Экономиканың кілті – көлік пен логистика

/uploads/thumbnail/20170708200426503_small.jpg

Қазіргі кезде Жетісу өңірінде 539 шақырым жол жаңа технологияға сай жаңартылып жатыр. Алматы-Талдықорған арасындағы 235 шақырым, Алматы-Қорғас бағытындағы 304 шақырым жол тапсырмаға сәйкес жөнделіп бітеді. Бұл туралы Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевтің Алматы облысына сапары кезінде мәлім болды.

Жетісу өңіріне арнайы жұмыс бабындағы сапармен келген министр Алматы-Қапшағай автожолы құрылысымен танысып, ондағы қызу тірлікті көзбен көрді. Дәп осы автожол халықаралық маңызға ие. Сондықтан да оның құрылысының сапалы болуын мұқият қадағалайды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аймақтағы жол құрылысының жай-жапсарымен таныстырып, халықаралық, республикалық маңызы бар күрежолдағы жөндеу жұмысын тілге тиек етті. 
10 мыңға тарта құрылыс техникасын пайдаланып, 27 мыңнан астам адам жол жөндеуде. Жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдың 90 пайызы отандық өнім. Мұның өзі еліміздің индустриясына оң ықпалын тигізеді деп күтілген. Министрдің сөзіне сенсек, біз болашақта туризмі түлеген, түрленген, экономикасы қарыштап дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан табыламыз. Оған салынып жатқан жол мен инновациялық-индустриалдық бағыттағы игі іс себепкер болады. Мәселен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүріп жатқан аталған жол құрылысы сәтті аяқталса, біз Қытай мен Еуропа арасындағы көліктік дәліздің бір бөлігіне айналады екенбіз. Әсет Исекешев «Сапалы жол арқылы экономиканың күретамырына қан жүгіреді. Жаңа кәсіпорын, логистикалық орталық бой көтереді. Туризм жандана түседі. Бір сөзбен айтқанда, осы жұмыстың барлығы ел игілігі үшін қызмет етеді», – деді өз сөзінде. 
Осыдан кейін министр бастаған, әкім қостаған ресми топ Іле ауданындағы бірнеше мекемеге бас сұқты. Ең әуелі, «Алматы желдеткіш зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы жұмыстың хал-ахуалымен танысты. Аталмыш зауыт «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 2012 жылы іске қосылған. Жұмыс істеп келе жатқанына небәрі 3 жыл болса да, жобалық қуаты 40880 бірлікті құрап отыр. Зауыт неміс және жапон құрылғысымен қамтамасыз етілген. Онда 125 адам жұмыс істейді. Өндіріс орны қазіргі таңда оңтүстіккореялық LG Electronics компаниясымен бірлесе отырып, жаңа желдеткіш жүйесін шығара бастаған. Екі тараптың қоян-қолтық жұмыс істеуінің нәтижесінде өндіріс аумағы кеңейіп, экспорт көлемі де молая түскен. Жалпы өндіріс қызметінің негізгі бағыты – ғылыми өндірістік, яғни климаттық құрылғыны дайындау, оны шығару және сату. Министр инновациялық дамудың белгісі бар, осы сияқты тағы бір нысанға барды. Ол – Астана күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұсауын кескен алюминий профилін шығаратын зауыт. Жобалық қуаты – 7200 тонна, инвестиция көлемі – 3 миллион теңгеден асатын зауытта заманауи цех жұмыс істейді. Жұмыс барысымен танысқан министр істеліп жатқан шаруаға жоғары баға берді. Оның сөзінше, республикадағы әр аймақ өзінің даму бағытын айқындап алуы керек. Өйткені, бюджеттің қысқарып, шикізат құны құлдырап жатқан жағдайда дамудың әр қадамын тиімді етуге тырысқан абзал. Шетел инвестициясына салынған алюминий профилін шығаратын зауыт 12 мың тоннаға дейін өнім шығарады, болашақта бұл өндіріс орны 500 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы болмақ. Әсет Өрентайұлының айтуынша, Елбасы сала жауаптыларының алдына алюминийді терең өңдеуді ұлғайту міндетін қойған. Сол себепті де ол тұрғыдағы жобаға аса мән берілетінін айтты министр. «2020 жылға дейін жылына 400 мың тонна алюминий шығаратын болсақ, оның 250 мың тоннасы терең өңдеуден өткізіледі. Соның ішінде Алматы қаласы мен облысының үлесі де қомақты», – деді ол. Осы сапарда Алматы облысы мен Инвестиция және даму министрлігінің арасында жасалған екіжақты меморандум экономикалық ахуалды жақсартудың оң қадамын жасауға мұрындық болады. 
Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев Алматы облысының ежелден аграрлы салаға негізделгені белгілі. Демек, өнімді өндіріп қана қоймай, оны өңдеу басты бағыттың бірі болуы қажет. Одан кейінгі маңызды бағыт – көлік және логистика саласы. Елбасы өзінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам. Баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекет» бағдарламасында атап көрсеткендей, көлік пен логистика экономиканың өркендеуіне тікелей ықпал етеді. Қажет десеңіз, шикізат пен өзге де тауардың бағасы осы салаға тікелей байланысты. Сол сияқты, туризм де болашағы зор, пайдалы сала. Сондықтан өңдеу өнеркәсібімен қатар қызмет көрсету индустриясына да үлкен көңіл бөлу керек. Осының бәрі болашақта облыс экономикасын өркендететін сала болмақ» – деді.
Министр Алматы-Алакөл бағытында пойыздың жүруін туризмнің дамуына қосылған үлес деп, өңірдегі өркенді іске көңілі толып қайтты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов экономикалық дағдарысқа қарамастан, кәсіпорынның барлығының жұмыс істеп тұрғанын, өнімін өткізіп өз жұмысын сәтті атқарып жатқанын айтты. Амандық Ғаббасұлы «Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі ең басты транзиттік дәліз Алматы облысының аумағымен өтеді. Алдағы уақытта осы жолдың бойында көптеген кәсіпорын пайда болады. Қазірдің өзінде алғышарты бар. Демек жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнес өркен жаяды. Мәртебелі қонағымыз айтқандай, ауыл шаруашылығы саласы өлкеміздің басты саласы болып қала береді. «Қорғас» құрғақ айлағының салынуы бұл тараптағы шаруаның бір бөлігі ғана», – деді.
Әкім айтқан «Қорғас» құрғақ айлағы – бір жағынан көршілес Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты нығайтатын болса, екінші жағынан туризмнің табысын молайтады. 

Дереккөз: "Жас Қазақ" газеті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар