Жұт жеті ағайынды. Оған дағдарысты тағы қосыңыз. Демек біз өмір сүріп жатқан дәуірде жұтқа тағы бір ағайын келіп қосылған. Бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс біздің елді де айналып өтпесі анық. Айналып өтпеді, тура келді. Әсіресе, біздің көршіміз әрі одақтасымыз Ресейге жан- жақтан санкциялар салып жатқанда бізге дағдарыс толқыны жеңіл тимесі белгілі. Бірден оңдырмады, төл теңгеміз айналасы бір жыл ішінде 50%- ға жуық құнын жоғалтты, зат бағасы күн санап қымбаттады. Бірақ үкіметіміз «көретіндерің әлі алда, өте үлкен дағдарыс келе жатыр»,- деп қорқытады.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей дағдарыспен бірге үкімет те жекешелендірудің екінші кезегіндегі нысандарды жария етті. «Қазмұнайгаз», «Қазақфильм», «KEGOK», «Тұрғын үй жинақ банкі» сияқты өндіріс, мәдениет, коммуналдық қызметтердің бәрін қамтыған 278 нысан өзіне жаңа қожайын іздеуде. Сатылымға шықты, енді кім сатып алып, кімнің қанжығасында кетіп, кімге жем болып, болашақта не күй кешеміз деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Қарағандының көмірі, Жезқазғанның мысы сияқты тағы да шетелдіктердің қолына кетіп, бір елдің салып берген үйінде, бір елдің жарығын жағып, бір елдің сарайына барып концерт көреміз бе?
Осы жылдың нақты мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандықтардың тәуелсіздіктен бері түрлі жолдармен шетелде тыққан ақшалары 138 миллиард доллардан асқан екен. Бұл бізге мәлім болғаны ғана. Тағы да қанша қаржы сыртқа шыққаны бір Аллаға ғана аян. Ал, қарапайым қазақ өз жерінде бір баспанаға зар болып жүрсе, 500 мыңнан астам қазақстандықтың шетелде жеке үйлері бар екен. Еліміздегі бай мен кедейдің алшақтығы соншама миллионға жуық халық нанын әрең тауып жеп отырса, ең бай 50 адамының байлығы үш облыстың (Ақмола, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан) ішкі өнімінен асып түседі екен. Біздің ел байлығын сыртқа таситын осыншама байларымыздың ішінен қазаққа қорған болар біреуі табылмай ма? Дағдарыс кезінде үкімет те біздің осынай кәсіпкерлемізге сенгендіктен, өздері иелік ете алмаған нысандарды көтеру үшін олардан көмек сұрау қадамына көшкен болар. Үкімет көмек сұраса, олар іске кірісетін уақыты келді. Өйткені, сіз бен біз және қазақтың өткені мен бүгіні болмаса, олар бұл байлыққа жеке -дара қол жеткізе алмас еді. Демек, олар ел қаржысын шетке тыға бермей, өз халықының қалай күн көріп жатқанына мән беріп, халықтан алғанын халыққа қайта қайтаратын, ел ертеңін түзейтін, ұрпаққа алаңсыз өмір сыйлайтын ұлттың азаматына айналуы керек.
Далалық көшпендіден қалалық көшпендіге айналған қазақты үкімет баспаналы етуге қауқарсыздық танытып, ақыры бұл жауапкершілікті өзгенің мойынына жүктеуге ниет етуде. Біздің елде бұл жауапкершілікті мойынына ала алатын адамдардың қаржылық жағдайының әбден жететінін жоғары да айтып кеттім. Енді тек, солардың ішінен ұлтқа деген махаббаты бұл жауапкершілікті мойынына алуға жететін қазақ табылса деген тілек қана бар. Баспана мәселесі қазақтың өсіп- өнуіне тіке қатысты, өзекті мәселе. «Тұрғын үй жинақ банкін» өз иелегіне алып, банк секторын дамытып, халықты бағасы лайықты баспанамен қамтасыз етер болса, бұндай жаупкершілікті алған адамның ұлт алдында абройы асқақ болар еді.
Қазір біздің үкімет дегеніне жетпей қоймайтын болды ғой, сатам дегенін сатады. Сондықтан, жоғарыдағы нысандар ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпес үшін біздің қалталы азаматтар ұлттық буржуазияға айналуы тиіс. Қаржысын шетелге тыққанша, қазақтың болашағына жұмсар болса, ұлттың алдында да, Алланың алдында да ары таза болумен бірге- құрметі шексіз болар еді.
Тұрдыбек Құрметхан