Ерлікті елі көтерді

/uploads/thumbnail/20170708201140553_small.jpg

«Халық қаһарманы» Айдын Айымбетов туған жері – Талдықорғанға келіп, жерлестерімен кездесті. Жетісу халқы батырын әуежайдан күтіп алып, халық қаһарманымен қауышу қуанышы той-думанға ұласты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өлкеміздің төлтумасын бауырына қысып, Жетісуға келген қадамына құт тіледі. 

Көңілін қуаныш, көкірегін мақтаныш кернеген Талдықорған жұрты облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы мен Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов бастаған салтанатты керуенмен «Жастар» спорт сарайына табан тіреді. Мұнда да сырнайлатып-кернейлеткен Талдықорған жұрты батыр жерлестерін қарсы алып тұрған еді. Бәрі де қуанышты, бәрі де көтеріңкі көңіл күйде. Қозы көш жердің аумағын алып тұрған сарай лық толы. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, ел мақтанышы болған Айдын Айымбетовке сый-қошемет көрсеткен жерлестері дүркін-дүркін батырды алқалаумен отырды. Батыр ұлды Жетісу жұртының атынан құттықтап, халықтың ықылас-пейілін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жеткізді. 
Ол «Қазақтың қаһарман ұлдары – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ізін жалғаған Айдын Айымбетовтің ерлігі тарихта қалады. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Өршіл рухтан өлмес ерлік туады» деген екен. Рухы биік Айдындай азаматымыз – қазақтың қайсар батыр ұлы, еркін даланың қыраны», – деп ғарышкерге ыстық ықыласын білдірді.
Осыдан кейін сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов қала халқының атынан аспан көгінен аман-есен жерге оралған Ерлікті елі көтердіАйдынды жеңісімен құттықтай келіп, батыр ұлға «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағы берілгенін хабарлап, су жаңа автокөліктің кілтін табыстады. Ал өз кезегінде Айдын Айымбетов Талдықорған қаласы туралы жылы лебізін білдіре отырып, Жетісу жұртшылығына алғыс айтты. Халық қаһарманы «Талдықорған – ең әдемі қала. Мен осындай қалада туғаныма мақтанамын. Сындарлы сәтте ыстық ықыластарыңыз бен рухани қолдау білдірген, жерлестерім, сіздерге алғысым шексіз!», – деді. Салтанатты құттықтау рәсімінен кейін Жетісу өңірінің өнерпаздары ғарышкердің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынды. Патриоттық рухтағы ән айтылып, әскери әуен қалықтады. 
Ресми жиын аяқталысымен Айдын Ақанұлын үлкен-кіші қаумалап суретке түсуге кезекке тұрып жатты. Журналистерге сұхбат беруге әрең жеткен ғарышкер аспан әлемінде жүргізген зерттеуі туралы және болашақтағы жоспарымен бөлісті.

Айдын Айымбетов, 
Халық қаһарманы, ғарышкер:
– Алдағы жоспарым халықаралық ғарыш жобасын жүзеге асыру. Жалпы, біздің елдің ғарыштық мүмкіндігі өте жоғары. Ол тек қана Ерлікті елі көтердіБайқоңыр ғарыш айлағы болуымен ғана емес, бізде ғарыш әлемін зерттеп жүрген білікті жас мамандар көп. Бізді сол қуантады. Қазақ баласы ғарыш әлемін әлі де бағындыра береді деп сенемін. Ал біздің ғарышта жүргізген зерттеу жұмысымыз тамақ, өнеркәсібінде, термо ядорлы энергетикада, медицинада, нанотехнология ғылымында қолданылады. 
«Жастар» спорт сарайынан шыққан соң, Айдын өзі оқыған №14 орта мектепке барды. Онда оқушылар мен ұстаздар, батырдың сыныптастары, ұстаздарымен кездесті. Көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған мектеп ұжымы қонағын партаға отырғызып, қызықты ойын ойнатты. Оқушылар Айдын ағаларына арман-тілегін айтты. Оқушылар «Сіз басқан жер, сіз тыныстаған ауа, сіз отырған парта бізге қуат береді. Біз үшін қастерлі мекеннің бірі – сіз оқыған осы мектеп» – деді. Мектептің залында балалар өнерін көрсетіп, батырға өздері жасаған қолөнер бұйымын тарту етті. Айдын Ақанұлы өз сөзінде оқушыларға «жақсы оқып, білімді болыңдар» – деді. Сондай-ақ «Осындай кіршіксіз, аңғал күйлеріңде қалыңдар. Мен сабақты жақсы оқыдым. Бірақ сондай үлгілі оқушы болған жоқпын, бұзықтық жасап педагогикалық кеңеске де шақырылып жүрдім» деп балалық шағын есіне алды. Ғарышкер мектепке өзінің экипаждағы серіктестерімен түскен фотосуреттерін және «Қазғарыштың» эмблемасын табыстады. Бұл мектепте қазіргі күні Айдын Айымбетовке арналып мұражайдан бір бұрыш жасалған. Онда ғарышкердің суреттері топтастырылыпты. Сондай-ақ осы білім ордасындағы тәлімгерлер батырдың құрметіне ғаламның макеті сияқты шағын сәулеттік композиция жасаған. Ол да мұражайдың бір бұрышынан орын алыпты. Оқушылардың өнерін тамашалаған соң ғарышкер «Иман» мешітіне барып, дұға оқып, тілек тіледі. Одан кейін ғана батырымыз әскери борышын өтеген №21751 әскери бөлімге барып, жеке құраммен кездесті. 

Дереккөз. Жас қазақ

Қатысты Мақалалар