Медициналық сақтандыру деген не?

/uploads/thumbnail/20170708200932078_small.jpg

Медициналық сақтандыру дегеніміз не? Ол- денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады.

Негізінде медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Бұл міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты - міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Міндетті медициналық сақтандыру дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған конституциялық құқығын іске асыруға бағытталған. Ал, ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады. Бірақ халықтың бұл сақтандыру түріне күмәнмен қарауының да себебі бар сияқты. Себебі, 90-жылдары елімізде міндетті медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жолдары қарастырылған, осы мақсатта міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылған болатын. Алайда, қор басшысы өзінің қызмет дәрежесін пайдаланып, қор қаражатын жымқырып, шетел асып кеткені белгілі. Нәтижесінде міндетті медициналық сақтандыру фонды жұмысын тоқтатады, ал, халық медициналық сақтандырусыз қалады.  Бұл жағдай әлі де ел есінде екені күмәнсіз.

Дегенмен, кейбіріміз ерікті медициналық сақтандыру  түрін қолданып жүрміз. Еліміздің белді компаниялары өз қызметкерлерін осы жүйе бойынша сақтандырған.  Халық бұл жүйенің тиімді екеніне көз жеткізіп келе жатқан сияқты. Бірақ бәрі емес. Сондықтан әлі де ағарту жұмыстары жүргізілу керек.

Ал, міндетті сақтандыру елімізде 2015 жылы енгізілмек. Елбасы өзінің кезекті Жолдауында аталмыш сақтандыру түрін жете зерттеу туралы тапсырма да берген еді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл жүйе бойынша қызу жұмыстың басталып кеткенін айтуда. Аталған сақтандыру жүйесі қолданысқа енетін болса, әрбір азаматтың еңбек ақысынан ұсталатын жарна көлемі үш процент шамасында болады деп болжам жасаушылар да табылуда.

 Медициналық міндетті сақтандыру елімізде тамырын жайса, біздің еш ұтылмайтынымыз айқын деген пікірді ұстанушылар көп. Себебі, қазіргі таңда түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болып отыр. Шетелдерде ота жасалу тікелей мемлекеттік квота арқылы жүргізіледі. Квоталар сырқат балалардың біріне бұйырса, енді біріне жете бермейді. Біздің елімізде бала тұрмақ, ересек адамдар медициналық сақтандырудан өтпейді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған. Мәселен, Германия, Франция, Голландия, Австрия, Бельгия, Швейцария сияқты Еуропа елдерінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қолданылады.

Әрине, ММС-тың арқасында біз медицина  саласындағы барлық кемшіліктерден арыламыз деп айту қиын. Дегенмен бұл жүйе әлеуеттің әл-ауқатын біршама жоғарлатудың бірден-бір жолы. Дамыған елдерде сырқатты ерте кезінен анықтап, емдеу жете қолға алынған. Ол үшін халық жиі медициналық тексерістерден өтуі керек. Бұл шара аурудың асқынуының алдын алып, мүгдектердің санының қысқаруына септігін тигізбек. Ауруды ерте кезден емдеген, асқынып кеткеннен кейін емдегеннен әлдеқайда арзанырақ. Дамыған елдерде қаржылық мүмкіндігіне қарамастан  халықтың төрттен үші жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің көмегіне жүгінсе, тек қана төрттен үші тар көлемді мамандарға жүгінетін көрінеді. Онымен қоса, науқастар көбінесе медициналық мекемені, дәрігерді, қызмет көрсетудің бағаларын таңдау құқығынан айырылып жатады. Бұл әсіресе жедел көрсетілетін көмек кезінде жиі орын алады. Сақтандыру компаниясы бұл кезде науқас пен дәрігердің арасында делдалдық қызмет атқарады. Өйткені өзі де пайда көру үшін сақтандыру компаниясы арзандау қызметті таңдайды. ­Себебі қордағы қаржы медициналық қызметтің бағасын өтеуге әрі пайда табуға жетуі керек. Дегенмен, бұл сақтандыру компаниясының арзан жерді таңдап, сапасыз медициналық қызметті ұсынады деген сөз емес. Өйткені тұтынушы қызметтен кішігірім болсын кінарат тапса, төленген ақшаны екі еселеп қайтаруға тура келеді.

Қазіргі заман жаңа заман. Нарық талаптарына сәйкес біз жан-жақты білім  жинап, заман ағынымен қатар жүзуіміз керек. Қай тәсіл өмірімізді жеңілдететінін жете зерттеп, оны қолданысқа енгізудің жолын табуымыз қажет. Сол жаңашылдықтың бірі медициналық сақтандыру. Бұл өз кезегінде, медициналық қызмет көрсететін - медициналық мекемелердің, олардың қызметкерлерінің, жеке машықтанушы дәрігерлердің еңбегінің саны мен сапасына нақты баға беруге мүмкіндік тудырады. Басқа жағынан, науқастар емдеу-профилактикалық мекеме мен нақтылы дәрігерді таңдау құқығы пайда болады. Бұл міндетті медициналық сақтандыру қоры тарапынан емделушілердің мүддесін қорғаумен қосарланады: ол медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға бере алады, емдеу нәтижелеріне кінәрат-талап таға алады, ал қажеттік кезінде емдеуші мекемеге немесе жеке машықтанушы дәрігерге экономикалық санкциялар қолдана алады. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, осы саладағы жұмысты біршама жүйелеуге жол ашады.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар