Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Астанадағы Ұлттық архив пен Археография және деректану ұлттық орталығының қазіргі материалдық-техникалық жағдайымен, тарихи-мәдени құжаттық мұралардың сақталу жай-күйімен танысты әрі аталған мекемелердің ұжымдарымен кездесті. Сондай-ақ, ол «Қазақ хандығына – 550 жыл» атты көрмені аралап көрді.
Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, тарихшы ғалымдар, мұрағатшылар қатысқан бұл шарада Мемлекеттік хатшы алдымен Ұлттық мұрағат қорында сақтаулы құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері, «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру барысында Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия, Франция және басқа да елдердің мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен табылған Қазақ хандығының тарихына қатысты құжаттар және еліміздің белгілі қоғам қайраткерлерінің жеке қорлары қойылған көрмені аралады.
Бұдан кейін мұндағы дыбыс жазатын, құжаттарды электронды мұрағаттарға көшіретін бөлімдердің және мұрағаттар қоймасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Ұлттық мұрағат пен Археография және деректану ұлттық орталығының ұжымдарымен кездесті. Онда мұрағат ісін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы халықтың тарихи санасына негізделгенін және татулық пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталып отырғанын жеткізді. Бұған қоса, ғылыми және тарихи құндылығы бар мұрағаттық құжаттар мен материалдарды сақтау мен зерделеудің және насихаттау жөніндегі жұмыстарды жандандырудың айрықша маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі таңда Қазақстанның мұрағаттары елдің өмірінен сыр шертетін тарихи құнды жәдігерлермен толықтырылып жатыр. Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Мысыр, Иран, Польша, Грекия, Түркия және тағы басқа мемлекеттерден тарихи құжаттар жеткізілді. Сонымен қатар, бүгін біз мұрағат ісіндегі бірқатар жүйелі мәселелерді талқылауымыз шарт. Атап айтқанда, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық жоспардың талабы бойынша, Қазақстан тарихи ғылымының мұрағат көздерін анықтау, зерттеу, толықтыру жөнінде жүйелі істер атқаруымыз керек. Осы мақсатта алыс және жақын шет мемлекеттердің жетекші мұрағаттарымен, университеттерімен, зерттеу институттарымен кең тұрпатта әріптестікті тереңдете түсу қажет», – деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшының сөзіне қарағанда, ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялар мемлекет өмірінің барлық саласына дендеп еніп жатқанымен, елдегі мұрағаттар ақпараттық технология бойынша біршама артта қалып келеді.
«Мұрағаттардың дені электронды құжатты қабылдауға толық дайын емес. Олардың көбі электронды мәліметтерді сақтайтын қажетті жабдықтардан да тапшылық көруде. Бұл өз кезегінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезінде және мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттарды кәдеге жарату барысында едәуір қиындықтар туғызады», – деді ол. Г.Әбдіқалықова өңірлердің ақпараттарын бір орталықта қарауға болатындай бірыңғай базаның жоқтығына да көңіл аударды.
«Ұлттық мұрағат, әрине, үздік мұрағаттардың бірі. Алайда, облыстарда да көптеген құжаттарымыз жатыр, біз оны бір жерден көру мүмкіндігіне қол жеткізе алмай келеміз. Қазақстанда құжаттарды микро, фотокөшіру және материалдарды қалпына келтіру бойынша жалғыз орталық зертхана әлі күнге дейін 1959-1975 жылдардағы технологияны қолдануда. Қазақстан мұрағаттарында қазіргі заманғы ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілмей жатыр», – деді Мемлекеттік хатшы.
Жиында Ұлттық мұрағаттың бас директоры Марат Әбсеметов аталған мекеменің мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отырғанын, соның арқасында көптеген игі істер атқарылып жатқанын атап көрсетсе, Археография және деректану ұлттық орталығының директоры Ләззат Әбдірасылова аталған мекеменің қазіргі тыныс-тіршілігін, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сөз етті.
Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдар басшыларына еліміздің мұрағат ісін одан әрі дамытуға бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Қазақстан әлемнің 190-нан астам елінен 1400-ге жуық мүшесі бар Халықаралық мұрағаттар кеңесінің толық құқылы мүшесі болып табылады. Қазіргі таңда елордамыздағы Ұлттық мұрағаттың қорында 2007 жылдан қазіргі уақытқа дейін қабылданған 220 772 құжат сақтаулы тұр. Ал Археография және деректану ұлттық орталығында 26 елдің 111 мұрағаты мен кітапханаларынан әкелінген 46 000-нан астам құжаттар мен қолжазбалар тізбесін құрайтын автоматтандырылған «Электронды каталог» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді.