Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтегі әңгіме еліміздегі балалар құқығы мәселесіне арналды.
Өткен қыркүйекте Женева қаласында БҰҰ-ның Бала құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің кезекті басқосуы өтіп, онда еліміздегі осы мәселеге қатысты баяндама тыңдалған.
Брифингте осы баяндаманың негізгі тақырыбының бірі жеткіншектерге білім беру ісіне арналғанын айтып өткен Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев: «Қазақстанның саясатына сәйкес, елімізде барлық бала тегін біліммен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда елімізде балалардың 99,8 пайызы тегін біліммен қамтылған. Бұдан бөлек, халықтың аз қамтылған жігі мен әлсіз тобындағы – аз қамтылған отбасылардағы балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар құқығының қорғалуына үлкен көңіл бөлінуде. Елбасының тапсырмасымен 2020 жылға қарай ондай балалардың 70 пайызының барлық оқу орындарына қолжетімділігі болуы тиіс», – деп әрі қарай спикер БҰҰ сарапшыларының балалар құқықтарын қорғау жүйесін құрудағы біздің еліміздің жетістіктерін жоғары бағалап отырғанына тоқталды.
Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Аяш Мәкенова өз сөзінде комитет жанынан қоғамдық ұйымдардың қатысуымен республикалық кеңестер құрылғанын, олардың жұмысына азаматтық сектор мен қалың жұртшылықты тартуға мүмкіндік туғанын, жалпы, балалар құқығын қорғау мәселесінен ешкімнің де тыс қалуы орынсыз екенін айтты. Сондай-ақ, ол 2013 жылы өңірлік департаменттер біріктірілгенін, дегенмен, әрбір аймақта білім беру басқармасы жанынан құрылған арнайы бөлімшелер балалардың құқығын қорғау бойынша жұмыс істейтінін жеткізді. Өз елінің болашағы саналатын балалар құқығына қатысты мәселеде ұсақ-түйектің болмайтынын кесіп айтқан Аяш Мүрсәлімқызы БҰҰ комитетінің ұсынысында балалардың құқығын қорғау бойынша қоғамды кеңінен ақпараттандыру қажеттігі атап көрсетілген, ал оның біздің еліміздің мүддесімен сәйкестігін еске саламын, сондықтан, сіздер, журналистер, арнайы сенім телефоны барлығын оқырмандарға жеткізулеріңізді сұраймын деп, 74-25-28 нөміріне хабарласуға болатынын жария етті. А.Мәкенова бала құқығына қатысты материалдардың комитет сайтында арнайы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланғанын да айтып өтті.
Мұнан соң брифингке қатысушылар журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Онда балалар үйіндегі бүлдіршіндерді асырап алу, балалардың шетел асуы және әлеуметтік желілерде балаларына қатысты көмек сұраған жанайқай жайында әңгіме болды. Сұрақ-жауап барысында мәлім болғандай, қазіргі уақытта еліміз бойынша Үкіметтің қарауына беріліп келген балалардың саны азайып отыр және бала асырауда, ең алдымен, басымдық өз азаматтарымызға беріліп, ал шетелдіктер өз ішімізден асырап алушы табылмаған күнде ғана бала ала алатыны жеткізілді. Шетелдегі балалардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайы Үкімет қадағалауына алынып, оған мониторинг ұдайы жүргізіліп отыруы айтылып, әлеуметтік желілерде ауру балалаларына көмек сұраушыларға да мониторинг жүргізіліп, қажетті көмек көрсетілетіні сөз болды.
Дереккөз: Егемен Қазақстан