Ел экономикасын алға сүйрейтін ауыл шаруашылығы саласының иығына артылатын жүк ауыр. Сондықтан да өңірімізде агроөнеркәсіптің салмағын көтеретін мал шаруашылығында жайылымдық жерді мақсатты әрі тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Жайылымның ыңғайына қарай жайлаудан күздеуге, одан қыстауға көшкен ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесінен тағылым алар тұсымыз көп. Дегенмен, төрт түлік малдың қамын қүйттеп, күтімі мен бабын таба білетін шаруаның қатары сиреген. Жуырда Сай-Өтес ауылының маңындағы шаруа қожалықтарына барып, атакәсіптен берекелі нәсіп тауып отырған шаруаларға жолығып қайттық. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт алысқа кетіп, Үстірттің қырына жол тарттық.
Үстіртке сапарлатқан облыстық ауыл шаруашылығының басшысы Болат Ерсайынұлы, Маңғыстау аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Бекмұрат Әбуов және БАҚ өкілдері алдымен, «Нақхан» шаруа қожалығына бағыт түзедік. Бұл шаруа қожалығының тізгінін ұстаған Мырзатай Қойшыбаев 1992 жылдан бері асылтұқымды Адай жылқысын өсірумен айналысады. Бүгінде істің тетігін тапқан шаруа сонау 1992 жылдары ата-бабамыз қымызы бал, еті дертке дауа, мінсе ер қанаты болған Қамбар ата тұқымын өсіруді қолға алыпты. 1998 жылдары атакәсіпті жалғап, мал басын көбейтуді көздеген кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген несиеге 40 жылқы сатып алған. Кең алқапты жайылымда жылқы малын өргізген қожалық иесі шаруасының шырайын келтіріп отыр. Үстірттің иен даласында жазғытұрым «Қонайдың үйігі» маңын жайласа, қыс түсе «Қарауыл күмбетке» қоныстанады.
Шаруашылық иесі М.Қойшыбаев «Шаруашылығымда 15 үйір жылқы бар. Биыл шөптің шығымы жақсы болғандықтан, мал қоңды. Жылқы өрісте жүріп, 70 түрлі шөп жейді. Азығын өрістен табатын Қамбар ата тұқымы еркіндікте жүріп жайылатын жануар. Мамыр айынан қазанға дейін сауылатын биелерден күніне 40-50 литр қымыз аламыз. Шаруа қожалығының жайын жасап жүрген 10 жұмысшы бар», – дейді. Істің ебін білетін шаруа мал азығын дайындайтын техниканы сақадай сай етіп қойған. «Маңғыстау агросервис» компаниясы арқылы лизингке шөп шабатын косилка мен орама шөп тайлайтын құрылғы алған. Техникасы бар шаруагердің бригадасы шабындыққа шалғы салып, 1000 тоннадай қысқы мал азығын қамдапты. М.Қойшыбаевтың айтуынша, қазір «Нақхан» шаруа қожалығында өндірілетін қымыз сусыны Шалғайдағы шаруа немесе Үстірттегі елдің үзігі бүтінреспубликалық маңыздағы «Бейнеу-Ақтау» тасжолының бойындағы дүкенде ғана сатылады. Отандық өнімді облыс көлемінде сатуға шығаруды мақсат еткен кәсіпкер рұқсат қағазының жоқтығынан, бұл мәселе оң шешімін таппай отырғанын жеткізді.
Мұнан кейін Сай-Өтес ауылынан 60 шақырым жердегі «Шырақбай» жайлауындағы «Мақсат» шаруа қожалығына келіп тоқтадық. Тұщыбек Далжанов басқаратын қожалық асылтұқымды Адай жылқысымен қатар сиыр, қой шаруашылығын өркендетіп отыр. 2002 жылы шаңырағын көтерген шаруашылық бүгінде іргесі кеңіп, мал басы бірнеше есеге өскен. Айталық, 18 үйір жылқы, 700-ге тарта қой, 80 бас сиыр осы шаруашылықтың меншігінде. Кәсіпкер 2009-2010 жылдары Орал қаласынан әкелінген қырыққа жуық ақбас сиырды жерсіндіріп, оның пайдасын көруге барынша күш салды. Шаруа «Маңғыстау агросервис» мекемесі арқылы субсидиямен жергілікті жерден 100 бас қазақы қой алып, шаруашылық аясын кеңейте түсіпті.
Тұщыбек Далжанов «Осыдан 4 жыл бұрын «Маңғыстау агросервистің» көмегімен лизингке шөп шабатын техника алдым. Жақында осындай техниканы Қостанайдан тағы да әкелдім. Қыстан қысылмай шығу үшін азық қорын жеткілікті мөлшерде дайындап қойдық. Жусан, ебелек, боз, ергек шөптері жақсы шықты. Халыққа бір тай шөпті қолжетімді бағада 200 теңгеден сатып жатырмыз. Сай-Өтестегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына шөпті тегін беріп, қолдан келгенше көмектесіп тұрамын. Елбасымыздың тапсырмасымен мал басын көбейтуге, одан алынатын өнімді молайтудамыз. Бұйыртса, келер жылы рұқсат қағазын алып, қымыз өндіру ісін қолға алмақпын. Қазіргі уақытта өзіміз дайындаған ірімшік, қатық Сай-Өтес ауылында, аудан орталығы Шетпеде сатылуда. Аталарымыз ырысын осы малдан тапқан. Сондықтан артымнан ерген інілерімді атакәсіпке баулып жүрмін», – дейді.
Шаруа жайылымның жағдайы жақсы болғандықтан, шүйгінге шүйліккен мал еңістен шыға қоймайтындығын айтады. Расында, биыл шөптің бітік өскені қорадағы тай-тай болып байланған шөптің көптігінен байқалады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлының айтуынша, төрт түлік өсіріп отырған шаруалардың басым көпшілігі Үстірттің қырында жаз жайлап, мал жаюға құлықсыз. Ол «Үстірттің үсті малдың қоңдануына аса қолайлы жер. Осы жердің шұрайлы шүйгіні төрт түліктің ет жинауына, семіруіне оң әсерін тигізеді. Мұнда мал суаратын су да жеткілікті мөлшерде бар. Шаруалар осында қараша айына дейін қолдағы малының күйін жақсартып алып, қыста ауыл маңындағы өріске жайса болады. Ата-бабаларымыздан қалған мал бағу әдісін, яғни уақыт сынынан өткен тәжірибені қолдансақ, мал басын қытымыр қыста шығынға батырмай, аман алып шығудың қамын жасағанымыз», – дейді.
Кең өрісті төрт түлік малға толтырмаққа талаптанған «Абылай-Есет» біріккен шаруа қожалығы өз ісін дөңгелетіп, ұршықша үйіріп отыр. Сапар барысында Сай- Өтестің батыс беткейінде қоныс тепкен «Өрмелі» жеріндегі қызу еңбек құшағындағы шаруашылықта болдық. Мал Шалғайдағы шаруа немесе Үстірттегі елдің үзігі бүтіншаруашылығымен қоса егін шаруашылығына иелік ететін қос кәсіпкер тауық, бөдене, үйрек пен қаз өсіруді қолға алмақ. Қоныс тепкен маңнан инкубатордың құрылысын бастап кетіпті.
«Абылай» шаруа қожалығының иесі Серік Байтұровты әңгімеге тартқанымызда биыл көктемде Ресейден 20-ға жуық ешкіні, Оралдан 4 бас сүтті сиыр сатып алынғанын айтты. Күтімге, баптауға алынған ірі қара мен ұсақ малға Германиядан әкелінген диірменнен өткізілген жем беріледі. Сондай-ақ сол елден бір мезетте екі жылқыны саууға қауқарлы аппарат әкелінген. Қожалықтың керек-жарағы сақадай сай, техника атаулының бәрі бар. Біріккен іргелі шаруа қожалығы малға қажетті шөпті өздері дайындайды.
Кәсіптен көзін тауып, нәсібін айырып отырған шаруа «Шаруашылыққа қарасты 1500 гектар жердің 5 гектар аумағын алып жатқан егістік алқабында жоңышқамен қатар қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, картоп өсіреміз. Күніне 35-40 литр шұбат өндіріледі. Жылқылардан күніне 40, көктемде 60 литрге дейін саумал алынады. Шымкенттен қымыз ашытатын аппарат сатып алдық. Өнімдерімізді Сай-Өтеске, Ақтау қаласына сатуға шығарып, тапсырыс берген дүкенге жөнелтеміз. Мал азығы ретінде қолданылатын жоңышқа жылына 4 рет орылады. Оны сауынды түйеге, жылқыға, сиыр, ешкіге береміз. «ҚазТрансОйлдың» құбыр желісімен келетін суды пайдаланамыз», – деп жұмыс барысын түсіндірді. Ол сауыншы, жылқышы, түйешіні қосқанда, 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Дереккөз: Жас қазақ