«Жетісу – жер жәннаты». Бұл тегін айтылмаған теңеу. Бірде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жетісу өңіріне келген соңғы сапарында облыс орталығының күн санап көркейіп келе жатқаны туралы «Мұндай қарқынды құрылыстың жүруі – Талдықорғанның тарихында болмаған» деп таңданысын жасырмаған. Айтса айтқандай-ақ. Шаһарымыз күн санап көркейіп, гүлденіп келеді. Баспанаға мұқтаж адамдардың жыл сайын саны кеміп отыр. Биылғы жылы 698 отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Қазірде оның 178-і қоныс тойын тойлап үлгерді. Болашақта Талдықорған қаласында жаңа драма театры, Салтанат сарайы бой көтереді. Қазіргі күні оның инженерлік жүйесі тартылуда.
Мұнарасы көк тіреген
Талдықорғандағы ең көрікті орынның бірі – көгалдағы хоккей алаңы. Бұл республикада тұңғыш рет Жетісу жерінде орын тепкен спорттық «Тамыры дүр шаһардың бүлкілдейді»нысан. Ол былтырғы жылы хоккейшілер мен хоккей жанкүйерлеріне есігін айқара ашқан болатын. Қаланың шығыс жағында 3 гектар аумақты алып жатқан алаңда 1140 адам бір мезетте хоккей ойынын тамашалай алады. Алаңға төселген көгал Голландиядан арнайы әкелінген. Жалпы, Алматы облысында спортқа қолдау зор. Тек соңғы үш жылдың ішінде облыс бойынша 32 спорттық нысан қолданысқа берілген. Мұның өзі Елбасының бұқаралық спортты дамыту талабын орындауда облыстағы атқамінерлердің тиянақты тірлігін көрсетсе керек. Дәл осы алаңның іргесінде төрт жолдың түйіскен Еркін айналма жолы орналасқан. Мұнда Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған 40 метр болатын сәулеттік композиция бой көтеруде. Конструкция бірнеше композициядан тұрады. Яғни қырық метр биіктіктегі мұнараны айнала он екі стелла қоршап тұрады, ортасындағы стелла түсі әртүрлі сипатта өзгеріп отырады. Сондықтан, онда арнайы жарық диодты жүйе орнатылмақ. Сондай-ақ конструкцияға су бұрқақ орнатылып, ол 550 бағытта су бүркіп тұрады деп жоспарланған.
Қараталдың бойында...
Еркін айналма жолынан шаһардың орталығына қарай тартсаңыз, арқырап ағып жатқан Қаратал өзеніне, оның жағалауына көзіңіз түседі. Абаттандыру жұмысы бұл жерде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспарланған аймаққа ағаштың түр-түрі отырғызылып, шаһардың шырайы кіретін күн де алыс емес. Талдықорғандықтардың өзен бойын жағалай жүріп серуендейтін, сергитін сүйікті орнының бірі – Қаратал өзенінің жағасы болмақ. Бұл қала жастары үшін романтикалық орын болса, үлкендер үшін таза ауада, өзен жағасында бой сергітуге таптырмайтын нысан болмақ.
Ақындар аллеясында
«Тамыры дүр шаһардың бүлкілдейді»«Жастар» мәдени демалыс саябағы – болашақта жастар бас қосатын мәдени орынның бірі болмақ. Қазіргі кезде құрылысы қызу жүріп жатқан бұл нысанда ақындар аллеясы, арнайы концерттік бағдарлама өтетін сахна да қарастырылған. Ақындар аллеясына келіп, өлең оқып, жыр тыңдап, поэзия кештерін өткізуге мүмкіндік жасалмақ. Бұл Жетісу жерінің рухани тіршілігі қызатын мекенге айналады деп күтілуде. Саябақ бастан-аяқ абаттандырылады, жарықтандырылады. Талдықорған жастарының бас қосатын рухани демалыс саябағы өз есігін ашатын да уақыт алыс емес. Жақын күндері ондай қуанышты жаңалықты да бөлісеміз.
Шағынауданның шырайы кіреді
Талдықорғанның күн сайын көркейіп, үлкейіп келе жатқанын Батыс шағынауданындағы құрылыстың қым-қуыт тірлігінен де байқауға болады. Екі-үш жыл бұрын жазық дала болған бұл жерде бүгінде көп қабатты пәтер көбейіп, мыңдаған адам баспаналы болды. Биыл тек жас отбасыларға 128 пәтер кілті табысталды. Жыл соңына дейін 10 көп қабатты тұрғын үй баспанаға мұқтаж жандарға берілмек. Биыл облыс бойынша 16 жаңа мектеп пайдалануға берілген болса, соның бірі – Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында 300 орынды мектепте мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істейді. Бұрын Еркін ауылының қарадомалақтары мектеп болмағандықтан, Талдықорғанға сабылатын болса, енді оның да шешімі табылды. Болашақта, Батыс шағынауданы адам танымастай өзгереді. Өйткені, қазірдің өзінде 320 орындық балабақша, төрт жұлдызды қонақүй және оқушылар сарайы салынып жатыр. Келесі жылдан бастап 500 орынды драма театрының, 2.0 гектар аумақты алып жатқан көрме павильоны мен «Салтанат» неке қию сарайы, заманауи медициналық орталықтың құрылысы басталады.
Қоқыс та кәдеге жарады
Соңғы кездері қаланың аймағында өңделетін және өңделмейтін қоқысты бөліп салатын екі қалталы жаңа қоқыс жәшігі орнатылған. Жәшіктің бір жақ қалташасына өңделмейтін қоқысты тастайтын болса, екінші жағына өңдеуге жарамды қоқыс салынады. Жәшік толған кезде оны бірден арнайы көлік алып, әрқайсысын арнайы қобдишаға салып алып, қоқыс өңдейтін зауытқа тапсырады да, өңделмейтінін қоқыс алаңына тастайды. Қазіргі кезде қалада 180 қоқыс жәшігі орнатылған болса, оны таситын өз елімізде құрастырылған Hyundai қоқыс көлігінің үш данасы сатып алынған. Оның әрқайсысы 10 миллион теңге тұрады. Бұл отандық өнімді қолдаудың тағы бір мысалы. Жанар-жағармайдың шығынын және жұмысшылардың жалақысына жұмсалатын қаражатты өтейміз. Бұл бір жағынан отандық өндірісті қолдау.
Қаланың маңдайшасы...
Талдықорған қаласының «қақпасы» Алматы-Өскемен тасжолының бойында орналасқандықтан, онда келіп-кетушілер де көп болары сөзсіз. Шаһарға кіріп келген жолаушыға алғашқы әсер беретін де қаланың кіреберісі, маңдайшасы. Осыны ескерген өңір басшысы қалаға кіреберісті жаңартуды да жоспарлап қойған. Әуелі, республикалық маңызы бар бұл жолдың жиегін абаттандыруды, көгалдандыруды қолға алмақ. Содан кейін Талдықорғанға кіреберіс маңдайшасы да өзгертіледі. Жолдың екі бетіне «Жетісу» және «Талдықорған» деп жазылады деп жоспарланған. Енді, бірнеше жылда Талдықорған қаласы сәулеті мен сәні келіскен әдемі қалалардың біріне айналады.
Сондай-ақ қалада жаңа ашылған аудандар мен жаңа үлкен ғимараттарды су, жылу, электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспары да өз деңгейінде жүріп жатыр.
Талдықорған қаласына қарасты ғимараттарды сумен қамтуға 264832 мың теңге бөлініп, игерілген. Жылумен қамтамасыз етуге 113788 мың теңге бөлінген. Бұл қаражат шығыс шағынауданының құрылуына және Талдықорған қаласының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалған. Ал Электр энергиясымен қамтамыз ету мақсатында 757239 мың теңге игерілген.
Жетісу өңірі арқырап аққан жеті өзенімен, әсем табиғатымен ерекшеленеді. Осындай әсем табиғаттың арасынан орын тепкен Талдықорған да көрікті болмауға хақы жоқ. Ақын өлеңдерінде жазылғандай «Тамыры дүр шаһардың бүлкілдейді».
Әсет Шаяхметов,
Талдықорған қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:
– Биыл 1364 пәтерлі 17 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 698 пәтерлі 13 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. «Тамыры дүр шаһардың бүлкілдейді»Қазірде 178 пәтер қолданысқа берілді. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы «Арман» зауытының ғимаратын қайта жабдықтау арқылы шағын отбасыларына арналған 88 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй болдыру құрылысы жүріліп жатыр. Ол үшін бюджеттен 386,912 миллион теңге бөлініп, қазірде оның 163,963 миллион теңгесі игерілді.
160 мыңнан астам халық мекендеп жатқан Талдықорған қаласы күн өткен сайын көркейіп келеді. Халықтың білім алуы, тұрғын үймен қамтылуы бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Қаланың мәдени саласын дамыту мақсатында Батыс шағынауданында «Этно-ауыл», «Жастарға қызмет көрсету орталығының» құрылысы жүріп жатыр. Елбасының жергілікті жердің орта білім және мектепке дейінгі біліммен қамту туралы тапсырмасы бойынша Еркін ауылында 100 орынды шағын орталығы бар 300 орынды мектеп ашылса, 320 және 280 орынға лайықталған балабақша қолданысқа берілді.
Дереккөз: "Жас қазақ"