Корпоративтік құлдыраулар күшейе түсті

/uploads/thumbnail/20170708200425893_small.jpg

Дамушы елдерді дефолт толқындары басып қалуы мүмкін

Жуықта Халықаралық валюта қорының кезекті баяндамасы жарияланғаны мәлім. Онда дамушы елдерге қатысты бірқатар ескертулер жасалынған. Соның бірі дамушы елдерді алдағы уақытта болуы мүмкін дефолт толқындарынан сақтандыру мәселесі. Баяндамада мұндай елдерді дефолтқа ұшырау қатері күтіп тұрғандығы айтылған.

Қор сарапшылары ставканың өсуінен кейін компаниялардың борыш міндеттемелерін өтеу жө­ніндегі шығындарының да артуы тиіс екендігін тілге тиек етеді. Ал міндеттемелерді өтеуге барлық компаниялар дайын болмай шығуы әбден мүмкін.

«Бразилиядағы қант өндіруші кәсіпорындардан бастап, Ресей­дің өткізгіш құбырларын шы­ғарушы компанияларына дейін осы уақытқа дейін сырттан арзан несиелерді доллармен алып келгендігі белгілі. Міне, осының есебінен 2004 жылдан бергі дамушы елдердегі корпоративтік борыш шығындарының көлемі 4 триллион доллардан асқан жоқ еді. Ал өткен жылда бұл көр­сеткіш 18 триллион долларға дейін шарықтап шыға келді. Бұл қарыздардың үлкен бөлігі Қы­тайдың үлесіне тиеді.

Міне, осындай жағдайда аме­рикалық валюта құнының өсуі және сонымен қатар, оның ставкасының шарықтауы көп­теген компанияларды борыштарды өтеуде дәрменсіз етіп отыр. Қазіргі уақытта мұндай компанияларды дефолтқа ұшыраудан олардың қолында жинақталып қалған резервтік қорлар ғана құтқарып қалуда. Бірақ мұндай қорлардың көп уақыт өтпей-ақ таусылып бітетіндігі анық. Ал әзірге доллардың әлсірейтін түрі жоқ», деп атап көрсетеді қор сарапшылары.

Осы жағдайға байланысты Халық­аралық валюта қоры дамушы елдердің басшыларына өте сақ болуды ескертеді. Сонымен қатар, ел үшін маңызды компанияларды мұндай қарыздардан құтқарудың жоспарларын әзірлеуге кеңес беріпті.

Сарапшылар сонымен қатар, дамыған елдердің өздерін де дефолт қатерлері күтіп тұрғандығын айтады. Мәселен, сарапшылар қойыл­ған сауалдарға жауап беру кезінде АҚШ-тың өзінде кор­пора­тивтік дефолттардың артуы әбден мүмкін екендігін айтқан. Олар негізі­нен алғанда мұндай жағдайға энер­ге­тикалық секторда жұмыс істеуші ком­паниялар тап болады деп есептейді.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тағы корпоративтік компания­лар алдағы бес жылдың ішінде 4 триллион доллардың борыш­тарын өтеуі тиіс. Бұл жағдай олардың қа­лыпты жағдайда жұмыс істеуіне үлкен сынақ болып табылады. Өйт­кені, таяудағы жылдар ішінде па­йыздық став­калардың тұрақты түрде өсуі борыштар құнын да қым­бат­татып отыр. Оның үстіне Фе­дералдық резервтер жүйесі өзінің мо­нетарлық саясатын қатайта түсуде. Мұ­ның өзі осыған дейінгі уақыттарда арзан қаражаттарға ие болып келген ком­паниялар ендігі кезекте басқаша жағдайға тап болады, неғұрлым қатаң шындықпен бетпе-бет келеді деген сөз.

Standard & Poor’s деректері бойынша, 2012-2014 жылдар ара­лығында ставкалардың одан әрі көтерілетіндігін күткен амери­ка­лық корпорациялар арзан несие қаражаттарын тартудан сақтанып, осындай құбылыспен күреске түс­кен болатын. Аталған кезең ара­лығында компаниялар әр жыл сайын өздерінің міндеттемелерін қайта қаржыландырып отырған. Сөйтіп, 1 триллион доллардан ас­там міндеттеме сомасы қайта қар­жыландырылған.

Енді несие беру шарттарының неғұрлым қатайтылуы осыған дейінгі арзан несиелердің қы­зығын шыжыққа айналдыруы мүмкін. Өйт­кені, пайыздық ставкалар өс­кен сайын инвесторлар осыған дейінгі арзан қар­жыландырудың ке­лесі бетіне үңіле бастайды. Яғни, не­ғұрлым қатаң жағдайға тап болады. Осыған орай сарапшылар енді біраз уақыттан кейін, әсіресе, елдің энергетикалық секторындағы компаниялар бірінен кейін бірі дефолтқа ұшырағандықтарын хабарлай бастайды деп есептейді. Бүкіл әлем бойынша шикізат активтері бағасының құлдырауы осындай қатердің екпінін үдете түсетін болады.

Көптеген сарапшылар, экономис­тер, компаниялардың басшылары, трейдерлер биылғы жылдың өзінде Федералдық резервтер жүйесінің пайыздық став­каларының көтерілуін күтіп отыр. Олардың бірқатарының болжауы бойынша федералдық резервтер жүйесінің пайыздық ставкалары үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өсетін болса, ал енді бірқа­тары оны осы қа­зан айының ішінде өтетін атал­ған жүйенің кезекті оты­ры­сында өсіру жөнінде шешім қа­былданады деп есептейді.

Bank of America Merrill Lynch стратегі Ханс Миккельсен борыш рыногында жағдайдың нашарлай түсетіндігін айтады. «Федералдық резервтер жүйесінің монетарлық саясатының қатайтылуынан кейін борыш рыногындағы жағдай неғұрлым ауырлай береді деп есептеуге барлық негіздер бар», дейді ол.

Болашақтың бұлайша бұлың­ғырлануы көптеген сарапшыларды ғана емес, компаниялар бас­шы­ларын да қатты мазасыз­дан­ды­рып отыр. Шектен тыс арта түс­кен корпоративтік қа­рыздар кө­лемі қазірдің өзінде америкалық ком­паниялардың қаржы жағдайына әсер ете бас­таған секілді. Мұны әр­түрлі деректерден байқауға болады. Мәселен, осы уақытқа дейін жә­не қазірдің өзінде неғұрлым жо­­ғарғы инвестициялық рейтинг көрсетіп келе жатқан АҚШ ком­панияларындағы қарыздар жүктемесі олардың соңғы 12 айдағы кіріс көр­сет­кіштерінен 2,62 есе асып түскен. Bank of America Merrill Lynch стратегі Ханс Миккельсен АҚШ-тың корпоративтік секторындағы мұндай көрсеткіш 2002 жылдан бергі уақытта неғұрлым жоғары шекті мәнге дейін жетті деп есептейді.

Moody’S&P агенттігінің болжауы бойынша да таяудағы жылдардың ішінде пайыздық ставкалар көлемінің ұдайы өсе түсуіне байланысты аме­­рикалық компаниялар ішінде де­фолтқа түсушілер саны да арта бермек. Осы агенттіктердің сарапшылары 2016 жылдың маусымына төменгі инвестициялық рейтингке ие болушы АҚШ компанияларының қатары 2013 жылдың жағдайымен салыстырғанда 2 есе көбейе түседі деп болжам айтуда.

Агенттіктің сарапшысы Билл Вульф осындай пікірде екен­дігін білдіреді. «Көптеген ком­па­ния­лардың борыш міндет­темелерінің несиелік өтеу сапасы соңғы 3 жылдың ішінде үне­мі нашарлау үстінде болды. Себебі, алыпсатарлық рейтингке ие болған, яғни жалған жолмен жағдайын жақсы етіп көрсеткен көптеген компаниялар осыған дейінгі борыш рыногындағы қолайлы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып қалуға тырысты. Осының есебінен рынокта алған қарыздарын өтеу қабілеті төмен компаниялар көбейіп кетті. Осының салдарын енді тартатын боламыз. Рынокта қарызын өтей алмайтындар, сөйтіп, дефолтқа түсушілер ағымы барған сайын белең алып кете ме деген қаупім бар», дейді ол.

Дағдарысқа душар болған Glencore ғана емес

Әлемдегі аса ірі шикізат трейдерлерінің бірі Glencore компаниясының қазіргі жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Тіпті, бұл компания аса қиын жағдайға тап болып отыр деп айтуға да болады. Компанияның ішкі жағдайымен таныс емес адамдар үшін бұл мүлдем күтілмеген жағдай.

Алайда, Glencore жағдайын сөз еткен сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайға тап болып отырған немесе алдағы уақытта тап болатын тек қана осы компания емес. Glencore тап болған жағ­дайдың құбылыстық сипаты бар.

Еске сала кетейік. Соңғы уа­қыт­тары жиі әңгіме болып жүр­ген борыш дағдарысына Glencore алдыңғылардың бірі болып іліккен болатын. Осы жағ­дайға байланысты қазір оның мойнында 31 миллиард доллар­дың берешек қарызы тұр. Ком­панияның акциялары мен обли­гацияларының құны да уақыт өткен сайын құлдырай түсуде. Болашақта оның алдында не күтіп тұрғандығын ешкім тап ба­­сып айта алмайды. Компания құ­рып кететін болады деген пікір біл­дірушілер де аз емес.

Сарапшылар Glencore басын­дағы қазіргі жағдайды жүйелік дағдарыстың белгісі деп есеп­тейді. Glencore акция­ларымен облигацияларының айналасында туындаған үрей қаупі қазіргі күні шикізат сек­торында жұмыс істейтін бас­қа компанияларға да тарай бастаған секілді. Мәселен, азия­лық Glencore деген екін­ші атауға ие болған Noble Group компаниясы жуықта ғана бір күннің ішінде өзінің бағалы қағаздар құнының 10 пайыздан астам құлдырауын бастан кешті. Енді осындай жағдайға Trafigura компаниясы да тап болды. Айта ке­тейік, бұл жекеменшік компания болып табылады. Оның акциялары биржаларда саудаланбайды. Алайда, өзінің көлемі жағынан алғанда ол Vitol мен Glencore-ден кейін әлемде үшінші орын алады. Бұл компания өткен жылы 127,6 миллиард доллардың кірісін қаратқан болатын. Ал активтерінің құны 39 миллиард долларға бағаланды. Ал айналым қаржысы жағынан алғанда, тіпті, Glencore-ның өзі­мен теңесті.

Міне, осы компанияның қар­жы жағдайы ауыр екендігін соңғы есептер көрсетіп берді. Компанияның ұзақ мерзімдік қа­рызы 6,2 миллиард долларға бағаланғанда қазіргі ағымдық қарыздары 15,6 миллиард дол­ларға жетіпті. Сөйтіп, бұл ком­панияның мойнында 21,9 мил­лиард доллардың борыш жүктемесі бар екендігі анық­талды.

Қысқасын айтқанда, са­рап­шылар осы уақытқа дейін ескертіп келген ши­кізат секторындағы борыш дағдарысы қазіргі мұ­най, металл және басқа да ши­кізат құнының төмендеуі жағдайымен қабаттаса отырып басталып та кеткен секілді. Жоғарыда аттары аталған аса ірі шикізат трей­дерлері тап болып отырған қазіргі жағдай соның айқын бір көрінісі болып табылады.

Goldman Sachs АҚШ қор нарығы бойынша болжамын төмендетті

Goldman Sachs талдаушылары әлемдегі аса ірі 500 компанияның кіріс көрсеткіштерін және олардың акцияларына келетін пайда көрсеткіші жөніндегі өздерінің бұрынғы болжамдарын қайта қарап, оны төмендете түсті.

Олардың жаңа болжамдары бойынша, енді S&P 500 индексі (әлемдегі аса ірі 500 компания индексі, Эс энд Пи 500 индекс) 2015 жылдың қорытындысында 2 100 пунктке емес, 2 000 пунктке жететін болады.

Goldman Sachs АҚШ қор рыногы бойынша бас стратегі Дэвид Костин болжамның төмен­деуіне АҚШ пен Қытайдағы экономикалық өсімнің әлсіздігі, сонымен қатар, мұнай баға­сының неғұрлым төмендеуі әсер еткен­дігін айтады.

Біз S&P 500 баға деңгейінің және пайда көлемінің бол­жамдық көр­сеткіштерін тө­мен­детуді шештік. Бұған ен­дігі уақытта АҚШ пен Қы­тай­дың экономикалық өсі­мінің баяу­лағандығын, сонымен қа­тар, мұнай бағасының тө­мен­дегендігін ескере отырып жа­салған біздің жаңа мо­деліміздегі өзгерістер әсер етті. Біз компаниялар акциялар пайдасын бір акцияға 109 дол­ларға дейін, яғни 4 пайызға тө­мендеттік. Ал әлемдегі 500 ірі компанияның пайдасы 2 000 пунктке дейін, яғни 5 пайызға төмендетілді.

Біздің болжамымыз бойынша, 2016 жылы АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің өсім қарқыны 2,4 пайыздық көрсеткішті көрсе­тетін болады. Ал бүкіл әлем бойынша өсім көрсеткіші 3,7 пайыз­ды құрайды. Бұлар біздің бұрынғы бағалауымыздан тиісін­ше, 2,8 пайыз және 4,3 пайыз төмен. Қытай экономикасының қазіргі қарқыны да бұрынғы бол­жанғандағыдан төмен болып отыр. Біздің модель бойынша Қытай ішкі жалпы өнімінің өсімі ресми хабарланғандағыдан 100 базистік пунктке төмендейді», деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, аталған сарапшы өздерінің АҚШ Федералдық резервтер жүйесі үстіміздегі жыл­дың желтоқсан айында моне­тар­лық саясатын бұрынғыға қар­а­­ғанда қатайтады деп күтіп отыр­ғандықтарын айтты.

Мұның алдында осындай бол­жамдарды бірқатар ірі банктер жасаған болатын. Енді оған Goldman Sachs-та қосылып отыр.

Енді жеке адам да банкрот бола алады

 

Ресейде жеке адамның банкроттығы туралы заң күшіне енді. Осы заң бойынша енді банкке несиесі жөнінде есеп айырысуға мүмкіндігі жоқ әрбір адам өзін банкрот деп жариялау арқылы бұл борыштарынан заң жүзінде құтыла алады. Бұл заң 1 қазаннан бастап күшіне енді.

Осындай мәртебеге ие болу үшін Ресей азаматының сот алдында өзінің алған несиесін қайтаруға мүмкіндігі жоқ екендігін дәлелдеуі керек.

Ресейде бұған дейін бан­крот­тыққа тек үлкен заңды тұл­ғалар ғана жатқызылып келген болатын. Бұл туралы заңдылықтар енді жеке адамдарды да қамтып отыр.

Анығын айтқанда, қарызының көлемі 50 мың рубльден, ал қарыз төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен адам бұдан былайғы уа­қыттары сотқа өзінің банкрот екен­дігін жариялау туралы өтініш бере алады. Сондай-ақ, мұндай өтінішті оған несие беруші банк немесе басқа да қарыз иелері жасай алады. Мұнан кейін сот қаржы басқарушысын тағайындайды. Осы басқарушысының қатысуымен қарыз беруші мен борышкер қарызды 3 жылдың ішінде қайта құрылымдау жөнінде келісімге келеді. Мұндай келісімге қол жеткізілмеген жағдайда борышкер банкрот деп табылып, оның мүліктері сатуға шығарылады.

Борышкер банкрот деп та­был­ған жағдайда сот тағайындаған қар­жы басқарушысы оның мүліктеріне иелік етуге барлық құқықтарды алады. Сатылған мү­ліктердің есебінен қарыз беру­шінің қарызы мүмкіндігінше өте­леді. Өтелмеген қарызға кешірім жа­салады.

Ресей орталық банкі төр­аға­сы­ның орынбасары Василий Поз­­дышевтің айтуынша, алдағы уа­қытта бұл елде 400-500 мың адам осы заң аясына түсуі әбден мүм­кін.

«Жаңа заң кез келген азаматтың берешектерін реттеу үшін нақ­ты тетіктерді қарастырады. Бан­кроттыққа жатқызу арқылы ол ақыр аяғында өзінің бұрынғы қарыздарынан құтылып шығады. Заң қарыз берушінің де, сонымен қатар, борышкердің де мүддесін теңдей жағдайда қорғайтын болады», дейді ол.

Қарыздар тарихы ұлттық бюросының есептеуі бойынша, осы заң аясына түсу әлеуеті бар адамдар саны 2015 жылдың басынан бері 1,5 есе өсіп, қазіргі күні 460 мыңға жетіп отыр. Бюроның мәлімдеуінше, қазіргі күні қарызының көлемі 500 мың рубльден, оны өтеу мерзімінің кешіктірілуі 90 күннен асқан нақ осыншама адамдар бар.

Германия миграциялық заңдылықтарды күшейте түспек

Германия үкіметі миграциялық заңдылықтарға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Соның ішінде бас­пана алу тәртібін қатайту, босқындардың кейбір санаттарына бөлінетін жәрдемақыларды қысқарту, босқындар келіп жатқан кейбір елдерді қауіпсіз елдер қатарына қосу жөніндегі ұсыныстарға қолдау білдірген. Босқындар келетін қауіпсіз елдер қатарына енді Албания, Косово, Черногория елдері де кірген.

Мұның сыртында елге келу мерзімі аяқталған шетелдіктерді ұстап алып, оларды елден шы­ғарып тастау ісі бұрынғыдай кең көңілді жеңіл жағдайда емес, енді аяқ астынан, күтпеген жерден туындауы мүмкін.

Германияның мұндай жағ­дайға баруының себептері бар­шылық. Сырттан келіп жатқан мигранттар ағымының күшеюіне байланысты федералдық жерлер, коммуналар және қалалардың мүмкіндіктері тө­мендеді, тіпті, тау­сылды деп есеп­теледі. Бос­қындарды қа­был­дау орта­лықтарында да ки­кілжіңді, жанжалды жағдайлар жиі орын алып жатыр. Мәселен, Кас­селде өткен жексенбі күні та­­мақ тарату кезінде жаппай тө­бе­лес орын алған. Бұл оқиғадан 14 адам, соның ішінде 3 полицей зар­дап шеккен.

«Мұнда 6 мың адамды орналастыру үшін орын жоқ. Ал келушілер қатары одан да көп. Сондықтан мен өзіме берілетін тамақты дұрыс ала алмаймын. Өйткені, кезекте тұрудың өзі мүм­­кін емес. Әрдайым жанжал ту­ын­­дап жатады», дейді босқын­дардың бірі.

Егер жаңа заңды парламент мақұлдайтын болса, онда осы заң аясында федералдық жерлерге қаржы көмегі көрсетілетін болады. Әрбір босқынға оны тіркеген сәттен бастап мәселесін үкімет қа­рап, шешім қабылданғанға дейін айына 670 еуро бөлінетін болады.

Өткен қыркүйек айында Гер­­мания үкіметі үстіміздегі жыл­­­дың қорытындысы бойынша мұнда бос­қын мәртебесін алу­ға келген 800 мың адам орналас­ты­­ры­ла­тындығын мәлімдеген болатын.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар