Қазақ палуандары «Еуразия барысы» турнирінде топ жарды

/uploads/thumbnail/20170708200758696_small.jpg

АСТАНА. 9 қазан. Бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығы шеңберінде Тараздағы «Тараз Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен ІІІ халықаралық «Еуразия барысы» турнирі өтті. Сегіз мемлекеттің балуандары сынға түскен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы топ жарып, жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанды. Біздің жігіттер финалда Өзбекстан құрамасынан 5:2 есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Жеребе бойынша алғаш болып кілемге Грузия мен Моңғолия құрамалары көтерілді. Өткен жылғы сайыстың бас жүлдесін еншілеген моңғол балуандарынан биыл да жоғары нәтиже күткендер аз болған жоқ. Тартысты өткен белдесулерде қос құрама бірін бірі кезектесіп жеңіп отырды. Нәтижесінде кездесу тағдыры аса ауыр салмақта (+100 кг) сынға түскен балуандардың белдесуінде шешілді. Бұл сында Бека Бердзенешвили қарсыласы Давааням Алтангерелден басым түсіп, Грузия құрамасы 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Ал бірінші айналымда Польшамен кездескен Қазақстан құрамасы 5:2 есебімен жеңіске жетті. Жерлестерімізден Марат Нигматоллаев (55 кг), Бағдәулет Сәбитов (66 кг), Мақсат Мәзібаев (82 кг), Нұрым Сәлімгереев және Бейбіт Ыстыбаев қарсыластарынан айласын асырса, Ринат Махмұтов (74 кг) пен Бекзат Ахметбеков (90 кг) жеңіліске ұшырады.
Одан бөлек, сайыстың осы сатысында Өзбекстан Қырғызстаннан – 5:2, ал Ресей Түркиядан 5:1 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда Грузия Өзбекстан құрамасымен күш сынасты. Қап тауының етегінен келген балуандар былтыр қола жүлдеге қол жеткізгені есімізде. Дегенмен, биыл өзбек балуандарының тыңғылықты дайындықпен келгені анық байқалды. Әр белдесуде сауатты әдіс жасаған олар грузиндерді 5:2 есебімен тізе бүктіріп, финалға шықты.
Ал екінші жартылай финалдық жұпты құраған Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы айқас біздің пайдамызға 6:1 есебімен аяқталды. Бұл кездесуде командамыз екінші құраммен шықты. Жаттықтырушылардың шешімімен Ресейге қарсы Айдос Сейпілұлы (55 кг), Ғалымжан Абдрахманов (66 кг), Айдос Ғалымов (74 кг), Сұңғат Закариев (82 кг), Асыл Бәрменов (90 кг), Мұхит Тұрсынов (100 кг) және Айбек Нұғымаров (+100 кг) белдесті.
Үшінші орынға таласта Грузия Ресейді 6:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші рет қола «Тайқазанды» иемденді.
Финалда Қазақстан жартылай финалдағы құраммен сынға түсті. Нәтижесінде балуандарымыз Өзбекстан құрамасын 5:2 есебімен жеңіп, турнирдің екі дүркін жеңімпаздары атанды. Бұл сында ұлттық құрамадан Асыл Бәрменов пен Айбек Нұғымаров қарсыластарына есе жібергенін айта кетейік.
Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңгені құрады. Атап айтқанда, 1-орынға – 9 400 000, 2-орынға – 5 640 000 және 3-орынға 3 760 000 теңге тағайындалды. Тағы бір ескерте кететін жайт, сегіз сағатқа созылған сайысты отандық «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен Ресейдің «Боец» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Сондай-ақ, күллі түркі әлеміне тарайтын Түркияның «TRT Avaz» телеарнасы да апайтөс балуандардың айқасын тікелей көрсетіп, түбі бір туыс халықтардың назарын Қазақстанға аударды.


Қатысты Мақалалар