Қазақстан экономиканың құлдырауына әсер ететін сыртқы факторларға қарамастан, жүргізіп отырған институттық реформалар мен қуатты макроэкономикалық саясаттың арқасында жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 42-ші орынға қол жеткізді. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Назарбаев Университеттің» президенті Шигео Катсу осылай деп мәлімдеді.
«Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның 42-ші орынға көтерілуімен құттықтаймын. Бұл үлкен жетістік. 2008 жылғы дағдарыстан кейін қиын кезең болды. Ал қазіргі таңда саяси бастамалардың арқасында біраз көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Қазақстанның дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда елдің макроэкономикалық саясатының әрдайым қуатты болуы негізгі рөл атқарды», деді «Назарбаев Университеттің» президенті.
Сонымен қатар, Шигео Катсу Қазақстанды жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде одан әрі ілгерілетуде Елбасының ұсынған бес институттық реформасы мен оны жүзеге асыру бойынша қабылданған Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамның» маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі таңда экономиканың дамуына кері әсерін тигізетін сыртқы факторлар жетерлік. Өңірдегі тұрақсыздық, Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен әлемді жайлап бара жатқан дағдарыс кезінде ұсынылған бұл реформалар ел алдында тұрған өткір әрі маңызды мәселелерді шешуге бағытталған. Осы бастамаларға үлкен мән беріп, оны жүзеге асыруға барлығымыз атсалысуымыз қажет», деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Дүниежүзілік экономикалық форум 2015-2016 жылдарға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік жөніндегі есебін жариялаған болатын. Оған сәйкес, Қазақстан әлемнің 140 елі арасында 42-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда сегіз сатыға жоғарылады.
Аталған рейтинг бойынша, биыл еліміз Италия мен Польшаның ортасына жайғасты. Сөйтіп, Ресей, Латвия, Филиппин және Түркия сынды елдерді артта қалдырды. Ал бірінші орынға осымен жеті жыл қатарынан Швейцария ие болып отыр. Екінші орынды Сингапур сақтап қалды. АҚШ үшінші орынға орнықса, Германия бесінші сатыдан төртіншіге көтерілді. Ал Нидерланд бесінші орынды иеленді.
Айта кетейік, бұл рейтингте 2013 және 2014 жылдардың нәтижелері бойынша Қазақстан екі жыл қатарынан 50-орынға тұрақтаған болатын. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі инфрақұрылым, макроэкономика, денсаулық сақтау, инновация сынды салаларды қамтыған 110-нан аса көрсеткіш негізінде жасалады.
"Қамшы "сілтейді
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"