Ашылған «Қазына» этно-тарихи кешені Елбасының «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі» идеяларымен үндесіп жатыр

/uploads/thumbnail/20170708201146506_small.jpg

Шымкент қаласы тағы бір сәулетті кешенмен толықты. Оңтүстік Қазақстан облысын 6,5 жыл басқарған Асқар Мырзахметовтың бастамасымен бой көтерген аумағы 76 гектарды алып жатқан «Қазына» этно-тарихи кешен пайдалануға берілді.
Салтанатты жиынға «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасының бірінші орын­басары А.Мырзахметов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, қажы Е.Маемеров,облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов қатысты. 
Мерекелік жиынның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Үкімет басшысы К.Мәсімовтың құттықтау хатын оқыды. 
«Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойы ая­сын­да жүзеге асырылып отыр­ған «Қазына» этно-тарихи кеше­нінің салтанатты ашылуымен құттықтаймын! Бұл шара – ұлттық тарихты ұлықтау мен бүгінгі жетістіктерді лайықты бағалаудың айқын көрінісі деп білемін.
Ұлтымыздың салт-дәс­түрі мен тарихи-мәдени құн­дылықтарын көпшілікке кеңінен паш ететін «Қазына» этно-тарихи кешенінде орна­ласқан өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Қазақ хандығына арналған монументі және тағы басқа нысандар қаланың ең көрікті жерлерінің бірі болуға әбден лайықты.
Мәңгілік ел идеясын ұс­танған Ұлы дала елінің нұрлы жолдағы сапары сәтті бол­ғай!»  делінген Премьер жедел­хатында. Сондай-ақ министр бұл кешеннің ашылуы рухани құндылықтарымызды дәріптеу тұрғысынан алғанда мағынасы терең айтулы оқиға болатынын атап өтті. Жалпы, жастар тәр­биесі үшін де үлкен жұмыстың атқарылғанын жеткізді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік ор­талықтары ретінде Астана және Алматымен қатар Шым­кент қаласын да атап көр­сеткенін тілге тиек ете сөйлеген Асқар Мырзахметов бұл қалалар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналатынын атап өтті. 
– Біз бүгін Елбасы жүктеген осынау міндетті жүзеге асыруға бағытталған маңызды шараға куә болып тұрмыз. Бұл – бабалардан мирас болған ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа ама­нат ету бағытындағы іргелі жобаның бірі. Кешеннің басты ерекшелігі – жастар мұнда демалып қана қоймайды, тарихи құндылықтарымызды тамашалап, онымен сусындап өседі. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілер аллеясына шаһар қонақтары үшін Оңтүстік Қазақстан облысындағы 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштің макетін әдейілеп қойдық. Облысқа келген саяхатшылар аймақты толық аралауға мүмкіндігі болмағанда өңірдегі тарихи орындардың макетін осы жерден тамашалайды. Бұл ішкі туризмді дамытады» деген Асқар Исабекұлы осы шаруаның басы-қасынан табылған барша азаматтарға алғыс білдірді. 
Кешеннің ашылуымен құттықтап, Мәжіліс төрағасы Қ.Жақыпов та хат жолдапты. Оны Мәжіліс депутаты Ш.Мырзахметов оқыды.
Құттықтау сөз алған бас­қа да мәртебелі меймандар тарихи кешеннің ашылуы Елбасының «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі» идеяларымен үн­десіп жатқандығын атап өтті. Облыс әкімі Б.Атамқұлов бұл игілікті істің бастамашысы болған Асқар Мырзахметовке алғысын білдірді. Ал жур­налистерге сұхбат берген бас сәулетші Б. Әшірбаев 2012 жылы жай ғана саябақ болып салынғалы тұрған бұл кешеннің жобасын сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметов әдет-ғұрпымыз бен мәдениетімізді, тарихымызды дәріптейтін орын етіп салуды ұсынып, түгелдей дерлік өзгерткенін атап өтті. Келер жылдың көктемінде бұл аймақ көгалдандырылып, елімізде өсірілетін өсімдіктер отырызылмақ. Сондай-ақ бұл кешенде сурет салуға да, клип түсіруге де және студенттер мен оқушылар үшін тарих сабағын өткізуге де болатынын жеткізді. 
Этносаябақ ұлттық тари­хымызды ұлықтайтын, бүгінгі биіктерімізді бағалайтын биылғы мерейлі жылда оң­түстікқазақстандықтар үшін үлкен тарту болды. Бұл кешенде мә­дени құндылықтарымызды, бірегей салт-дәстүрімізді паш ете­тін талай бағалы ескерткіш, жә­дігерлер көрініс тауыпты. Ке­­шеннің  құрамында «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрап тұр. Саябақтың ортасындағы түрлі-түсті субұрқақ кешеннің сәулетін одан әрі аша түскен. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл заманауи демалыс орнына айналған. 
Бұл күні кешен аумағына ор­наласқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш те ашылды. Биіктігі 15 метрлік монумент қазақы ою-өрнек­терімен безендірілген айқасқан қос арканы бедерлейді. Мону­мент ортасына биіктігі 10 метрлік, ені 8 метрлік пирами­да түріндегі композиция қойы­лыпты. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барелъефті композициясы және Тұңғыш Президенттің сөздері жазылған. 
Этносаябақта сонау көне замандардан бастау алып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосқан Ұлы Жібек жолына арналған ұзындығы 50 метр, биіктігі 8 метр «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік-композициясы бой көтерген. Сондай-ақ Тоныкөк, Йассауи, әл-Фараби бабаларымыздан кейінгі 19-20 ғасырлардағы ғұламаларымыздың өсиет сөздері тасқа қашалып жазылған «Даналар өсиеті» де тарихи кешеннің маңызын аша түскен. Бабаларымыздың көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие беретін өсиеттері, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық бол­жамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, саябақ төрінен орын алуда. Бұл деректер шетел­діктердің елімізге, оның тарихына деген құрметін қалыптастырады. Екін­шіден бұл азаматтарымызды отансүй­гіштік рухта тәрбиелеуге де септігін тигізетіні сөзсіз. 
Ал аумағы ат шаптырым «Наурыз» алаңы қазақша өр­некпен төселген кілем іспеттес. Онда «Ауылым −  алтын бесігім», «Туған жерім тұғырым» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Бүр­кітші» секілді сәулеттік-декоративтік композицялар орнатылған. Ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткізуге арналған ипподром да осында орналасқан. 
Бұл игі іс – еліміздің қарқын­ды дамып келе жатқандығының тағы бір айғағы. Бұл – Ұлы далада құрған егемен елімізді Мәңгілік елге айналдыру жолы. 
Салтанатты шараға жиналған мәртебелі меймандар қолөнер, қылқалам шеберлерінің көр­месін, одан соң облыстық та­рихи-өлкетану мұражайы мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр  ор­­талығын аралап көрді. Қол­таңба қалдырды.
Мемлекет басшысы атап өт­кендей, елдіктің жарқын бола­шағын кепілдендіретін – бабалар аманатына адал болу деген осы болса керек-ті. 

Дереккөз: "Түркістан" газеті

Қатысты Мақалалар