"Әлмисақтан мұсылманбыз" дейтін қазақ қоғамында жарапазан айтумен қатар ораза аяқталған соң айт мейрамын тойлаудың орны ерекше. Алайда қазіргі қарбаласқан заманның айт тойлауы мен кешегі қонақжай қазақтың айт мейрамы бірдей ме? Осы сұрақтың жауабын табу үшін қазақ әдебиетіне үңіліп көрдік.
♦Қазақтардың өмірінде, шынында да, айттан үлкен қуаныш болмайтыны рас болса рас шығар. Ертең айт дегеннен бастап қазақ ауылдары "айт құтты болсын" айтамыз деп ерсілі–қарсылы шұбыра бастайды екен. Айттаған жұрт үстіне бар жақсысын киіп, астына бар жақсы атын мінеді екен. Сосын ана ауыл, мына ауылдан топ–топ болып шығып, жолға қарасып, атасы үлкен ең сыйлы ауылдан бастап қыдырады екен.
♦Айт күні ғарып екеш ғарыптың өзі қырық үйдің есігін ашып шықпағы шарт көрінеді. Ол күндері үй біткен бар дүниесін жарыққа шығарады. Төр сайын адал бақан құрылып, оған сол үйдегі ең асыл киім, асыл жаға ілінеді. Теңде, кебежеде жатқан қымбат жиһаздың бәрі алынып, жұрт көзіне түсетін көрнекті жерге қойылады. Қазан біткен ертелі–кеш оттан түспейді, кірген–шыққан жұрт ертелі–кеш сапырылысады да жатады. Айт күні қазаны толмаған үйдің ырысы кем болмақшы. Айт күні көзге түспеген дүниенің игілігіңе бұйырмағы екі талай...
Бұл – қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбайдың "Үркер" романынан алынған үзінді. Бұдан асқан суреттеу бар ма? Айт – қуаныш, айт – береке. Тарихтың тар жол, тайғақ кешулерінде айырылып қала жаздаған сол қуанышымыз тәуелсіздікпен қайта оралды. Бірақ біз баяғы қазақтардай қуана алдық па?!
Айтыңыз қабыл болсын!
Пікір қалдыру