Шуақ шашқан шаңырақ

/uploads/thumbnail/20170708200249653_small.jpg

«Отбасының берекелі тірлігіне негіз – оның әрбір мүшесінің бір-біріне деген құрметі мен ізетіне, сыйластығы мен өзара түсіністігіне тікелей байланысты» дейді отау құрғандарына 30 жылға жуықтаған Ералы мен Гүлзина Мәлімбетовтер.

Отағасы Ералы Мәлімбетов кезінде Ленинградтағы полиграфиялық институтты бітірсе, жұбайы Гүлзинаның мамандығы – мұғалім.

Мектепті бітіре салысымен әскери мін­детін өтеуге аттанған бозбала, келе салы­сымен аудандық баспаханаға жұмысқа тұрады. Онда баспахана қызметінің барлық сатысынан өтіп, шыңдалды. Полиграфия саласында мамандар жетісе бермейтін кез, өткен ғасырдың 70-жылдары, басшылық жас маманды Ленинградтағы поли­гра­фиялық институтқа арнайы жолдамамен жібереді. Жыл сайын Қазақстаннан екі-ақ талапкер қабылдайды екен. Студент атанды. Оқуды бітірісімен елге оралып, механик болып орналасқан ол төрт жылдан кейін баспахананың директоры болып бекітіледі. Аудандық баспаханада 35 жыл қызмет атқарған білікті маман. Оның ішінде 31 жыл Жамбыл аудандық баспахананың ди­ректоры. 

Жоспарлағандарының бәрі де өз ретімен, өз жөнімен біртіндеп жүзеге асып келе жатқан қамсыз күндерді 90-жыл­дардағы қиыншылық алмастырған кезді де бастан өткерді. Қайнаған тірліктің қиюы қашып, нарықтың салдарынан бәрі де қысқарып жатқан тұста, аудандық баспа­хананың да сәні қашады. Жұмыссыз қалған кейбіреулер секілді қараспанды төндіріп, бүк түсіп жатып алу оған жат құбылыс-тұғын. Бірінің артынан бірі енді ержетіп келе жатқан бес баласының тағдыры үшін жауапты екенін сезіну – оны алға жетеледі. «Осындай алмағайып сәтте әкем не істер еді?» деген сауалына жауапты өз ата-ана­сының тағылымды өмір жолдарынан тапты.

«Әкем қатал, талабы күшті, балаларын көп еркелете бермейтін, мінезі салмақты, айтқанын қалт етпейтін, ісіне мығым, сөзіне берік, адал жан болды. «Өтірік ерте ме, кеш пе ашылады. Өтірік айтып, бір рет құтылғаныңмен, артынан тұтылудан артық ұят жоқ. Не бүлдірсеңдер де шындықты айтудан жалтармаңдар. Ойларыңды ашық айтыңдар. Бүгіп-жасырып қалу өзгеге емес, ең бірінші кезекте өзіңе жасалған қиянат. Нағыз азамат қашанда қиындықтан жол табады, тығырыққа төтеп береді, аумалы-төкпелі кезеңдегі ауыртпалыққа төзеді» дегенді көп айтатын» дейді бір сәт жастық шағына саяхат жасаған Ералы.
 Өзі үнемі әкесіне ұқсағысы келетін. Әкесі кеңшарда жауапты қызметтер атқар­ды. Бастапқыда есепші, кейіннен кеңшар­дың кәсіподақ ұйымын басқарды. Қай істі болсын дер мезгілінде орындағанды ұната­тын ол өзгелерден де соны талап етті. Бала­ларына да жауаптылықты, еңбекті қадір­леуді, адамның жауы – еріншектік, тоғы­шарлық екенін сіңіре білді. Отбасының әрбір мүшесінің іс-әрекетін көзден таса етпейтін әкесі сәл көңілге қоныңқыра­майтын жайтты байқап қалса, әуелі тұспалдап ескерту жасайды екен. «Әкеміз тәртіптің адамы болды, бір жерге кешіккенді ұнатпайын. Минутпен жүретін. Шақырыл­ған жерге сағаттап кешігу деген жоқ, ерте барып отыратын. Жалған сөйлеу жанына жат ол бізден де бірінші кезекте ешқашан өтірік айтпауды талап етті» деді Ералы әңгіме арасында. Осылайша,Ералының ата-анасынан ес білгеннен естігені «Ешкімнің ала жібін аттама! Өтірік айтпа! Еңбек ет! Бар қиындықтан алып шығар құдірет – тек қана адал еңбек» болды. 
 Әкесі Рысбек елге сыйлы кісі еді. Анасы Нарбүбі де ағайын арасында аса құрметті, абысын-ажынның ақылшысына айналған абзал жан-тұғын. «Әке көрген оқ жонар» деген. Ералы да сындарлы сәтте қиын­дықтан өзінше жол тапты. Шағын кәсіпті қолға алды. Алғашқыда қиналды. Қысылды. Сыр бермеді. Оңайшылықпен ешнәрсе жүзеге аса қоймайтынын білді. Жолында кездескен қиындықтарға шыдас берді. Бастаған ісін жарты жолда тастап кету әлсіздіктің белгісі дегенді жадына түйген Ералы – тынбай тірлік еткенге кедергілер де біртіндеп ысырыла беретініне көз жеткізген азамат. «Қол қусырып қарап отырғаннан құт қашады» дейтін әкесінің ақылы мен нұсқауларын бағыт-бағдарына айналдырған ол бәрінің біртіндеп реттелеріне сенді. 
 «Бәріміз үшін отағасының айтқаны заң. Отбасында бір адамның сөзіне тоқтап, бағынбаған жерде береке болмайды. Ерекең өзім білемге салып көрген емес. Отбасы мүшелерінің пікіріне құлақ асады. Тың­дай­ды. Шешім шығаруға, асығыс қорытынды жасауға асықпайды. Сарапқа салады. «Жеті өлшеп, бір рет кесетін» мінездің адамы. Ерекеңнің талабы қатал. Балаларды тым еркінсітіп жібергенді ұнатпайды. «Еркін өскен жақсы, алайда оның да шегі болады» дейді біздің Ерекең. Өзі қандай істі қолға алса да ұқыпты, дер мезгілінде атқарғанды ұнатады. Өзгелерден де соны талап етеді. Ең әуелі өз отбасынан. «Өз отбасыңа тәртіп ор­ната алмай жүріп, өзгеге ақыл айтып, ба­ғыт-бағдар берген күлкілі көрінбек. Жақ­сылығыңды ең әуелі өз айналаңа, сосын шамаң жеткенше басқаларға жасаған абзал» дегенді жиі айтатын Ерекең нені қолға алса да тиянақты, тындырымды жасайды, не айтса да орнымен, жөнімен айтады. Сондықтан біздің отбасында түйін сөзді Ерекең айтады» дейді жары Гүлзина.
 «Бақшаңызға бір түп жеміс ағашын ексеңіз де оны барынша күтіп, баптайсыз ғой. Өйткені бабы келіспеген тал жеміс бермейді. Бар еңбегіңіз зая кетуі мүмкін. Ал адамның жөні бөлек. Баланың тәрбиесімен ол жарық дүниеге келген күннен бастап аса ұқыптылықпен айналысып, барынша жауап­тылықпен қолға алмасаңыз кеш қала­сыз. Бала жақсыны да, жаманды да алыстан емес, өз отбасынан қабылдайды. Ата-анасынан көргенін істеуге тырысады. Бала үшін ең бірінші еліктейтін тұлға ата-анасы. Сондықтан әр ата-ана өз отбасында бойын тік ұстап, сөзі мен ісіне, әрбір қимылына аса сақ болғаны абзал. Үлкенді сыйлағанды, тыңдағанды, оның сөзіне құлақ асқанды балаға ес білгеннен сіңіре білген жөн. Жасы үлкен кісі бір көйлекті болса да ерте тоз­дырған емес пе? Өмірден көргені бар. Кейін­гіге сол өз түйгеніне орай кеңес бе­реді. Соны қабыл алып, құп көретін баладан айналасың» дейді отағасы Ералы әңгіме барысында.

Тұңғыштары Әнуар дүниеге келген күннен баланың денсаулығы мен оның жақсы мен жаманды ажырата алар азамат болып қалыптасуын бірінші кезектегі ең басты, маңызды мәселе ретінде санаған жұбайлар бар ықыласы мен назарын ұрпағының тәрбиесіне арнаған жандар. Бұл күндері балаларының бәрі ержетті. Бәрі де жоғары білім алды. Ендігі таңда «ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» Мәлімбетовтердің шуақ шашқан шаңырағында желкілдеп немерелері өсіп келеді. 

Отбасындағы берекелі де, мерекелі тірлік еліміздің өркендеп, өсуіне, кемелдене түсуіне өзіндік үлес деп білер Ералы мен Гүлзина балаларының әрқайсысы қара шаңырақтан түйген асыл қасиеттерді одан әрі дамытып, өз ұрпағына сіңіреріне сенімді.

Дереккөз: Айқын-Ақпарат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар