Парламенттің V шақырылымының бесінші сессиясы өте қарқынды басталды. Қыркүйек-қазан айларының ішінде мұндай жедел және нәтижелі жұмыс жасау Парламентте болған емес. 40 күнге жуық уақыттың ішінде 55 заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберіліп отыр. Мұның бәрі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамда көзделген мақсаттарды іске асыруға бағытталған. Сондықтан депутаттар бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, заң жобаларының сапалы шығуы үшін еңбек етті.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәмiздерi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Конституциялық заң жобасы мақұлданды. Ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясында сөйлеген сөздерінде айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген болатын. Заң жобасымен Мемлекеттік рәмiздердi міндетті түрде пайдалану орындарын кеңейтетін толықтырулар, Мемлекеттік рәмiздердi пайдалану тәртібін регламенттейтін, сондай-ақ, Үкіметтің осы мәселе бойынша құзыретін нақтылайтын өзгерiстер енгiзіледі.
Сондай-ақ, Еңбек кодексінің жобасы жаңа редакцияда мақұлданды. Соған орай, еліміздің кейбiр заңнамалық актiлерiне еңбекті реттеу мәселелерi бойынша түзетулер енгізілді. Заң жобасының негізгі мақсаты бір жағынан, әлеуметтік қорғау, әділеттілік және екінші жағынан, экономикалық тиімділік арасындағы тиімді тепе-теңдікті үйлестіретін жаңа Еңбек кодексінің тұжырымдамалық ережелерін іске асыру болып табылады.
«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы да Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» тақырыбында сөйлеген сөзінде айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында және Президенттің 2014 жылғы 4 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы, нақты айтқанда, Ұлт жоспары – бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 30-және 31-қадамдарын орындауға бағытталған. Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарда есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мен аумақтық ішкі істер органдары жанындағы Қоғамдық кеңестердің қызметін заң жүзінде бекіту көзделеді. Жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы органға есептілігі және Қоғамдық кеңестердің қызметі полиция қызметі жұмысының ашықтығына және азаматтардың сенімділік деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.
«Өзін өзі реттеу туралы» заң жобасы алғаш рет қаралып, мақұлданды. Бұл жоба бойынша да келіп түскен ұсыныстар өте көп болды. Ал Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жаңа өзгерістер кәсіпорындарды сақтауға мүмкіндік беру жолымен бизнес субъектілерінің қызметін реттеуде оңалту және банкроттық жүйесінің рөлін арттыруға ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты жаңа заңдар қабылданды және қолданыстағы заңнамалық актілерге жаңа түзетулер енгізілді. Айталық, «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң жобасы мақұлданды. Бұл аталған салада еңбек етіп жүрген отандастарымыздың көптен бері күтіп жүрген заңы екені белгілі. Заң жобасының негізгі мақсаты ауылдағы шағын-шағын шаруашылықтардың басын біріктіруді көздейді. Өйткені, нарық заманында орын алып жатқан кедергілер шағын шаруашылықтарға өте ауыр тиеді. Оларға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету үшін осы саланы заңмен реттеу қажеттігі туып отыр. Әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіруде де ірі шаруашылықтардың рөлі жоғары, сондай-ақ, банктен несие алуда да іргелі өндіріс орындарының мүмкіндігі мол.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Мұнда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке, оның ішінде оларды жекешелендіру және ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша кодекстің баптарын жетілдіру қарастырылған.
«Мемлекеттік -жекешелік әріптестік туралы» заң жобасы да жан-жақты талқылаудан өтіп, мақұлданған болатын.
Осы заң жобаларын қарау барысында бұрынғы сессиядан бері қаралып келе жатқан заңдар да қолдауға ие болды. Айталық, Қазақ елінің тұңғыш рет Кәсіпкерлік кодексі өмірге келді. Бұл да кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осы саланы реттеуге қатысты барлық мәселелер бір кодекске біріктірілді.
Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша толықтырулар енгізілді. Бұл заң жұмысқа орналасуды ынталандыруға бағытталған және табысы аз азаматтарды мемлекеттік қолдау жүйесін реформалауды көздейді.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңдарға білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заң жобасы аталған саланы заң тұрғысында реттеуді көздейді. Жалпы, жоғарыда аталған заң жобаларынан басқа да бірқатар елге керекті заңнамалық құжаттар өмірге жолдама алды.
Осы кезең ішінде қаралған заң жобалары қоғамның барлық саласын қамтиды. Сол себепті ауқымды жұмыстар атқарылды. Күн сайын жұмыс тобының бірнеше отырысы өтті. Сенбі-жексенбі күндері де жұмыстар жалғасты. Жұмыс тобының отырыстары бірнеше сағатқа созылған кездері де болғанын жасырмаймыз.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап көрсеткен маңызды мәселелерді заң тұрғысынан іске асыру үшін депутаттар өз үлестерін қосты. Бұл істе министрліктер де, Мәжіліс аппаратының қызметкерлері де атсалысқанын айта кеткен жөн. Жаңадан келіп түскен түзетулерді мемлекеттік тілге аудару, заң нормаларына сәйкес келтіруде заңгерлер мен аудармашылардың да еңбегі мол болды.
Мәжілістің алдында заң жобаларын тез-тез қарап мақұлдау емес, ертеңгі күні халыққа қызмет жасайтын сапалы заңнамалық акт болуы үшін жан-жақты зерделеу мақсаты тұрды. Кейбір саяси және қаржыға қатысты баптар бойынша ұсынылған түзетулер Үкіметке жіберіліп, оң қорытындысы алынды. Үкіметпен, мүдделі министрліктермен бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сенім үдесінен шыға білдік деп ойлаймын. Енді бұл заң жобаларын Сенат қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойған соң, қолданысқа енеді. Осы заңдар Президент тапсырмасын орындауда және қоғамдағы көптеген мәселелерді заң жолымен реттеуде үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бұрынғы заңдарда болған қайшылықтар мен олқылықтар жойылды. Халықтың күтіп отырған заңдары өмірге келуде.
Дереккөз: Егемен Қазақстан