Қант өндірісінің бойына қан жүгірді

/uploads/thumbnail/20170708201134928_small.jpg

Жетісу жері аграрлық шаруашылықтың дамуына қолайлы өңір. Нақты сандарға жүгінсек, республикада өндірілетін майбұршақтың 95 пайызы, жүгерінің 70 пайызы, қант қызылшасының 75 пайызы Алматы облысына тиесілі. Кезінде Қазақстан халқының 75 пайызын қантпен қамтып отырған да жеті өзеннің шаруасы болатын. Соңғы жылдары қант қызылшасын өсіру кенжелеп, қант өндірісі тұралап қалған еді. Алайда былтыр ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматы облысындағы сапары кезінде қант өндірісін қолға алуды өңір басшысына тапсырған болатын. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Президент тапсырмасын қалтқысыз орындауға кіріскен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қант өндірісінің тамырына қайта қан жүгіртті. Оның алғашқы нәтижесі де бой көрсете бастады. Қыркүйек айының соңғы күндері «Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы қант қызылшасын қабылдады.

Алматы облысында 2013 жылы 2140 гектар, 2014 жылы 1222 гектар жерге тәтті түбір дәні себілген. Ал биыл әлдеқайда ауқымды аумаққа, яғни 4000 гектар жерге қант қызылшасы егілген болатын. Оның 860 гектары – Ақсу ауданына, 560-ы Қараталға, 730-ы Сарқанға, 830-ы Көксу ауданына, 1000 гектары Ескелді ауданына тиесілі. Қызылшаның әр гектарынан 300-400 центнер өнім алу жоспарланған. Алайда тәтті түбірді жинау науқаны басталар-басталмастан, диқаншылар рекордтық көрсеткіштерге ие болып отыр. Яғни қант қызылшасын өсіруші кейбір шаруашылықтар әр гектарынан 700-750 центнерден астам өнім алып, жоспарланған межеден екі есе мол түсімге қол жеткізді. Тәтті түбірдің бір данасы 6,5-7 келі салмақ тартады. Өнімнің мол, егіннің бітік шығуы ала жаздай терін төгіп, қызу жұмыс істеген диқаншылардың табандылығы мен еңбекке құштарлығы деп түсіндік. «Хильниченко және К» серіктестігінің өсімдік шаруашылығы төрағасының орынбасары Виктор Романенко облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен қант қызылшасын өсіруге қатысты семинар-кеңесте өңір басшысына Қант өндірісінің бойына қан жүгірді«әр гектардан 500 центнерден өнім аламыз» деп сөз берген. Олар өз сөзінде тұрып қана қойған жоқ, сол межеден асып түсті. «Хильниченко және К» серіктестігінің өзінде-ақ тәтті түбір өсіруге 187 гектар алқап қарастырылған. Өзге шаруашылықтағыдай мұнда да жұмыстың 65 пайызын арнайы техника атқарса, қалған жұмыс көлемі қол күшімен істеледі. Жұмысқа 27 техника жұмылдырылған. Тәулігіне 12 гектар алқаптың өнімін жинау арқылы барлық алқаптағы қант қызылшасын үш аптаның ішінде жинап бітіру жоспары бар. Аталмыш серіктестіктің бригадирі Нүсіпхан Керімбеков мұндай мол түсім соңғы он жылда болмағанын айтады. 
– Елбасы қолдауының арқасында еліміздің барлық шаруаларына жақсы жағдай жасалуда. Шаруалар мемлекет тарапынан субсидия, тұқым, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай түріндегі қомақты көмек пен қолдау табуда. Сол себепті өнімнің осы жылы бітік шыққандығы бәрімізді қуантады. Алдағы уақытта бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткіземіз, – деді ол.
Сарқан ауданы «Ақ құдық» шаруа қожалығының басшысы Сержан Есімжанов болса биыл әр гектардан 700-750 центнер өнім алуға бар күшін салып жатыр. Айтуынша, жиын-терін науқанының алғашқы нәтижелері де рекордтық көрсеткішке жеткен. «Биылғы жылы түсім мол. Мәселен, бір қант қызылшасының салмағы 6,5-7 кг. Әр гектардан 700-750 центнерден өнім алуды жоспарлағанбыз. Біз Көксу қант зауытына қант қызылшасының алғашқы партиясын жіберіп қойдық», – деді.
Тиісінше, бұл шаруаның жұлдызын жағып, бабын келтіру қолдау мен көмекке тәуелді еді. Бұл тұрғыдан алғанда, облыс әкімдігі қарап қалған жоқ. Қант қызылшасы алқаптарының әр гектарына 60,0 мың теңгеден субсидия төленген. Тек биылғы жылдың өзінде ғана 2863,1 гектарға 85,9 миллион теңге қаржы субсидия ретінде шаруашылықтарға беріліп қойған. Арзандатылған тыңайтқыштар, гербицидтермен қатар суармалы судың белгілі бір мөлшерін де арзандатуға қаржылар қарастырыпты. 
Биылдың өзінде облыс бюджетінен 997 миллион теңге қаражат бөлініп, арнайы 6 сервистік дайындау орталық (СДО) құрылып, 1 сервистік дайындау орталығы қайта құрамдастырылған. Олар жалпы саны 163 дана ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталыпты. Сонымен қатар «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруашылықтар 3565 себу бірлігі көлемінде жоғарғы өнімді шетел селекциясы тұқымымен қамтылған. Жалпы, сервистік дайындау орталықтары өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында қолға алынған игі істердің бірі. Мұндай орталықтар жиын-терін кезінде шаруашылықтарға көмекке келеді. Осыған дейін олар малдың жем-шөбін жинауға атсалысса, енді қант қызылшасын жинау науқанына жұмыла кіріскен. 
Агроөнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Данияр Медеубеков қант қызылшасын өсірудің, одан молырақ өнім алудың амал-тәсілдері туралы кеңес беріп, әртүрлі семинарларға қатысып, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Оның айтуынша, 2011 жылдан бастап 550 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Биыл 3 миллиард 997 миллион теңгеге 161 техника алынды. Олардың барлығы дала төсінде жұмыс істеуде.
Алматы облысына қарасты Көксу ауданында қант зауытының қазіргі тірлігі қарбалас. Өйткені, көлік толы тәтті түбір тиеген шаруалар бірінен кейін бірі келіп, өнімін өткізіп, зауыт алаңына қант қызылшасын төгіп кетіп жатыр. Көксу қант зауыты қабылдау пунктінің меңгерушісі Қалихан Шәкіров дәл қазіргі кезде 2500 тонна қант қызылшасын қабылданғанын айтты. Оның айтуынша, әкелінген өнім бірінші көзбен бағаланады. Яғни тәтті түбірді мамандар қарап, оның қаншалықты топырақтан таза, құрт-құмырсқадан ада екендігін көзбен көріп, қолымен ұстап тексеріп барып жібереді. Одан кейін үлкен жүк көлігіне тиелген қызылша таразыға барады, таразы қалағын тереңірек салып, тиелген жүктің тұтастай тәтті түбір екенін анықтайды. Маманның айтуынша, бетіне мөлдіретіп тәтті түбірді үйіп қойып, астына құм, тас салып та Қант өндірісінің бойына қан жүгірдіқоюы мүмкін екен. Ал екінші таразы салмағын өлшейді. Содан кейін ғана зауыттың алаңына төгіледі, ол сол жерден сортталады және оған дезинфекция ретінде әк себіледі. Міне, осындай процестен өткен өнім бірнеше күннен кейін өңделуге дайын болып тұрады екен. 
«Көксу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алтынбек Абатов зауыт 600 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтады. Өз заманында республика халқының 75 пайызын қантпен қамтыған Алматы облысында қант өндіретін 5 зауыт жұмыс істеген. Қазіргі күні Көксу қант зауыты іске қосылып, тәтті түбірден шекер алуға сақадай сай тұр. 
– Зауытта жұмысшылар үш ауысыммен жұмыс істейді. Жалпы саны 600 жұмысшы болатын болса, оның 60-65 пайызы осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар, қалғаны көмекші қызмет атқарушылар. Қант қызылшасы 10 мың тоннаға жеткенде қант өндіруді бастаймыз. Жалпы, зауыт күніне 1600 тонна қант қызылшасын өндіруге қауқарлы. Бұл қант зауытының күш-қуаты 200-300 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Зауыттың техникасы ескі, бірақ қазір оның барлығын кем-кетігін толықтырып, жөндеуден өткіздік, өнім өндіруге сақадай сай. Тәтті түбірдің орташа қанттылығы 16,7-ны құрайды. Межені орындаймыз деп ойлаймын.
Қант зауыты директорының айтуынша, біздің елде қант өндірісінде жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлайтын оқу орны жоқ. Бұл да ойлантатын жағдай.
Алдағы бес жылдың ішінде Жетісу өңірі қант өндірісі дамыған, бұрынғы тарихи қалпына қайта оралады деген үміт бар. Келер жылы қант қызылшасы егістігі алқабының көлемін 6 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Таяудағы 4-5 жылда оның мөлшерін 10-12 мың гектарға дейін жеткізу көзделген. Былтырғы жылмен салыстырғанда, қант қызылша алқабы 2820 гектарға ұлғайды. Қант зауытына 120 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланып отыр.

Дереккөз: "Жас қазақ" газеті

Қатысты Мақалалар