Легионерлерден тұратын «Астана» мен «Елімай» мемлекеттен 7 млрд теңге алып отыр

/image/2024/04/03/crop-43_12_1039x1848_dizayn-bez-nazvaniya.jpg

Футболдан Қазақстан чемпионатының 3-туры аясында өткен «Астана» клубы мен «Елімай» (Семей) командасы арасындағы матч әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Желідегі жұрт мембюджеттен бөлінетін қаржымен күнелтіп отырған қос команда құрамының көбі легионер футболшы екеніне ашулы.

Биыл Қазақстан премьер-лигасында 13 команда ойнап жатыр. Бұл клубтардың кейбірін айтпағанда, барлығы дерлік мемлекет меншігінде. Бірақ жекеменшік командаларды да, мемлекет меншігіндегі футбол клубтарын да жергілікті әкімдіктер асырап отыр. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, кей клубтың бюджеті биыл бірнеше есе өскен. «Қамшы» тілшісі елдегі танымал командалардың бюджетін шолып шықты.

СЫНҒА ҰШЫРАҒАН ЕКЕУДІҢ БЮДЖЕТІ

Тақырыпқа тұздық болып отырған «Астана» мен «Елімай» арасындағы ойын 31 наурыз күні өтті. Қос команда да үшінші тур аясындағы сол матчқа негізгі құрамда ойынды бастайтын 11 футболшының 9 легионерлерден шығарған. Ойын басталғанда алаңда әр командадан тек екі қазақстандық футболшыдан болған.

«Астана» – Қазақстандағы ең танымал клубтың бірі. 2009 жылы құрылған команда 7 рет Қазақстан чемпионы атанған. Еуро чемпиондар лигасының топтық кезеңізде және Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде ойнаған жалғыз қазақстандық клуб.

Ел ішіндегі және еурокубоктардағы жетістігіне қарамастан, команда әлі күнге дейін өзін асырауға қауқарсыз. Клуб бюджеті жөнінен де басқа командалардан оқ бойы озып тұр.

«Астананы» қала әкімдігі емес, бірнеше жылдан бері Sport Qory деп аталатын қор қаржыландарады. Аталған қор дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаржыны бөлу жөніндегі бірыңғай мемлекеттік оператор саналады.

 

Sport Qory «Астана» футбол клубына биыл қанша қаржы бөлгені белгісіз. Жалпы «Астананың» бюджеті жайлы ақпарат ашық емес. 2022 жылғы мәліметке қарағанда, клубтың жылдық бюджеті – 4,8 млрд теңге. Биыл командадағы 18 ойыншының 10-ы шетелдік. 

Ал атақты «Астананы» сырт алаңда 0-1 есебімен жеңген «Елімайдың» бюджеті ашық. 2022 жылы құрылған семейлік команда былтыр бірінші лигада ойнап, чемпион атанды.

Клуб жеке меншіктікі. Бірақ оны әкімдік асырайды. Әкімдік клубқа былтыр 1,2 млрд теңге жуық қаржы бөлген.

 

Биыл премьер-лигаға көтерілген «Елімайдың» бюджеті де көбейді. Мемсатып алу порталының мәліметінше, Абай облысының спорт басқармасы клубқа биыл 2 млрд теңгеге жуық қаржы (433 млн теңгесі жастар мен жасөспірімдерге) бөліп отыр. 

Мемлекеттік тапсырыста «Абай облысының атынан футбол командасының негізгі құрамын ұйымдастыру және дайындау» деп жазылған. Қазір команданың құрамында 20 ойыншы бар. Олардың 12-сі шетелдік футболшы.

ЧЕМПИОН ЖӘНЕ ЭКС-ЧЕМПИОНДАР БЮДЖЕТІ

Былтыр тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанған Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы да бюдежеті жөнінен «бай» командалар қатарында.

 

Былтырғы маусымда Шымкент әкімдігі клубтың елішлік және халықаралық жарыстарға қатысуына 4,9 млрд теңге берген. Биыл «Ордабасыға»  әзірге 3,6 млрд теңге бөліп отыр. Бұл – мемлекеттік сатып алу порталындағы дерек. Бұл сомма жыл соңына дейін өсуі мүмкін. Өйткені былтыр Шымкент әкімдігі жыл ортасына қарай команданың Еурокубоктарға қатысуына деп 1,4 млрд теңге бөлген. Биыл да сондай жағдай қайталанса, клубтың 2024 жылғы бюджеті де 5 млрд теңгеге жуықтап қалуы мүмкін. 

Қазақстанның 5 дүркін чемпионы «Ақтөбе» футбол клубына биыл облыс әкімдігі 2,8 млрд теңге бөліп отыр. Бұл клубтың былтырғы бюджетінен 2,3 есе көп. 2023 жылы «Ақтөбеге» облыс әкімдігінен 1,2 млрд теңге бөлінген.

Қазақстан чемпионатындағы жекеменшік команданың бірі – Алматының «Қайрат» футбол клубы. Сонау совет заманынан бері келе жатқан команданың қожайыны – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев.

2022 жылы Боранбаев істі болғаннан кейін Алматы әкімдігі клуб мемлекетке қайтару процесі жүріп жатыр деген, бірақ былтыр күзде қала басшысы Ерболат Досаев «Қайрат» футбол клубы жекеменшікте қала беретінін мәлімдеді.

 

«Қайрат» – мемлекеттен ең аз ақша алатын клуб. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, 2016 жылдан бері Алматы әкімдігі клубқа 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген. Бұл – «Ордабасы», «Астана» сияқты клубтардың бір жылдық бюджеті ғана.

Қазақстан чемпионатында ойнап жатқан жекеменшікке қатысы бар тағы бір команда – Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы. 2016 жылы Қостанай облысының әкімдігі клубтың 50 пайыз акциясын бар болғаны 29 млн теңгеге сатып жіберді.

Клуб жартылай жекеге өткенімен мемлекеттен бөлінетін қаржы үзілген жоқ. Дегенмен азайып келе жатыр. 2021 және 2022 жылдары «Тобылға» Қостанай әкімдігі 2,3 млрд теңгеден бөлген. Былтыр 1,7 млрд, биыл 1,2 млрд теңге бөліп отыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар