- Мұхтар аға, қазақ ұлтының тарихтағы демографиялық саясаты туралы азкем сөз қозғасаңыз?
- Көптік – ырыс екенін, елдің баянды тіршілігінің кепілі екендігін ата қазақ тым жақсы білген. Соған орай, өзі қатарлас ешбір халықта болмаған аса ұтымды демографиялық саясат қалыптастырған. Бірнеше қатын алу, қыздың – некесіз, жесірдің – байсыз қалмауы, көп балалы шаңыраққа ұмтылу – ішкі мүмкіндікті сарқа пайдаланудың көрінісі. Бұдан басқа, төтенше амалдар да әдет-ғұрыпқа енген. Атап айтқанда, жорық, соғыс күндерінде жат жұрттан қыз, келіншек – жас әйелдерді көптеп әкелумен қатар, ес біле қоймаған кішкентай балаларды олжалау және алаламай, туған ұл ретінде өсіріп бағу, тиесілі еншісін беріп, тең қатарға жеткізу дәстүрі кеңінен етек алған. Сонымен қоса, шабындыдан келген, ауыл-үй ішінде күнделікті шаруа, мал бағуға жегілген қайратты жігіттер де мәңгі-бақи құл болып қалмаған, белгілі бір уақытта үй тігіп, отау көтеріп, қатарға қосылған, одан туған балалар рудың толық дәрежелі мүшесі саналған. Ендігі бір өнімді тәсіл – жеңілген жұрттың жекелеген шаңырағын ғана емес, тұтас ауылдарын көшіріп әкеліп, біржола сіңіру. Немесе арғы беттегі дұшпаннан күшпен ығысып, пана сұрай келген топтар тұтас рулар. Арада екі-үш ата өтпей-ақ бұлардың бәрі де қатардағы қазаққа байналып, белгілі үлкен бір рудың құрамына еніп отырған. Ресей бодандығына өткеннен соңғы жерде патша қысымынан қашқан, әртүрлі тағдыр жетелеп әкелген, арғы тегі туыс қаншама жан қазақ арасына орнығып, өзінің ғана емес, болашақ ұрпақтарының да тағдырын қазақтандырған. Қайран қазақ, дарқан қазақ, кең қазақ бәрін де риясыз қабылдап, өзіне сіңіріп ала берген. Соның арқасында көбейіп қана қоймаған, генетикалық қорын да байыта түскен. Өстіп әлденеше ғасыр қазақ байдың көл-дариясына сан салалы бұлақтар тараптан келіп қосылып жатқан.
- Ал советтік қыспақ заманында бұл үрдіс қаншалықты өз жалғасын тапты?
- ХХ ғасыр, советтік қыспақ заманында ата қазақ тәубасынан жаңылды. Бөтенді баурамақ түгілі, өзінің барынан айрыла бастады. Бұрын бір пұшпағы ғана Қытайға кетсе, енді Ресей шегіндегі ағайынның өзі бірнеше Республикаға бөлінді. Қазақ атымен қалған елдің өзі ту-талақай болып, халқының жарымынан астамы аштан қырылып, тағы біразы шет жұрттарға бас сауғалап, ортасынан ойылып, тақаудағы жүз жылда оңалмас ауыр апатқа ұшырады. Әйтеуір, орнында бар оңалар дегендей, ілдалдалап ес жиып, қайтадан өсіп-өніп, күнкөрістік, шүкірге тақау жағдайға жеткен екен. Ақыры қайыр болып, тәңірінің сыйы тәуелсіздік келіпті. Енді, шын мәнісіндегі іргелі ел болу үшін қайтадан құралу керек еді. Бүтін халқыңыздың үштен бірі жаңа ғана ту көтерген атаулы мемлекетіңіздің шегінен тысқары жатыр. Бұл жағдай тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақ зиялыларының көкейінде, тіпті, өкіметіңіздің өзінің назарында тұрды. Өзінің бас ордасында басым көпшілікке айналу – ұлтымыз үшін өмірлік мәні бірінші кезекте тұрған, ең маңызды мәселе болатын.
- Жалпы, әлемді тітіреткен «Кеңес өкіметі» өзінің «сүйікті» халқы қазаққа не берді?
- Советтік билік жылдарында қазақ әуелі аштық апатына ұшырады, содан соң туған жерінен тобымен қоныс аударуға, жат жұртта бой жасыруға мәжбүр болды, атылды, айдалды, алты аласы жоқ жиһан соғысына тоғытылып, алғы шепте тағы да қырылды, аз-маз тыныштық орнаған заманның өзінде жоқшылық жеңіп, ауру-сырқау жайлап, табиғи өсімнің өзі шектелді, осының бәрі аз болғандай, бас көтертпей, біржола отарлау үшін жетпіс жыл бойы қазақ жеріне славян нәсілді жұртты жүз мыңдап қоныс аудартып, ақыры әлденеше миллионға жеткізіп, оларға барлық жағдай жасалды, бұған қосымша, империяның еуропалық батыс бөлігін өктем ұлттың мәңгілік иелігіне айналдыру үшін мұсылман текті қаншама халық түп-тамырымен қопара көшіріліп, тағы да қазақ қонысына шашылды – нәтижесінде 1959 жылғы Бүкілодақтық санақта қазақтар өздерінің мың жылдық ата қонысы Қазақстан шегіндегі халықтың небәрі 29 пайызы, яғни үштен біріне де жетпей қалды. Сөйтіп қазақ өз елінде сан жағынан ғана емес, адамдық құқық, кісілік есеп тұрғысынан алғанның өзінде екінші емес, үшінші де емес, ең төменгі нәсіл – бесінші, алтыншы сұрыптағы, ең құнсыз халыққа айналды. Құнсыздығымыз соншалық, ұлттық қасиеттен айыру, отарлау саясаты жоғарғы, советтік, партиялық билік тұрғысынан айрықша арсыздықпен, ашықтан-ашық жүргізілді, ал бейресми жағдайда, күнделікті тұрмыста, қазақтың кемшін екендігі, қор, сорлы, ешқандай құқықсыз екендігі өктем, жаулаушы жұрт тарабынан аяқ аттаған сайын көзге шұқып, нұқып көрсетіліп отырды. Түбегейлі жеңіске жеткен өктем халық өкілдері, тіпті, басқа, түгелге жуық орыс жайлаған қалаларды айтпағанда, астана Алматының өзінде қазақтардың көшеде, қоғамдық көліктерде өз тілінде сөйлеуіне тыйым салуға тырысатын болды. Барлық келімсек атаулы күнделікті өмірдің барлық саласында қазақ текті нышандарды тапау, қазақ намысын қорлауды әдепкі қағидаға айналдырды. Және қит етсе, қазақтың аздығын бетіне басатын. Сондықтан да аз-маз намысы бар, ұрпағының қамын ойлаған, болашақ тіршіліктен үмітті қазақ атаулы туған халқымыздың өз жерінде көпшілікке айналуы – барлық болмаса да, бірталай мәселенің өзінен-өзі шешіп береді деп білді.
- Тәуелсіздік тұсындағы қандастар мәселесі туралы не айтасыз?
- Тәуелсіздік орнағанда сол орманның тезінен жүзеге асуына барлық жағдай туғандай көрінді. Соған орай, республика басшылығы да бұл іске оң пейілмен қарады. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізілді. Сырт елдерде, оның ішінде кешегі советтер шегінде қалған ағайындар жекелеп қана емес, тобымен көшіп келе бастады. Ашық айтылмағанымен, сірә, белгілі бір деңгейдегі мемлекеттік бағдарлама жасалды. Оның айқын көрінісі - Моңғол ұлысындағы бауырларымызды ұйымдасқан түрде ата жұртқа қоныстандыру болды. Түркмендегі, қарақалпақтағы қазақтар жапырлап көшіп жатты. Өзбекстан шегінде де қозғалыс бар. Ресей қазақтары да қобалжи бастады. Қытайдағы қазақта да ұшарға қанат жоқ. Сөйтіп, сырттағы халқымыздың өз ата жұртына, нақтырақ айтсақ, бәрі де ата жұртта отыр, өзінің дербестік туын көтерген бас ордасына жаппай бет бұруы, үдере көшуі күн тәртібінде тұрды. Бұл бәріненде маңызды болатын.
- Жөн екен, мұндай жағдайды сыртқы және ішкі күштер қалай қабылдады?
- Міне, осы кезде... өздері де қаусап, біржола ыдырауға шақ отырған Ресейдегі империялық күштер, оның сыртқы көрінісі болып табылатын, бұрында «орталық» саналған газет, журнал, радио, теледидар – бір сөзбен айтқанда, отаршыл ақпарат көздері ойбай, аттанға толы қоқан-лоққыға көшті, ол аз болғандай, тәуелсіз аталатын елдің өз ішінде шығып жатқан орыс тілді баспасөз, әсіресе, дөкір шовинизм ғана емес, арсыз расизмнің жаршысына айналған «Караван», «Казахстанская правда» газеттері күш алды. «Қазақстан өкіметі республикада тарихи қалыптасқан демографиялық тепе-теңдікті бұзғысы келеді, көп ұлтты елді түгелдей қазақтандырғысы келеді, бұл не сұмдық!» деген айқай көтерді. Әлбетте, мұндағы жандайшаптардың, андағы өктемдердің артында тарихты кері бұрғысы келген империялық отаршыл күштер тұр еді және баспасөздегі ноқы мен дүбір – оның сыртқы, сыпайы ғана көрінісі болған тәрізді. Біз арғы, жоғарғы Ресейдегі жуан биліктің бергі, төменгі демейік, әлі буыны бекімеген жас билікке, жарлық, нұсқау демейік, қандай ағалық кеңес бергенін білмейміз. Мүмкін, ешкім доңайбат жасамай-ақ, күшігінен таланып, бәріне көндіккен сорлы басымыз, өз-өзімізден-ақ жаннан түңіліп, бұрынғы қожайынның ыңғайына жығыла берген шығармыз. Қайткенде де өкіметіміздің әуелгі арыны су сепкендей басылып қалды. Әрине, көші-қон тоқталсын деген пәрмен бере алмайды, басталып кеткен іс өз ағынымен жүре береді, тек енді бұл тарапта айтарлықтай жаны ауыра қоймайтынын байқатты.
- Ал, сол ағылып келген оралманға атқарушы биліктің көрсеткен құрметіне көңіліңіз тола ма?
- Жаны ауырмайтыны, керек десеңіз, ашық қарсылығы қайта оралған қазақтарға басқаны былай қойғанда, азаматтық беру мәселесінен айқын аңдалды. Түптеп келгенде, қолда тұрған нәрсе ғой. Ал біз тоқсан түрлі, көбіне-көп қисынсыз анықтама сұрап, сергелдең азапқа салдық та қойдық. Ресейден қайтып келген текті нәсіл – орыс ағайындар үш ай ішінде паспорт алып үлгереді екен. Ал өз ата жұртына оралған, нәсілі төмен қазақ айлап емес, жылдап жүреді, өмірін тоздырып, өксумен шаршайды, міне,алды бір мүшел – он екі, он үш жыл болды, әлі күнге паспортқа жетпеген қазақтар бар. Ал жаңадан келе жатқандарды қияметтің қыл көпірі күтіп тұр. Қай мекемеге барса да, қаптаған шірет, қорлық сөз, дөкір қабылдау. Бұл – әйтіп-бүйтіп Қазақстанға жеткендері. Ал сырттағы ағайын... Өзбекстанның сұраусыз, құнсыз қазақтарды қорлайтын өз заңы бар. Қытай – әуелден әлемдік империя, күш-қуатына сенеді, саясаты берік, сондықтан да өзбектегі шолтаң өкіреш жоқ, жымия күліп отырса да шеңгелі берік. Бұл бағытта өкімет, низам тарабынан қойылған тосқауылды айтпағанда, біздің тиесілі консулдық мекемелерде бекіген өкілдеріміздің әрекеті, нақтылап айтсақ, ешкімге де құпия емес парақорлығы мен ешқандай адамгершілік мәдениетке сыймайтын жойдасыз дөкірлігі, қытай мен ұйғырға келгенде жібектей есіліп, қазақты көргенде атасының құнын қуғандай бетпақ астамшылығы ол жақтағы жұртымызды біржола пұшайман, мүсәпір кепке түсіріп отыр. Біздің елімізде қалыптасқан, кез келген қызмет орнын ақша сауатын кіріс көзі, жеке бас пайдасына арналған қазына кілті деп есептейтін, дертті санадан туған кембағал дәстүр дәл осы, шет елдегі қазақтарға қатысты мекемелерден сырт болса ғой. Жоқ. Ең тиімді жер деп, ең жігерлі жебірлерін жіберетін сияқты.
ІІ бөлім
- Мұхтар аға, одан бері де біраз уақыт өтіп кетті ғой, дәл қазіргі жағдай туралы не айтасыз?
- Айта берсе, оралман мәселесі, яғни, ұлтымыздың тарихи болашағы туралы уайым, қайғы бастан асады. Өз қолымызда, Қазақ Республикасының ғұзырында тұрған, ешқандай шығынға түспейтін, әрбір қазаққа даусыз тиесілі азаматтық, яғни паспорт мәселесі осыншама шырғалаң болғанда қалған, түптеп келгенде қаражатқа барып тірелетін жағдайлардан не үміт, не қайыр, шаршап, шалдығып, жаннан түңіліп жүріп, ақыры түбінде азаматтық алған оралманның өзіне баспана керек, күнкөріс керек. Осының бәрін жинап қойғанда ағайыншылық ықылас, туыстық пейіл, адамгершілік көзқарас қажет. Ең жетімсіз, ең қиыны осы екен.
Өйткені... сырттағы қазақтың бас ордасына көптеп оралуы, байырғы жұрттың өз қонысында басым көпшілікке айналуы – әйтеуір, қалтыраса да қалам ұстап отырған, бес-алты жазушыға және ұлттық санасы бар бірлі-жарым зиялыға керек сияқты. Арнайы міндет жүктеген өкімет мекемелері соншама керенау шыққанда, жергілікті, қарапайым қазақты түгелге жуық кесір демеске болмайды. Көбінде, ортамыз толса деп отырған ешкімде жоқ. Кеше үстіне басып кірген орыс тұрыпты ғой, әрмен мен грек, күрд пен кәріске дейін хош көрген, қайдан келдің, неге келдің деп сұрамаған, әйтіп-бүйтіп жағу, көңілін табуды ғана ойлаган ортақшыл қазақ енді бүгін, екі өкпесін қолына алып, жүрегі лүпілдеп ата жұртына жеткен қандасына қыр көрсетеді. Ауыл әкімі: «Сендер қайдан келдіңдер? Неге келдіңдер? Сені мен шақырғам жоқ!» деп айқайлайды. Өздері де қайыршы болып, сіңіріне әрең ілініп отырған қалған қазақ көңілі түссе сықпырта боқтайды, қырсығы ұстаса жабылып сабап алады. Төбелесте күші жетпей бара жатса, өзінің үйреншікті орыс ағайындарын көмекке шақырады. Бұл жағдай, тіпті, анау бір жылдары, жоғары мәртебелі қазақ шенеунігі тарапынан мақтаныш ретінде, Қазақстанда қалыптасқан ұлттар достығының жарқын көрінісі ретінде айтылғаны есімізде. Жетіскен екенбіз. Ертең сол есалаң қазақ жаңағы есті орыспен қосылып алып өзіңізді сабаса қайтер едіңіз? Егер осылай кете берсең, сөз жоқ ондай күн де алыс емес.
- Өз қаны, өз бауырын жат көру қазаққа тән бе, осы...
– Міне, масқараның өзі мақтаныш болатын жаңдайға жетіппіз. Енді не қалды? Жарайды, орыс пен қазақтың бұзығы қосылып, бейкүна бір қазақты сабаса, шетін оқиға екен. Алыстан келген қазаққа ауылдағы қазақ қысым жасаса, ол да бір ақымақтың ісі. Бірақ елім деп жеткен оралман мұндағы қазаққа неге жат болып көрінеді? Орыс-ораман неге жат емес? Неге десеңіз... Біздің қалыптасқан түсінік, санаға біржола орынаққан ұғым бойынша, қазақ емес жұрттың бәрі – қожайын. Қазақтың бәрі – құл. Құл қашанда құлға тәуелді. Құл қашанда өзі тектес құлды қорлағысы келіп тұрады. Өзінің құнсыздығын бүркемелеу үшін. Көзі көрмесе де, қасында тұрмаса да дәстүрлі қожайын арқылы құлдық парызын құлдық міндетін өтеу үшін. Ақиқат шындық осы.
Жоғарыда біз арнайы тоқталған, ешбір жұртта, ешбір тарихта болмаған, белгілі бір жұрттың өзін-өзіне айдап салған, «қазақтың жауы –қазақ!» деген ұран қайдан шықты? Басқаға әлі келмеген қорлықтан, өзін-өзі кем санаған құлдықтан. Елдің тірегі, ұлттың қамқоры болуға тиіс парламент неге қазаққа қарсы – біріншіде, қазақтың жерін талапайға жіберу туралы, екіншіде, сол қазақтың өз тілінде сөйлеуіне тоқтау салу туралы дауыс берді? Кешіріңіз, билігінің кұштілігінен емес, құлдығының күштілігінен. Тіпті, кез келген құқықтық жүйе бойынша, кез келген кісінің (айыпкердің) өзіне қарсы өзі куәлік беруі заңсыз деп танылады ғой... Ал біз өзімізді өзіміз дарға тартуға, бұтарлап шабуға, итке талатуға, қорлық өлімге кесе береміз? Мұның бәрі – қазіргі кезде жер әлемде жоқ құлдық сананың классикалық көрінісі. Мұндайда, «әйткенмен, кейбір жағдайда», «көп болмаса да, қайсыбір жерде», «сирек те болса» ұшырасып қалады... деп кешірім сұраған ескертпе айтылады, содан соң, баяғы партия, кәсіподақ жиналыстарында қалыптасқан жора бойынша, «осындай кемшіліктерге қарамастан» деп, мәймөңкелей бастайды. Сол, қатесіз қағиданы қайталайық.
Әрине, барлық жерде, жаппай етек алған кесел емес. Бірақ дертті құбылыс, қатерлі сырқат екені тағы күмәнсіз. Соған қарамастан, халқымыздан, жалпақ жұрттан үмітіміз зор. Әйтпесе, осының бәрін тізбелеп, таусыла жазып әуре болмас едік. Бізге де тыныштық керек. Әйткенмен, көзің көріп отырса, жалпыға белгілі кінаратты қалай айтпассың. Уһ... Әнтек сөздеріміз үшін кешірім сұрап болдық. Енді ары қарай тартамыз.
– Әуел бастан қазақ осылай ма еді?
– Жоқ. Қазақ бауырмал еді. Ізгі еді. Кісілігі зор, адам атаулыға жанашырлығы мол еді. Өткен заманда ғана емес, күні кеше ғана. 62-жылы арғы беттен ел ауды. Бес-он кісі емес, ондаған мың, ұзын саны ширек миллионға тақу қалың қазақ. Одан бұрын, шамасы 55-жылдан бастап, жекелеп те, тобымен де өте бастады. Ағайынсырап отырған халқымыз арып-ашып келген бауырларын қалай қарсы алғаны есімізде. Сол, арыдан ауған, отанына оралған қазақ еселеп өсіп, шығыс беттегі Өскемен, Семей, Талдықорған, Алматы – қазақсырап отырған бірнеше облысты ұлттық апаттан аман алып қалды, қазіргі ұрпағына қарап, қашан, қайдан келгенін ажырата алмайсыз. Әуелден, бірыңғай, біртұтас, ажырағысыз қазақ қой, біз жат жұртта өскен тұрмыс кебін айтып отырмыз. Қалың қазақтың ортайған дариясын түгел толтырмаса да, біршама оңап тастағаны күмәнсіз еді. Ал тиісінше, шын пейіл, ыстық ықыласпен қабылдаған себебіміз... бұлардың бәрі қазақ болғандықтан ғана емес екен. Жоғары билік тарапынан пәрменді нұсқау түскен. Келген босқындардың бәрі тиісінше жақсы қабылданып, жергілікті жерде қажетті жағдай туғызылсын! – деген. Ал, осыдан соң тыңдамай көр. Басшылар орынтағынан қуылады, басқалар несібе, жұмысынан қағылады, абырой-атақтан ғана емес, партбилеттен, яғни, бар болашағынан айрылады. Сондықтан шұрқырап қабыл алдық. Және, ғұзырлы жарлық бойынша, ешкімнің ышқырын ақтарма-ақ, айналасы екі-үш айдан оздырмай, түгел (серпастый, молоткастый, советский» – балға-орақты советтік паспорт алып шықты. Міне, өкіметтің күші! Тек өкімет қана емес. Ол кезде кешегі ашаршылықты, ел ауған зобалаңды, қырғын соғысты – түптеп келгенде, қазақтың басына түскен барлық қиындықты көзімен көрген, немесе әке-шешесі, ата-әжесі, ағайындас жұрттан өз құлағымен естіп қаныққан ағаларымыздың төрт көзі түгел еді. Қазақы бауырмалдық сана, ұлттық әдет-ғұрыптан кете қоймаған, пейілді, мейірлі қазақ. Сол замандағы газет тілімен айтсақ, өкімет пен халықтың бірлігі осындай тамаша әрі үлгілі нәтижеге жеткізді.
– Енді қазір ше?
– Қазір Өкімет – өзіңіздікі. Қандай жарлық шығарса да ешкім қолынан қақпайды. Халқыңыз орынында. Ол заманда 3 миллионға ілінбей жатса, қазір еселеп өсіп, тоғыз миллионнан еркін асқан. Қазақ мемлекеті, қазақ өкіметі, қазақ жұрты. Мысалы, тәуелсіздіктің 13 жылында отанға оралған қазақтың жиын құрамы – баяғы, советтік 1962 – бір-ақ жыл, екі-ақ аптада шекарадан асқан, халықтың санынан аспай жатуы қалай? Бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрса, дария болып ағып жатқан мұнайдың ақшысы қайда? Қазақ жұртының әлемдегі бөлініс ыңғайына қарай, мұндағы халыққа екі есесі, андағы халыққа бір есесі деп кеңінен кеспей-ақ, мол дүниенің оннан, тіпті жиырмадан бір бөлігін елдің болашақ игілігі – бар қазақты ата жұртқа жинастыру мақсатына пайдаланса қайтеді? Қаражатыңды қимасаң, өз бетімен келіп жатқан ағайын тым құрса азаматтық алуға кедергі келтірме. Өкіметімізге айтып отырмыз.
– Өкіметтің еңбегі, мүлде, жоққа тән бе, сонда?
– Тағы да кішілікпен ескерте кетейік, бұдан бұрынғы өкіметіміз шектен шыққан әйкәпір емес еді. Оралмандарға квота, келісімді қаражат та берген. Арнайы құрылған көші-қон мәселесімен айналысатын мекемелер тиесілі тізім бойынша көшіріп әкеліп, шамасынша орналастырған.
Мұның бәрі жөн еді, бәрі жақсы. Бірақ жеткіліксіз. Квотаңыз да, қаражатыңыз да, басақадай жағдайыңыз да. Ең жетімсізі... ықылас-пейіл болып тұр. Өкіметті айтпаймын, өкімет дегеніңіз – машина, жарлық беріледі, әйтіп-бүйтіп шаруасын жасайды. Мен өзіміздің, Абай атам әйгілеген «қалың ел – қазағымыз» жөнінде айтып отырмын. Айналып келгенде, өкіметіміздің өзі халықтың көңіл ауанына қарауға тиіс қой. Мәселен, сол қазақтың ұлттық талап-тілегіне. Бүгінгі жұртымызда мұндай өзгеше талап – яғни, ұлтымыздың болашағына, турасын айтқанда ел болып тұру-тұрмауына тікелей қатысты сыртқы миграция соншама шешуші мәселе деп танылмай отыр. Бірлі-жарымдап келіп жатқан ағайындарымыздың қалаларда тиесілі мекеме есігін тоздырған қорлық өткелі, ауылда сені кім шақырды деген дөрекі айқай астындағы ауыр тіршілігі басқаша кесімге жол қалдырмайды. Ұлттық санадан ғана емес, кез келген, тіпті, ең төменгі сатыдағы жан иесіне қатысты, өзін-өзі сақтау түйсігінен де айырылған деген осы емес пе. Тіл білмегендер – мәңгүрт десек, тілін біле тұра ештеңе ұқпағандарды не дейміз! Енді қайда бардық?
«Ұлтсыздану ұраны» кітабын қолына алып, Мұхтар ағасымен әңгімелескен
Құмар Жұмахан
Пікір қалдыру