, түседі де кетті. Қолындағы бұйда құдық аузындағы көлделең тұрған ағашқа оралып байланып қалады. Бай қос қолымен бұйданы ұстап екі ортада салақтап асылды да қалды.

Құдықтың шығар аузында аузын арандай ашқан арыстан тұр. Құдық түбінде ауызынан от жалын бүркіп аждақа заһарлы уын шашады. Ешқайда қашап құтылмасына көзі жеткен бай, "Кеше қайыршы шалдың тілін алып, жарты малымды садақа беріп, зекетке атасамшы" деп өкінеді. Байдың басы қатып, сан-сапа ойға шомып салақтап түрғанда, ғайыптан бір ақ тышқан пайда болды да, әлгі асылып салақтап тұрған жіпті бір кеміріп кетеді, қара тышқан пайда болып ол да, бір кеміріп кетеді. Кезек-кезек кемірілген жіп барған сайын жіңішкеріп үзілуге тақап барады. Сүйтіп аң-таң болып тұрып, қарсы алдында қараса, араның бал ұясы түр екен, сұқ саусағын ара балына батырып , ауызына салып еді ,тәтті шырыр иіс таңдайын рахатқа бөлеп жіберді. Балға екінші рет қол созып еді, кенеттен бір ара пайда болып, саусағын шағып алды. Сол сәтте бай ұйқысынан оянды. Таң рауандап аттып келеді, байдың ұйқысы шайдай ашылды.
Бай, жатқан орнынан тұрды, біраз үнсіз отырды да, киініп есік алдына шықты. Есік алдында алба- жұлба киінген, кешегі қайыршы шал отыр екен. Бай оның қасына жақындап барды да:

- Сені бізге құдай жіберген әулие екенсің. Мен сенен кешірім сұрайын. Біліп тұрып, білмегенді кешпесең, білгенің қайсы дейді. Мен білмедім, саған тілім тиді, түнде қорқынышты түс көрдім , соны жорып бере аласың ба ?- деді.

Сонда қайыршы шал:
- Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі. Жақсы көпшіл, жаман кекшіл келеді емес пе?! деді де, байдан қандай түс көрдің деп сұраған жоқ:

– Түсіңдегі жаздың қысқа , қарлы боранға айналуы - жасыңның қартайып, мінезің мұдай суып, ниетің бұзылып , опасыз болып бара жатқаныңның аяны.
Қапалақтаған қар мен аяз – жүрегіңде еш мейірдің қалмағаны. Қора-қора малыңның қырылып қалғаны – боқ дүниенің өміріңе еш ес қатпайтынының ғибраты. Жалғыз түйеңнің тірі қалуы – өмір-тіршілігіңнің жалғыз жанған ұміті сол. Қуып жүрген арыстан – сені аңдып жүрген ажалың. Құдық түбіндегі аждақа – тозақ, оты. күнәң көп болса, соған күйесің. Асылып тұрған жіп – сенің ғұмыр-жасың. Жіпті кемірген ақ тышқан – күндіз, жарық күн. Қара тышқан – қараңғы түн. Алма кезек ауысып өміріңді ұрлап жатқан өтпелі уақыттың баяны мен аяны.
Араның балы – боқ дүние. Ол сен үшін бәрінен тәтті болды. Ара – ажал хабары, өлім күнін ескереткен аяны. Ол сені шағып алмағанда , сен жалған дүниеге одан ары құнығып, күнәңді ары ауырлатар едің. Бұл ғайыптан берілген түс , ашық аян екен ,- деп байдың түсін жорып болыпты да, әлгі қайыршы шал байдың көзінен лезде ғайып болыпты.

Бай тұрған орнында сілейіп біразға дейін тұрыпты да, есін жиып, " Малым - жанымның, жаным - арымның садақасы болсын" деп малбағарын шақырып , малының көп бөлімін садақаға таратып жіберіпті. Малымды – жанымның садақасына, жанымды - арымның садақасына атадым,- деп үлкен тәубәға келіпті. Міне, түс көру – ғайыптан болса, оның тәрбиелік мәнін түс жорушы ашады.

Қазақ халқы осындай түсті "Аяни түс " деп атайды. Әрі жорушысын дүп тапқан , мәтінін мәнді жорыған түс деп атайды.
Аяни түс- адам баласының санасына , өмір мен тіршілігіне, мінезі мен сезіміне, кісілігі мен ар- ұжанына , жақсы жағымды жаққа қарай өзгеруіне , дүниені дұрыс тануына , ақ- қараны айқын ажыратуына үлкен ықпал жасайды. Бірақ түсті мәнді, мәтінімен , астарлы мағынасын толық ашып, дүп тауып, иланымды жорый білу керек. үйткені түс- біреудің үйретуімен , талап етуімен, болмаса , басқаның өтініш қалауымен түс көрмейді. Түс көру адамның еркінен тыс, физологиялық құбылыс. Алландан келген аян деп біледі.
Анықырақ айтсақ, аршып талдасақ.

Түс – ғайыптан көрінетін, тілсім тілі жұбақ сыры, құпия мәні, ғайып оқиғасы бар; елесті көрінісі, мәнді мәтіні бар, терең ойы, қанатты қиялы, берер тағылымы, тәрбиелі дәстүрі, ғұрыпты ғұмыры бар; сынаптай сырғымалы мінезі бар; тек ұйқы құшағындағы өмірде жүзеге асатын адам миынының ұқысыз қалған клеткаларының атқарған түске айналған ерекше қызметі.
Түс деген сөз - абстракт беймәлім бұлыңғыр ұғым. Он сегіз мың ғаламның жұмақ сырларының ми қызметіне түсірген елесті сәулесі. Мидың ғажайып ғаламат клеткаларының түйсігіне жасырынған көмескі көрнісі. Көк дөнен көңілдің көбікті көгілдір көбіршігі - ояу қалған ойдың бейсанадағы белгісі - ұйтап жатқан адамға түс болып көрінеді. Міне, бұл адамның түс көруінің ең негізгі тянағы болып табылады.

Түс – бейсанадан ресми санаға көшетін жұбақ хабардың сегіналы. Түс жорушылар, көзге елестемейтін құбылысты, көзге елестететін бейнемен, затқа балау, құбылысқа теңеу арқылы жориды. Беймәлім бейнелерді көзбен көретіндей, қолмен ұстайтындай нақты, затты ұғымға айнайлдырып көрсетіп тұрып жориды.
Мәселен , "Қулық" десе беймәлім ұғым. Ал, "Қулық – түлкі десе, ол затанды анық ұғымға, ашық мағынаға ауысады. "Жыртқыш" десе, бейбәлім түсінік . Ал "Жыртқыш – қасқыр" десе, ол нақты образды заңды ұғымға байланады. Құдды сол секілді түсті де, терең мәтіні , телегей мағынасын тауып, танып, біліп білімдарлықпен жору керек. Түсті жоруға үстірт және ат үсті қарауға болмайды.

Түс – кейде затты , кейде құбылыс түрінде көрінеді. Бірақ ол заттың мағынасы мүлде басқа болуы мүмкін. Түсте көрінген зат түп мағынадан ауып, мүлде басқа бір мағында яғыни ,ауыспалы мағынада жорылады. Сіз, мына бір түстің жорылу мәтініне құлақ түріп көріңізші.

Ер Жәнібек қартайған шағында түс көреді. Ол ұйықтап жатса, бір дәу арыстан қасына келіп, Жәкеңді аяғымен ақырын ғана түртіп оятады. Жәкең, орынан тұрып, өзін оятқан арыстанға қараса, түктері алтындай жылт-жылт етеді. Арыстан Жәкеңе тиіспейді, етек- жеңін искейді. Жәкең арыстанның жонынан сыйпаса, алақанына сондай жағымды сезіледі. Сосын арыстан алдыңғы жаққа қарай, жарық нұрын түсіріп жылжып кетіп қалады.

Одан кейін бір дәу қара аю келеді. Жәкең, оған қарғып мініп алса, аю көтере алмай жерге жатып қалады. Тісін ашып көрсе, қартайып кеткен екен. Ол аю артқа шегініп кері қайтып кетеді.

Енді Жәкеңнің , қасына бір көк бөлтірік пайда болады. Ол Жәкеңнің , айналасынан ары жүгіріп өтіп, бері жүгіріп өтіп ес ақылын алады. Жәкең, әлгі бөлтіріктің тұмсығына саусағымен шертіп қалады.

Жәкең, оянса, көрген түсі екен. Жәкең түс жорушыны шақырып, түсін жортады. Сонда түс жорушы:
– Түсіңе кірген арыстан –  айбатың мен батырлығың еді. Оның жарық шашып алға кетуі болашаққа жетуі. Сенің батыр даңқыңды ұрпақтарың мәңгі мақтан етіп айтып жүретін болады.
Түсіңе кірген қара аю – қайратың еді. Оның сені көтере алмай жерге жатып қалуы, артқа кері қайтуы – батырым, қару-қайратың қайтқан екен. Енді жекпе-жекке шықпа. Шықсаң жеңілесің.

Түсіңдегі көк бөлтірік – ұрпағың еді. Тұмсығына бекер шертіпсің. Оның ғайып болуы енді сенен кейін жекпе- жекке шығатын батыр ұл тумайды,- деп жориды.

Міне, бұл Ер Жәнібек туралы айтылған аңыз. Арада үш ғасыр өтті. Көрген түсі артында айнымай келді. Түс – жору , түстің мәтінін дүп тауып, мағынасын бұзбай жору деп осыны айтамыз .

Қазақ халқы – түске кірген жақсылық болсын, жамандық болсын ол белгісіз күйде көрінбейді. Белгілі бір бейнеге, затқа, не құбылысқа айналып барып кіреді деп сенеді. Анығырақ айтқанда, адам, хайуан, әр алуан заттар мен белгілі құбылыстардың көрнісінде көрінеді.

Ал түс жорушы –  түске кірген сол көріністердің сыр - сыйпатына, көріністік ерекшелігіне, бітім-тұлғасына, қимыл-қозғалысына, түр-түсіне, мінез-құлқына, іс-әрекетіне байланысты мәтінін тауып, толық мәнін ашып жоруы тиіс. Дұрыс жорылмаған түс келмейді.

Қазақ – жағымды түстерді "Жақсылық басы", "Түс оңалмай – іс оңалмайды" деп ұйғарады. Ал жағымсыз түстерді "Түлкі боғы", "Жақсы ісіне сенеді, жаман түсіне сенеді" деп, жаман түстерді де жақсылыққа балап жориды. Жаман түске қара заттан садақа береді, түсін қара затқа көшіріп, жамадықтан сақсынады. Жақсы түске ақ заттан садақа береді, алда келе жатқан жақсылық тосылмасын деп, қуана күтеді. Түс құпиясын сақтап сақтанады.

Түс жору әлмисақтан бастау алып, Юсуф пайғамбардың түс жорыған рауаяттарымен жалғасын тауып келе жатқан ғұрыптық салт. Қасиетті құран кәрім кітабының "Юсуф сүресінде", Алла тағала, түс жоруды Юсуф пайғамбарға нәсіп етті деп жазылады. Керемет мысал келтіріледі.

Юсуф пайғамбар Яқұп пайғамбардың кенже ұлы. Ол өте білімді, халқына мейіріді, үлкен дін ғұламасы, түс жорудың асқан шебері, дана адам болған. Дүйім жамағатты Алланың хақ жолына бастаған даңқты пайғамбарлардың бірі. Оны бір сайқал әйелдің жасықсыз жала жабуымен сол замандағы зұлым патша, зынданға салып жазалайды. Сол зынданда патшаның екі нөкері Юсуфпен бірге жатады.

Бір күні екі нөкер қатар түс көреді де, таласа тармаса, көрген түстерін Юсуфқа баяндайды. Бірінші нөкер:

–Түсімде жүзім бақшасында жүр екенмін. Жеміс ағаштарының басына, кәдімгі қанатты құстай ұшып-қонып қонақтап, жүзімдерді емін-еркін жеп жүрмін. Патша қасыма келіпті. Қолымда алтын тостақ бар екен. Соған шәрбат қойып, патшаға ұсынсам, патша маған ілтипат етіп, оң тізесін бүкті,-дейді.

Екінші нөкер:

– Түсімде қолыма шарбақ ұстап жүр екенмін. Оның ішіне әр алуан жеміс- жидек, тоқаш толтырып алып, патшаға алып бара жатқан жолымда, ғайыптан қалың қара құс қаптап келіп, шарбақтағы дәндерің түйірін қалдырмай алып ұшып кетті. Патшаға не айтам деп түсімнен қорқып ояндым,- деді.

Юсуф пайғамбар екі нөкердің түсін кезекпен былай деп жорыды.
Бірінші нөкерге:
– Жақсы түс көріпсің. Анығын Алла біледі. Сені патша ұзамай зынданнан шығарып алады , оң тізесін басқан, оң қол уәзірі етіп тағайындайды. Қанат бітіп ұшып жұргенің сол, абыройың өсіп , мәртебең бірден тез көтеріледі. Ырызығың кеңіп, баяшат тұрмысқа кенелесің. Бақытқа басың айналып, патшаның қасында жүргенде, Юсуп досыңды ұмытып кетпе,- деп жорыды.

Екінші нөкердің түсін:

–  Сен, жаман түс көріпсің. Патша сені крес ағашына шегелеп, көзіңді қарға-құзғындарға шұқытып өлтіреді. Шарбақтағы дәндердің түйірін қалдымай қара құстардың жеп қоюы, дәм ырызығың таусылған екен,- деп жорыды.

Юсуф пайғамбардың жорыған түсі айнымай келді. Бірінші нөкер патшаның оң тізесін басқан, оң қол уәзірі болды. Екінші нөкерді патша крес ағашына шегелеп, қарға- құзғынға жем етіп өлтірді.

Юсуф пайғамбар жапа тартып зынданда жалғасты жата берді. Күндер өтті, түндер өтті. Патшаның оң тізесін басқан уәзір, бақытқа басы айналып, Юсуфты ұмытып кетті. Бір күні патша түс көрді. Түсінен уайымдап мазасы кетіп оянды. Ертесі түс жорушыларына түсін жорытты. Не білімді деген түс жорушылар түстің мәтінін таппай сандалды. Арада бір жұма өтті. Патша ашуға басып, бас уәзіріне арыстандай ақырды. Осы кезде ғана зынданда жатқан Юсуф досы есіне түсіп, соны зынданнан шығарып, патшаның алдына еріп келді. Патша көрген түсін айтты:

– Түсімде жеті арық сиыр келіп, жеті семіз сиырды жеп жатыр, қасында жеті тал қурап қалған бидай сабанын көрдім. Аржағында жеті тал бидай өсіп көгеріп тұр,- деді патша.
Юсуп патшаның түсін былай жорыды:

– Аллдан ашық аян келген екен. Алдағы болатын апат пен келетін баяшат заманның көрінісін түсіңізде көрінген екен. Жеті арық сиыр – алда жеті жыл бойы ауыр қуаңшылық апаты болады. Бар өнімді үнемдеп жеп, жеті жылға жеткізу керек. Келер жылдан бастап жерге өнім шығармайды. Астық тапшы болып, ел ішін ашаршылық жайлайды. Жеті арық сиырдың жеті семіз сиырды жеп жатуы соның баяны. Бір жылдық астықты үнемдеп жеп жеті жылға жеткізуге тура келеді. Ел ішіндегі кедейлерді бай адамдар көмектесіп асырауы керек . Өйткені оларға жұмыс шықпай қалады. Жеті тал қураған бидай сабаны - сол жоқшылықтың аяны.

Ал, көгеріп көктеп тұрған жеті тал бидай дәні жеті жыл өткен соң, келетін баяшат заманның белгісі, түс баяны. Бұл түс Алладан келген ашық аян екен,- деді.

Патша, Юсуфтың жорыған түсіне иланды. Оны мемлекеттің қазынасын басқаратын бас уәзір етіп тағайындады. Кейін Юсуфтың жорыған түсі дүп келді. Жеті жылдық ауыр апаттан , аштықтан елді аман сақтанып қалды.

Кейін "Юсуф пайғамбардың жорғыған түсі ел ішіне тарап кетті. Ең алғаш түс жору туралы кітап Юсуф пайғамбардың кітабы болып табылады. Қазір де ел ішінде тарап жүрген мұсылманша түс жору деген кітаптар содан бастау алады.

Егер, сіз түсіңізде Алланы және оның елшісі Мұхаммед пайғамбарды, құран аяттарын көрсеңіз оларды нақ көрдім деп ұйғарыңыз. Өйткені шәйтан басқаның бейесінің бәріне өзгеріп , түске кіріп жамандық жасай алады. Тек Алланың және Мұхаммед пайғамбардың бейнесіне кіре алмайды. Мұндай түстерді Алла тағала өзі жақсылыққа жорып қояды. Оған алаң болудың еш қажеті жоқ.

Қазақ халқы жақсы түс көрем десең, түнде оң жамбаспен жат. Жуынып-шәйініп таза жерге жат. Басыңды құбыла жақта қаратып жат. Ұйқың жайлы болса, көрген түсің оң болады.

Қазақтың түс жору мәтіндері басқа ұлттар мен ұлыстардан парықты болады. Өйткені түс жорудың да салт пен дәстұрге негізделетін тұстары бар. Мысалы:
Түсінде бір адамның оң жақ азу тісі түсіп қалса, аталас туысынан біреу бахиға аттанады. Сол жақ азу тісі түсіп қалса. нағашы жұртынан біреу қайтыс болады. Астынғы тісінің біреуі түсіп қалса, қайын жұртынан біреу ол бахиға аттанады. Үстінгі түсі түсіп қалса , өз жұртынан біреу қайтыс болады деп жориды. Жалпы тістің түсуі жақсылық нышаны емес.
Қазақ қорқынышты жаман түс көрсе, бір ақ сары бас мал шалып , садақа таратып сақтанады. Жаман түсті құстар мен айуандарға көшіріп келе жатқан жамандықтың алдын тосатын ырымдар жасайды. Сөйтсе жаман түс жанға көрінбей, малға көрінсін деп қан шығарады, құрбан шалады.

Қазақ – өлімнің үш досы бар деп қарайды. "Ұйқы", "Ауру", "Торығу" . Осы үшеуінің біреуі ұйқыны шәйтан малғұн Алладан сұрап алған екен. Шайтан адам баласы түнде ұйқтағанда желкесіне үш түйін түйеді екен. Сол үш түйін түйілгенде адам дереу ұйықтап кетеді екен. Әр пенде тәңертең оянғанда, Алланы есіне алса, бірінші түйін шешіледі екен. Дәрет алып тазаланса,"екінші түйін шешіледі екен.

Таң намазын оқыса үшінші түйін шешіледі. Осы үш түйінді шешіп жұмысқа барған адамның тоқсан тоғыз тарау жолы ашылып, бар қатер мен қауіптен аман жүреді екен. Түнде имани түстер кереді деп сенеді. Бақсы - балгер, тәуіп-көріпкел , құмалақшы - қарташы іздеп, сабылудың еш қажеті жоқ.

Болат Бопайұлы

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар