Жер ұйығы Жетісудың ең бір керемет аймағының бірі – табиғаттың барлық белдеулері тоғысқан, асқар таулары айдын көлдерімен астасқан, елімізді алып Қытай елі арқылы әлемнің басқа мемлекеттерімен экономикалық тұрғыда байланыстыратын халықаралық теміржол өткелі мен автокөлік даңғылы өтетін Алакөл ауданы. Өркенді өңірде соңғы жылдары үлкен шаруалар атқарылуда. Мемлекеттік шекара сызығында орналасқан шалғайдағы елді мекен – Достық теміржол стансасы да көркейіп, көріктеніп келеді. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде өсімдік және балық шаруашылығы қарқынды дамып отыр. Экономиканың тірегі – туризмнің қанаты қатайып, керегесі кеңи түсті. Ауданның Үйгентас өңірінде туған жерге ту тіккен кәсіпкерлер жерлестерін жұмыспен қамтып, асыл тұқымды мал шаруашылығының маңызын арттыруда. Айта берсек, жетістік жетерлік. Осыған орай, ендігі сөздің кезегін, соңғы бірнеше жыл бойы ауданды біліктілікпен басқарып отырған Алакөл ауданының әкімі Әлібек ЖАҚАНБАЕВҚА берелік.
Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында еліміздегі жол құрылысы мен сапасына баса назар аударылып, үлкен көңіл бөлінді. Елбасы жүктеген тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, облысымызды еліміздің бірнеше аймағымен, көршілес жатқан Ресей, Қытай мемлекеттерінің шекаралық өңірлерімен жалғастыратын күре жолдың жағдайына баса назар аударып, көңіл бөлудеміз.
«Жол түзелмей, жөн түзелмейді» деген ғой дана бабаларымыз. Кейінгі жылдары Алакөл ауданына қарасты облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы еселеп артып, нәтижесінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл ретте соның бәрін тізіп шықпай-ақ, автокөлік жолы экономика дамуының басты тірегі болғандықтан, жыл сайын аудан жолдарын жөндеуге қыруар қаржы бөлініп, жоспардағыдай игерілуде екеніне тоқталайық. Оның ішінде орта және ағым-дағы жөндеу жұмыстары бар. Ағымдағы жылы аудандағы жолдарға 219,8 млн теңгеге ағымды жөндеу, 80 млн теңгеге орташа жөндеу және 4 көпірді ағымдағы жөндеуге 14,0 млн теңге қаражат қарастырылып, жұмыстар жос-парға сәйкес жүзеге асырылуда.
Дегенмен, аудан орталығы Үшаралды шекара сызығындағы Достық кентімен жалғастыратын күре жолдың жағдайы сын көтермейді, көп бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Үшарал-Достық жолы республикалық маңызы бар трассалардың санатына кіретіндіктен, оны облыс немесе аудандық бюджеттің есебімен тақтайдай етіп жасап, ел игілігіне беру мүмкін емес. Оған жергілікті бюджеттің шамасы да жетпейді. Сондықтан біраз жылдан бері бұл мәселе республика көлемінде көтерілуде. Қалай болғанда да, алдағы күннен үмітіміз мол. Халықаралық қатынаста алатын орны салмақты жолдың жағдайы «Нұрлы жол» стратегиясы арқылы шешімін табатындығына сенім мол.
Әрине, жол жөнделсе, көш түзеледі. Экономиканың басқа да салалары өркендейді. Қазіргі таңда еліміз бойынша бүгінгінің берекесін тасытар, болашақтың табысын арттырар көптеген мемлекеттік бағдарлама, серпінді жоба жүзеге асырылып, әлеуметтің әлеуетін жақсартудың негізгі тіректеріне айналды. Солардың көшінің басында тұрған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында Алматы облысында іргелі істер орындалып, ел игілігін нығайтатын жобалардың алғашқылары өзінің жемісін бере бастады. Шалғайдағы Алакөл ауданында да бірқатар жобалар өмірден өз орнын тапты. Қазіргі кезде бізде өзімізге қажетті құрылыс материалдарын шығаратын, Алакөлдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін аудан аумағында тереңдете өңдеп, дайын өнім күйіне жеткізетін кәсіпорындар жұмыс істейді. Осыдан біраз бұрын аймаққа арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы да шекаралы өңірдің шырайын келтіретін жұмыстарға оң бағасын берді. Бүгінгі барымызға тәуба дей отырып, ертеңгі күнімізді де есте ұстаймыз. Таяу жылдарға арнайы жоспарлап отырған бірнеше жоба бар.
Ауданымызда экономиканың барлық саласын дамытудың тамаша мүмкіндіктері жетерлік. Асқар таулары мен айдын көлдері, тамаша табиғаты арқылы әлемге танымал Алакөл ауданының жетістіктерін еселей түсер күндер әлі алдымызда. Ол үшін жүйелі жоспар, еселі еңбек керек.
Жалпы Алакөлде инвесторлардың назарын аударатын байлық та, бағалы жер де баршылық. Сондықтан болар ірі корпорациялар ауданнан өздерінің өкілдіктерін ашып, кәсіпкерліктің іргетасын нығайтуда бәсекелі түрде әрекет етуде. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке түсетін түсімнің көлемі артты. Кәсіпкерлер атқарушы органдармен бірлесе отырып түрлі қайырымдылық шараларын да жүзеге асыра бастады. Егер қолда ештеңе жоқ болса, қолдау мен қайырымдылық жасау да оңайға соқпасы анық. Басқаны айтпағанда, ауданнан шыққан белді бизнесмендердің арқасында құрылған «Білім» қоры жұмысының нәтижесін мақтанышпен айтуға болады. Алакөлдік оқушылар соңғы жылдары облыста алдан көрініп жүрсе, мұнда жергілікті кәсіпкерлердің де өзіндік үлесі бар. Спорт саласындағы жетістігіміз де мақтанарлықтай. Үлкен қалалардағыдай спорт сарайымыз бар. Үйгентас өңіріндегі Жыланды ауылында кәсіпкер Бауыржан Оспанов ашқан спорт кешені де қалалардағыдан кем емес. Осыдан браз бұрын аталған бизнесмен азаматымыз Лепсі ауылында спорт мектебін ашты. Жыланды ауылынан шыққан кәсіпкер жігіттердің бірі Елжан Абдрахмановтың да жұрт көңілінен шығып отырған тірлігі көңіл қуантады. Осының бәрі алакөлдіктердің ертеңгі күнге деген сенімін арттырары сөзсіз.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ауданда біршама жобалар жүзеге асты. 2010 жылдың наурыз айында осы мемлекеттік бағдарлама қабылданған кезде ел экономикасына үлкен серпіліс әкелетіні туралы жасалған болжам бүгінде шындыққа айналды. Сол кезден бері әр жарты жыл сайын бағдарламаның аралық қорытындысы шығарылып, одан бөлек, желтоқсан айында жылдық нәтижесі бойынша есеп беріледі. Бір байқағанымыз, осы тұрғыда облыс аумағында көптеген жаңалық пен жетістік орын алды. Аталған құжатта айтылған барлық мақсат-межелерге жетуіміз жолында белгіленген мақсаттар: біріншісі – білікті кадрлар даярлау, екіншісі – инфрақұрылым салу, үшіншісі – қаржы бөлуді реттеу міндеттері біртіндеп орындалуда.
Алакөл ауданында да біраз жұмыстың басы қайырылды. Айталық, Достық кентінде мұнай өнімдерін өңдейтін «Достық Рефайнери» серіктестігі 2010 жылдың қазан айында іске қосылып, 2011 жылы толық қуаттылығына шығып, 517 мың тонна мұнай өңдеді. Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде жұмысқа кіріскен кәсіпорын 100 адамды жұмыспен қамтып, олардың отбасы мүшелерінің тұрмысын түзеуге, алаңсыз тірлік етуіне мүмкіндік берді. Биыл өзіндік құны 1млрд 41млн теңгені құрайтын, тұрғындарды 50 тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін «Селбесу Агро» серіктестігінің тамшылатып суару құралдарын шығаратын зауыты өңірлік индустрияландыру картасына ұсынылып, құрылыс жұмыстары жүр-гізілуде. Ойға алғандар орындалса, келесі жылы іске қосылмақ.
Сондай-ақ ауданда болашағы зор инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсаты мен туризмді кластерлік тұрғыда дамыту үшін әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Сол қатарда жеке кәсіпкер Е. Абдрахмановтың «Аквамарин резорд» ЖШС демалыс орны жобасы, аудан экономикасының дамуына үлес қосып жатқан асфальт шығаратын зауыты, «ДостықГазТерминал» ЖШС-нің газ толтыру пункті, «Агример Авто» ЖШС дәнді дақылдарды қабылдау, тиеу, сақтау сынды жобалар бар. Алдағы уақытта «Жетісу Гидро» серіктестігі Тентек өзенінде тұрғызылатын, қуаттылығы 50 Мвт. болатын «Төңкеріс-1» су электр стансасының құрылысын бастады. Аталған жоба іске асқанда ауданның электр энергиясына сұранысы толық қамтылады және 36 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар «Тентек» серіктестігінің геологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 5 кеніште марганец кенінің қоры анықталды. Алдын ала болжамдар бойынша аталған кеніштердегі марганец кенінің жалпы қоры 80 млн тоннаны құрайды. Қазіргі таңда осы жобалар бойынша инвесторларды тартуды ойластырудамыз. Жоба іске асқан жағдайда жылына 100 мың тоннаға дейін (металдық марганец) өнім өндіріліп, 800 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Инвестиция тарту – ел дамуының кепілі. Былтыр тамызда облыстың даму барысын көзбен көру мақсатында жұмыс сапарымен өңірге келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жетісудағы таусылмас табыс көзінің бірі бола алатын тамаша табиғаттың пайдаға аспай жатқанын көріп, Алакөлді дамытудың бизнес жоспарын жасау туралы арнайы тапсырма берген еді. Содан бергі кезеңде осы бағытта бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, туризмді қарқынды дамытумен айналысатын мемлекеттер өз азаматтары мен шетелдік туристерді сапалы туристік қызмет көрсетумен қамтамасыз ете отырып, ұлттық жоспарлар мен бағдарла-маларды жүзеге асыруға қомақты бюджеттік қаржы бөледі.
Несін жасырайық, өлкеміздегі демалыс орындарына келетін туристердің басым бөлігін шетелдік қонақтар құрайды. Алайда, осы шетел азаматтарын тіркеу барысында түйінді мәселелер орын алады. Қазір өз бетімен келген шетелдік туристерді тіркейтін арнаулы мекеме болмағандықтан, олар мұнда ұзақ уақытқа тұра алмайды. Бұл мәселе де қазақстандық туризмді дамытуға қолбайлау болып тұр.
Шетелдіктердің бізге келгені дұрыс шығар. Бірақ біздің азаматтар осындай табиғат тұрғанда, шетел асып кететіні өкінішті. Мамандардың айтуынша, туған елде тынығу арзанға түседі және қызмет көрсету сапасы да еш жерден кем емес. Алайда, бізде көркемдігіне көз тоймайтын орындар көп болғанымен, оны ел игілігіне асырып, туризмді дамыту кенжелеп тұр. Еліміздегі демалыс орындарының инфрақұрылымын дамытуға Үкімет тара-пынан қолдау болып, біздің демалыс нысандарында шетелдегідей жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тұрғыда алакөлдіктердің мүмкіндігі аса зор екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
– Өмір бір орнында тұрмайды. «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ» дегендей, өткенге ой жүгірте отырып, алдағы күндерде атқарылар істерді үнемі жадыда ұстауға тырысамыз. Сонда ойға келетіні – алдымызда күтіп тұрған жұмыстардың әлі ауқымды екені және уақыт талабының алға жылжыған жылдармен бірге өзектеніп, өткірлене түскені. Мені қуантатыны – қазақтың алтын кіндігі ауылды жерлердің соңғы жылдары қайта түлей бастағаны. Халық саны тұрақтап қана қоймай, өсу үстінде. Кезінде нәпақа іздеп қалаларға, басқа аймақтарға кеткен іскер азаматтар туған өлкеге қайта оралуда. Ауылдарының тірлігін оңалтып, жұртының жағдайын түзеуге көңіл бөлетіндер көбейді. Кез келген елде шекаралы аймақта тұрудың өзіндік ерекшелігі мен жауапкершілігі бар. Мұны біздер бала кезімізден сезініп өстік. Қазіргі жастар да мұны жақсы біледі. Шекаралы аймақтың шырайын келтіріп, сыртқа сес бола алатын азаматтар өсіп келе жатқанына сенемін, – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Әскербекұлы.
Дереккөз: Айқын-ақпарат