Биыл елімізде 23-ші рет өткелі отырған халықаралық қазақстандық мұнай және газ көрме-конференциясы жылдағыдай алты жүзге жуық отандық және шетелдік мұнай-газ компанияларының басын қосып, саланың даму жолдарын кәсіби тұрғыда жан-жақты талқылап, тәжірибелерімен бөліседі. Аталған көрме-конференцияға Қазақстан мұнай өнеркәсібі көшбасшыларының бірі «Теңізшевройл» кәсіпорны да қатысады. Осыған орай, кәсіпорын бас директорының орынбасары
Ә.Жакиевпен сұхбат оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
– Әнуарбек Сабанбайұлы, әлбетте көрмеге өндірістік көрсеткіші өрлеген, табысын елімен бөліскен кәсіпорын ғана қатысады. Олай болса, әңгімені «Теңізшевройлдың» бүгінгі табысынан бастасақ...
– «Теңізшевройл» өзі құрылған 1993 жылдан бастап аталған көрмеге тұрақты түрде қатысып келеді. Осыдан-ақ кәсіпорынның өндірістік көрсеткішінің ұдайы даму үстінде екендігін көруге болады. Қабылданған міндеттемелер мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары принциптеріне берік кәсіпорын өндірістің экологиялық қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңдылықтарын, өнеркәсіптік нормалар мен ережелерді, сондай-ақ халықаралық стандарттар талаптарын қатаң сақтау мәселелеріне бірінші кезекте назар аударуды жалғастыруда.
1993 жылдан бері ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей төлемдері 109 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл сома қазақстандық қызметкерлерге төленген еңбекақыны, отандық компанияларға төленген қызметтер мен тауарлар ақысын, мемлекеттік кәсіпорындарға төленген өтемақыларды, қазақстандық серіктеске төленген дивидендтерді, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылған салықтар мен роялтиді қамтиды. Ал 2015 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 5,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Кәсіпорын құрылған кезден бастап, өндірістік қуатты жетілдіруге арналған бірнеше жоба сәтті аяқталып, өз нәтижесін берді. Соның бірі де, бірегейі – 2008 жылы жүзеге асқан Шикі газ айдау және Екінші буын зауыты (ШГА/ЕБЗ) жобасы. Жоба нәтижесінде мұнай өндірудің тәуліктік қуаты шамамен 75 000 тоннаға немесе 600 000 баррельге, ал табиғи газ 22 миллион текше метрге немесе 750 миллион текше футқа жетті. Басқаны айтпағанның өзінде, тек биылғы жылдың бірінші жартысында мұнай өндіру көлемі 14,07 миллион тоннаны (112,3 миллион баррель) құрады. Өнімнің өзге түріне келетін болсақ, өткен жарты жылдықта сұйытылған газ сату көлемі 677 мың тоннаға, ал құрғақ газ сату көлемі 3,64 миллиард текше метрге жетті.
ТШО өндіретін шикі мұнай мен ілеспе газ құрамында 13 пайыз күкіртті сутек пен басқа да күкіртті қоспалар бар. Ал күкірт мұнай мен газды тазарту кезінде алынады десек, кәсіпорынның мұнай өндірісін ұдайы және тұрақты түрде арттырып келе жатқандығы тағы белгілі. Соған сай күкірт қоры да артады. Осындай үрдіс нәтижесінде, 2006 жылы Теңіздегі ашық күкірт карталарындағы қор ең жоғарғы деңгейге жетіп, 9 млн тоннадан асып кетті. Сол тұста Қазақстан Республикасы Үкіметімен арадағы келісімге сәйкес, 2017 жылға дейін күкірт қорын толықтай жоюға міндеттендік. Биыл сол міндетті орындадық. Нақтырақ айтсақ, жылдың бірінші жартысында күкірт көлемі жоспарлы мерзімнен екі жыл бұрын толығымен тазартылды. Яғни, кәсіпорынның жоғары сапалы күкірті сұйық, кесек, қиыршық түрінде әлемнің көптеген еліндегі сатып алушыларға, оның ішінде Қазақстанға, Ресей, Украина және Қытайға, сонымен бірге Жерорта теңізі бассейні мен Атлант мұхиты жағалауы елдеріне өткізілді.
– Көрме қонақтарын ел экономикасына сүбелі үлес қосып отырған кәсіпорын табысының қуантары сөзсіз. Әйтсе де, көпшілікті кәсіпорын жобаларындағы қазақстандық қамту жайы, қамтушылар мен қызмет көрсетушілер үлесі көбірек қызықтырары сөзсіз...
– Дұрыс-ақ. Бұл бағыттағы жұмыс та жеміссіз емес. Нақты дерекке сүйенсек, 1993 жылдан бері қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 17,9 млрд АҚШ доллары жұмсалды. Тек соңғы үш жылда ТШО-ның тауарларды сатып алу шығындары бес есе ұлғайды. Қазір компания Теңіз кен орнын игерудің күрделі шарттарына сай келетін жоғары сапалы тауарларды сатып алу көлемін арттыру әдістерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
– Әнуарбек Сабанбайұлы, cіздің әңгімеңізден кәсіпорынның қазақстандық қамтуға ерекше мән беріп, сол бағытта ауқымды жұмыс атқарып отырғандығын көріп отырмыз. Әңгімені цифр тілімен бекіте түссеңіз.
– Әр жыл сайын ТШО өзі пайдаланатын қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлес салмағын арттыра түсуде. 2002 жылы кәсіпорынның отандық өнім шығарушылардан сатып алған тауарлары мен қызметтерінің құны 415 миллион АҚШ долларын құраған болса, 2014 жылы ТШО қазақстандық тауарлар мен қызметтер үшін 2,4 миллиард АҚШ долларын жұмсады. Егер пайыздық арақатынаста айтсақ, 2002 жылы қазақстандық өнім шығарушылар үлесі тауарлар мен қызметтер бойынша жалпы шығынның 37 пайызын құрады. Арада өткен он үш жылда қазақстандық қамту үлесі айтарлықтай өсті. Қазіргі уақытта жалпы көрсетілетін қызметтің 50 пайызын және барлық сатып алынатын тауардың 5 пайызын қазақстандық жабдықтаушылар қамтамасыз етіп отыр. Барлық тауарларды сатып алу сомасы жалпы тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын қаражаттың 16 пайызын құрайды. Сайып келгенде, ТШО қазақстандық қамтушылар қызметінің тұтынушысы болып табылады және осы тенденция алдағы уақытта да сақталады деп күтілуде. Осынау міндет биігінен көріну үшін, өткен жылы ТШО басшылығы Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Маңғыстау облыстарында болып, 30-дан аса жергілікті компанияның өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.
– Жергілікті қауымдастықты Келешек кеңею ұңғы ернеуіндегі қысымды бақылау (ККЖ-ҰЕҚБЖ) жобасының көбірек қызықтыратыны сөзсіз. Осы ретте аталған жоба қазақстандық кадрларды, тауарлар мен қызметтерді кең ауқымда пайдалануға мүмкіндік береді дегенді жиі естиміз...
– Бір ғана мысал келтірейін, 2014 жылы өткен жылғы қазақстандық тауарлар мен қызметтерге жұмсалған 2,4 миллиардтан астам АҚШ долларының шамамен 321 миллионы (АҚШ доллары) ККЖ-ҰЕҚБЖ еншісіне тиді. Кәсіпорында жоба бойынша қазақстандық кадрларды, тауарлар мен қызметтерді жұмылдыруға бағытталған мүмкіндіктерді анықтап, дамыту үшін қазақстандық қамту тобы құрылды. Айта кету керек, кәсіпорын, ең алдымен, халықаралық стандарттарға сай, мұнай-газ нарығындағы импорттық тауарлар мен қызметтерді алмастыруға әлеуетті жергілікті тауарлар мен қызметтер бойынша мүмкіндіктер қалыптастыруға мүдделі. Аталған жоба бойынша инженерлік-техникалық жобалаудың бастапқы жұмыстары үшін қазақстандық компаниялар жұмылдырылды. Эскиздік жобалау мердігері ретінде құрамына КИНГ және КГНТ кіретін «Kazakhstan Project Joint Venture Ltd.» («КейПиДжейВи») компаниясы құрылды. «КазГипроНефтеТранс» (КГНТ) мекемесі эскиздік жобалау және қазақстандық әлеуетті дамыту бойынша мердігер деп танылды. Модуль жасау саласында да ұлттық қуаттарды дамытуға мән берудеміз. Қазақстандық қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттыру, сондай-ақ Қазақстанда өндірілген жабдықтар көлемін барынша көбейту күн тәртібінен түспек емес.
– Әдетте қандай жоба болмасын, жергілікті қауымдастықты жаңа жұмыс орындарының ашылуымен үміттендіреді. Олай болса, Келешек кеңею жобасына қатысты қанша жұмыс орны ашылады деп күтілуде?
– ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасына жергілікті мамандарды барынша көбірек тарту мақсатымен Қазақстан Республикасының еңбек нарығына зерттеу жүргіздік. Жалпы, жоба шеңберінде құрылыс кезінде мыңдаған жұмыс орындары сұранысқа ие болса, құрылыстың шарықтаған кезінде оның саны 20 000-нан асады деп күтілуде. Кейін жаңа нысандарды пайдалану үшін шамамен 800-дей жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Бірқатар салалар бойынша, атап айтқанда, жобаны басқару, жобалау, модуль жасау және құрылыс салаларына қажетті мамандар даярланады. Кәсіби құрылысшы дағдысын беру үшін арнайы оқыту ұйымдастырылады, ол халықаралық стандарттарға сәйкес жүреді. Ал көптеген жұмыс күшіне уақытша қажеттіліктің туындауына байланысты мердігер ұйымдар жұмылдырылатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет! Көрмеге келушілер «Теңізшевройл» павильонынан қазақстандық қамтуға қатысты сұрақтарға толық жауап алады деген сенімдеміз.
Дереккөз: "Түркістан" газеті
Пікір қалдыру