Әр күні жылға азық болатын көктемгі және күзгі науқан кезінде елдегі шаруа қожалықтары жыл сайын әбігерге түседі. Сондағы мақсат – мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияны алу. Шынтуайтында, шаруалардың иығындағы жүкті жеңілдетуге субсидияның көмегі мол. Ел еңсесін тіктеу жолында жаңа жобаларға қыруар қаржы да бөлінуде. Тек соңғы уақытта ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі сол бөлінген қаржының тиімділігіне күдік келтіре бастады. Осыған орай, алдағы уақытта субсидия бөлудің тәртібіне өзгеріс енгізілмек. Қазір осы мәселе ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларды алаңдатып отыр.
Теңгермешілік төрге шығармайды
Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өзінің пікірін білдірді.
– Мемлекет тарапынан осы салаға қаржы көбірек бөлінуі үшін біз бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалып жатқандығын дәлелдеуіміз керек. Әйтпесе, субсидия ауыл шаруашылығы құрылымдарын «дайын асқа тік қасық» етіп жібереді. Кейбір құрылымдарда өндірілген өнім көлемі көңіл көншітпейді. Бәріне бірдей жағдай жасалып, субсидия бөлініп отыр. Бірақ түпкі нәтиже әртүрлі. Осыдан барып, нарық заңы жұмыс істемей келеді. Ол заң бойынша мықтылар ғана қалып, ал өз ісін заман талабына сай атқара алмағандар ығысып кетуі керек, – деген болатын министр.
Ол сондай-ақ 2020 жылға қарай ілкімді істерді оң жолға қойған ауыл шаруашылығы ұжымдары табыс көлемін бес есе арттыруға мүмкіндігі бар екендігін атап айтқан болатын.
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мұндай жүйенің 2017 жылдан бастап енгізілетінін айтып отыр. Әзірге облысқа қанша қаржы бөлінетіні беймәлім. Ол кәсіпкерлердің тыңғылықты есептелген жобаларына байланысты.
– Субсидияның түрі көп. Ол негізінен элиталық тұқымға, тыңайтқыш пен гербицидтерге бөлінеді. Айталық, бидайдың гектарына 350 теңге, ал арпаның әр гектарына 600 теңгеден субсидия бөлінеді, майлы дақылдардың әр гектарына 3500 теңгенің көлемінде болады, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Нартай Ысқақов, – бұл жерде айта кететін бір дүние, еңбек өнімділігі хақында. Яғни бөлінген қаржының қайтарымы. Айталық, екі фермер топырақ құнары мен жер көлемі бірдей алқапқа егін екті делік. Біреуі әр жыл сайын гектарына небары 8 центнерден айналдырса, ал келесі біреуі 14-15 центнерге жеткізеді. Бөлінетін субсидия екеуіне бірдей. Демек, әділетсіздік орын алып отыр деуге болады. Әр жыл сайын 15 центнерден өнім алатын диқан бөлінген қаржының қайтарымына қол жеткізіп отыр. Ол осындай көрсеткішке қалай қол жеткізді деген мәселеге көз жүгіртетін болсақ, алтын астықтың ең алдымен, диқанның маңдай терімен суарылғанда ғана өсетіндігін естен шығармауымыз керек. Жауапкершілік жүгін жете түсіне білген озат диқан көктемгі, күзгі агротехникалық шараларды уақтылы атқарғандығы сөзсіз. Оның үстіне, дер кезінде алқабын тыңайтып, арамшөбінен арылтып, гербицитін сеуіп, тынымсыз жұмыс істейді. Гектар берекесін 7-8 центнерден айналдыратын диқан туралы дәл олай айта алмаймыз. Дәл осындай жағдайды ет, сүт өндіруге бөлінетін субсидия жөнінде де айтуға болады.
Ендігі бір мәселе, субсидияны өндірілген өнімнің көлеміне қатысты төлеу болып отыр. Бұл арада да өте күрделі жай бар. Айталық, ауылдағы шаруа қожалығының дәл қанша астық өндіріп жатқандығын есептеу мүмкін емес. Оларда тіпті таразы да жоқ. Көзбен өлшесең, қателесесің. Субсидияның да сұрауы барЕгер субсидия өндірілген астықтың көлеміне байланысты төлене бастаса, бұл салада қосып жазу, көзбояушылық етек алып кетеді. Сонда әрбір шаруа қожалығының жанынан жеке-жеке комиссия құрып, бақылаушы тағайындап қоямыз ба?!
Түпкі нәтижені түгендесек
Бірнеше жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан Зеренді ауданының тұрғыны Құлан Болатовтың айтуына қарағанда, субсидия түпкі өнімге төленуі керек. Әйтпесе, қазір майлы дақылдарға субсидия жақсы төленеді. Фермер майлы дақылдарға тиісті жер көлеміне қарай тұқымын екті екен делік. Комиссия келіп көрген соң күзде жинамауына да болады. Сылтау көп, комбайн болмай қалды, қар жауып кетті. Ал миллиондаған теңге қаржы із-түзсіз жоғалады. Ең бастысы, бәрі заңды. Міне, сондықтан да фермер жанын салып жұмыс істеуі үшін мемлекеттің қаржысы босқа шығын болмасын десек, қалай болғанда да қоймаға құйылатын, ел игілігіне жаратылатын нақты нәтижеге байланысты төленгені жөн. Сонда ғана шаруасын жүргізгісі келетін адам жауапкершілікті сезінеді. Әйтпесе, түпкі нәтиженің қандай болатынына көз жетпей тұрып, субсидия төлеу әділеттілік емес сияқты. Негізінен, бөлінген қаржы туралы ақпарат бір басқа, болжам екі басқа, ал нәтиже мүлдем бөлек болып жатыр. Теория жүзінде қазір жылыжайларда лимон мен банан да өсіруге болады. Айталық, ешкі шаруашылығын дамыту, марал шаруашылығын дамыту туралы әрқилы ұсыныстар айтылып жүр. Ұсыныс көлемі күннен-күнге кеңіп келеді. Әрине, барлығы да табыс табуға ынтызар. Бірақ соның барлығын мемлекеттің иығына артып қоюға болмайды.
Қазір фермердің не егуі қажет екенін өзі шешуі керек. Онда да қай өнім өтімді, бәсекелестікке қабілетті. Екінші бір мәселе, бұрнағы жылдағыдай көктемде себе салып, күзде Жаратқан иенің несібесіне орай бұйырғанын ғана жинап алатын уақыт өтті. Ендігі арада әрбір фермердің астық қоймасы, жаңа үлгідегі жоғары өнімді комбайны, тракторы болуы шарт. Бірақ оны алатын қаржы қайда? Егер мұндай жағдай жасалмаса, алқап берекесі жеті центнерден аспайтыны сөзсіз. Сондықтан да бастапқы қаражатты қайдан табу керек? Ол үшін қаржы институттарының жан-жақты ойластырылған ілкімді жұмысын барынша нығайтқан жөн.
Әрине, нарықтың қатал заңында кейбір өз жұмысын үйлестіре алмаған шаруа қожалықтарының банкрот болуы да мүмкін. Бұл нарықтың бұлтартпас заңы. Сондықтан да мемлекет тарапынан берілетін көмекті озық шаруашылықтардың алғаны дұрыс. Сол сәтте кейін қалғаны жаңағы үлгіні көзімен көріп отырған соң қимылдай бастайды. Әлі күнге дейін облыс орталығында тұрып, шалғайдағы елді мекендерде шаруа қожалығын ұйымдастырып, жұмыс істеп жүргендер бар. Бұл да дұрыс емес. Іс басында өзі болмағаннан кейін алға жылжып кете қою қиын.
– Бізге әлі толық түсіндірген жоқ. Әйтеуір, бір өзгерістің болатындығы анық. Қазір біз мынадай жүйемен жұмыс істеп жатырмыз. Субсидия алу үшін өтінім тапсырамыз, арзандатылған бағамен жанар-жағармай аламыз, егер гербицидтің қазақстандық өнімін алсақ, елу пайыз, шетелдікін алсаң, отыз пайыз субсидия беріледі. Егер диқан таңның атысы, күннің батысы бар жанын салып адал жұмыс істесе, ескі Субсидияның да сұрауы бартехнология бойынша да тәп-тәуір өнім жинап алуға болар еді, – дейді «Еленовка Агро-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Евгений Лаврик.
Шаруалардың бойкүйездікке салынуы туралы министр айтқан пікірге «Ыстық жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серікжан Қасымов өз пікірін білдіреді:
– Әрине, жаңалыққа ілесіп, ұмтылған жөн. Бірақ шаруашылықтағы қалыпты ырғаққа үйренген бағытты бірден басқа жаққа бұру дұрыс емес. Шенділердің айтуына қарағанда, біз тек субсидиямен күн көріп отырған тәріздіміз. Қарапайым фермерге жаңа алаңдар мен жылыжайлар қайдан келуі мүмкін? Біз жыл сайын ала жаздай баптап өсірген өнімімізді ақ қардың астында қалдырып, шығын шегудеміз. Алдымен, ескі жыртығымызды жамап алайық та, содан соң барып, бірдеңе талап етуге болады. Шамасы бұл саясат шағын шаруалардың жұмысын тоқтатып, ірілендіруге бағытталған тәрізді.
Алаяқтық азаяр емес
Осы арада тағы бір өзекті проблеманы айтпай кетуге болмас. Ол заңсыз субсидия төлеу. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қыруар қаржыдан қарпып қалғысы келгендер де аз емес. Облыстық прокуратураның ақпаратына қарағанда, осы жылы бірнеше қылмыстық оқиғалар болған. Атап айтқанда, бағымда жоқ сауын сиырларға субсидия төленген. Сөйтсе ол сиырлар осыдан үш жыл бұрын етке өткізілген екен. Атбасар ауданында 490 бас ірі қараға субсидия төленсе, оның 130-ы әлдеқашан етке өткізілген, ал 160-ы өзге біреулердің атында жүр. Міне, осындай мәселелерге орай 42 жауапты тұлғаға тәртіптік іс қозғалып, 11 мемлекет қызметкері жауапқа тартылған. Зеренді ауданында тоғыз миллион теңге субсидия негізсіз төленген.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ айналып келгенде, бәрінің түпкі себебі бір арнада тоғысып жатыр. Жең ұшынан жалғасқан әлдекімдер анық мақсатқа көзделген қыруар қаржыны орта жолдан жырымдап, талан-таражға салады. Демек, қаржының тиімсіз бөлінуіне, мұндай мысалдардың да әсері бар.
Министрдің пікірінен кейін елдегі шаруалардың ойын сан-саққа бөлген мәселе төңірегінде әзірге осындай пікірлер айтылып жүр. Сөз соңын түйіндей келгенде шығатын қорытынды мынау. Әрине, түпкі нәтиже керек, онсыз болмайды. Бірақ соны есептеудің өзгеше жүйесі қажет. Әйтпесе мыңдаған шаруаның қайсы қанша өнім алып жатқандығын нақты есептеу әзірге мүмкін емес.