Қара алтынның» тасқайрағы

/uploads/thumbnail/20170708201145819_small.jpg

Форт-Шевченко қаласындағы орта мектепте білім алған Атағозы Ботағараев 15 жасында оқуды тәмамдады. Бірге оқыған сыныптастары арман қуып, Атырау, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарына түсіп жатқанда, оның жасы жеке куәлік алуға жетпегендіктен, ауылда қалып қойды. Кейіпкеріміздің балалық шағы ел тарихының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімеген бозбала жұмыс істеуге, еңбектенуге талпынды. Бүгінде жетпістің қырқасына жақындаған Атағозы аға өткен күннен қалған естелікті еске түсіріп, баяндап берді. 

Атағозы Ботағараев «Түбекте сол кезде жалғыз зауыт Баутиндегі кеме жөндейтін кәсіпорын болған еді. Басшылары да, жұмысшылары да мамандық алып, оқып-тоқығандар. Мамандығым болмаса да, сонда барып жұмыс сұрауға бекіндім. Мектеп бітіргендігімді растайтын аттестатымды көрсеттім, басшылық менің жақсы оқығаныма көз жеткізіп, жұмысқа қабылдады. Зауытта жұмыс істеген екі жыл ішінде темір жонатын станокта алдымен үйренуші шәкірт болдым, білімімді жетілдірген соң, разряд алдым. Сол жылдары жастардың басым көпшілігі мұнайшы болуға бет бұрғанда, мен Алматы политехникалық институты энергетикалық факультетінің «қалалар мен өндіріс орындарын электрмен жабдықтау» мамандығына таңдауым түсті. Ол кезде оқу жүйесі бойынша өндірістік жұмысқа жіберетін. Мен бір жылдан аса Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинатында жұмысқа тұрдым. 5 жылдық оқуымды ойдағыдай аяқтап, дипломмен ауылға келдім». Кейіпкеріміз одан ары әңгіме желісін еңбекке араласқан кезеңге бұрды. 
Елге жоғары білімді маман болып оралған А.Ботағараев жастық жігермен Баутинде орналасқан кеме жөндеу зауытындағы жұмысын жалғастырды. Жас маманның қарым-қабілетін байқаған Аташ кентіндегі балық-консерві комбинатының бас инженері Лазыр Тумышев Ақтау қаласында көптеген зауыт пен өндіріс орындары салынып жатқанын алға тартып, мамандығына сай жақсы жұмыс табуға жол нұсқапты. Көргені көп, көңіліне түйгені мол азаматтың ақыл-кеңесінен бағыт алып, талаптанған Атағозы Ботағараев 1969 жылдың күзінде қалаға келіп жұмыс іздей бастады. Осы кезеңде қарапайым жұмысшыдан үлкен басшыға дейінгі баспалдақтарда беделі биіктеп, лауазымы жоғарылап, қызметте өсу мүмкіндігіне жол ашылды. Мұнайшының мұндай тұғырға көтерілуіне адал еңбекке ұмтылдырған ынта-ықыласы, міндеттелген жұмысты межелі уақытында орындау жауапкершілігі жігерін жанып, сенім биігі алға жетелепті. 
«Сол кезде стратегиялық маңызы зор уран өндіру, байыту ісімен шұғылданатын Каспий тау кен-металлургиялық комбинатына (ПГМК) шебер болып жұмысқа тұрдым. Екі жылдан кейін «Өзенмұнай» мұнай-газ өндірісі басқармасының электр цехы бастығы қызметіне шақырту алдым. Онда Алматы, Ашхабад, Мәскеуден келген жас энергетик жігіттермен қызмет бабында аралас-құралас болдық. 1971 жылы елімізде ең алғашқы газ өңдейтін зауыттың іргетасы Өзенде қаланып, құрылысы басталды. Қазақ газ өңдеу зауыты бастапқы құрылған жылдарында пропан, бутан, изобутан, т.б. өнімдерін алдық. Мамандардың басым көпшілігі Татарстаннан, Ресейден келді. Отбасылық жағдайыма Қара алтынның» тасқайрағы байланысты зауыттағы жұмысымды «Жетібаймұнай» мұнай-газ өндірісі басқармасына ауыстыруға тура келді» деген білікті маманның кен орнында нағыз қиын шақта «қара алтын» игеруге маңдай тері сіңген екен. 
Бұл кездері жер асты байлығын барлау, өндіру қарқыны төмендеп, мұнай насоспен алынды. Жердің қысымын ұстап тұру үшін су жіберілді. Осы процесті қалыпты деңгейде сақтау үшін электр көзі қажет болды. Ақтаудан таң сәріде шыққан жұмыс тобы күні бойы тыным таппастан еңбек етіп, уақытпен санаспай, жүктелген жұмысты толығымен атқарғаннан кейін ғана үйге қайтуға бет алатын. Кен орнында мұнай өнеркәсібінің тұрақталуы, өрлеу кезеңінде «қара алтын» игерудің тиімді әділ-тәсілін тәжірибеге енгізу кезінде өндірістің басы-қасында болған Атағозы Ботағараев өткенге шегініс жасап, мұнайшылар мойымай көтерген қиындықты әңгімеледі.
Атағозы Ботағараев «Түбекте «Қаражамбасмұнай» кен орны ашылғанда Краснодарға қарайтын еді. Мен басқарма бастығының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Қаражамбас мұнайының құрамы бөлек болатын. «Қара алтынды» игеру әдісі жер астына ауа, жоғары температурадағы жылу айдау арқылы жүзеге асатын. Өндіріс басында жұмысшыларға жағдай қарастырылмаған, жатақхана жоқ, оған қоса маман тапшылығы едәуір қиыншылық әкелді. Осы кен орны «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құрамына кіргеннен кейін бұл қиындық біртіндеп шешіле бастады. Бүгінде алпауыт акционерлік қоғам еліміздегі жетекші компанияға айналып, шетел нарығына шықты. 1985 жылдың басында «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас энергетик қызметіне келдім. 1987 жылы Қаражамбас пен Қаламқаста қыста ауа райы күрт өзгеріп, кернеуі 110 кВ болатын магистральді электр сымына мұз қатып қалғанда сым үзіліп, бағана құлап, апатты жағдай орын алды. Өндіріс орындарында жұмыс тоқтады. Мәскеуден мұнай өнеркәсібі министрінің орынбасарының жетекшілігімен арнайы штаб құрылып, жедел іске кірісті. Екі апта бойы жан-жақтан көмек команда келіп, барлық күш жұмылдырылып, жағдайды қалпына келтірдік. Міне, мұнайшы өмірінің өткелінде «қара алтын» игерумен қатар осындай ауыртпашылық кездескенде тосырқап қалмай, қиыншылыққа төтеп бере білуі керек», – дейді мәртебелі мамандық иесі. 
Сирия Араб республикасына жұмысқа сұранған А.Ботағараев шетелдік мұнай компаниясында екі жыл жинақтаған тәжірибесін, түйгенін ел игілігіне жаратты.
– 1986 жылы Қызылорда облысындағы «Құмкөл» кен орнын игеру туралы КСРО Мұнай өндірісі министрлігінің бұйрығы шықты. «Ақтөбемұнай» мұнай бірлестігі кен орнына жақын болғанымен, базасы әлі талапқа сай жарақтандырылмағандықтан, кен орнын іске қосу жұмысы «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігіне сеніп тапсырылды. Осы сенімнің үдесінен шығу мақсатында 1996 жылы бірлестік басшылары, бас маман Қызылорда облысына келдік. Онда ешқандай өндіріс орны жоқ екен. Жалғыз қамыстан картон шығаратын зауыт бар. Ол да шикізат жетіспегендіктен, тоқтап қалған. «Құмкөл» кен орнының айналасында 200 шақырымға дейін елді мекен жоқ. Кен орнын іске қосу үшін жоғары кернеулі, қуаты мол электр желісі және трансформатор стансасын салу керек болды. Ондай тоқ көзі 290 шақырымда жатқан Жезқазғанда болды. Маңғыстаудағы мұнай кен орындарын игеру үшін территориялық өндірістік комплекске Мәскеуде КПСС және Министрлер кеңесінің бірлескен қаулысы шығып, әр министрлікке қандай жұмысты атқаратыны жөнінде шешім шыққан болатын. Ал Құмкөлді игеруге жоғарыда айтылғандай басшылыққа алатын құжат болған жоқ. Көп уақытқа дейін жоғарыдағы басшылардың қайсысына барсақ та, Құмкөлге энергия беру мәселесі шешілмеді. Осы күрмеулі мәселе туралы Қызылорда облысының басшысы Еркін Әуелбеков пен Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Қадір Байкенов хабардар болғаннан кейін оң шешім табуы үшін нақты тапсырма берді. Осы басшылардың қолдауымен, шешімімен Жезқазғаннан Құмкөлге дейін кернеуі 220 кВ болатын электр желісі, үш орталық станса салынып, кен орнын электр энергиясымен жабдықтау мәселесі толықтай шешілді. Майталман мұнайшы, көп жылдар Маңғыстауда мұнай өндірісін басқарған Мұрат Саламатов Құмкөлді басқаруымен, Қызылорда облысының басшысы Еркін Әуелбековтің қолдауымен, тікелей араласуымен және «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігі бас мамандарының 4 жыл бойы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 1990 жылдың аяғында «Құмкөл» кен орны ашылып, «қара алтын» игеріле бастады. 1991 жылы өз алдына дербес «Оңтүстікмұнайгаз» мұнай бірлестігі болып отау тігіп, еншісі «Маңғышлақмұнайдан» бөлініп шықты, – дейді кен орнының ашылуына атсалысқан ағамыз.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында мұнай мен газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, өндіру мен өңдеудің жаңа тәжірибелерін енгізуге басымдық беріледі. Кезінде экономика жағынан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді деп бағаланған Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысы қарқынмен басталып, кейін тұралап қалды. Бұл жылдары Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының дирекциясында бас энергетик, директордың орынбасары қызметін атқарған Атағозы Ботағараев сол кездегі жағдайды былайша бағамдады. 
Атағозы «Атырау, Павлодар, Шымкент облыстарындағыдай біздің өлкеде де мұнай өңдеу зауыты іске қосылғанда, елімізді мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге, жанар-жағармай мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік туар еді. Зауыт құрылысына қаржы құятын жапондық компания біздің ел үкіметінен салымын қайтаруға кепілдік сұрады. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін елдің тұрмысы тәуір емес еді, тоқырау кезеңінде үкімет кепілдік бере алмады. Сондықтан, зауыт салынбай, құрылысы тұралап қалды. 1945 жылы іске қосылған Атырау мұнай-газ Қара алтынның» тасқайрағы өңдеу зауытының құрал-жабдықтары ескіріп, мұнай өңдеу қондырғылары тозып, шығарылатын өнімнің сапасы төмен болғандықтан, қайта жаңғырту қажет болды. Құрылыс жұмысын қайта жандандыру мәселесімен айналысатын Ақтауда бірнеше партиялардан делегация құрылып, Алматыға бардық. 1994 жылы Жоғары кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаев, вице-президент Ерік Асанбаев, Премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен кеңестік. Бірақ ол кісілер зауыт салу мәселесін шеше алмады. 1997 жылы зауыт құрылысы толықтай тоқтады. Сыртқы инфрақұрылымның көбі (асфальт, электр желісі, техникалық құбыр, механикалық жөндеу цехы) салынып біткен еді. Республикалық басылым беттерінен осы зауыт құрылысын қайта қолға алу, жалғастыру жөнінде мәселе көтеріліп, ұсыныс айтылып жүр. Меніңше, бұл зауытқа деген сұраныс өзектілігін жойған жоқ».
1997-2010 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас энергетик қызметін атқара жүріп, жауапкершілік жүгін зейнет демалысына шыққанша босаңсытқан жоқ. Парасаттылық пен қайсарлықтың биік өнегесін танытып, мұнай-газ өнеркәсібінің алға жылжуы, энергетика саласының дамуы жолында еліне еселі еңбегі сіңген Атағозы Ботағараев қоғамдық жұмыстан да шет қалмады. «Жетібаймұнай» кен орнында қызмет еткен жылдары жолдастық сот төрағасы болды. Еңбек кезінде қандай да бір келіспеушілік туындаса, қызметіне нұқсан келтірмей мәселенің оң шешім алынуына ықпал етті. «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінде халық бақылаушысы төрағасы болғанда, мекеме басшылары, жұмысшылар тарапынан тәртіп бұзушылық байқалса, дер кезінде ретке келтіруге кірісті. 2000-2005 жылдары облыстық мәслихат депутаты болып сайланған Атағозы Ботағараұлы өндіріс саласындағы мәселелердің тиімді шешілуіне үлес қосты.
Адал еңбектің арқасында ел құрметіне бөленген майталман мұнайшы елеулі еңбегі үшін облыс әкімдігінің және мұнай компанияларының Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне-10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 42 жыл отасқан жары Қансұлу Ботағараева 20 жылдан астам уақыт «ОСК» ЖШС оқу өндірістік комбинатында директор, кадр бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Екі ұл, бір қыз сүйіп, лайықты тәлім-тәрбие беріп өсірді. Отбасында мейірімді де өнегелі әке, немерелерінің қуанышына бөленген ұлағатты ата. Ардақты жанның ғибратты ғұмырынан тәлім алған балалары әке жолын таңдап, мұнайшы мамандығын алды. Ұлдары Сәкен мен Қанат инженер-мұнайшы мамандығы бойынша абыроймен еңбек етуде, қызы Ару – дәрігер. 

Дереккөз: Жас қазақ газеті

Қатысты Мақалалар