Тәтті түбірдің тәтті жемісі

/uploads/thumbnail/20170708201139756_small.jpg

Алматы облысына қарасты Көксу ауданы Талапты ауылының тұрғыны Ахмет Жылқышынов қант қызылшасын өсіруді машық қылған шаруаның бірі. Ол былтыр «Еткен еңбек пен төккен тердің өтеуі болмады» деп қамыққан еді. Ал биыл тәтті түбірді өсіруге қайта көңілі ауды. Өйткені, қант қызылшасына бөлінген қаржы қомақты, қолдау да көп болды. Шаруа алаңсыз жиын-терін науқанына кіріскен. Алқаптағы өнімді жинауда, тіпті қол еңбегінің де қажеттілігі азайған. Себебі өнімді жинайтын бірнеше функциялы арнайы техника дала төсін дүбірге бөлеп жатыр. «Диас» шаруа қожалығының басшысы Ахмет Жылқышыновтың айтуынша, қант қызылшасын өсіру машақатты жұмыс және оны егуге дайындық күзден басталады екен.

Ахмет Жылқышынов, 
«Диас» шаруа қожалығының басшысы:
Қант қызылшасын 15 жыл бойы егіп келемін. Алайда соңғы үш-төрт жылда қызылша өсіру пайдасыз болып кетті. Өйткені, қант зауыты тәтті түбірдің бір келісін 5-6 теңгеден сатып алды. Үкімет тарапынан айтарлықтай, қолдау да көрмей қалдық. Сөйтіп, шаруаның еңбегі еш болды. Биыл үкімет тарапынан гербицид, тыңайтқыш, тұқым алуға жеңілдік жасалып, науқанға арнайы техника да бөлінді. «Диас» шаруа қожалығына қарасты 40 гектар суармалы жер бар болса, биыл оның 10 гектарына қант қызылшасын ектік. Келер жылы бір есеге көбейтеміз деген жоспарымыз бар. Қант қызылшасын өсіру науқаны бірнеше этаптан тұрады. Әуелі, күз кезінде жерді жыртып, дайындап аламыз. Ерте көктемде жерді тегістеп, егуге ыңғайлап барып, тұқым себеміз. Ала жаздай оны түптеумен, суарумен айналысамыз. Баптап күтеміз, зиянды жәндіктерден сақтандырамыз. Ал күзде жинау науқаны басталады. Міне, сіздің дастарқаныңызда тұрған қанттың шикізаты осылай дайындалады.

Шаруасы шалқыған

Дәп осылай еңбек етіп, шикізат дайындап жатқан Көксу ауданындағы «Алим Таяр» шаруа қожалығы биыл 70 гектар алқапқа қант қызылшасын сепкен. Шаруа қожалықтың басшысы Таяр Зейналовтың айтуынша, бұдан 2000 тонна тәтті түбір жиналады. 

Таяр Зейналов, 
«Алим Таяр» шаруа қожалығының басшысы:
Алматы облысының әкімі өз сөзінде тұрды. Өнімді жинау науқанын енді бастадық. Әзірге әр гектардан түсімнің мөлшері 300 центнерден төмендеген жоқ. Субсидияны да, тұқымды, тыңайтқышты уақытында берді. Аудан әкімі өнімді жинап алатын комбайн сатып әперді. Барлық жұмыс техниканың көмегімен іске асып жатыр. Қол еңбегінің қажеттілігі жоқ. Былтыр 30 гектар еккен болсам, биыл оның мөлшерін екі есеге көбейттім. Шамамен 50 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұрын бұл шаруашылықта техникаға мұқтаж болғандығымыздан, ауа райының қолайсыз күндері жұмыс тоқтап қалатын. Ал қазір техника бар, күн райы қанша құбылса да, жұмысымыз жүріп жатыр.
Қазіргі кезде «Алим Таяр» шаруа қожалығына қарасты қызылша алқабын жинауға «Франк Клайне» комбайны, СПС – 4,2 қызылша тиегіш, 2 дана КамАЗ автокөлігі жұмылдырылған.

Ғалым Тоқпейісов, 
Көксу ауданының әкімі:
Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Көксу ауданы 830 гектардан 24 мың 900 тоннадай қылша өткізуге тиіс. Биыл барлық дақылдарда өнім мол. Құрғақшылық болған жоқ. Аудан бойынша 11 мың гектарға соя себілген. Қазір оның 3000-4000 гектарын жинап болдық. Әлі де жиын-терін науқаны қызу жүріп жатыр. Қант қызылшасының қанттылығы 15 пайызды құрады. Күн салқындаса, 17-18 пайызға дейін барады. Қазір облысқа қарасты бес ауданнан жиналған қант қызылшасы 25 мың тоннаға жетті. Жоспар бойынша 100 мың тоннадан асыру көзделіп отыр. Қараша айының ортасына дейін жүз пайызға жинап бітеміз.

Техникасы түгел

Егіс алқабында жұмыс істеп жатқан комбайн өсіп тұрған тәтті түбірді өзі қопарып, бірден шөбін қырқып, жинап, тракторға тастайды. Бұрын бұл жұмыстың барлығы шаруаның қол күшімен жасалатын болса, қазір оны техника істейді. Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, мұндай техникадан 24 дана сатып алынған. Оның үшеуі Көксу ауданына тиесілі. Бұл комбайнның бір данасы шамамен 400 адамның қол Тәтті түбірдің тәтті жемісіеңбегін алмастыратын көрінеді.
Қант қызылшасын өсіру қаншалықты машақатты болса, одан қант өндірудің де өзіндік машақаты бар. Алайда бұл күтіп, баптап жататын даладағы егін емес, оған техниканың тарс-тұрс тірлігі мен зауыттың арнайы аппаратының жұмысын қадағалап, «бұйрық» беру ғана тән. Зауытқа түскен тәтті түбірді әуелі әкпен залалсыздандырады. Ол қабылданған шикізат үйіліп жатқан ашық алаңқайда іске асатын жұмыс. Зауыттың ішіне енген қант қызылшасы ең бірінші жақсылап жуылады. Барлық топырағынан тазартылады. Әбден тазартылған өнім жіңішкелеп туралады. Содан кейін ғана 90 градустан жоғары температурада қайнатылады. Абажадай бөшкелердің ішінде қант қызылшасы қайнап жатыр. Осы жұмыс барысы кезінде қант сөлінің тығыздығын, қанттылығын зертхана мамандары тексереді. Қызылшаның қанттылығы 18 пайызға дейін барады. Осыдан кейінгі жұмыс тәртібі туралы Ақгүл Аймұхамбетова әңгімелеп берді.

Ақгүл Аймұхамбетова, 
қант зауытының қызметкері:
Жоғары температурада қайнап, әбден пісірілген қант қызылшасы центрифуга аппаратында жасыл, қоңыр қоймалжың сұйықтығы ажыратылады. Осы барыстан кейін таза ақ қант пайда болады. Жартылай дайын болған өнімді жуамыз да, шала кептіреміз. Содан кейін кептіреміз, арнайы аппаратқа жіберіледі. Онда әбден кептіріліп, құм шекер болады. Ол екшеліп барып, қапталуға жөнелтіледі.

Құмшекердің құны

Жалпы, қант өндірісі мамандарының есебіне қарағанда 300 келі қант қызылшасынан 50 келі қант шығады. Тұтынуға дайын өнім қапталып, бекітіліп, кәсіпкерлерге сатылады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, қанттың бір келісі зауыттан 180 теңгеге сатылады. Ары қарайғы бағасы беймәлім. Кәсіпкерлер қаншаға сатқысы келсе, соншаға сатады. «Қазаншы­ның өз еркі, қайдан құлақ шығарса». Өнім өзімізде өндірілсе де, бағасы жер жарып тұратынына етіміз үйренген. Тек қант өндірісі тұраламаса екен. Қант қызыл­шасын өсірумен айналыса­тын шаруалар саны көбейіп, құмшекерді өзіміз өндірсек, ел экономикасының да бүйірі толар еді. Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының журналистерге берген сұхбатынан осы тілектің шынайы орындалуы үшін жасалған жүйелі жоспар бар екенін білдік.

Амандық Баталов, 
Алматы облысының әкімі:
Ең бастысы, Елбасының біздің өңірге келгенде «Қызылшаны өсіріп, оны өндіруді орнына келтіріңдер» деген тапсырмасы орындалды. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Биыл 4000 гектардан астам қант қызылшасын ексек, оның санын келесі жылы көбейтеміз. Бұл салада бізде Тәтті түбірдің тәтті жемісіжүйелі жоспар құрылған. 2020 жылға дейін 500 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өсіру жоспарланды. Егер осы жоспарымыз ойдағыдай іске асса, қант зауытының басшылығы да зауытты жаңартуға уәде беріп отыр. Сондай-ақ Көксу қант зауытына жұмысқа тұрған қызметкерлер жыл бойы жұмыссыз қалмаудың да жолын қарастырдық. Зауыт жұмысшылары үш жарым ай Көксуда жұмыс істесе, бұдан кейінгі сегіз ай бойы Қарабұлақтағы қант зауытында еңбегін жалғастырады. Келесі жылы көктемде тағы да осы зауытқа келеді. Бұл Елбасы берген тапсырманы орындаудағы қадамымыз. Президент қызылша өндірісінің айналасында 5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды тапсырған еді. Жылдан-жылға тәтті түбір өсіру алқабы көбейе береді. Тиісінше, бұл шаруашылыққа төселіп алған диқан да қант өндірісінің жандануына ұйытқы болады. Мәселен, биылдың өзінде, Ескелді ауданына қарасты «Хильниченко и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 7500 тонна қант қызылшасын жинауға тиіс болған. Бірақ науқан әлі аяқталмастан, олар 11 мыңнан астам қызылшасын қант зауытына тапсырып үлгерді. Мұнда өндірілген құмшекерді Алматы облысындағы 2 миллион халық тұтынады. Одан артылып жатса, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Ресейге, Беларусь еліне жіберіледі.

Дереккөз: Жас қазақ

Қатысты Мақалалар