Елбасы елін ерлетті!

/uploads/thumbnail/20170708200756624_small.jpg

Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тараз қала­сындағы «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен қазақ тарихы мен руханиятына Елбасындай қамқорлық жасап, жанашыр болған абзал деген ой түйдік.
Бәрі де қайырымен, бәрі де өзінің ретімен болып жатыр. Ширек ғасырға жетер-жетпес кезеңдерде өз тәуелсіздігімізді алғанымызда аптыққан да, асыққан да көңілімізбен қазақтың жоқ-жітігін, соның ішінде тіліміз де бар, айтылмай да, жазылмай келген тарихымызды да бірден орнына келтірмек үшін талпындық. Кейде сол талпынысымыз бос даурығуға ұласқандығын да жасырмайық. Сондай сәтте Елбасы «асық­­пайық, аптықпайық, бізге уақыт керек, бәрі де өзінің орнына келеді» деп қалың елін сабыр­ға шақырғаны да әлі есте.
Иә, бәрі де Елбасы айт­қан­дай өзінің орнына келіп жатыр. Қазақтың тілі дейсіз бе, ол да күні кеше Назарбаевтың сөзімен Біріккен Ұлттар Ұйы­мының мінберінен әлем аспанында жаңғырды. Және де тұңғыш рет! Қазақ қазақ болып жаралғалы біздің ұлт өзінің ана тілімен әлемдік сахнада тұңғыш рет жарқылдаса, сол мәр­тебеге туған елін де, туған тілін де Елбасы жеткізді!
Енді, міне, көне Тараз жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шараларға қатысып, осы бір ұлы тарихи оқиғаны көруге, тамашалауға ынтыққан халық­тың көлдей болып тасыған қуанышты жүздерімен сол көне Тараздың көше-көшелеріне сыймай толқыған халықтың ақжарқын көңілдері мен біріне бірі құтты болсын айтысқан ақжарма тілектерін естігенде, көңілдің толқығаны тағы рас.
Бұл бір қайырлы шара болды. Бұл бір қазақ болып қалыптасқан кезеңдердің ұлы жиындарының бірі еді. Бұл біздің Қазақ елінің өзінің аңсарлы азаттығы мен тәу етер тәуелсіздігінің қайырлы көшінің әлемдік өркениет көшінің алдыңғы қатарына түскендігін айдай әлемге паш еткен ел жасампаздығының жарқын сәті болатын.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып әуелі Астанада өткізілген жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі той, ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек.
Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке қазақ жері деп атала бастады», деп атап көрсетіп, Қазақ хандығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі тұтас бір тарих екендігін айтқан болатын.
Көк байрағы желбіреген бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы мен Қазақ хандығы тарихының арасындағы сабақтастықты тұтас бір ұлттың тарихы деп білгеніміз жөн. Ежелден азат ел болу, өз халқын ешкімге тәуелсіз етпеу және бар ағайынмен де, жат жұртпен де тату бірлікте өмір сүру қағидасын ұстанып келе жатқан халқымыз бабаларымыздың ұлы арманына енді қол жеткізгендігін де айтқан ләзім. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау сапары барысындағы терең толғамды сұхбатында кеңінен атап көрсеткен еді. Жалпы, Қазақ хандығы мен қазақ тарихының тың мәселелері осы Ұлытауда айтылды. Сөйтіп, Елбасы Ұлытауды ұлықтау арқылы бүкіл қазақ тарихын, бүкіл Қазақ хандығының хандары мен би-сұлтандарын ұлықтауға жол ашты. Бүгінгі күні Қазақ хандығының 550 жылдығының халықаралық деңгейде аталуын да осы Ұлытаудан Елбасының өзі бастап берді. Соған қарап, қазақ тарихы мен руханиятына Елбасындай қамқорлық жасап, жанашыр болған абзал деген ойдың да көкейге келері бар.
Қазақ хандығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі тұтас бір тарих және ұлт мүддесі сабақтасып жатыр деген ойға тегін келмейтініміз анық. 2012 жылдың 10 тамызында Елбасы Көкшетауға келген сапарында облыс орталығының бас алаңына қойылған ұлы хан – Абылайдың ескерткішінің қола мүсінді айбарлы жүзіне қарап тұрып: «Мен Абылайдың арманын орындадым!» деген тебіреністі сәтінің куәсі болған едім. Көкшетаудағы Абылай хан алаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан осы бір ауыз сөзі сан ғасырлар бойы қазақ аузымен айтылмаған сөз еді. Сол айтылды! Мұны Нұрсұлтан Назарбаев айтты! Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев ханының да, халқының да арманын, аманатын орындады!..
«Мен Абылайдың арманын орындадым!». Иә, мәртебелі Елбасы, Сіз Абылайдың да, Абылай ханға дейін де, одан кейін де өткен ата-бабаларымыздың бар үміті мен зар үмітін де, аңсарлы бар арманы мен мүдделі бар мақсаттарын да орындадыңыз! Бұған талас жоқ! Бұған күдік пен күмән де жоқ! Елбасының ерлігімен, ерік-жігерімен, ел болашағын кеңінен ойлап піше білген кемел кемеңгерлігімен және де дара даналығымен іргетасы қаланып, осы күндері Еуразия кеңістігінің рухани астанасына айналып отырған Қазақ елінің Астанасы сол Абылай хан мен бұдан өзге де хан, сұлтандардың жүздеген, тіпті, мыңдаған жылдар бойғы асыл армандарын айналасы жиырма жылға жетер-жетпес уақытта өз ақыл-парасатымен Нұрсұлтан Назарбаевтың жүзеге асырғандығы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының ғана емес, тағдырдың жазуымен Қазақ елін мекендеп отырған түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігін, татулығы мен достығын сақтап, барша қазақстандықтарды ортақ мүдде мен ортақ мақсатқа жұмылдырып, біріктіре отырып, көп ұлтты және көп дінді мемлекет құрудың тамаша үлгісін айдай әлемге көрсетіп беріп, сүйсіндіре де білді. Сондықтан да бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше, Елбасының тағдыры Қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр – тұтас бір халықтың тағдыры!
…Қорыта айтқанда, біз ең әуелі тарихын жинақтап, өткенін әспеттеп те құрметтеп, хандарын ұлықтап, бүгінгі сан ұлттың бірлігін жарастырып, әлемге үлгі бола аларлық жаңа тұрпаттағы мемлекет құра білген өзіміздің Елбасымызға тағы да риза болып, мақтандық! Біз Ұлы Дала елінің мұрагері – Қазақстанның бүгінгі салтанатына қуандық, қазақ болғанымызға шаттандық! Мәңгілік Ел болуға жазсын деген адал ниетпен оралдық Тараздан!

"Қамшы "сілтейді

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар