«Самұрық-Қазына» қорының компанияларында адам ресурстарына қамқорлық жасау, олардың аман-саулығына әлеуметтік жауапкершілік таныту күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналған. Холдингтің сансыз еншілес кәсіпорындарындағы ұжымдарда шиеленіс туындамас үшін «қатер аймағын» мұқият қадағалау қажет. Қордың барлық кәсіпорындары бойынша әлеуметтік тұрақтылықтың рейтингтік картасын құру осыған бағытталуда.
Әңгіме бүтін бір аймақтағы, сондай-ақ жекелеген еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік ахуалға талдау жасау туралы болып отыр. Қордың бірқатар компанияларындағы ұлттық әл-ауқаттың әлеуметтік тұрақтылығының қорытындысы желтоқсанда жарияланады. Сол қорытынды бойынша қордың арнайы «Әлеуметтік тұрақтылық картасы» жасалынбақ. Әлеуметтік серіктестік орталығының бас директоры Нұрлан Ерімбетовтің айтуынша, 45 мың адам жұмыс істейтін 31 компания бойынша алғашқы «сынақ» зерттеу аяқталған. Жедел назар салуды қажет ететін мәселе мен дауға және жұмысшылардың әлеуметтік ахуалына қатысты жан-жақты толық ақпарат алынды.
Осының бәрі мемлекеттік компанияға не үшін керек? Бұл ақшаны жөнсіз шашу емес пе? Социализм дәуірі баяғыда өткен, бүгінгі күні қарапайым жұмысшының арман, мұқтажы кімге керек? Либералдар осындай сұрақты жиі қояды. Олар мемлекеттік холдинг қызметкерлерді шектен тыс «мәпелейді» деп санайды. Сәйкес келмейтін жұмысшыны жұмыстан шығарып, орнына келесісін ала салуға болады ғой. Соған қарамастан мұндай қамқорлық не үшін жасалынып жатыр?
Адам капиталының арнасы
Алайда әлеуметтік жаңғырту мен адам әлеуетін жақсартуға қатысты Президент тапсырмасының стратегиялық мәнін есіңізге түсіргеніңіз жөн. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің соңғы халыққа арнаған Жолдауында барлық деңгейде заманауи «экономика білімін» қалыптастырып, кәсіби даярлықтың сапасын көтеріп қана қоймай, адамдардың кәсіби өсуіне қажет барлық жағдайды жасау туралы міндет қойды. Өйткені, Елбасымыз еліміздегі заңдардың орындалуына кепілдік беретін бірден-бір тұлға. Олай болса, Президент Ата Заңымыздағы «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі», – деген сөздердің жүзеге асуын қадағалап отыр. Қарапайым еңбек адамының ертеңгі күніне сенімді болуына және олардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдайды жасау – бұл өмірге икемді жандарды қалыптастыруға бағытталған аймақтық саясаттың маңызды бір бөлігі.
Елбасының әлеуметтік жаңғырту стратегиясы мемлекет пен жеке бизнестің әлеуметтік серіктестігімен тығыз байланысты, яғни адамдардың біліктілігін көтеру және олардың жақсы жұмыс істеуін ынталандыру болып табылады.
Жалпы алғанда, бұл жерде мемлекет пен бизнестің ортақ мүддесі бар. Көптеген шетелдік инвестор-компанияларға (мемлекет олардан мынаны талап етеді) жергілікті халықтың кәсіби деңгейін көтеруге ынталандыру, оларды оқыту, қайта оқыту тәрізді міндеттер қойылған. Дегенмен де шетелдік компаниялар мемлекет алдындағы өзінің ресми міндетін негізге ала отырып, осының бәрін орындап отыр. Әрине, өз еркілерімен емес. «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялар мемлекет меншігі болғандықтан, ел басшысының әлеуметтік мәселелерді шешу тапсырмасын орындау соған жүктелді.
Жалпы, холдинг компанияларындағы әлеуметтік ахуалды зерттеу 40 индикаторды қамтиды. Атап айтсақ, оның ішінде, үй шаруашылығының экономикалық әлеуеті, жан басына шаққандағы орташа табыстың арақатынасы, еңбек ақысы, көші-қон мәселесі, әр жүз отбасына шаққандағы ажырасудың саны, басқа да отбасылық факторлар. Білім бойынша жеке параметрлер бар: белгілі мөлшерде оқушылары бар отбасыларды, жоғары білімді тұрғындарды қамту. Денсаулық сақтау бойынша өз индикаторы бар: қаладағы құрт кеселімен ауыру деңгейі, маскүнемдік деңгейі, жұмыс үстінде қайтыс болған және зардап шеккендердің саны. Сондай-ақ аймақтағы экология, қылмыс пен қауіпсіздік, қала мен кәсіпорындағы жемқорлықтың деңгейі, ауыз су мәселесі және тағы басқалар.
Адам капиталының арнасы
«Самұрық-Қазына» қорының жинаған тәжірибесі адам ресурстарын басқаруды жақсартуда, адам капиталын дамытуда жүргізілген стратегияның жоғары құндылығын дәлелдеп отыр. Компаниялар тиімді жұмыс жасауда, қызметкерлер білімін жетілдіруге талпынуда. Еңбек ұжымдарында сыйластық артты, бірыңғай корпоративтік рух қалыптасты. Холдингке жүйелі түрде әлеуметтік мониторинг енгізіле бастады. Әлеуметтік серіктестік орталығы дайындаған стратегия бүгінде қордың барлық еншілес кәсіпорындарында жүзеге асуда және де өзінің алғашқы нәтижелерін беруде.
Осылайша, Ұлттық холдинг өзінің ішкі әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін шешу арқылы, жергілікті жерлердегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты мемлекетіміздің стратегиялық маңызды миссиясына қатысуда. Мемлекет пен корпорацияның бір-біріне көмектесе, әрекет жасауы әлемде болмаған тәжірибе. Осы атқарылып жатқан жұмыстың жүйелілігін және сапалылығын қамтамасыз ету үшін холдинг әлемнің жетекші компанияларының адам ресурстарымен жұмысын басшылыққа алған. Әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты үздік кеңесшілерді жалдайды.
Дереккөз. Жас қазақ