Қазақстан бала экспорттаудан алдыңғы көшті бастап тұр

/uploads/thumbnail/20170708201135584_small.jpg

«Дағдарыс» деп дағдарған өкіметке салсақ, сатуға келетін дүниенің бәрін саудаға салар түріміз бар. Әуе кеңістігін, бірнеше облыстың аумағын Ресей зымырандарының «игілігіне» бердік, қымбат кен орындары да шетелдіктердің игілігінде. Билік басындағылар анда-мында барып, бәленбай миллиард қарыз арқалап келуді де сәнге айналдырды. Үкімет басындағылар қазына қоржынын толтырудың басқа жолы қалмағандай елдің тірнектеп жинаған зейнетақы қорларына көз аларта бастады. Енді, міне... Еліміз шетелге бала сатудан әлемде 3-орынға шығыпты.

Ал, кәмлеттік жасқа толмаған балаларды сатып алудан АҚШ көш бастап отыр. Мұнда науқас балаларды сатып алу 15-20 мың АҚШ доллары тұрса, сау балалар 25-30 мыңның айналасында саудаланатын көрінеді. Осы күнге дейін Қазақстаннан 6 мыңнан астам бала Америка асқан. АҚШ-тан кейінгі орындарды Испания (600), Бельгия (343), Германия (173), Канада (167), Ирландия (140) мен Франция (131) иеленіп отыр. Бала сатушы елдердің үздік бестігін бізден басқа Эффиопия, Ресей, Қытай, Украина бастап тұр.

Сөйте тұра бала сатуды биліктегілердің моральдық тұрғыда айыптап та қоятыны бар.

«Баланы саудаға салу, әйелді саудаға салу -барып тұрған қылмыс, адамның құқығын таптау. Практикада мұндай қылмыстар кездесіп тұрады. Жылына 2011 жылдан бастап есептегенде заңсыз адам сатқан 20-21 қылмыс тіркеледі»,- дейді Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы бойынша комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев.

Статистикаға жүгінсек, тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қазақтың бөбектері 30 елге сатылған, берілген. Абырой болғанда, көптеген елге мораторий жариялағандықтан, Қазақстан бүгінде тек «тұрақты» 8 елге баланы асырап алуға бере алады.

Негізі, халықаралық бала асырап алу тәжірибесінде экономикалық ахуалы нашар немесе демографиялық жарылыс жағдайында өмір сүріп жтқан елдер донор мемлекеттер қатарында. КСРО ыдыраған соң, олардың қатарын посткеңестік елдер толықтырды. КСРО-ға жақын социалистік режимдегі елдер де ұзап кете алмады. Уақыт өте келе етек-жеңін жинаған кейбір елдер шетелге бала сатуды заңмен шектеуге кірісті. Солардың бірі ретінде Румынияны айтуға болады. 2000 жылға дейін бұл ел Америкаға 1100 баланы сатқан. Кейін заң бойынша шектеулер қойылып, балаларды тек шетелдерде тұратын генетикалық тұрғыда туыстық қатынасы бар адамдарға ғана асырап алу құқығы берілді.

Әншейінде, тек посткеңестік елдер арасында ғана емес, әлемдік деңгейде экономикалық-әлеуметтік бағытта сәтті қадамдар жасап, қарыштап дамудың даңғыл жолына түсіп алған елміз деп мақтанатын қазақстандық билік бұл мәселеде жерге қарайтыны анық. Енді экономикалық-қаржылық қиындықтар қос бүйірден қысып тұрған мына шақта өкіметке «бала түгіл бас қайғы» болып кеткен де шығар.  

Дархан Мұқан

«Қамшы» сілтейді  

Қатысты Мақалалар