Украина іскерлік қатынастарға мүдделі

/uploads/thumbnail/20170708200749628_small.jpg

Украина президенті Петр Порошенконың Қазақстанға ресми сапары аясында Тәуелсіздік сарайында қазақ-украин бизнес-форумы өтті. Форумға Қазақстан және Украина іскер топтарының, мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің өкілдері қатысты. Онда Премьр-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Украина вице-премьер-министрі, Өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Геннадий Зубко сөз сөйледі.
Айтулы шараға Украина тара­пы­нан авиақұрылыс, тау-кен өндірісі, машина жасау, гео­ло­гиялық барлау, ауыл шаруа­шылығы, тамақ өнеркәсібі және тағы басқа салалардағы ірі ком­па­ниялардың жетекшілері келген. Форумда Қазақстан мен Украи­наның инвестициялық әлеует­тері, сондай-ақ, қос елдің шетелдік инвесторларына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Сондай-ақ, алдағы уақыттағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Онда анық болған игі істің бірі – Қазақстан мен Украинаның сәйкес министрліктері 2015-2016 жылдарға арналған тауар айналымын әлі де арттыра түсу мақсатында бірлескен жоспар әзірлеп жатыр екен. «Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастық бағытында украиналық іскер топтардың қызығушылығын жоғары бағалап отырмыз. Тауар айналымы мен инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне қарамастан, екі ел қатынастарының әлеуеті толық деңгейде іске асырылмай отыр. Сондықтан да, ағымдағы саяси және экономикалық конъюнктураға қарамастан, біздің сындарлы ынтымақтастыққа ниеттестігімізді жоғары бағалап отырмыз. Өзара сауданың оң қарқынын қолдау үшін тауар айналымын арттыруға негізделген 2015-2016 жылдарға арналған жоспардың жобасын әзірледік. Менің ойымша, таяу арада бұл жұмысты өз мәресіне жеткіземіз», деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысының бірінші орынбасарының сөзіне қарағанда, аталған жоспарда көрмелер, жәрмеңкелер өткізу, сауда делегацияларының сапарлары және басқа да өзекті мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, қазіргі күнде Қазақстанда украиналық капиталдың қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жүр екен. Ол екі елдің ынтымақтастығы үшін жоғары әлеуетке ие салаларды атап өтті. «Бірінші бағыт тау-кен металлургиясы секторындағы қатынастарға арналуы керек. Мысалы, биыл елімізде геологиялық барлауда нақты реформалар жүргізілді. Геологиялық барлауда барлық перспективалы учаскелердің онлайн базалары құрылып жатыр. Осы жүйе арқылы кез келген инвестор өтініш беріп, бар-жоғы үш сағаттың ішінде барлау жұмыстарына лицензия алуға мүмкіндігі бар. Екінші бағыт транзиттік әлеуетке негізделеді. Алдағы жылы Қазақстан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасында өзінің учаскесін аяқтағалы отыр. Бұл жол Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын он күнге дейін қысқартады», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Б.Сағынтаев еліміздің әуежай­ларының жолаушылар және жүк тасымалын жүзеге асырудағы әлеу­еті туралы да айтты. «Қазақ­стан көршілес елдерде теңіз инфра­құрылымын дамытуда. Бүгін­де еліміз Қытайдың шығыс жаға­лауындағы Ляньюнган порты және Грузиядағы Батуми портында өздерінің терминалдары арқылы теңізге шыға алады. Қазіргі кезде Иран мен Үндістанның порттарында орын алу бойынша келіссөздер жүргізілуде», деген ол ынтымақтастықтың үшінші ба­ғыты ретінде агроөнеркәсіптік кешен қарастырылатынын жеткізді. Осы орайда, ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету­дегі Қазақстанның елеулі әлеуе­тіне айрықша тоқталды. «Осы­ған байланысты бүгінде Үкімет агроөнеркәсіптік кешенде ин­вестициялық жағдайды жетілдіру бойынша қажетті шаралар қабыл­дауда. Мәселен, жыл басынан бері шетелдік инвесторлар үшін ауылшаруашылық жерлерінің арендасын 25 жылға дейін ұзарттық. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ретінде мұнай-газ химиясы, мұнай сервисі, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, ақпараттық технологиялар, металлургия секілді салаларда қатынастарды дамытуға болады. Өз кезегінде Қазақстан көліктік-логистикалық секторда, уран өнеркәсібінде жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, Украинаның энергия секторы мен порттарын жекешелендіру үдерісіне қатысу мүмкіндігін зерттеуге дайын», деді Б.Сағынтаев.
Өз кезегінде сөз алған Украина вице-премьер-министрі Г.Зубко Қазақстанмен экономикалық, іскерлік, мәдени қатынастарға тың серпін беруге мүдделі екендіктерін айтты. «Қазақстан мен Украина ынтымақтастығын нығайту мәселесіне тоқталсам, бүгін қол қойылуы қарастырылып отырған «Жол картасының» барлық бөлімдерін қамтып, жұмыс істеуіміз керек. Осы орайда, біздің өзара қарым-қатынастардың жа­ңа көкжиектерін табуымыз аса маңызды. Атап айтқанда, бүгін Ас­танаға Украина үкіметі кеңейтілген құрамда келіп отыр. Осы әрекеттің өзінен көп нәрсені аңғаруға болады», деген ол Украина тарапы Қазақстанмен арада көліктік байланыстарды тиісті деңгейде құру арқылы екі ел арасындағы тауар айналымын әлі де арттыра түсуге ниетті екенін жеткізді.
Украина үкіметі басшысының орынбасары екі елдің арасында құрылғалы тұрған іскерлік кеңес жөнінде де таратып айтты. «Қазіргі таңда Қазақстан-Украина іскерлік кеңесін құру туралы мақсат алдымызда тұр. Бұл кеңес бизнесті жүргізуге қатысты нақты мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс. Мұнымен бірге, бүгінгі бизнес-форум арқылы Украина екі ел арасындағы экономикалық, іскерлік, мәдени қатынастарға тың серпін беруді көздеп келді», деді ол.
Бұл мемлекет әуе-ғарыш саласында үлкен жетістіктерге жеткен аз мемлекеттердің қатарында екені мәлім. Әсіресе, азаматтық және әскери, сондай-ақ, жүк тасымалдайтын ұшақтар құрылысын жолға қоюмен қатар, ғарыш технологиясын жасап, жеткізіп беруші елдердің бірі. Мәселен, украиналық «Мрия» әлемдегі ең үлкен ұшақтың бірі. Ол бір мезгілде 250 тоннаға дейінгі жүкті көтеріп, діттеген жеріне жеткізіп бере алады. Бұған қоса, әлемдегі ең үлкен қанаттар да осы ұшаққа тиесілі көрінеді. Мұнымен бірге, ғарыш әлемін зерттейтін және украиналық ғарыш кластерін жасаушы қырықтан астам мекемелер мен кәсіпорындар бар екен. Осыны меңзеген Г.Зубко, Украинаның «АН» ұшақтарын Қазақстанда құрастыруға болатынын тілге тиек етті. «Авиақұрылыс бағытында табысты серіктес болып, осы саладағы қарым-қатынастарды дамыту біз үшін өте маңызды. Осы орайда, біздің ұшақ­тарға, қозғалтқыштарға қызмет көрсетудің регламенттік орта­лық­тарын ғана емес, «Антонов» ұшақ­тарын Қазақстанда құрастыру мүм­кіндігіне ие болуға ниеттіміз», деді ол.
Өз тарапы Қазақстандағы инфрақұрылымдық нысандарды салу бойынша стратегиялық жобаларға қатыса алатындығын алға тартқан ол, украиналық бизнес Қазақстанда қандай бағытта жүруі керектігін жақсы білетінін айтты. Сөйтіп, Қазақстан компанияларын украиналық кәсіпорындарды жекешелендіруде көргісі келетінін атап өтті.
Вице-премьерлерден кейін мінберге көтерілген Украина елінің Экономикалық даму ми­нистрі Айварас Абромавичус «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясымен жақ­сы таныс екенін білдіріп, өз елінің 2020 жылға дейінгі экономика­ны даму бағдарламасындағы ұқсас тұстарға тоқталды. Ортақ мақсатқа айналып отырған көліктік-логистиканы дамыту ісі мен транзиттік мүдделерді үйлестіру керектігін айтты. Ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаларда да екі елдің әріптестік құратын тұстары бар екеніне назар аудартты. Қазіргі күнде Украина елі соғыстың әсерінен бірқатар қиындықтарға тап болып отырғанымен, экономикасының әлеуетін арттырып, 500 млн. тұтынушысы бар Еуропа одағы елдерімен қатар алға жылжитынын атап өтті. Украинамен әріптес болу, Еуропа нарығына жол ашу екенін меңзеді.
Форумның соңын ала екі елдің тиісті мекемелері ынтымақтастық жөнінде бірқатар келісімшарттарға қол қойды.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Қатысты Мақалалар